Жаңалықтар

БАЙ САУДАГЕРДI БАРЫНША ҚОЛДАП...

ашық дереккөзі

БАЙ САУДАГЕРДI БАРЫНША ҚОЛДАП...

Шымкентте өртке оранған «Бекжан» базарында миллиондаған теңге тұратын мүлкiнен айрылып, сан соғып қалған алыпсатарларға қаржылай көмек көрсету үшiн облыс көлемiнде «Көмек – 2012» қоры ашылғаны белгiлi. Осыған орай арнайы тапсырма берiлген болуы керек, жер жерлерде, мекемелерде «қорға бiр күндiк еңбекақымызды аударайық, ең болмаса рамазан айында жасаған садақамыз болсын» деп бастама көтерiп жүрген бастықтар көбейiптi.

Қазақ қайырымды халық қой десек те, кейде жомарттың қолын жоқтық байлайтыны бар. Өңіріміз елдегі орташа табысы ең төмен облыстардың бірі екені мәлім. Айлықтан айлыққа әзер жетіп жүрген қарапайым бюджеттік қызметкерлердің көлденең табысы да жоқ. Айналдырған 30-40 мың айлығын талғажау етіп жүргені. Бір күндік еңбақысы орта есеппен 2-2,5 мың теңге екенін ескерсек, бұл қарапайым жұмысшылардың қалтасына ауырлық етпей қоймайды. Осыны естігелі бері ел ішінде наразылығын білдіріп жатқандар көбеюде. Көпшілігінің айтатындары: «Саудагерлердің жағдайы бізді он орап алады, бір басында бірнеше үйі бар, мінгендері қымбат көлік. Ақшамыз артылып жатса көмек беруден қашпас едік, пәтер жалдап, азық-түлікке айлығымызды бірде жеткізіп, бірде жеткізе алмай, қарызданып, қауғаланып жүрген біздің кішкентай ғана ақшамызға қарап қалды ма екен биліктегілер?! Облыста неше түрлі бай кәсіпкерлер бар, неге соларға айтпайды екен?» – деген мәнзелдегі сөздер.

Турасын айтсақ, базарда бір басында бірнеше сауда нүктесі бар саудагерлердің жағдайы тым нашарлап кетті дей қою қиын. Біреудің ақшасын санаудан аулақпыз, әрине. Дегенмен шындығы сол қаншама жылдан бері сауда жасап, пайда тауып жүрген бизнесмендер мен бизнесвумандардың қоры жоқ дегенге ешкім сенбейді. Ал билік тапқан-таянғаны тамағынан артылмайтын қарапайым халықтың бір күндік еңбақысына ауыз салып әлек. Осы жерде әлеуметтік әділетсіздік бой көрсеткендей әсер қалдырады. Қалай десек те, халықтың бәрі миллионер, елдің бәрі меценат емес. Бергісі келмегендерді қинау, мәжбүрлеу, ұжымнан шеттету деген азаматтың конституциялық құқығына қол сұғу екенін ұмытпау керек. Біреуіне көмек көрсетем деп, біреудің аузындағы асын жырып алғаннан ештеңе ұтпасымыз, абыройға ие болмасымыз анық. Осыны биліктегілер де, мекемелердің басшылары да қаперде ұстаса екен дейміз.

Жалпы, қайырымдылық жасау – ізгі амалдардың бірі екенін екінің бірі біледі. Алайда жағдайы келіспеген жанды қайырымдылық жасауға міндеттеу күнә. Нарықтық қатал заманда ешкім де жетісіп жүрген жоқ қазір. Айлықтан айлыққа әзер ілігетін адамдар үшін әрбір теңгенің орны бар, есептеулі. Базардағы саудагерлердің шығынға батқаны өкінішті, әрине. Дегенмен бізде бай-бағландар, ақшасын қайда жұмсарын білмей жүрген қалталы азаматтар көп-ақ. Міне, осындайларды меценаттыққа, қайырымдылық жасауға тарту керек.

Қайырымдылық жасап жатқандары да баршылық екен. Бүгінге дейін қордың қоржынына 22 млн.-нан астам теңге аударылыпты. Мәселен кәсіпкер Қайрат Балабиев аталмыш «Көмек –2012» қорына өз қалтасынан 3 млн. теңге аударған. Балабиевтің әйелі «Самал» базарының қожайыны екенін ескерсек, «базаршының қайғысын базаршы түсінеді» дегенге саяды. Қалай десек те, азаматтық танытып, көпке үлгі болғаны көңіл қуантады. Осы секілді қалталы кәсіпкерлер зардап шеккен саудагерлерге көмегін тигізіп жатса, елдік мінезінің бар екенін танытар еді. Кімнің жомарт, кімнің «қатты» екенін алдағы уақытта білетін боламыз. Әйтеуір нәпақасын әзер тауып жүргендердің қалтасына осы бастама ауырлық келтірмесе екен дейміз.

Саят ЖҰМАҒҰЛОВ