Жаңалықтар

ТАЛАН­ТАРАЖ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР

ашық дереккөзі

ТАЛАН­ТАРАЖ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР

Таяуда Оңтүстiк Қазақстан облыстық прокуратурасы ауыл шаруашылығы саласына арналған субсидияның бөлiну заңдылығын тексере келе өткен жылы субсидия алушылар арасында заң талаптарын бұзушылар жеткiлiктi болып шыққандығы туралы ақпарат таратты.

Мәселен Бәйдiбек ауданы бойынша ведомствоаралық комиссиясы «Жерұйық-21» өндiрiстiк кооперативi 29 гектар жерге көпжылдық жемiс-жидек отырғызған деген акт түзедi. Осы актiнiң негiзiнде «Жерұйық-21» ӨК-не бюджеттен 13.065.022 теңге субсидия­ төленген. Қаржы көшеттер мен тамшылатып суғару жүйе­сiн, тыңайтқыштар сатып алу, сондай-ақ жобалау, топырақтық ме­лиоративтiк және топырақтық-геологиялық зерттеуге жұмсалады делiнген. Ал тексеру кезiнде онда тамшылатып суғару жүйесiн сатып алу­ға ешқандай шығын кетпегенi анықталған. Яғни субсидия тиiстi мөлшерден артық бе­рiлген. Бұл жағдай Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотында қаралып, «Жерұйық-21» ӨК-нен мемлекет пайдасына 9.900.000 теңге өндiрiлiптi.

Өткен жылы «Сәт» шаруа қожалығына 46 гектар жерге жүзiм отырғызуына байланысты 16.282.800 теңге субси­дия төленген. «Бағдат» шаруа қожалығының 11,55 гектар жерге егiлген жүзiмдiгi үшiн де бюджеттен 4.049.0 мың теңге қаржы бөлiнген. Бiрақ бұл екi шаруа қожалығының да жү­зiм­­дерi қурап кеткен көрiнедi. Осылайша мемлекеттен бө­лiнген 20 миллион теңгеден ас­там бюджеттiк субсидия тиiмсiз жаратыл­ған.

Мемлекеттен бөлiнген мил­­­лиондарды мақсатсыз жұмсағандар арасындағы заң бұзушылық жалғыз бұл емес. Түл­кiбас ауданында кейбiр өтiнiш­терде субсидия алуға үмiткер­лер қол қоймаған болса, кейбiреуле­рiн­де өтiнiш­тiң таза бланкiлерi тiр­келген. Бұл ауданда 4.196.993 теңге субсидия негiзсiз берiл­генi белгiлi болып отыр. Мақтаарал ауданында суб­­сидияны заңсыз бөлу о бастан-ақ тәжiрибеге айнал­ған сияқты. 2011 жылдың басында онда ағын судың құ­нын арзандатуға бөлiнген бюджеттiк субсидияны талан-таражға салу фактiсi бойынша қылмыстық iс қозғал­ған-ды. Мұндай оқиға биыл да анықталып отыр. Мысалы, «Байыспай» ШҚ-ның төрағасы К.Тәжiмұратов «Айжансу» ЖШС-нiң директоры Ж.Уәлихановқа 50 бас асыл тұқымды­ жылқы сат­қандығы туралы жал­ған келiсiм-шарт түзген. Бұл жалған құжат субсидия алу үшiн Мақтаарал ауданының ауыл шаруашылығы бө­лiмiне тапсырылады. Ал Мақтаарал аудандық ауыл шаруа­шылығы бөлiмiнiң бастығы А.Айдарбеков, бөлiмнiң маманы Е.Жұрқабаев және аумақтық инспекцияның мемлекет­тiк инспекторы Б.Сағынтаев құжаттардың шынайылығын тек­­сермеген. Нәтижесiнде К.Тәжiмұратов пен Ж.Уәлиханов 1.700.000 теңге бюджеттiк субсидияны заңсыз алады. Бұл факт бойынша қылмыстық iс қозғалып, кiнәлi тұлғалар сотты болып, келтiрiлген шығын керi қайтарылған.

Жоғарыда көрсетiлген заң бұзушылықтар шенеунiктердiң, жауапты мамандардың өз мiндеттерiн дұрыс атқармай, немқұрайлылық танытатынын көрсетедi. Осы прокурорлық тексерудiң нәти­же­сi бойынша облыс әкi­мiнiң атына заң бұзушылықтарды, олардың орын алу жағдайлары мен себептерiн жоюға және кiнәлi лауазым иелерiнiң тәр­тiптiк жауапкер­шi­лiктерiн қарау туралы облыс прокуратурасы тарапынан ұсыныс енгiзiлiптi. Жауапсыз шенеунiктердiң қаншалықты заңға сәйкес жазаға тартылатынын алдағы уақытта жiтi назарда ұстамақпыз.

Дәурен ӘБДIРАМАНОВ

Оңтүстiк Қазақстан облысы