«ШЫН СӨЗ – ШИПА, ӨТIРIК СӨЗ – КЕСЕЛ ҒОЙ»

«ШЫН СӨЗ – ШИПА, ӨТIРIК СӨЗ – КЕСЕЛ ҒОЙ»

«ШЫН СӨЗ – ШИПА, ӨТIРIК СӨЗ – КЕСЕЛ ҒОЙ»
ашық дереккөзі

Бiр Алланың құдiретi күштi! Ол он сегiз мың ғаламды ғажайып таңғаларлық сипатта жаратты, соның iшiнде адамға айрықша ақыл берiп, оған кемел ойлау қабiлетiн дарытты. Бiз осы орайда екi көзi зағип болып туылып, бұл дүниенiң жарық сәулесiн бiр көруге зар болып өткен Әдиб Ахмед ибн Махмұдты сөз етсек, ол атақты Түркiстан қаласының маңындағы Жүнекте дүниеге келген.

Ақын түркi тiлдерiмен бiрге араб тiлiн жетiк бiлген, Исламның ақ жолын жан жақты зерттеп, оның хақтығына көз жеткен соң, талмай Алла жолын тамылжыта жырлаған. Әсiресе Иман, мiнез құлық, әдеп, адамдар арасындағы iшкi-сыртқы қатынасқа арналған қысқаша тақырыптардан тұратын «Ақиқат сыйы» атты өте тартымды еңбек жазғаны мәлiм. Бұл күнде ғұламаның артында қалған мұрасының үш түрлi көшiрмесi белгiлi. Оның ең көнесi – Самарқанда жазылған нұсқасы, бұл туындының көлемi бес жүз сегiз жол, осы аталған қолжазба Стамбұл қаласындағы Ая София кiтапханасында тұр. Көп дүниенi басынан кешiрген көне тарихында халқымыздан небiр кемеңгерлер өткенi мәлiм. Бұл данышпандар жеке басының қамын күйттемеген, ел үшiн күндiз түнi еңбек еткен, жұртының болашағын, қамын ойлаған. Осындай халайық қауымның ертеңiне көз жiберген нәзiк жанды ақындардың бiрi Ахмед Иүгiнеки екенiн айттық. Ол өткенге зер салып қате кемiстiгiне сабақ алса, айналасына да ойлы көзбен қарап жан жақты бақылап отырыпты. Ақын әрбiр адам – пенде, сондықтан күнәсiз жан болуы мүмкiн емес, осы себептi Алланы бiр сәт естен шығармай, оны жад айтып жүру керек дей келiп: Бар қылды Жаратқан менi жоқтан, Жоқ етер Алла тағы бар қылмақтан. Тәубе қыл, шәк келтiрiп, желiк қумай, Тұрғанда өзiң өлмей оттан сақтан! Жаратты жалғыз Алла күн мен түндi, Бiрiне бiрiн ертiп жүргiзедi. Күнiңдi батырады таңды атырып, Өлшеуiн мезгiлдердiң бiлгiзедi. Бiр Алла өлтiретiн, тiрiлтетiн, Көрерсiң сен де оны көзiң жетiп. Иесi құдiреттiң жалғыз Құдай Өлгендердi тiрiлту оған оңай. Айтайын артықтығын Пайғамбардың, Ұғып ал толғауымен ой мен ардың. Құт қонған iзгiнiң ол ең кемелi, Iшiнде жетерi жоқ жаны бардың, – деп толғаса, мұның бәрi де дұрыс, аса қамқор, ерекше мейрiмдi де құдiреттi Алланы он сегiз мың ғаламды дәрiптемейтiн, оған арқа сүйемейтiн тiршiлiк жоқ екенi рас. «Хадистер жинағы» атты кiтапта: «Расында Алла Тағала бүкiл жақсылық пен жамандық атаулыны жазып, оны былайша ашып түсiндiредi: «Кiмде кiм жақсылық жасауға ниеттенiп, бiрақ оны жасамаса, Хақ Тағала оны толық жасалған жақсылық есебiнде жазады. Егер жақсылық жасауды ойға алып, оны жүзеге асырса, Алла Тағала сол бiр ғана жақсылығы үшiн он сауаптан бастап, жетi жүз есеге дейiн, тiптi одан да еселеп жазады», делiнсе («Көкжиек Б» бас­пасы, 2011 ж. 18 бет) бұл шүбәсiз шындық, бiз қасиеттi хадиске риясыз сенемiз. Осы Ахмет Иүгiнекидiң алдында ғұмыр кешiп, бүкiл өмiрiн Алла жолына арнап, адам баласының игiлiгiне қызмет еткен ғұлама ақын Жүсiп Баласағұни атақты «Құтты бiлiк» дастанында (көне түркi тiлiнен аударған А. Егеубай) Алланың хикметiн жанымен толғаған ол: Аллаһ атымен бастадым мен сөз әлiбiн, Жарылқаған, жаратқан бiр тәңiрiм! Қолымда да, жаратты бар болмысты, «О, бол!» дедi де, бiрден бәрiн болғызды. Жаралғанның бәрi мақұлық, мұңы көп. Ием ғана, жалғыз, шерi, мұңы жоқ. Ай, ерiктi, күштi мұңсыз Құдайым, Бұл есiмдер саған ғана лайық. Саған өзге кiрiге алмас дарасың, Әуелгi де, соңғы да өзiң, дарасың. Iш пен тысты бiрдей бiлген асылсың, Көзден жырақ, көңiлiме жақынсың,– Десе, бұған қайран қалуға болмайды, екi ақын да Алланың асқан нығыметiн, бiр Жаратушы екенiн жырлап қоймай, басқалардың да Құдайды танып бiлуiне, тiптi жас жеткiншектердiң үлгi өнеге алуына терең өсиет қалдырыпты. Бiз жоғарыда сөз еткен Жүсiп Баласағұни да, Ахмед Иүгiнеки де Алладан кейiн пайғамбарларымыз Мұхаммедтi (с.ғ.с.) сүйiспеншiлiкпен кемелiне келтiре толғағаны мәлiм. Осы орайда Ислам дiнiнiң көшбасшысы жайлы Американың атақты академигi Майкл Х. Харт «100 ұлы адам» атты кiтабында Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) ең бiрiншi ұлы деп таниды. Оқымысты оған мынадай анықтама бередi: «Христиандардың саны мұсылмандардан екi есе көп. Сол себептi Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) бұл кiтапта Исадан (ғ.с.) бұрын жазылғаны оғаш көрiнуi мүмкiн. Бiрақ мұның екi себебi бар: бiрiншiсi Иса (ғ.с.) христиан дiнiнiң негiзiн және философиясының негiзiн қалағанына қарамастан, Мұхаммед (с.ғ.с.) Исаға (ғ.с.) қарағанда маңызды рөл атқарған. Мұхаммед (с.ғ.с.) Ислам теологиясының негiзiн қалаушы, ол ең бiрiншi болып иманды адамдар санының көбеюiне ықпал еттi, адамдарға Ислам негiздерiмен өмiр сүрудi үйреттi. Оған қоса ол қасиеттi кiтап Құран Кәрiмдi Алладан жеткiзушi» (Москва. Изд, «Вече» 1992ж. стр.28). Мына бес күндiк алдамшы дүниеде бiр жаратушының хақ жолына өз өмiрiн арнап көптеген пайғамбарлар өткен, сол абзал жандардың ардақтысы Мұхаммед (с.ғ.с.) болғаны шындық. Бiз оны соңғы пайғамбар әрi Алланың сүйiктi құлы деп танимыз, солай деп иман келтiремiз. Жүсiп Баласағұни да пайғамбарымыз Мұхаммед-тi (с.ғ.с.) үлгi, өнеге етiп суреттеген: Рахымды Ием пайғамбарын жiбердi, Кiсi iзгiсi, ел сарасы жiгерлi. Түнек түнде шамы болып халықтың, Саған, жұртқа нұрын шашты ол жарықтың! Ол Алланың жаршысы, ерiм, бiлгейсiн, Сен содан соң тура жолға кiргенсiң. Ата анадан жетiм қалып келдi ол, Үмбетiне тiлек тiлеп, бердi жол. Сенi тiлеп, бейнет шектi күнi-түн, Салауат айт, мақта, ақта үмiтiн! Бiз Ахмед Иүгiнекидi жоғарыда айтқандай жұрттың жағдайын терең түсiнген аса сезiмтал ақын деп бiлемiз. Оның айналасындағы күнделiктi болып жатқан тiрлiктi жiтi бақылаушы, өткен өмiрге, кешегi тарихқа соншама сергек қарайтын биiк парасат иесi екенi анық. Ақынның әрбiр сөзiнен өмiрден көп тоқыған көргендiгi, данышпандығы аңғарылып тұрады. Шәйiр әрбiр адам пенде, олай болса, одан кемшiлiк көп кетедi, күнәға батпай, адал жүру үшiн алдымен Алланы, одан кейiн бiлiмге зейiн салу ләзiм дегендi уағыздай келiп: Ей, Алла! Көп мүнәжат етем саған, Ең әуел рақымың мен аңсаған. Мақтауға лайықты тiл жете ме, Төгейiн тiл өнерiн, жар бер маған. Ұшқан құс, жүгiрген аң – барлығы да, Паш етер сенi «бар» деп жөн бар соған. Әр iсте бiлемiсiң, мың дәлел бар, Табады сол дәлелдi ой барлаған, – деп толғаса – бәрi де рас, басы артық еш нәрсе жоқ. Ахмед Иүгiнеки «бiр Аллаға ғана мүнә­жат» етем десе, бұл да түсiнiктi. Осы аталған ақы­нның алдында ғұмыр кешкен Жүсiп Баласағұни бiр Алланы жырлаған оның «Құтты бiлiк кiтабы» әлем әдебиетiнде өзiндiк орны бар бағалы еңбек. Мiне, жоғарыдағы екi ақын да бiр жаратқан иенi өздерi танып қоймай, басқа ел-жұртқа және болашақ ұрпаққа жан-жақты өсиет етiптi. Бiр еске алар дүние – Абайдың терең мағыналы ойлары мен көркемдiгi биiк өлеңдерiнен бiз жоғарыда сөз еткен екi ақынмен соншама үндестiгiне ерiксiз зейiн саламыз: Адам  бiр боқ көтерген боқтың қабы, Боқтан сасық боласың, өлсең тағы. Менiмен сен тең бе деп мақтанасың, Бiлiмсiздiк белгiсi ол  баяғы. Кеше бала ең, келдiң ғой талай жасқа, Көз жеттi бiр қалыпта тұра алмасқа. Адамды сүй, Алланың хикметiн сез, Не қызық бар өмiрде онан басқа?! Расында, адам баласы Ислам жолы бойынша «бетегеден биiк, жусаннан аласа» болу керек екен. Алла тағала тәкаппарлықтан сақтасын, дандайсу, өзiн-өзi жоғары ұстау, мұрнын шүйiру деген асқан күнә екен. Бұл жөнiнде хадисте: «Расында ол бiр арқа отын көтерiп базарға соқты. Оны көргендер «Әрине, Алла сенi бұл iстен мұңсыз еттi (саған бұл қажет емес). Ал сонда бұған сенi ұрындырған не?» – деп сұрады. Сонда ол: «Мен бұнда тәкаппарлықты жоюды қаладым. Өйткенi хазiрет пайғамбар ғалайссалам жүрегiнде тарыдай тәкаппарлық болған кiсi жаннатқа кiрмейдi дегенiн естiдiм», – деп жауап бердi, – делiнсе, ұлы Абай қалай дөп басып өте дәл айтқан, жер бетiндегi адамзат бiр-бiрiнен не артық, не кем емес, бәрi де екi аяқты, бiр басты пенде ғой. Сондықтан өзiң секiлдi екiншi бiр адамға кiсiлiк көрсету, паңсыну адамгершiлiк емес, осы себептi данышпан ақын «Адамды сүй, Алланың хикметiн сез» деп соқырға таяқ ұстатқандай ашық та айқын меңзеп тұр. Дәл осы бiз сөз еткен жағдай Ахмед Иүгi­некиде тiптен тайға таңба басқандай су­реттелiптi: Бар қылды жаратты да менi жоқтан, Жоқ етер Алла тағы бар қылмақтан. Тәуба қыл, шәк келтiрiп, желiк қумай, Тұрғанда өзiң өлмей оттан сақтан. Жаратты жалғыз Алла күн мен түндi, Батыс пен алмасатын Шығыс жақтан. Күнiңдi батырады, таң атырып, Кетедi түндi түрiп таң шапақтан. . Атақты шәйiр аса қабiлеттi, ерекше зерек екен, ол көзiнiң тiрiсiнде ғылым-бiлiмнiң соңына түсiп күндiз-түнi жалықпай үйренумен болыпты. Әсiресе, оның тiл үйренуге құмарлығы ерекше көрiнедi. Бұл турасында ақын «Ақиқат сыйы» атты кiтабын шығарып, жан-жақты зерттегендер Ә.Құрышжанов пен Б.Сағындықов: «Бұл дүниенiң жарық сәулесiн көрмеген зағип Ахмед ойшыл зерделi болып туады, қабiлетiн ұштап, бiлiмге құлаш ұрады. Көп iзденiп, мол бiлiм жинайды. Түркi тiлдерiн түгел меңгерiп, араб тiлiн жетiк бiледi, халық тiлiн қалағанынша сусындап, тiл үйренудi әдетке айналдырады, жазба тiлдi жастайынан жаттап өседi. Өз ортасының көп оқыған бiлiмпазы есебiнде ол «әдиб Ахмед» деген атаққа ие болады». Ал, бөгде бiреудiң «шәйiр Ахмед туралы айтқаны» делiнетiн бөлiмде: Көрмеген туа бiткен әдиб көзi, Тұрады он төрт баптан осы сөзi. Жүк болса пiл көтермес алтын-күмiс, Соған тең осы аз ғана сөздiң өзi. Осы арнау жырды кезiнде кiм жазса да әдiлiн, ақиқат шындығын айтты деп түсiнемiз, бұл бiр жағы Ахмедтiң жай-күйiмен таныстырса, екiншi жағынан оның туа көзiнiң көрмейтiн соқыр екенiмен де хабардар етедi. Алайда бiздiң ойымызша, Ахмед туа соқыр болмаған сияқты, кейiн берi келе көзiнен айрылғанға ұқсайды, өйткенi жаза алмайтын соқыр адам ғылым-бiлiмдi қалай меңгермек?! Оның өлеңдерiн оқып отырғанда, ақынның күн­делiктi тiрлiктегi әрбiр кiшкене құбылысқа дейiн жете бiлетiндiгi бiздi қайран қалдырады. Ахмедтiң, әсiресе, өнер-бiлiм жайлы ойлары терең де мазмұнды. Ақын: Бiлiктi бiлiм жинап кәсiп етер, Бiлiмнiң дәмiн татып нәсiп етер. Бiлдiрер бiлмес елге бiлiм сырын, Бiлiксiз бiлiмдi аттап бөсiп өтер. Расында, терең бiлiмi жоқ, не бiлiгi жоқ адамға ғылым iзденудiң қажетi болар ма? Таяз адам өзiн данышпан да, көреген де, мықты да деп бiледi, ешкiмдi бойына тоғытпақ емес, тiрi жанды менсiнер ме?! Ондай саңлауы жоқ кiсiге айтқан сөз, берген кеңес құмға сiңген сумен бiрдей екенi анық, осы себептi Ахмед: Тура сөз бiлiмсiзге қаза болар, Насихат, пайдалы сөз жаза болар. Надан жан қанша жусаң тазармайды, Талай кiр жуған сайын таза болар. Хиямет қайымның қашан болатынын бiр Алла бiледi, ол кезде жалғыз рет «сүр үрiлмек». Бұл сүрдi үретiн Ысырапыл перiште екен. Ол кiсiнiң даусы шықты болды, жер-әлем күңiренiп, дүние астан-кестен болмақ. Өлiлер көрiнен шошып тұрып, тiрiлер не болғанын бiлмей, есiнен танса керек?! Мiне, дәл осы кезде бүкiл жан иесi Алланың алдында тiрлiгiнде iстеген барлык iс-әрекетiне есеп бермек. Кiм жақсы, кiм жаман, кiм асыл, кiм надан? Бiр жаратушының өзi ғана осы бiр мезетте тез арада айырмақшы. Жер мен көктей кең сегiз ұжмақтың есiгi де, iшi от пен жалынға толы жетi тозақтың есiгi де айқара ашық. Кiм пейiшке барады, кiм тозаққа кетедi – бiр жаратушы ғана бiледi. Ал Алла тағаланың әдiлдiгi сондай – жарық дүниеде iстеген жарты жармақтық жақсылығың болса да ескерiп елейдi, шапағатынан құры қалдырмайды. Тiптi бiр соқыр адамды қырық қадам жерге дейiн жетектеп барған кiсi де, екi жетiм қызды өсiрiп күйеуге берген абзал адам да ұжмақтың төрiнен орын алары сөзсiз». Өйткенi Алла жарылқаушының ең зоры, мейiрiм мен шапағатының шетi-шегi жоқ. Бiр ескере кетер жай – ұлы құдiреттiң алдында барлық адам баласы бiрдей, Алла ешкiмдi алалап-құлаламайды, мынау кедей, мынау бай, мынау жарлы, мынау маңғаз, мынау патша, мынау құл деген ұғым онда жоқ. Алланың артықша кереметi де осында. Бiр ғажабы, әдiлдiктi жақтайтын Әдиб Ахмед былайша төгiлте жырлайды: Болғаннан соң мал, дүние жандығың, Ұлылыққа қол сермедiң, жанды ұғын. Байлықтан не? – Көрге жалаң кiресiң, Қалар мұнда кiсе, себет, сандығың,– деп толғаса, ұлы ақын оның осы айтқанының бәрi шындық, адам баласының аш көзi дүние-мүлiкке тойған ба, мал-мүлiкке қанағат етер ме? Жан баласының көзi тек бiр уыс топыраққа қана тоймақ. Бұл жайында Абай: Кәпiр көздiң дүниеде араны үлкен, Алған сайын дүниеге тоя ма екен?! Қанша тiрi жүрсе де өлген күнi Өзге көзбен бiрдей-ақ болады екен, – десе, аса ойшыл ақын өте дұрыс айтқан, өмiрден көрiп, көңiлiне тоқып-түйгенiн ортаға салған деп бiлемiз Ахмед Иүгiнеки де бiр ғана тәңiрдi мойындайды, соған ғана бағынады, содан ғана қорқады, соған ғана құлшылық етедi дедiк. Сонымен бiрге, бiр Алланың алдында барлық пенде бiрдей деп те толғағанын айтып кеткенбiз, бұл турасында ол: «Тегiм асыл» деп бiреулер мақтанар, Мен айтайын тұра жауап сақтанар. Бұл халықтың, ата-анасы тегi бiр, Арасында айырма жоқ сақтанар,– деп қандай әдiлеттi айтқан. Расында жұртпен пiкiр алыса қалсаңыз, не бидiң, не бектiң, не батырдың, не бай-бағыланның тұқымы болып шыға келедi. Солай-ақ болсын, оған кiм таласады, тек мақтан араласқаны жаныңды жегiдей жейдi. Дүние жүзiнiң соңғы пайғамбары Мұхаммед Мұстафа салалаһу ғалайссалам былайша өсиет айтыпты: «Менiң қауымымдағы надан арабтарда көзi жойылуға тиiс үш нәрсе бар, бiрақ олар бұдан құтыла алар емес, ол нәрселер мыналар: тегiн айтып мақтану, өзге руды келеке ету, ауа райының әлдебiр жұлдыздарға тәуелдi екенiне сену, өлгеннiң артынан ағыл-тегiл жылау». Барлық мақтау он сегiз мың ғаламды жаратушы, екi дүниенiң иесi, қияметқайымның қожасы жалғыз құдiреттi Аллаға ғана тән. Әркiм аузына келгенiн айтып мақтана берсе, сөз еместi сөйлеп, бөсе берсе халайық қауым арасында бiрлiк-береке бола ма?! Шындық бола ма, әдiлеттiлiк бола ма?! Ұлы Абай: Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәттi. Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп, Және хақ жолы деп әдiлеттi, – деп Алланың ақ жолын тебiренте отырып түсiндiрсе, бұл жай айтыла салған нәрсе деуiмiзге болмайды, араб-парсы тiлiн өте жетiк меңгерген ақын шығыстың ғылым-бiлiмiн де, философ ойшылдарын да, қараүзген ақын-жазушыларын да терең бiлгенi белгiлi. Бiздiң бұдан аңғаратынымыз, Алланы тануда да, оның тiл жетпес хикметiн көпшiлiк қауымға жеткiзуде де поэзиямыздың бiрде-бiр рет желiсi, дәстүрi үзiлмегенi, сонау XI ғасырда өмiр сүрген Жүсiп Баласағұниден бастап, Абайға дейiнгi аралықтың қаймағы бұзылмағандығы анық байқалады. Артына iрi мұра, өлмейтiн-өшпейтiн құнды сөз қалдырған Ахмед Иүгiнекидiң өмiрбаяны жазылып қалмаған сияқты. Зерттеушiлердiң айтуынша, ақын ғұмыр кешкен дәуiрде сол елдi – Түркiстан өлкесiн билеп, Сыр бойындағы Сауран қаласында тұрған Әмiр Арыслан екен. Өнер мен өлеңнiң үлкен жанашыры болған осы кiсi Ахмедтен бiраз мәлiмет қалдырыпты: Әдиб елiн, «аты- Иүгiнек» дер едi, Өте сұлу, таза ауалы жер едi. Махмұд-и Иүгiнек-и баласы – Әдиб Ахмед, жоқ ешкiмнiң таласы. Бұл арабша «һибат-ул-хақайық», «Ақиқаттың сыйы» ғой деп айтайық. Ол түгелдей қашқар түркi тiлiнде, Жазған Әдиб айқын осы түрiнде. Қашқар тiлiн бiлген сыйлап әз қанын, Түсiнедi, мiне, Әдибтiң жазғанын. Тiлдi бiлген – мәнiн бiлер шүкiрлiк, Бiлмегенiн «бiлем!» деген күпiрлiк. Бiлмей Әдиб маржаннан көз жазып, Көп кiсiлер босқа жүр ғой сөз жазып. Кейбiреулер «бiлемiн» деп iсiнiп, Күлкi болды сөзiн қате түсiнiп, – деп толғаса, бiз Ахмедтiң туған жерiнiң Иүгiнек, әкесiнiң аты Махмұд, кiтабының аты «Ақиқат сыйы» екенiн бi­лемiз. Тағы бiр байқағанымыз, осы­ кiшкене ғана үзiндiден-ақ ақын­ның жастай ғылым-бiлiмге құш­тарлығы, өз ана тiлiн жанындай сүйе­тiн­дiгi терең қамтылыпты. Ахмед Иүгiнекидiң туған жерiн жоғарыда «Иүгiнек» деп айттық қой, ендi Қазақ энциклопедиясы бұл турасында жан-жақты жаза келiп: «Түркiстан қаласының маңындағы Югнек немесе Жүйнек деген жерде (қазiргi Шымкент облысы, Түркiстан ауданы) туып-өскен. Әкесi Махмұд ақындықпен шұғылданған көзi ашық, талапты кiсi екен. Ахмед Иүгiнеки жастайынан оқып, өз кезiнiң бiлiмдi адамы болған. Араб тiлiн ана тiлiндей жетiк бiлген. Ахмед әдебиет тарихында өзiнiң «Шындық сыйы» немесе «Хибату-л-хақайық» дастанымен мәлiм. Шығарманың түпнұсқасы сақталмаған, 1480 жылғы көшiрмесi арқылы ғана мәлiм. Оны түрiк ғалымы Нажиб Асим Стамбұлдағы суфи мешiтiнiң кiтапханасынан (1916ж) тауып жариялаған. Кейiн Е.Э.Бертельс, С.Е.Малов орыс тiлiне аударып, түсiнiк бердi. Дастан он төрт тарау, 235 бәйiттен құралады»,– деп қысқаша түйiп айтса, бұл жөнiнде Қазақстан Ғылым академиясының мүше-корреспондентi Р.Бердiбаев: «Кейбiр деректерде ол (Ахмед Юғнаки) Түркiстан төңiрегiндегi Жүйнек (Юғанқ) деген жерде туып-өскен делiнедi» – дейдi. Ал өзбек ғалымы Н.Маллаев «Югнак» (еки Юғнақ) деген жер аты Ферғана өлкесi мен Түркiстан аймағында да бар» деп көрсетедi. Жоғарыдағы Қазақ энциклопедиясы да, ғалымдар да Ахмед Иүгiнекидi Түркiстан маңында дүниеге келген деген пiкiрдi қолдаса, бiз де осы жүйелi сөзге тоқтаймыз. Өйткенi бұл киелi топырақтан шыққан ақындардың бәрi де бiр Алланы, одан кейiн Мұхаммед пайғамбарды жан-жақты жырлаған. Жұрттың iштей таза, сырттай айбатты да, қайратты болуын, жетiм-жесiрге мейiр-шапағатты болып, адамдардың өзара бiр-бiрiмен балдай тату-тәттi болуын бар жандарымен армандап өткен. Бiз Ахмед Иүгiнекидiң адамгершiлiк, биiк парасат, кiсiлiк, кiшiлiк туралы жырларына ерекше тәнтiмiз, ол әсiресе сараңдықты, «шық бермес шығайбайларды» жерден алып, жерге салып мiнейдi. Ақынның уытты өлеңдерi кiсiнiң төбе шашын шымырлатады, оқығанда көкiрегiң қарс айрылады: Сұр жыландай дүние алдап сулар-ды, Сырты жылтыр, iшiнде оның у бар-ды. Жылан жұмсақ, пейiлi – зұлым, арам, лас, Сенбе, алыс жүр, құрт осындай қуларды. Сырт қараса, бұл дүние тәттi аса, Мың бәле бар iшкi сырын қаттаса. Нағыз басы сол болады қатенiң Сырттай сынап, құр сымбатын жаттаса, деген ұлы ақынды сiз шынында ерiксiз мойындайсыз. Бiз, расында, әрбiр құбылыс пен жылтырақ алдамшы көрiнiстiң сыртқы түрiн ғана қызықтаймыз ғой. Оның қабат-қабат құпия сырына жете мән бермеймiз, сөйтемiз де өкiнемiз, жырауларша айтқанда «бармағымыз тiстеулi кетпек». Адамның бәрi Алланың жаратуында, анадан тууында бiрдей, ешқандай бiр-бiрiнен айырма жоқ! Ата-бабамыз «адам аласы iшiнде, мал аласы сыртында» – дейдi ғой, бұл еш қоспасы жоқ-ақ сөз. Туғанда мөлдiреп көзiн ашқан сәби неге өсе келе сұм мен сұмырайға, қу мен залымға, қанiшер мен жауызға айналады? Тiптi бiрiнiң тiрлiгi сұр жылан, бiрi тасбақа, бiрi құрт-құмырсқа сияқты. Осы сұраққа жауапты да Ахмед Иүгiнекидiң өзi бередi: Сөзi өтiрiк адамдардан алыс жүр, Жолмен тура, шыншылдықпен өмiр сүр. Тiл мен жақтың нағыз көркi – шын сөзi, Шынын айтып, бұл сөзiме құлақ түр. Шын сөзiң – бал, жалған сөзiң – жуадай, Жуа сасып, бал иiсiн қуады-ай! Шын сөз – шипа, өтiрiк сөз – кесел ғой, Естiнi iздеп осындай ой туады-ай. Тура айтылса, шындық сөздiң базасы, «Әдiл» десiн халық сенi, таза осы. Қисық жүрмей, әдiлдiктiң тонын ки, Сол болады бар киiмнiң тазасы. Қатты сақтан, сырыңды ешкiм бiлмесiн, Өз сөзiңнен өкiнiп iс келмесiн. Бар құпия iсiң болып әшкере, Көрген адам, естiген жұрт күлмесiн, – деп сонау тұңғиық түпсiз теңiздiң алыс шыңырауынан маржан тергендей мөп-мөлдiр жан сырын бiздiң алдымызға ешбiр қоспасыз жайып салады. Iрi ақынның аса биiк талантын шынайы таныған профессор Х.Сүйiншәлиев былай дедi: «Ақын тiлi бейнелi, шешендiк тiркестер, халықтық мақал-мәтелдер жиi ұшырайды. Теңеу, эпитет, мета­фора сияқты поэтикалық тiлдiң жақсы үлгiлерiн өте көптеп ұшыратамыз. Төрт жолды, он бiр буынды өлең құрылысы жиi қолданылған. Ахмед Иүгiнеки дастаны түркi тiлдi халықтар әдебиетiнiң қалыптасуына мықты әсер еткен ор­та ғасырлық құнды туынды. Оның өзбек, ұйғыр, қазақ әдебиетi тарихындағы маңызы да осы әсерлерi арқылы белгiленедi». Ахмед Иүгiнекидiң поэзиясынан бiз көне дәуiрдегi ата-бабамыздың iшкi жан сырын терең түсiнемiз, сонымен бiрге сол кездiң тарихи жағдайымен де хабардар боламыз. Үлкен ақын өз елiнiң асқақ арманын, биiк парасатын, мөлдiреген жанын ақ қағазға маржандай тiзiп берiптi. Бiзге ақынның тұтас дүниесi емес, алтынның сынығындай азғантай өлеңi жетiптi, солай болса да осы аз өлеңiнен-ақ оның ұлылығы анық көрiнiп тұр.
Сәрсенбi ДӘУIТҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы