Жаңалықтар

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

ашық дереккөзі

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары. Әркiм өзiнше тiршiлiк етуге көшкен. Мен – Ақкөл ауданына белгiлi суретшi Таубаймын. Бұрын совхоз орталықтарын безендiрiп, қомақты табыс табатын едiм. Совхоз директорлары Ерсейт пен Күмiсбек суреттерiмдi жоғары бағалап, есеп-қисап бөлiмiндегiлерге еңбек ақымды молынан төлететiн. Астымдағы «Жигули» жеңiл көлiгiн де сол кезде сатып алған едiм. Екi рет Қырымдағы «Сочиге» де барып, демалып қайттым. Ендi мiне, ұжымдасқан сол шаруашылықтар таратылып, не iстерiмдi бiлмей сенделiп қалғаным қашан.

Аптаның соңында моншаға баратын әдетiм. Қара сөмкеге сүлгiмдi, ауыстыратын киiм-кешектерiмдi салып алып, моншаға барсам, есiгiнде айдақ әрiптермен жазылған құлақтандыру тұр. «Көмiрдiң жоқтығына байланысты, монша жұмыс iстемейдi». Ал керек болса! Аптасына бiр рет моншаның ыстық буымен қам терiмдi шығармасам, көңiлiм жай таппайтын. «Ендi жетпегенi осы едi». Баспалдаққа сылқ етiп отыра кеттiм. Шаруасы шатқаяқтаған шаруашылықта көмiрдiң ұзақ уақытқа болмайтынын iшiм сездi. «Ақыр босқа күн өткiзiп жүрмiн ғой. Үйден неге өзiм монша салып алмаймын?..». Осы ойға табан тiреп, ескi сарайды бұздым. Күйдiрген кiрпiштермен ауланың көше жақ бетiнен моншаның қабырғасын көтердiм. Бiр айдан соң iшi мен сырты көз тартқан мұнтаздай жаңа монша дайын болды. Сол күнi өзiм рахаттана жуындым-ай, бiр. Қатын, бала-шағам да моншаны аңсап қалған екен. Кешке күрең шайды терлеп-тепшiп iшiп отырғанымда әйелiм тосын бiр ұсынысын алдыма көлденең тартты.

–Таубай, қазiр ауылда монша жұмыс iстемейдi. Неге бiзге осыны көпшiлiкке ақылы монша жасамасқа? – дедi.

Ұсыныс көкейiме бiрден қона кеттi.

– Осы бiздiң қазақ: «Шашы ұзынның ақылы қысқа» деп асылық айтқан. Сен маған тамаша ой салдың. Шынында да бiзге неге осыны көпшiлiктiң моншасы етпеске, – дедiм шаттанып. – Ал моншаға қандай ат қоямыз?

Екеумiз келiн-кепшiк, бала-шағаны жинап, жұртты бiрден қызықтыратын атты ойластыруға кiрiстiк. Әйелiм өзi ұнатқан, келiнiм өзi қалаған, балаларым ауыздарына түскендерiн жарыса айтып жатыр. Ешқайсысы да менiң талғамымнан шығар емес. Түнiмен ары ойлап, берi ойлап ақыры өзiм таптым. Таңертеңгiлiк шайда оларға моншаның аты «О-о, кайф!» болады дедiм. Бәрi келiстi. Сол күнi-ақ моншаның маңдайшасына алыстан көрiнетiн аты iлiндi. Астыңғы жағына «Рахатты көктен iздеме, моншадан iзде! Таубай» деп жаздым.

Моншаның ашылғанынан жұрт тез құлақтанып, ағылып келе бастады. Күн сайын олардың саны да көбейе түстi. Өзiм кашегар, әйелiм бухгалтер, келiнiм тазалау­шы, балаларым су тасушы. Бiздiң үйде бұрынғыдай бос жүрген жан жоқ. Әр қайсымыздың жұмысымыз бар. Моншадан жуынып, шайынып шыққандар дән риза. «Таубайдың «О-о кайфын-ай!» деп тамсанады. Қоржынға күн сайын он мың теңгеден кем түспейдi. Дастарқан да тағамның түр-түрiне толды. Берекет деген осы емес пе? «Өзiм дегенде өгiз қара күшiм бар» демекшi қалтаға табыс түскен сайын, шаршап-шалдыққанды мүлдем ұмытады екенсiң. Моншамыз түс әлетiнен түннiң бiр уағына дейiн жұмыс iстейдi. Әйелiмнiң есептеуi бойынша қысты өткiзiп, жазға жеткенше он сегiз тонна көмiр жағыппыз. Моншаның қара жұмысы менiкi де, ақшаны жұмсайтын, әйелiм мен келiнiм. Бiр күнi мұрным қыши берген соң әйелiме:

– Осы түсiп жатқан табыста менiң де қосқан үлесiм бар шығар. Менiң де қалтамда бiр-екi мың теңге жүрсiн де. Жора-жолдас, дос-жарандармен кездескенде аздап сыра iшiп, темекi тартып тұрайын, – деп едiм, салған жерден тұлданып, ал кеп жер-жебiрiме жетсiн. Басым бәлеге қалды.

– Қайдағы дос-жараныңды айтып отырсың? Мына заманда сыра iшпей-ақ, темекi тартпай-ақ жайыңа қарап жүрсең еттi, – деп арп-арп еткенде аларған көздерi шарасынан шыға жаздады. Келiнiм анау, шекесi тырысып, қабағы бiр ашылар емес. Менiң де бала кезiмнен сүйегiме бiткен қырсық-қыңыр мiнезiм бар едi. Соным ұстап, алған бетiмнен қайта қоймадым. Келiнiм мен балам өз бөлмелерiне кiрiп алып, күн ұзаққа шықпай қойды. Өзара келiсiмге келетiн түрiмiз жоқ. Олар маған сұраған ақшамды бере қоймады, ал мен көне қоймадым. Бiрлiк болмаған жерде тiрлiк бола ма? Сол күннен бастап моншаға от жағылмады. Келген клиенттерiмiздi жайдары күлiп алдарынан құрақ ұшып тұратын бiз емес, есiктегi мелшиген дәу қара құлып қарсы алады. Солай разногласияның кесiрiнен моншамыз жабылды.Жұрт бізге қашанғы қарасын. Көп ұзамай өздері де мұнша салып алды. Екi-үш айдан кейiн жинаған қорымыз да таусылып, қаптың түбiн қаға бастадық. Сөйтiп баяғы кедей кейпiмiзге қайта түстiк. Еңсенi басқан көңiлсiз күндер өтiп жатты. Наурыз бір ысып бір суып тұр.

Сондай күндердiң бiрiнде көшеден көптен берi көрмеген досымның кездесе кеткенi. Құты қашқан адамда қандай түр болушы едi. Жуан мойны жiңiшкерiп, жағы суалып, басы сопиып, алдымнан әруақтай шыға келгенде тiксiнiп қалғаным рас. Бұрын басында етектi қалпағы, қолында жуан пәпкiсi болатын. Заготконторда бұдан мықты жан жоқ едi. Артынан қуып жүрiп амандаспасаң, саған жуан мойнын бұрып та қарамайтын. Күнi бiрдiң жыры бiр емес пе. Қал-жағдайын түрiнен көрiп тұрсам да көңiлi үшiн сұрадым. Ол: «Уһ» деп бар демiн бiр-ақ алды да ауыр күрсiндi.

– Қайран Кеңес өкiметi-ай! Қадыр-қасиетiңдi бiлмеппiз ғой.

– Е,е ол ендi келмеске кеттi. Ендi мына заманға лайық тiршiлiктiң көзiн тапқанды айтсайшы.

– Таубай, Алматыда кәмпит жоқ деп естiдiм.

– Е,е қазiр дүкендерде не бар дейсiң? Сөрелерi жылан жалағандай тып-типыл болған жоқ па?

Ол әлдене айтқысы келдi ме тамағын кенеп, қолын аузына апарып, қайта-қайта жөткiрiнiп алды.

– Мына Тараздың дұңғандары кәмпит шығарады екен. Екеумiз солардан сатып алып, Алматыға алып барып сатсақ қайтедi? Тез өтетiн көрiнедi ғой.

– Идеяң дұрыс. Ал оған қаражатты қайдан табамыз?

Ол тағы жорта жөткiрiнiп, кiбiртiктей сөйледi.

– Сенiң «Жигулиiң» бар емес пе. Соны кепiлдiкке қойсақ дұңғандар көнер.

Оның бұл сөзi құлағыма түрпiдей тидi. Күнiң менiң мәшинеме қарап қалды ма, – деп бас салып балағаттамақшы болдым да, сабыр сақтап, лезде райымнан қайттым. Табан астында не айтарымды бiлмей үнсiз тұрмын. Ол қалың әжiм басқан маңдайын жиырып, бұған не айтасың дегендей сығырайған көздерiн менен алар емес. Санамнан «Кәмпит өтiп, табыс тапсақ неге тәуекел етпеске» деген ой қылаң бердi.

– Ертеңге дейiн ойланайын, Сәке, – дедiм.

Екеумiз таңертең «Жигулимен» Таразға тартып кеттiк. Дұңған үйiн қытай қорғанындай етiп қоршап тастапты. Аттылы кiсi болмаса жаяу жүргiншiлер арғы жағындағы аулада не болып жатқанын көре алмайды. Темiрден жасалған биiк дарбазасын қақтық. Iштен тапал дұңған шықты. Келген шаруамызды айтып едiк, ол мәшинемнiң алды артына, оң жақ пен сол жағына шығып асықпай қарап шықты. Капотын ашып моторға үңiлдi. Моторға от бердi. Дарылдаған даусына, артынан шыққан будақ-будақ түтiнге қарап, бетiн тыржитты. «Кепiлдiкке алмайтын болды-ау мынау». Жоқ, бекер күдiктенген екенмiн. Ол басын изеп сәл үнсiз тұрды да:

– Мәшинең қала iшiнде оны-мұны тасымалға жарайды екен, – деп дарбазасын ашты. Баспа астындағы жиналған қап толы кәмпиттi көрсеттi. – Әрқайсысы 50 килограмм салмақ тартады. Көтерме бағаның килограмы 40 теңгеден. Осы бағаға келiссеңдер он қап бере аламын.

Емпелеңдеп өзiмiз келген соң келiспегенде қайтемiз. Он қаптың бесеуiн мәшиненiң жүк салатын артқы қорабына, бесеуiн кабина төбесiндегi жүкке ыңғайлаған қондырғыға жайғастырдық. Мәшине төрт доңғалаққа отырды. Бiр апта мерзiмге келiсiм-шарт жасалынып, көлiгiм кепiлдiкке қойылды.

Ұзақ жолға шығар алдында осындағы жанар-жағар май бекетiнде сатушы болып iстейтiн iнiмнiң жағдайын бiле кетпекшi болдым. Үйiне барсам, iнiмнiң көңiл-күйi жоқ. Түнде ұйқылы-ояу жүргенде мәшинесiне май құйғызған бiреу жалған 100 доллар берiп, алдап кетiптi. Бекет қожайыны сол ақшаны төле деп қысым жасаған. Сол кезде 100 долларың теңгеге шаққанда бағамы бақандай 6 мың. Iнiм қиналып жатқанда мен қалай ай-шайға қарамай Алматыға жүрiп кетейiн. Қаладағы ағайындарды аралап, 100 долларды таптым-ау әйтеуiр. Соны iнiме берiп, әлгi жалған 100 долларды қойын қалтама салып алдым.

Тараздан шыға бергенiмiз сол едi, екi ГАИ қызметкерi ала таяғын шошаң еткiздi. Тежегiштi бастым. Толық денелi жiгiт жүргiзу құжаттарымды қарап, көлiгiме көз тастады. Маңдай алды әйнегiмнiң сынықтарына ерсiлi-қарсылы қызғыш түстi скоч жапсырып тастаған едiм.

– Мына әйнектен алдыңызды қалай көресiз?

– Лаждап жүрiп келемiз ғой.

– Сертификатыңыз бар ма?

– Ол не? – дедiм мен түкке түсiнбей.

– Мына конфеттерiңiздi сатуға рұхсат етiлген құжатты айтып тұрмын, – дедi ол.

– Ондай құжат жоқ, бауырым.

– Ендеше әкiмшiлiкке барып, айыппұл төлеп келiңiз, – деп құжаттарымды iшкi қалтасына салып алды. Екеулеп жағдайымызды айтып жалындық. Көнбедi. Ол жүк артқан тағы бiр жеңiл көлiктi тоқтатты. Еңгезердей бiреу кабинадан шықты. Қоқиған мұрны мен қою мұртына қарағанда кавказдық секiлдi. Ананың жан қалтасына 200 теңге сала салды да, кiдiрмей жүрiп кеттi. Бiздiң қалтамызда тек бензинге жететiн ақша бар. Оны берсек жолда қаларымыз хақ.

– Әй, бауырым, анау секiлдi саған беретiн бiздiң қазiр ақшамыз жоқ. Мына қаптардағы кәмпиттi сатсақ, қайтарда саған мен де сондай ақшаны берiп кетемiн. Әзiрге шәй iшетiн кәмпит ала қойшы, – дедiм өтiнiп.

– Ағасы, бағанадан берi өз жолыңызды өзiңiз ұстағанша, солай демейсiз бе? – Басындағы шәпкiсiн шешiп, апандай аузын жоғары қаратты. – Қане, мырза қолыңызбен салыңызшы бiр.

Шеткi қаптың аузындағы байлауын шешiп, кәмпиттi қос уыстап салып едiм шәпке тола қоймады. Тағы салдым. Жалпақ төбесi төмен түсiп, толар түрi жоқ. «Бұлардың шәпкiсi де тойымсыз болады екен-ау өзi». Бақандай бес уыстан соң шәпкiнiң бас сиятын арандай ашылған аузы жабылды. Көрер көзге ырысың тоналып жатса, iшiң қалай күймейдi. Маңдайыма шып-шып шыққан тердi жеңiммен сүрттiм. Анау құжаттарымды қайтарып бердi. Сойған түлкiдей ыржиып:

– Ағасы, ренжiмеңiз, сiз саудамен, бiз мына ала таяқпен нәпақа табамыз, – деп таяғының ұшын тағы көкке шошаң еткiздi. «Құлақ шекесiнен келтiре бiр соғар ма едiм, шiркiн». Iшiм қан жылап тұрса да жорта әртiс болып, сойылған түлкiдей өтiрiк ыржидым. Қойшы, несiн айта берейiн, кештетiп Алматыға жеткенше жол бойы тап осындай жағдай оншақты рет қайталанды. Әлгi қаптағы кәмпит бел ортасынан төмен түстi. Алматыдағы Көк базарға күн бата жеттiк. Қан базардың ауласынан сөмкелерiн арқалап, соңғы адамдар шығып жатыр екен. Тағы бiр уыс кәмпиттi қарауылға берiп, мәшиненi жылы орынға кiргiздiк. Қас қылғанда дүйсенбi тазалық күнi екен. Екеумiз тағы бiр түндi вокзалда өткiздiк. Сонымен бiр аптаның екi күнi өте шықты. Сейсенбiде Көк базарға ерте келiп, мәшиненi жылы тұрақтан шығардық. Бiр қаптың аузын ашсақ кәмпитiмiзден мүлдем түр кетiп қалған. Шошығаным соншалық, төбе шашым тiк тұрды. Ерiп езiлгенi соншалық, сыртындағы орау қағазының жазуын оқу мүмкiн емес. Сонда да ұзын сөрелердiң бiрiнен орын алып, газет жайып, төрт-бес жерге кәмпитiмiздi үйiп қойдық. Ақ қағазға бағасы 50 теңге екенiн жаздық. Ұлы сәскеде базар адамдарға толды. «Кәмпит алыңыздар! Кәмпит алыңыздар!» деп дамылсыз қақсап бiз тұрмыз. Алдымызға келгендер кәмпитiмiзге қарап беттерiн тыржитып өте шығады. Тауарымыз өтпей жатқан соң түс қайта бағасын он теңгеге дейiн түсiрдiк. Өз бағасына түсiрсек те сатып алған жан болған жоқ. Кешке дейiн үш килосын жұпынылау киiнген жандарға зорға өткiздiк. Сәрсенбi сәттi күн ғой, кәмпитiмiз өтiп кетер деген үмiтпен базарға ерте келдiк. Сатып алмақ түгiлi нөпiр адамдар арасынан көзiн салған жан болсайшы. Жаман кәмпитiмiздi жарнамалай, жарнамалай даусымыз да қарлықты. Әлден уақытта жанымызға бiр жiгiт келдi. Үстiндегi киiмi мұнтаздай таза. Түр басы мен танитын бiреуге ұқсайтын секiлдi.

– Iнiшек, қай жерден едiң?

– Жамбыл облысының Кеңес совхозынан.

Сонда ғана ойыма түсе кеттi.

– Сен Арынның баласы емесссiң бе?

– Иә, көке, сол кiсiнiң баласы Саматпын.

– Мұнда не iстеп жүрсiң, шырағым?

– Коммерсантпын, көке.

– Ендеше сен бiзге көмектес. Мына кәмпиттердi өткiзе алмай тұрғанымыз.

– Уайымдамаңыз, көке. Мен бұл кәмпитiңiздiң килосын ертең сiзден 60 теңгеден көтерiп аламын да, кешке тиесiлi ақшаңызды әкеп беремiн.

Қазақта менен сенгiш жан жоқ шығар сiрә. Өмiрiмде мұндай қуанып та көрмеген шығармын. Жанымдағы дүкеннен бiр көк мойын «Кутузовты» алып, коммерсант iнiммен «Танысқанымыз үшiн!», «Кездескенiмiз үшiн!», «Iсiмiздiң алға басқаны үшiн!» деп бiрiнен соң бiрiн тартып-тартып жiбердiк.

Ол ертеңiне сағат 9-да келдi. Астында су жаңа «шоха». Төрт қапты артқы жүк салатын қорабына жайғастырдық Ол кешке менi күтiңiздер деп жүрiп кеттi. Сабазың сол кеткеннен мол кеттi. Екеумiз қас қарайғанша күдерiмiздi үзбей күттiк. Қарасын да көре алмадық. Солай аптаның тағы бiр күнi өттi. Ертеңiне қасымызға орта бойлы тағы бiр жiгiт келдi.

– Ал ағасы, салығыңызды берiңiз, – дедi.

– Қандай салық? Базар кеңсесiнен жаңа ғана бiр қызметкерi келiп, 500 теңге алып кеттi ғой. Мiне, қағазы,– деп түбiртектi көрсеттiм.

– Бұл өкiметке төлеген салығың. Ал бiздiң Боссқа төлейтiнiң басқа. Қане, көп сөздi қой да, 500 теңгенi сал, – деп қатқыл үнмен қолын созды.

– Ау, шырағым, Боссың кiм тағы? Әр базардың рэкетi бар деушi едi…– деп күмiлжiп, сөз соңын жұтып қалдым.

– Босс солардың бастығы. Сол айтып отырған рэкеттiң бiрi менмiн. Ақшаң болмаса мына орынды босат та, бұл жерден табаныңды жалтырат. – Ол қатты кеттi.

– Жамбыл облысының Ақкөл ауылынан келiп едiк, шырағым. Сауда жасауды бiлмегендiктен бе, кәмпитiмiз өтпей жатыр. Тап қазiр саған беретiн ақшам жоқ. Сол салығыңның орнына мына кәмпиттен ал.

– Боссқа сенiң кәмпитiң қажет емес, доллар қажет.

Сол екi арада кабинасы ұзын, өзi есiк пен төрдей, мен бұрын-соңды көрмеген жеңiл мәшине келiп тоқтады. Кабинадан үстiне қап-қара, ұзын етектi пальто киген, мойнында салақтаған алтын тросы бар мол денелi жiгiт түстi. Қасымдағы рэкет:

– Әне бiздiң Босс,– деп солай қарай жүгiре жөнелдi. Базардың тұс-тұсынан сол тақылеттес жiгiттер де жүгiрiп барып, онымен елпiлдеп-желпiлдеп амандасып жатыр.

Қасымдағы заготовительдiң талағы тарс айрылды.

–Таубай, сен менi алдап жүрсiң, – дедi өзiнен-өзi жұлынып.

Түк түсiнсем бұйырмасын.

– Сен не айтып тұрсың? Мен сенi қашан алдап едiм?..

– Кеше анау жерлесiңе, Саматқа төрт қап кәмпиттi неге бердiң? Екеуiңнiң өзара келiскен бiр жымысқы iстерiң бар. Соны менен жасырып, арамдық iстедiңдер.

Қаным басыма шапты.

– Мен онымен сенiң көзiңше танысып, сенiң көзiңше сөйлестiм. Керiсiнше, осы жүйкемiздi жеген iстi бастаған сен емес пе едiң? Ал ендi қайдағы арамдықты айтып тұрсың?

– Жоқ, мен ендi саған сенбеймiн. Дұңғаныңмен өзiң есептес. Мен кеттiм. – Ол қолын бiр-ақ сiлтеп, жон арқасын көрсеттi. «Сенген серкем сен болсаң, күйсегенiңе болайын». Ашу мен ызадан iшiм күйiп-жанып бара жатқан соң дүкеннен жалғыз көздi «Кутузовты» алдым да, қырлы стаканға ащы суды толтырып, тартып жiбердiм. Арқыраған неме сарқырап барып, асқазанға түстi. Сәлден соң бойымды билеп, көңiлiм жайланғандай болды. Жан-жағыма қарасам, Босс рэкет жiгiттерiне кiжiнiп, әлденелердi айтып жатыр екен. Сол сәтте басыма тағы бiр ой сап ете қалды. «Мына Боссың осы базардың қожайынынан кем емес екен. Мен неге оған жағдайымды айтпаймын. Бәлкiм проблемамды шешiп берер». Батылдық үшiн «Кутузовтан» бiр стаканды тағы да тiленiп тұрған iшiме тастап жiбердiм. Боссқа барып сәлемдестiм де:

– Бауырым, өзiңе айтатын бiр шар­уам бар едi,– дедiм. Ол менi жақын-жуық ағайындарының бiрi-ау деп қалды ма:

– Аға, мына мәшинеме кiрiп отыра тұрыңыз. Мен жiгiттерiме тапсырма берiп алайын, – деп жанындағы мәшиненi иегiмен меңзедi. Кабинасының кеңдiгiн-ай! Аяғыңды созып, еркiн отырады екенсiң. Iшi пейiштей жып-жылы. Денем бусанып, бiр рахатқа бөленгендей болдым. Аздан соң ол да кабинаға кiрiп:

– Аға, мен кешелi берi жол үстiнде жүрiп, қатты шаршадым. Қазiр бiздiң үйге барайық. Мен аздап тынығып алайын. Шаруаңызды содан соң айтарсыз, – дедi де жүргiзушiсiне дауыстады.– Талғарға.

Қос қабаттан тұратын үйi бар екен. Ауласы биiк дуалмен қоршалған. Жаңа салынғаны көрiнiп тұр. Iшке ендiк. Ауызғы бөлмеге суланған бәтiңкемдi шештiм. Iшкi бөлмелерiнiң едендерiне түктi кiлемдер төсептi. Мен басқан сайын түгi суланып, жапырылып қарауыта теңбілденіп, қалып жатыр. Қысылғаным соншалық маңдай терiм бұрқ ете қалды. Ол менi кең бөлменiң бiрiндегi жұмсақ диванға жайғастырды да, өзi жатын бөлмесiне кiрiп кеттi. Сәлден кейiн әжетханаға барғым келдi. Сыртқа шығайын десем кiлемдi тағы бүлдiремiн бе деп қаймықтым. Қалайда шыдап бағуым керек. Екi сағаттай уақыт өткен соң ол тұрып, иығына сүлгi артып, жуынып-шайынуға басқа бөлмеге кiрiп кеттi. Әйелi ортадағы столға дастархан жайып, үстiн неше алуан тағамдарға толтырып тастады. Әсiресе жылқының жуан қазысының тәттi исi мұрнымды жарып барады. Босс келiп отырғанша сiлекейiмдi қайта-қайта жұтумен болдым. Iшiне ел қонғаннан соң барып, Босс маған қарап:

– Ал, аға, шаруаңызды айтыңыз. Құлағым сiзде,– дедi жарқын үнмен.

Мен әңгiменi ауылдың мүшкiл жағдайынан бастадым. Содан кейiн Алматыға келгелi бергi басымнан кешкен хикаяны баяндадым. Сөзiмнiң соңында екi күннен кейiн дұңғанның ақшасын қайырмасам астымдағы көлiгiмдi алып қоятынын да жеткiздiм. – Бауырым, қатын-балаға қарайтын менде бет қалмады. Өзiңе амалымның жоғынан келiп, мұңымды шағып отырмын. Мына жаман ағаңа қандай көмегiң бар? – дедiм. Ол мұқият тыңдады. Әлгi бiздi алдап кеткен Саматтың мәшинесiнiң нөмiрiн сұрады. Елдiң жiгiтi болған соң сенiп, көлiгiнiң нөмiрiне зер салмағанымды айттым. Ол тесiле қарап:

– Аға, жасыңыз үлкен болса да айтайын. Есектiң миын жеген екенсiз,– дедi де сорпаны сапырып құйып отырған әйелiне басын бұрды. – Ақшаны алып кел.

Әйелi бiр ауыз сөзге келмей бөлмеден шығып кеттi. Көп күттiрген жоқ. Қайта кiрiп, қолындағы бүйiрi тоқ сөмкесiн оның жанына қойды. Босс:

– Дұңғанға қанша берешек едiңiз?

– Отыз бiр мың теңге.

Ол сөмкеден мол ақшаны шығарып, отыз бiр мың теңгенi санап, қолыма ұстатты. Үстiне мынау бензинiңiзге деп тағы екi мың теңгенi қосып бердi де менi алдап кеткен жiгiттiң фотосуретiн әкеп берудi тапсырды.

Қатты қуанғаным соншалық, орнымнан қарғып тұрып құшақтап, бетiнен үш рет шөпiлдетiп сүйiп, алғысымды қайта-қайта жаудырдым. Ол:

– Бүгiн осында түнеп шығыңыз. Ваннаға түсiп, қырынып-шайынып алыңыз. Мәшинеңiз де ескiлеу екен. Жол алыс. Таңертең шыққаныңыз жөн болар.

– Бауырым, анау қалған бес қап кәмпиттi қайтемiн? – дедiм сасып.

– Оны ауылыңызға алып қайтыңыз.

Сасып қалсам керек.

– Тегiн әкете берейiн бе?..

– Қазiр қалада ондай кәмпитiңiз өтпейдi, – деп қалтасынан мен бұрын көрмеген алақандай құралды алып, жылтыраған экранына әлденелердi жазды. – Алдағы 1 мамыр мерекесi күнi iнiмнiң үйлену тойын жасаймын. Мүмкiндiгiңiз болса келiңiз.

Ертеңiне базарға барсам рэкеттер мәшинемдi тiлмен жалағандай етiп сүртiп, тазалап қойыпты.

– Көке, аккумляторыңыз отырып қалыпты. Босс пейджбен жолға дайындап қойыңдар деп бұйрық берген соң бәрiмiз итерiп жүрiп зорға оталдырдық – дедi. Кеше ғана доқ көрсеткен рэкеттiң бүгiн алдымда құрдай жорғалап тұрғанына қайранмын.

Кештетiп Таразға жеттiм. Дұңғанға тиесiлi ақшасын бердiм. Ақкөлге келген соң әйелiме:

– Мына бес қап кәмпиттi ақшасы барларға сат, ақшасы жоқтарға қарызға бер, –дедiм.

Құрбан айттың алды болатын. Жұрт кәмпиттi таразы үстiнен алып кетiп жатты. Отбасы бюджетiмiзге қаржы түсiп, еңсемiз көтерiлiп қалды. Ауылда кiмсiң – «Таубай коммерсант!» атандым. Бедел де өстi. Солай iшкенiм алдымда, iшпегенiм артымда, дүниенi алшаң басып жүрiп жатқанмын. Бiр күнi үйге Шырақбай ағам келдi. Банкiден кредит ала алмай жүр екен. Менен ақшаны қайдан тапқанымды сұрады. Болған жайды естiп алды да, миығынан мырс ете қалды.

– Не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық? Боссың теңгенi босқа бермейдi. Олар әуелгiде адамдарды осылай арбап түсiредi. Ендi бiрер айдан соң ол рэкеттерiн саған жiберiп, берген ақшасын пәленбай процентпен қайтаруыңды талап етедi. Ал сол кезде қайтарып көр. Байқа, Таубай, Босстан теңге алдым деп, қатын, бала-шағаңнан айрылып қалып жүрме. Мен айтпасам да рэкеттердiң небiр сұмдықтарын өзiң де естiп жатырсың ғой.

Сол күннен бастап басыма қара аспан орнады. «Шынында Босс маған сонша теңгенi неге бере салды? Әй, жазған басым-ай, сол кезде бетiн шөпiлдете сүйе бергенше: «Шырағым, мына ақшаны маған қарызға бердiң бе?»,– деп сұрамағанымды қарашы» деген ой миымды жегi құрттай жесiн бiр. Күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан қалдым. Қара шайдың өзi батпайтын болды. Не iшсем де құсамын. Жаным күйзелiп жүргенде Босстың 1 мамырда iнiсiнiң үйлену тойына шақырғаны есiме түсе кеттi. «Осылай салым суға кетiп жүре бергенше сол тойға барып, Босстың тамырын басып көрсем қайтедi. Нар тәуекел!». Саусағымды бүгiп санап жiберсем әлi он тоғыз күн бар екен. Әлимаш әпкеме бардым да, семiртiп отырған бiр қойын сұрадым. Алғашқыда бергiсi келмедi. Жағдайымның мүшкiл екенiн айтқан соң барып, иi босады. «Таубайжан-ау, қойым басыңның садағасы», – деп жанашырлығын танытты.

Ертеңiне Қаратауға тарттым. Саматтың әкесi Арын ақсақал сонда тұрады. Шал үйiнде екен. Баласының алдап соққанын жеткiзiп, суретiн сұрадым. Ақсақалдың ұнжырғасы түсiп кеттi.

– Таубай, оны iздеп келген сегiзiншi адам сен болдың. Осынша жасқа келгенше ешкiмнiң ала жiбiн аттамап едiм. Ол менi қара жерге қаратты. Ендi мен үшiн ол бiр шiрiген жұмыртқа, – деп шкафты ашты да iшiнен үш альбомды алып, алдыма тастай салды. – Суретiмен қоса құрысын! Iшiнен үш суретiн алдым.

Таң құланиектене мәшинемен Талғарға қарай бет түзедiм. Әлдеқандай жағдай болады деп жаныма әйелiмдi қосып алғанмын. Қалтамда сол баяғы жалған 100 доллар. Артқы багажда семiз қой. Соңымнан көк түтiндi шұбылтып, ағызып-ақ келемiн. Түс ауа Талғарға жеттiм. Босстың үйiнiң маңы толған су жаңа инамаркi мәшинелер. Жұрт қонақасын iшiп-жеп, беташарға ендi ғана шығып жатыр екен. Жиналғандар жаңа түскен келiнге емес, менiң ел-жұртты көшiрердей дарылдаған мәшинеме қарап қалған. Мәшиненiң артқы жүк салғышынан құйрығы тегенедей қара қойды түсiрдiм. Топ арасынан Босс: «Ау, мына кiсi менiң Таубай ағам ғой!» деп дауыстай келiп, құшақтай амандасты. Семiз қойыма ырза болды ма, қолтығымнан ұстап үйге кiргiзiп, екi стаканға арақ құйды. Одан мұндай құрметтi күткен жоқ едiм. Көңiлiм шалқып, тасып шыға келдi. Аулада нөпiр халық. Беташар жүрiп жатыр. Сол кезде 1000 теңгенiң айналымға ендi түсiп жатқан кезi. Аттары аталған ығай мен сығайлар жайылған жiбек орамал үстiне шытырлаған су жаңа 1000 теңгелерiн тастауда. Бiр кезде домбырасымен беташар айтып жатқан жiгiт: «Жамбыл облысынан келген Таубай ағамызға бiр сәлем» деген кезде жас келiн иiле бердi. Мен «Қайдан шықсаң, одан шық» деп қалтамдағы жалған 100 долларды орамалға лақтырдым. Жиналған көпшiлiк гу ете қалып, көздерi алақандай болды. Әйелiм жаныма жанұшыра жүгiрiп келдi. Қолында тамақ жейтiн шанышқы. Қорғанатын бар қаруы сол. Мойнын созып құлағыма: «Тау­бай, қазiр үйiне кiрiп, мына ақшаларды санаған кезде ананың жалған доллар екенiн бiлiп, сенi өлтiредi. Сау кезiңде бұл жерден тез кетiп қалайық», – дедi үрейлi жанарларымен жан-жағына алақтай қарап. Арақтың желiмен не iстеп қойғанымды сонда ғана бiлдiм. «Қап, артыма қарамай бекер iстедiм-ау!». Қорқыныш менiң де бойымды бiрден билеп алды. Қалың топтан сытылып шығып, қарамды батыру жағын ойлап тұрғаным сол едi Босс жаныма жетiп келiп:

– Аға, рахмет! Мыналардың iшiнде менi сынап-мiнеп келгендер де бар едi. Беделiмдi бiр көтерiп тастадыңыз,– дедi риза көңiлмен. Оның бұл сөзi менiң көңiлiмдi қайта жайландырды. Кешкi аста шын қуанып жүрген жандай кейiп танытып, ащы судан жақсылап iшiп алдым.

Ертеңгiсiн Босстың анасы менi оңаша шығарып:

– Қарағым, кеше ақымақтық жасадың – деп ренішін білдірді.

Сезiктi бұрын секiредi емес пе, жалған долларды бiлiп қойған екен ғой деп жұлып алғандай:

– Қандай ақымақтық iстеппiн, апа?– дедiм.

– Кеше балама бақандай семiз қойыңа 100 долларды қосып бергенiңде ғой… Оны қайдағы бiр бет ашқан әртiске берiп жiбердiң, – дедi өкiнiштi үнмен. Сонда ғана «уһ» деп бар демiмдi бiр-ақ шығардым.

– Апа, бiздiң жақта беташарда аты аталған кейбiр жандар, керек десеңiз жылқысын да сала салады,– дедiм.

– Апырай-а! – Таңырқап басын шайқады.

Таңертеңгi шайдан кейiн қайтуға жиналдық. Машина моторына от берiп, қыздырып жатырмын. Жаныма Босс келдi.

– Аға, азып кетiпсiз, денсаулығыңыз болмай жүр ме,– дедi жанашыр үнмен.

– Бауырым, осы анадағы берген ақшаны маған процентпен қарызға бердiң бе? Соны ойлап iшкенiм iрiң, жегенiм желiм болды. Содан соң азбай қайтейiн.

Ол жымиып күлдi.

– Сiз шын көңiлiңiзбен сұрадыңыз. Мен көмектестiм. Маған ешқандай қарыз емессiз,– дедi. – Суреттi әкелдiңiз бе?

Алаң көңiлмен жүрiп оны берудi ұмытып та кетiппiн. Қалтамнан шығарып, қолына ұстаттым. Ол суретке қадала қарап тұрып:

– Аға, мұны бiздiң тiлде «кидало» деп атайды. Бұл әлi iшкен-жегенiнiң бәрiн құсады. Маған малай болады,– дедi.

– Ендеше мен бүгiн қайтпаймын. Сол берген ақшаңның өтеуiне және мына жаңа үйiңнiң көрiмдiгi ретiнде қабырғасына ариэграфиялық суреттер салып берейiн.

– Ондай ықыласыңыз болса, қарсы емеспiн.

Арнайы дүкеннен қажеттi бояулар мен құралдар алдырдым. Үш күнде үй қабырғалары түрленiп шыға келдi. Қоштасарда қария әйелiме үлкен сөмкенi ұстатты. Босс бала-шағаңызға менiң атымнан сыйлық алып барыңыз деп 20 мың теңгенi қалтама салды. Кабинаға отырсам маңдай алды әйнегiм жаңарып қалыпты. Арғы жағы анық көрiнедi. Босстың ауыстыртқанын iшiм сездi.

Ақкөл қайдасың деп тартып келемiн. Көңiл шiркiн көтерiңкi. Көкпен ұшып келе жатқандаймын. Қаладан ұзап шыққан соң артқы орындықта отырып әлгi сөмкедегi заттарды ақтарып, қарап жатқан әйелiме:

– Қатын, қалай қарайсың, осы мен де рэкет болсам қайтедi? – дедiм оған сынай қарап. – Сен бухгалтерiм боласың. Үстiңде су жаңа дубленкаң, басыңда даңғыраған жаңа үйiң болады. Мен иномаркiмен жүремiн.

Ол шоқ басқандай шошып, жалт қарады.

– Қой әрi, қайдағыны айтпай, жайыңа отыр,– деп баж етті.

Мен қарқ-қарқ күлдiм.

Бiр айдан соң Самат келдi.

– Аға, кесемiн десең мiне бас, болмаса кешiрiңiз мендей пақырды. Сiзге тәубеме түсiп, келiп тұрмын,– деп басын идi. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген ғой. Ұлағатты ата сөзiнен аса алмадым.

Арада екi жыл өткен соң Алматыдан баяғы өзiме доқ көрсеткен рэкет жiгiтке кездестiм. Базарда арба сүйретiп жүр екен. Содан Босстың әлденендей себептермен өмiрден озғанын естiп, өзiмнiң қарапайым тiршiлiгiме мың да бiр шүкiрлiк еттiм.

Көлбай Адырбекұлы