АСТАНА: ОҢ ЖАҒАЛАУДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРIСТЕР
АСТАНА: ОҢ ЖАҒАЛАУДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРIСТЕР
Елорданың күннен күнге қанат жайып, кеңейiп келе жатқаны жасырын емес. Жаңа қаланың әсем келбетiне әр беретiн жаңа ғимараттар, жаңа сауық кешендерi, ойын-сауық орталықтары, тұрғын үй құрылыстары күн санап көбейiп келедi. Астана қаласының әкiмi Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтың осы орайда «Өзiнiң он төртiншi белесiн бағындырып отырған Елордамыз жылдан жылға ажары асып асқақтап, қанатын кеңге жайып көркейiп келедi. Биыл Астана қаласы «ТМД елдерi мен түркi әлемiнiң мәдени астанасы» болып жарияланды. Мұның өзi елiмiзге деген бауырлас елдердiң биiк сенiмiнiң жемiсi, Елбасыға көрсеткен зор құрметi мен iзгi iлтипатының көрiнiсi», – деуi тегiн емес.
Биылғы жылы да Астана қаласы өзiнiң 2012 жылға арналған жол-жөндеу жұмыстарына қызу кiрiсiп кеткен. Биыл Астанада жол құрылысы айрықша белсендi жүргiзiлуде. Оның iшiнде қаланың тарихи бөлiгiнде автокөлiк инфрақұрылымын жетiлдiруге айрықша көңiл бөлiнбекшi. Осы орайда өткен аптада арнайы жиын өткен болатын. Жиында сөз алған Астана қаласы жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Рашид Аманжолов:
– Қаланың тарихи бөлiгiндегi маңызды күретамырға айналған төрт көлiк жолында қайта жаңарту жұмыстары басталады, ол – Бейбiтшiлiк көшесi, Ә.Молдағұлова көшесi, Мирзоян көшесi және салынып жатқан опера және балет театрына Қонаев көшесi арқылы өтетiн көпiрлi жаяу жүргiншiлер жолын салу, – дедi.
Басқарма басшысының мәлiметiне сүйенсек, бiрiншi жартыжылдықта Орынбор көшесi, Жұмабаев көшесi, Пушкин көшесi, ЖЭО-ға жол, Батыс жарты айналымы бойынша (Сығанақ, Сарайшық) жөндеу жұмыстарын аяқтап, қозғалыс ашылатын көрiнедi. «Ендi жұма күнi кешкiсiн Бейбiтшiлiк, Ә.Молдағұлова, Қонаев және Мирзоян көшелерi бойынша қозғалыстарды жабамыз. Бұл жобаларды жүзеге асырудағы мақсатымыз – қаланың тарихи бөлiгiндегi инженерлiк желiлердi жөнге келтiрiп, жайластыру. Бейбiтшiлiк көшесi 1962 жылы салынған. Содан берi бiрде бiр рет күрделi жөндеу жүргiзiлмеген», – дейдi басқарма басшысы. Жол жөндеу жұмыстары 14 шiлдеден басталып, 31 тамызға дейiн жалғасын таппақ.
Аталмыш жиында Астана қаласы IIД ЖПБ бастығының орынбасары Б.Малыбаев осы көшелермен жүру сызбасын таныстырған едi. Б.Малыбаев мырзаның айтуынша: «Үстiмiздегi жылдың 14 шiлдесiнен бастап Бейбiтшiлiк көшесiнiң Бөгенбай батыр даңғылынан бастап Есенберлин көшесiне дейiнгi бөлiгi, Жеңiс даңғылынан бастап Республика даңғылына дейiн Ә. Молдағұлова көшесi бойынша өтетiн қозғалыс жабылатын болады», – дейдi. Сондай-ақ, Қонаев көшесiне айналып өту үшiн Сарайшық көшесi, Қабанбай батыр көшесi, Тұран даңғылы және Достық көшелерi арқылы жүргiзiлетiнiн де тiлге тиек еттi.
Жол құрылысы жұмыстарын өткiзу мен жол қозғалысын бiр уақытта жабу қажеттiлiгi инженерлiк желiлердi жабдықтау бойынша үлкен жұмыс көлемiмен байланысты болары белгiлi. Сондай-ақ жоба шеңберiнде жылу желiлерi, сумен қамтамасыз ету және кәрiздердi ауыстырудан басқа, жолды кеңейту, қосымша автокөлiк орындарын салу, абаттандыру, соның iшiнде жарықтандыру, көгалдандыру, жаяу жүргiншiге арналған жолдар мен жаңа бағдаршамдар, жол белгiлерiн және жол қозғалысын реттейтiн басқа да техникалық құрылғыларды орнату мәселелерi де қарастырылып отыр.
Екi көшенi осылайша қайта жаңартуды жүзеге асыру экономикалық және әлеуметтiк мәселелердi кешендi шешуге, жалпы алғанда қала тұрғындарының өмiр сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Аталмыш ауданда қоныстанған мекемелер мен тұрғындарға жолдардың жабылуы туралы арнайы хабарландырылатын болады.
Қонаев көшесiн қайта жаңарту жобасы бойынша салынып жатқан опера және балет театрына жаяу жүргiншiлерге арналған көпiр құрылысы мен iргелес аймақты абаттандыру қарастырылып отыр. Мұның бәрi келешекте қала тұрғындары үшiн көлiк кептелiсiнiң азаюына өз мүмкiндiгiн беретiн болады.
«Ұлы дала сазы» халықаралық фестивалi
Биылғы жылы «Астана – түркi әлемiнiң мәдени астанасы» аталғаны белгiлi. Осы шара аясында жуырда Елордада «Ұлы дала сазы» дәстүрлi орындаушылардың халықаралық фестивалi өтедi.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлiгi хабарлағандай, аталмыш фестивальдiң мақсаттары мен мiндеттерi – әлемдiк өркениетке айтарлықтай үлес қосқан қазақ халқының дәстүрлi музыкасын, соның iшiнде әнi мен жырын, күйi мен сазын, эпосын жан-жақты насихаттау; қазақ халқының дауыстық және аспаптық шығармашылығының өркендеуiне жағдай жасау арқылы дәстүрлi музыканың барлық, әсiресе сирек ұшырасатын аспаптарда орындалатын жанрларды жаңғырту, даму қарқынын жеделдету; қазақ халқына тән шектi аспаптар, ысқы аспаптар, үрмелi аспаптар және ән, жыр, терме, нақыл, насихат өлең, дастан, эпос орындаушылардың халықаралық деңгейде өнер көрсетуiне, сондай-ақ өзара тәжiрибе алмасуына мүмкiндiк туғызу; дәстүрлi музыкаға, музыкалық фольклорға жүйелi түрде қамқорлық жасау iсiнiң жандана түсуiне мемлекет тарапынан қолдау көрсету болып отыр.
«Ұлы дала сазы» фестивалi күй және ән өнерi бағыттары бойынша жүзеге асырылады. Фестиваль 2012 жылдың үшiншi тоқсанында Астана қаласында өтедi.
Астанада – Ұлттық ғарыш орталығы
Бұл жайында шiлде айының басында елордада Ұлттық ғарыш агенттiгiнiң басшысы Талғат Мұсабаев аталмыш нысанның құрылысымен танысу кезiнде мәлiмдеген болатын. Сондай-ақ, сол күнi агенттiк төрағасы жаңадан салынып жатқан орталықтың естелiк бөлiгiнiң ашылу рәсiмiн де тамашалаған болатын. «Бұл ғарыш саласында қызмет етiп жүрген баршамыз үшiн үлкен ынталандырушы күш болмақ. Жұмысымызды одан да күштi құлшыныспен атқаруға серпiн бередi. Бұл кешен адамдарға көрсете алатын ғарыш саласындағы алғашқы мега-жоба. 2013 жылдың соңында бiз орталық құрылысын аяқтауымыз қажет», – деген едi Талғат Мұсабаев ашылу рәсiмiнде.
Бұл жерде ашылатын зауыттың негiзгi жобасы Қазақстан мен Францияға тиесiлi. Ғарыштық материалдар шығаратын орталықтың алғашқы кiрпiшiн 2010 жылы ҚР Премьер-Министрi Кәрiм Мәсiмов пен Францияның сыртқы сауда бойынша Мемлекеттiк хатшысы Анна-Мари Идрак салтанатты түрде қалаған болатын.
Бұл Авиағарыштық өнеркәсiп бойынша ең iрi еуропалық корпорация AEDS тобының филиалы болып табылатын «Astrium» кәсiпорнының өндiрiстiк орны болмақ. Ендi аталмыш зауытта еуропалық ғарыштық құрылғылар шығарылатын болады. Ұлттық ғарыш орталығының базасында ең бiрiншi – ғарыштық аппараттарды құрастырып, оларға сынама жүргiзетiн кешен салу жоспарлануда. Кешен Қазақстандағы посткеңестiк кеңiстiкте баламасы жоқ алғашқы нысан болмақ.
Құрылысшылар мұнда әкiмшiлiк және зауыт ғимараттарынан бөлек өзiнiң мейрамханасы, қызметкерлерге арналған тұрғын үй, 50 адамға шақталған қонқүйi, ғарыш техникасының ашық көрмесi бар мұражайы, сауда орталығы, спорт-сауықтыру кешенi, балабақшасы болатынын айтады.
Елордада әлеуметтiк нысандар бой көтеруде
Елорданың әлеуметтiк сала әлеуетi де жылдан жылға артып келедi. Айта кетсек, соңғы үш жылдың iшiнде Астанада 8 жаңа мектеп пайдалануға берiлген екен. Бүгiннiң өзiнде елордада 5 бiрдей жаңа мектептiң құрылысы жүрiп жатыр. Кейбiр деректерге сүйенсек, мектеп ғимараттары Күйгенжар кентiнде, Манас және Б.Момышұлы көшелерiнiң қиылысқан жерiнде, «Батығай» тұрғын үй кешенiнiң тұсында және №6 мектеп-гимназия мен №19 мектепке жапсарлас орын тебетiн болады. Биыл бұдан өзге сол жағалаудағы 4-шағын ауданда және «Железнодорожный» кентiнде 2 жаңа мектептiң құрылысы басталған екен. Әрбiр мектепте орта есеппен 6700 оқушы бiлiм алмақ. Соңғы кездерi елордада ашылып жатқан жаңа нысандардың қатарында емдеу орталықтары да бар. Айта кетерлiгi, соңғы жылдары қалада түрлi дәрежедегi 10 емдеу орталығының ғимараты пайдалануға берiлдi. Олардың бiрi – 500 орындықты №1 қалалық аурухана. Биылғы жылы тағы да 3 жаңа медицина мекемесi iске қосылмақ. Олардың арасында, Оңтүстiк- шығыс шағын ауданында амбулаториялық емхана кешенi, 250 орындық Балалар жұқпалы аурулар ауруханасы, ауысымда 250 адамды қабылдайтын кеңестiк- диагностикалық емханасы бар 350 орындық көп салалы қалалық балалар ауруханасы. Алдағы үш жылдың iшiнде елордада 12 емхана салынуға тиiс. Қазiрдiң өзiнде екi емхана құрылысы салынып жатса, тағы бiр емхананың құрылысы басталуда. Сондай-ақ, «Балапан» бағдарламасының шеңберiнде өткен жылы түрлi типтегi 33 мектепке дейiнгi мекеме ашылды. Екi жылда 83 балабақша пайдалануға берiлiптi. Өткен жылы 156 орындық тiрек- қозғалыс жүйелерi зақымданған балаларға арналған мамандандырылған тұңғыш балабақша пайдалануға берiлдi.
Құрылысы қайнаған Астана
Елорда көркейiп, кеңейген сайын, қалада демографиялық өсiм бар. Жыл сайын елордаға қоныстанушылардың да саны артып келедi. Қала санының өсуiне байланысты тұрғын үй салу мәселесi де жыл санап артып келедi. Соңғы үш жылдың iшiнде Астанада 4 млн. шаршы метр баспана салынған екен. Өткен жылдың iшiнде 1 400 000 шаршы метр баспана пайдалануға берiлдi. Алдағы жылдары тағы 5 млн. шаршы метр үй салынады деп күтiлуде. 243 нысанның құрылысы бүгiнде толығымен аяқталып отыр. Үкiмет әзiрлеген «Қолжетiмдi баспана – 2020» бағдарламасы барысында «Хан шатыр» кешенi мен Қабанбай батыр даңғылынан батысқа қарай, Халықаралық әуежайдан Сығанақ көшесiне дейiн «Мыңжылдық аллеясы» аумағын қарқынды түрде игеру жұмыстары басталып кеттi. Деректерге сүйенсек, бұл аумақта 8,5 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысын салу жоспарлануда. Соңғы бiр жылдың iшiнде елордада пайдалануға берiлген мәдени нысандар да баршылық. Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына орайластырып, «Жас ұлан» мектебiнiң жаңа ғимараты, Оқушылар сарайы пайдалануға берiлген болатын. Қазақтың рухын көтеретiн «Мәңгiлiк ел» салтанат қақпасы ашылғанынан қазақ жұрты хабардар. Ашаршылық құрбандарына арналған монумент, Құрманғазы ескерткiшi бой көтердi. Қасиеттi рамазан айының қарсаңында он мың адамға лайықталған «Әзiрет Сұлтан» мешiтi ашылды. Жыл соңына дейiн Опера және балет театрының құрылысы аяқталады деп күтiлуде.
Гүлзина Бектасова