СЫН СӘТТЕГI СЫНДАРЛЫ СӨЗ
СЫН СӘТТЕГI СЫНДАРЛЫ СӨЗ
Алматыдағы А.Байтұрсынұлы мұражай-үйi кезiнде Тұрсынбек ағаның араласуымен аман қалған едi Кәкiшұлы Тұрсынбек ағай туралы айтқалы отырған ой-толғақтың желiсi бөлек. Өйткенi жүрекжарды ой-танымды ресми баянатқа бағындыру мүмкiн емес… Дегенмен ғылыми ортада, тiптi әлеуметтiк қоғами ортада да «мұны айтуға болады немесе болмайды» деген шектеу қалыптасқалы қашан?! Сондықтан қарапайым тiлмен айтқанда, адами тұрғыдан риясыз сезiмдi ешқандай «белгiленген шеңберге» салмай, қаз-қалпында баяндамақпын және сол болған жәйттан түйгенiмдi таратпақпын.
Тұрсынбек ағай әдебиетшi-ғалым ретiнде түркi жұртына танымал тұлға болғандықтан, ол кiсiнi дүйiм жұрт бiледi және тiлекшi болып жүредi. Сол тiлекшiлердiң бiрi – мен. Ағайдың дәрiсiн тыңдаған шәкiртi болмасам да жазғандарын мүмкiндiгiмше оқып жүремiн… Әсiресе, тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi жылдарда бұрынғы жазғандарын қайта сана сүзгiсiнен өткiзiп, Кеңес қоғамы қыспағының ырқымен айтылған һәм айта алмағандарын жаңаша пайыммен саралаған шығармалары кiм-кiмдi де ойландырары хақ. Атап айтсақ: «Қағидаға айналған қателер» (Нәубет, 1990), «Санадағы жаралар» (1992), «Ескiрмейдi естелiк» (1994), «Кер заманның кереғар ойлары» (1995), «Мағжан–Сәкен» (1999), «Сайыс» (2000), «Сәбең өткелдерi» (2000), «Сәкен сүйген сұлулар» (2002) атты зерттеулерi тәуелсiздiк кезеңдегi әдебиеттану ғылымына қосқан ерен еңбек екенi даусыз. Осы туындыларға жеке-жеке тоқталып, сұхбаттасуды жоспарлап жүргенмiн. Бiрақ бiр шұғыл жағдайға байланысты, 2006 жылдың сәуiрiнде ағаймен телефон арқылы сөйлесуге тура келдi. Шындығында, бұрын-соңды сөйлеспеген жанға «Ушыққан мәселенi шешуге себепшi болыңыз» деп қолқа салудың ретi қалай болар екен деген ой мазаласа да, қалтателефонның нөмiрiн қобалжи теруге тура келген-дi…«Бұл кiм екен?» дегiзбестен, болған жайды апыл-тапыл айтқан сөзiмдi соңына дейiн тыңдаған ағай қарлығыңқы үнмен: «Мұны дер кезiнде айттың, бүгiн осында әкiм Иманғали Тасмағамбетов келедi, мiндеттi түрде айтамын» дедi. Өз құлағыма өзiм сенбей, «ендi не болар екен?» деп көңiлiм күптi болып жүрдi. Менiң бұлай қобалжуыма себеп жоқ та емес едi, өйткенi қаладағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйiнiң тағдыры тұйыққа тiрелiп, тартып алу қаупi төнiп, қала әкiмшiлiгi жан алқымға алған келеңсiздеу тұс болатын…
Бұл жөнiнде барлық қазақтiлдi БАҚ пен телеарналарға хабарласып, араша болуын өтiнген едiк. Олардың iшiнен тек «Ана тiлi», «Түркiстан» апталықтары мен «31-шi телеарна» ғана жанашырлық танытып, болған жайды бiрi – оқырман қауымға, бiрi – көрермен жұртқа дер уақытысында жеткiздi. Өкiнiшке қарай, бүгiнгi қарбалас қоғамда газет оқымайтындар мен теледидар қарамайтындар жеткiлiктi. Ал оқыған, көрген күнде де ештемеге селт етпейтiндер жеткiлiктi ғой. Оларға несiн өкпелейiк, тiптi кешегi 1988 жылы ұлы ғалымның аяулы есiмi ақталғанда тұлға туралы жабыла жазған, қазақ көсемiн «ұлттық рухтың ұлы тiнi» деп ұлықтаған ғалымдарымыз басын изей отырып, үнсiз тыңдап, үнсiз шығарып салғаны және бар… Дәл осы шақта шарасыз күйге түсiп, Ахаң мұражайына кiмнiң араша болып, азаматтық көрсетерiне көзiм жетпей, ақылым айран болған шақ едi. Жазғы демалыста «Алатау» сауықтыру кешенiнде бiр топ ғалымдар қала әкiмiнiң қамқорлығымен емделуде екен. Қазақ халқының көсемi, Алаштың ардагерi, ұлтымыздың ар-ожданы Ахмет Байтұрсынұлының Алматыдағы осы «тарихи жәдiгерге» айналған үйiнiң толқымалы тағдыры – сонда жұмыс жасап жатқандардың қайғысы ғана емес, өзiн қазақпын деп санайтын әрбiр адамның қайғысы деп түсiнемiн. Әсiресе, қазақ ұлттық ғылымының көшiнде жүрген оқымыстылар Алаш арысына қарыздар деп бiлемiн. Бiрақ «өзi болған қыз төркiнiн танымайды» демекшi, бүгiнгi кейбiр ғалымдардың Ахаң тұрған үйдiң тағдыры былай тұрсын, ол үйдiң қайда екендiгiн бiлмейтiнi ащы да болса шындық. Ал «келеңсiз жайттар жайлы айту сүйкiмiмдi кетiрiп, абыройыма нұқсан келтiредi» деп, әлiптiң артын бағатын қорғаншақ адамдар қаншама! Тұрсынбек Кәкiшұлы ондайлардың санатына жатпайтын, бiтiм-болмысы бөлек, ерекше жан екендiгiн басымызға iс түскенде бiлiп, тәнтi болдық.
Қуанышты хабар мен жаманаттың жатпайтыны баршамызға белгiлi емес пе, ««Алатау» сауықтыру кешенiне қала әкiмiнiң барғаны, Тұрсекеңнiң мұражай жайын төтеден қойып, «Ахаңдай тұлғаға бiр үйдi қимау не масқара?!» деп мәселе көтергенi туралы ақпар ұзынқұлақтан бiзге де келiп жеттi. Дұрыс пен бұрысты бетке айтатын тiк мiнездi, адал жан зор адамгершiлiгiн Ахаң үйiне араша болу арқылы көрсеттi. Осы оқиғадан соң көп ұзамай мұражайдың жөндеу жұмыстарының жай-жапсарын бiлуге келген әкiм И.Нұрғалиұлы: ««Мұражай Ахмет Байтұрсынұлынiкi, оған ешкiм тимейдi, ендi шуылдай бермеңiз» деп, салмақ сала сөйледi. Осымен жабулы қазан жабулы күйiнде қалып, алып-қашпа әңгiме тәмам болды. Қайта-қайта мазалап, «…артында 70 пайыз мүлiгi сақталмаған бұл үй мұражай болып қала алмайды» деп қақылдағандардың аузына құм құйылды. Осылайша Ахаң үйiнiң қорғаушысына айналған ағайды бiздiң ұжым мұражайдың рухани әкесiндей пiр тұттық.
Тағы бiрде «Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны» атты кандидаттық диссертацияға бейресми пiкiр беруiн өтiндiм. Қорғау жұмысы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми кеңесiнде қаралып жатқан. Сөз кезегi Тұрсекеңе тидi. Зерттеуге де, институт ұжымының жұмысына да сынды қарша боратты… Отырғандардың кейбiреулерi тынышсыздана бастады, тiптi тартына сөйлеуiн сұрап, жастарға зияныңыз тиiп кетпесiн деп қақпайлағандар да болды. Неге екенiн бiлмеймiн, өз басымда не ренжу, не қобалжу болған жоқ. Тек «сирек қорлардағы құпия құжаттардың кiлтi аспанда» екенiн айтып ақталғандай болдым. Ал бұл «көлеңкелi жайттан» хабары мол Тұрсынбек ағай жауапқа қанағаттанды ма, жоқ әлде тығыз шаруалары болды ма, бiлмеймiн, кетуге ыңғайланып, сыртқа бет алды. Мiнберде тұрғандықтан, ағайды шығарып салудың ретi келмедi. Бiрақ бұл жағдай арамызға сызат салған жоқ, керiсiнше жақындата түстi. Кейiнiрек, ағайдың сыны қамшы болып, екi тараудан тұратын ғылыми зерттеудi қайта пысықтап, «Ғасыр саңлағы» атты монографияға жинақтадым. Осы еңбектiң жауапты редакторы болуын өтiнiп, жұмыстың қолжазбасын апарып бердiм. Жасының ұлғайғанына қарамастан, елп ете қалатын әдетiмен, келiсе кеттi. Мiне, нағыз ғалым! Кез келгеннiң бойынан жылт еткен шоқ көрсе, үрлеуге дайын тұратын жанашыр! Бағымызға қарай зерттеу жұмыс мемлекеттiң «Әдебиеттiң әлеуметтiк маңызды түрлерiн басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрдi. Ал жанының тыныштығын бақпайтын Тұрсекең тағы бiрде жолыққанда, «осы текке жүрмей, жазғандарыңды анау «Фолиант» баспасынан шығатын «Тамаша адамдардың өмiрi» сериясына неге ұсынбайсыңдар» деп, қызықты ойдың басын қылт еткiздi. Мiне, өзi де үнемi iзденiсте жүретiн, өзгелердiң де iзденгенiн, жан-жақты болғанын қалайтын, бiлгенiн базбiреулер сықылды бүкпей, айналасына шуағын шашып жүретiн ағай маңайының да тiрлiгiне қозғау салып, Ахаңның масасынша ызыңдап жүргенi. Мүмкiн бұл бiреулерге ұнамас, ал саңылауы бар адам жаңа ғана қуаттанғандай тағы тың соқпақтарға түсiп, соны жаңалықтар iздейдi.
Бұл күнi сексен бестi еңсергелi отырған Тұрсынбек ағайдың денiне саулық, шығармашылығына шабыт тiлеймiз!Ұлт ұстазы Ахаңды ұлықтаған Тұрсекеңе зор ылтифатпен «әр дарынның өз орны бар» дейтiн қағидасын өзiне қаратып мынаны баса айтқымыз келедi: «Сiздiң қазақы қоғам һәм мұражай-үй үшiн орныңыз ерекше, Сiздi Ахаңның мұрасын бағалаушы ғана емес, қорғаушысы деп бiлемiз. Алмағайып заманда Алаш арыстары қазақ ұлттық ғылымының iргетасын қаласа, сол ғылым саналы ұрпағының сабақтастыруымен күнi бүгiнге жетiп, дамып, жетiлу үстiнде. Өзiңiз ғұламаның «Әдебиет танытқышы» туралы: «Мұндай еңбек бiзде бұған дейiн де, бұдан кейiн де қайталанған жоқ. Ол – әдебиет теориясы мен әдебиеттану ғылымының мiндет-парызын қатар атқарып, бiздiң алдыңғы ағаларымыздың эстетикалық сауатын ашуға мұрындық болған жүйелi оқулық. Ондағы анықтамалар мен терминдердiң өзi күнi бүгiнге шейiн бiздiң ғылыми арсеналымыздан орын алатын құнды қағидалар мен атаулар. Көркемдiк әлемiндегi сөз өнерiнiң сай-саласын ұғындыратын Әдебиет танытқыш – қазақ әдебиеттану ғылымының негiзiн қалаған өмiршең қондырғы-фундамент» деп таныдыңыз және ғылыми ортада оны сан қайтара дәлелдеп жүрсiз. Бұл пайымыңыздан кезiнде авторы аталмаса да, зерттеу еңбектiң қасақана «аластатылғанына» қарамастан әдебиет саласында жетекшi, бас құрал болғанының бұл күндерi куәсi болып отырмыз…
Ғылымның даңғыл жолындағы стилi де дара, өмiр сүру мәнерi жатық әрi қарапайым, жаны адалдыққа құмар, жүрегi шындық деп шырылдайтын Тұрсекеңнiң жүзi қашанда жарқын. Дегенмен ағай iшкi сырын ақтарғанда, бүгiнгi ұрпақтың былдыр тiлiне қапаланатынын жасырмайды, олардың арасында өз немерелерiнiң де жүргенiн айтып, қоғами ахуалдың қайда бара жатқанына түсiне алмай, бас шайқайды. «Қайтесiз қамығып, бұл жаһандану заманының талабы ғой» деген маған, жалт қарап: «Кешегi қазақ басына қауiп төнген тұста да Алаш арыстары ана тiлiн таптатпаған, қазақша сөйлеп, қазақ тiлiнде iс жүргiзген. Ал ұлт мектебiнiң атасы Ахаң бастауыш мектептегi баланы тек ана тiлiнде оқытудың керектiгiн айтты емес пе?! Ғұламаның ғұламалары, нағыз көрегендер олар» деп, өзiнiң Ахаңа, Жақаңа, Сәкенге, Мағжанға, Сәбеңе деген сүйiспеншiлiгiн мейiрлене айтты. Нағыз ғажап! Алаш арыстарын оқы, құрметте деп, кеңес кезiнде Тұрсынбекке тапсырма берген ешкiм жоқ. Жас коммунист Тұрсынбек әдебиет әлемiн өз түйсiгiмен таныды, шама-шарқынша сол қоғамға танытты… Арада жылдар өтiп, уақыт таразысының екшеуiне түсiп, тәуелсiздiк алған тұста кешегi айтқандарынан әлдекiмдер ұқсап жалт бермей, тағы жады өлшемiне салып, тура сөйледi. Бүгiн бiзге де Тұрсынбектердi оқы деп тапсырма түскен жоқ. Өз таңдауымыз. Соған қарағанда құдiреттiң тылсым күшi рухани тазалығы жақын жандарды бiр-бiрiмен жiпсiз байланыстыратын болса керек. «Алдындағыға қарап бой түзейдi» демекшi, ойы ұқсас адамдар да бiр-бiрiмен толығады ма деймiн. Тұрсекең әдебиет майданындағы қазаққа керек қазақы қоғамда адалдықты пiр тұтып, ақиық ағаларының ақ жолын ұстанды, өзгелерге де осыны уағыз етуде. Бiз де ағайға ұқсағымыз келедi. Осындай ұқсастықтар мен үндестiктер – қазақ ұлттық ғылымының рухани жалғастығы болып, тағылым мектебiне айналатыны сөзсiз. Оған тарих-таразы айғақ.
Райхан Имаханбет,А.Байтұрсынұлы мұражай
үйiнiң директоры