АБАЙ ЖӘНЕ ШӘКӘРIМ

АБАЙ ЖӘНЕ ШӘКӘРIМ

АБАЙ   ЖӘНЕ   ШӘКӘРIМ
ашық дереккөзі

Шәкәрiмнiң адалдық жағынан да, өнер өрiне жетелеу жағынан да бас тәрбиешiсi, ұстазы – Абай. Абай Шәкәрiмнiң жетi жасында шығарған «Өлтiрдiң, онан таптың қандай пайда?» деген өлеңiнен бастап, өзi қайтыс болғанға дейiнгi шығармашылық жолының бағдаршысы мен сыншысы болды. Бұл жайлы Шәкәрiм аталмыш өлеңнiң шығу тарихын айта келiп, былай деген: «Абай оқып көрдi, шешем Абайға сен Шәкәрiмге өлеңдi әзiр жазба деп ақыл айт» дегенде, Абай: «Шәкәрiмге өлең жазба демеңiз; оны тыймаңыз. Жазсын, өзiм қалай жазуды үйретемiн»,– дедi. Абай маған өлеңдi қалай жазу керек, қандай өлең жазу керектiгiн айтып, көп-көп кеңес, ақыл беретiн. Менi Абай тәрбиеледi. Абай болмағанда, мұндай болуым неғайбыл едi. Абайдың «Он тоғызыншы» ғақлиясында жазылғандай, адамның кемелденуi «естiнiң айтқанын ескерiп», өз мiнiн түзеп, үздiксiз iздену, талпынумен келетiнi анық. Шәкәрiм де «Менi Абай тәрбиеледi. Абай болмағанда, мұндай болуым неғайбыл едi» дегенде Абайдың адамдық, әдеби-шығармашылық ұстаздық қызметiне сiлтеме жасап отыр. Абай өрнегiнiң жарқын көрiнiсi Шәкәрiм шығармаларының өн бойынан, әсiресе Абай сынынан («Мен жазбаймын өлеңдi ермек үшiн») соңғы өлеңдерiнен айқын танылады. Шәкәрiмнiң дидактикалық, ағартушылық, сыншылдық, филосо­фиялық «Жастарға», «Өкiнiштi өмiр», «Талап пен ақыл», «Жан мен дене һәм көңiл», «Қазақ», т.б. өлеңдерiндегi сынды ой-пiкiрлер осының айғағы.

Ойда жоқ: «өнер бiлiп, жол табайын», Жалмауға жалықпайды өз маңайын. Мұның түбi не болар деген жан жоқ, Ұрлық, ұрыс, араздық күнде дайын. Мiнеки, естiсеңiз елдiң жайын, Көтiнен кейiн кеттi басқан сайын. Қайран елiм, қазағым, қалың жұртым, Көп айтып, а, дариға не қылайын! – деп күйзелуi де тегiннен-тегiн емес. Шәкәрiм Абай жолымен төл руханиятты, Шығыс, Батыс әдебиетiн жете меңгерген. Кемеңгердiң шығармашылық мұрасының көп қырлы, сан-салалы сипаты, көркемдiк, стильдiк айшықты тiл кестесi, тақырып ауқымының кеңдiгi, мазмұн-тереңдiгi – осыны көрсетедi. Әсiресе, ақын поэтикасының үздiк көркемдiк тiл өрнектерi, нәзiк лиризмi оның төл әдебиет дәстүрiндегi ғашықтық мас халдi жастықтың жалынды, ләззәттi сезiмiне бөлей отырып, шынайы өмiр сүгiретiн салған «Жастық туралы» (Шәкәрiм бұл өлеңiнiң шығу тарихы жайлы: «Бұл өлеңдi 21 жасымда шығардым, әнiн Ақылбай екеумiз мен Семейде скрипкаға тапсырыс берiп, соны елге алып келе жатқанда, Семей қасындағы Шағыл деген белесте скрипкаға қосып шығарып едiм» деген), «Арман» (алғашқы үш шумағы), «Шын сырым» сынды өлеңдерiнен басталатын лирикалық туындылары мен Шығыстық сюжетке негiзделген поэзиясынан айқын танылады. Әр нәрсе өз уақытында, өз кезегiмен болады. Шәкәрiмнiң осы үш өлеңiндегi лирикалы ғашықтық сезiм күйi – албырт жастың «ақыл-ессiз дуана» шағының шын сыры, көркем суретi. Сондықтан бұл шығармаларда әлеуметтiк астардың болмауы, тағлымдық, ағартушылық, басқа да ой-танымдардың кейiнде шығуы заңды ғой. Шәкәрiм шығармаларының бұдан соңғы өмiр талқысы, заман тезiнен тәжiрибе жинап, ысылған шағынан басталған туындыларындағы дидактикалық сарынның туу себебiн М.Әуезов пен Ж. Аймауытов: «Шәкәрiм, көбiнесе, өлеңi халыққа ұғымды болуын көздейдi. Және өлең арқылы халықтың ақылын да тәрбие қылып жетiлдiргiсi келедi. Осы күнгi ақындардың iшiндегi Абайға өлеңiнiң сыртымен болмаса да, iшкi мағынасымен де елiктеген кiсi – Шәкәрiм» – деп «Абай» журналының 1918 жылғы № 5 санында «Екеу» деп қол қойған «Абайдан соңғы ақындар» атты мақалаларында арнайы көрсетедi. Бұл орайда бiз Абайдың Шәкәрiм шығармашылығына қатысты ұстаздық тағлымын жалпылама түрде айтып отырмыз. Ал Шәкәрiм шығармашылығын ғылыми тұрғыда терең талдап, қос алыптың туындыларының әр сөзiнiң түп мәнiне дейiн ыждаһатты қарап, сол кезеңнiң тарихы мен әдеби даму бағдары, дәстүр мен жаңашылдық, Абайдың ұстаздық, Шәкәрiмнiң шәкiрттiк байланыстарын ғылыми негiзде дәйектеп жазу – әдеби мақаланың емес, әдебиеттану ғылымының үлесiндегi iс. Жалпы Шәкәрiм Абай тағлымын, Абай танымын, Абай жолын о бастан-ақ қапысыз танып, бiрден iзбасар шәкiрт болды деп ұғыну жаңсақтыққа соқтырады. Мәселен, Шәкәрiмнiң жастық шағында жазған өлеңдерiнiң басым бөлiгiнiң бiзге жетпеуi, Абай сынынан соң сөз өнерiн ұлт тәрбиесiнiң құралы ретiнде қолдануға бел байлаған Шәкәрiмнiң «Жастарға» өлеңiн жазып, Абай соқпағына бет түзегенi анық. Мiне, осы себептен де болар М.Әуезов пен Ж Аймауытов бiрiгiп жазған «Абайдан соңғы ақындар» атты мақалаларында: «Осы ақындардың iшiндегi Абайға өлеңiнiң iшкi мағынасымен де елiктеген кiсi – Шәкәрiм» – деген сөздердi жазған. Ә. Бөкейханұлының Абай шығармалары мазмұны мен түрi өзара үйлескен жаңа әдебиеттiң басы болғандығына, сондай-ақ орыс әдебиетiн қазақ тiлiне аударып, насихаттаушы болған әдеби еңбегiне орыс тiлiнде алғаш ғылыми баға берген пiкiрiнен басталған абайтану тарихы асу-асу белдерден өтiп, бүгiнде әдебиеттану ғылымының арналы бiр саласына ұласқаны баршаға аян. Сол дарияның бiр сағасы – шәкәрiмтану алдында да қадау-қадау келелi ғылыми мәселелер тұр. Сонымен, Абай Шәкәрiмдi өнер өрiне жетелеуде оған тек сөз өнерiнде ғана емес, өзге де өнер түрлерiн игеруде игi ықпалын тигiзген. Мәселен, Абай Шәкәрiмге күй үйрену үшiн Бiткенбай күйшiнi алдырған, Абай кеңесiмен Шәкәрiм Нұрпейiстен орыс тiлiн оқыса, елде жердiң жаңа межесiн сызуға келген орыс топографы Ивановқа Абай Шәкәрiмдi қосып жiберiп, Шәкәрiм онымен бiрге болған үш айда жердi өлшеу, оның дәл есебiн шығару сынды топография, геометрия ғылымдарынан хабардар болып, мәлiмет алған, Абайдың достары Долгополов пен Михаэлис­тен әлеуметтану ғылымын игерген. Қысқасы, Шәкәрiм: Ерiнбесең еңбекке дәулет дайын, Жаратқан жоқ жатсын деп бiр Құдайың. Ойласын деп ой бердi, көруге көз, Аяқ бердi, тапсын деп басқан сайын. Жатып iшкен жан – тыныш, салғырт – салақ, Оған арам – харекет, ой ойламақ. Iздемеген кiсiге қайдан келсiн Таза киiм, жылы орын, тәттi тамақ Әрi ермек, әрi пайда, әрi дұрыс, Демейдi қол өнердi ешкiм бұрыс. Көрiнгенге көз сатып жалынғанша, Күндiк өмiр қалса да соған тырыс, – деген сынды дидактикалық өлең шумақтарында халқына насихат етiп айтқан ой өнерi мен қол өнерiн, бұл дүние сырын бiлмекке құмарлықты ақынның өзi де өмiр бойы ұстанған. Шәкәрiм өмiрi отарлық езгiнiң күшейiп, халықтың жерi, тұрмыс қалпы, сана болмысы бодандық бұғауына шырмалған заманда өттi. Мұны ақын: Мына заман, қай заман– Қаскүнемге жай заман. Араздық пен өсекке Өлшеуi жоқ бай заман, – деп бейнелеген. Осы дәуiрдегi елдiң елдiгiн сақтап қалудың жалғыз тұтқасы ел жақсыларының, яки «ой батырларының» (М. Әуезов) халықты оң жолға бастар сөздерi мен iстерiне байлаулы болды. Осындай ел қамқоры, жұрт жоқшысы болған замандастары, олардың озық ой-пiкiрлерi, әсiресе Абайдың ағартушылық көзқарастары Шәкәрiмнiң тәлiмгерлiк қызметiн қалыптастыруда игi ықпалын тигiздi. Өз кезеңiндегi Шәкәрiмнiң тағлымдық, сыншылдық, ұлтжандылық көз­қа­растары замандастарының сана сарабын байытқаны да анық. Шәкәрiмнiң: Жiгiттер, қор да емеспiн, кедей де емен, Кемдiк көрген жерiм жоқ ештемеден. Құдай жолын бiле алмай, қу билеген Елден басқа қайғым жоқ, мұныма сен,– деуi содан. Кемеңгердiң пiкiрлес, мүдделес, рухани сабақтас болған аға-iнi, қатар құрбы замандастары Абай, елсiздегi серiгi Әупiш, Өтегелдi (Өтеш), Әнияр Молдабаев, Керiмқұл, Әбдiғали (Әбдеш), өнерпаздар Орынбасар, Сқақ, Орынқожа, Iзбасар, жастардан Бiләл, Нұғыман, Даниял, Әрхам, Мұхтар, Турағұл, Мәннән Тұрғанбаев, Қошке Кемеңгеров сынды Алаш арыстары, Т. Рысқұлов, О. Исаев, басқада ел басқарған азаматтар, «Тәржiман», «Айқап», «Қазақ», «Абай», «Ақжол», «Шолпан», «Таң», т.б. газет-журналдардағы ойлы көсемсөздердiң авторлары, Л.Н. Толстой, С. Мұқанов, өзге де қаламгерлер болды. Ақынның рухани ортасынан мәлiмет беретiн бұл кiсiлердiң Шәкәрiммен қарым-қатынастары Ахат Шәкәрiмұлының естелiгi, «Ұлы Абайға адалдық» жинағы, Шәкәрiмнiң 1924 жылы дос-жарандарын еске алып айтқан: Кешегi Қаражан мен Байғұлағым, Жобалай, Әдiл, Мыңғат, Байұзағым! Бiрадар Рақымбердi, Ұсабаймен, Тоғалақ Тәкей менен болды Ысқағым. Сәкен, Көжек, Молдабай, Әкежандар – Қамшы, құрық, жанторсық, саптаяғым. Не малыма қызықпай, не асыма, Қиянатсыз, дос болып жүрген шағым. Iнi-ағалар, туғандар көп болса да, Жалғанда шын дос едi сүйген бағым, Қайда жүрсе қараған қабағыма, Өзгенiң берсе де алмай алтын тағын. Доссыз өмiр – шоғы жоқ қара көмiр, Өткен күн – елестеген ол бiр сағым. Жан сүйенiш жақыннан айрылған соң, Айып па алдымды ойлап жылағаным, – деген сияқты өз өлең шумақтарында және өзге де дерек көздерiнде жиi аталады.
Марат БЕКБОСЫНОВ, филология ғылымдарының кандидаты