ШЫҢ БАСЫНА ТУ ТIККЕН
ШЫҢ БАСЫНА ТУ ТIККЕН
1996 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың Жарлығымен құрылып, Лев Гумилевтiң есiмi берiлген әрi Ұлттық университет мәртебесiне ие бiлiктi де беделдi оқу орны тағы бiр игi шараның ұйтқысы болды. Университет ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықовтың бастамасымен арнайы жасақталған экспедиция өр Алтай тауларына барып қайтты. «Астана – Алтай» сапарының басты мақсаты биыл туғанына 100 жыл толатын әйгiлi ғалым, түркiтанушы Лев Гумилевтiң құрметiне арналып отыр. «Университет ғалымның мерейтойына байланысты 100 шараны қолға алған болатын. Бұл экспедиция соның бiрi», – дейдi «Еуразия-ақпарат» орталығының директоры Кенжеғали Жұмағұлов. – Сапар барысында экспедиция мүшелерi Астана қаласының көшелерiн аралап, Абай ескерткiшiнiң басына гүл шоқтарын қойды. Павлодар қаласындағы Сәтбаев, Потанин ескерткiштерi басына, Семейдегi Шәкәрiм бабамыздың және Семей полигоны құрбандарына арналған ескерткiштер басында болды. Л.Н.Гумилевтiң ғылыми мұрасы туралы лекциялар оқып, түрiк әлемiне арналған зерттеу еңбектерi таратылды», – дейдi ол.
Иә, табиғаты талайды тамсандырған Алтай тауы көркiмен көз тартып, ақ шарбы бұлттар биiк шыңдарды жасыра түскенiмен экспедиция мүшелерiнiң табандылығының арқасында 2720 метр шың бағындырылды. Бұл орайда Риддер қаласының әкiмi Манарбек Сапарғалиевтiң арнайы көлiк бөлiп, тау шатқалындағы лагерьге жайғастыруы азаматтық парыз ғана емес, ғалымға деген құрметi. – Экспедиция мүшелерiне бiздiң альпинистер жол көрсеттi, алайда тауға өрмелеу барысында қиыншылықтар да аз кездеспедi. Сөйтiп, бағындырылған шыңға әйгiлi ғалым Л.Н.Гумилевтiң аты берiлдi, – дейдi қала әкiмi Манарбек Қадылғұмарұлы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Астана-Алтай» сапары алдағы уақытта да өз жалғасын таппақшы. Бұл сапар туралы университеттiң «Еуразия-ақпарат» орталығы арнайы деректi фильм түсiрiп, ел назарына ұсынатын болады. Ал университет құрамынан жасақталған экспедицияның бұл сапары Лев Гумилевтiң 100 жылдығына арналған жүз шараның бiрi десек, алдағы кезде ғылыми-танымдық, мәдени iстердiң ауқымы мүлдем кеңейе түспек. Әртараптан жиналған бiлiктi ғалымдар қазан айында аталмыш университетке жиналып, IХ халықаралық Еуразиялық ғылыми форумда бас қоспақшы.
Базарбек ТҮКIБАЙАстана