Жаңалықтар

ҚАЗАҚ СПОРТЫНЫҢ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ СПОРТЫНЫҢ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМЫ

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде ел спорты ауыз толтырып айтарлықтай ерен жетістіктерге қол жеткізді. Еліміз 1992 жылдан бастап халықаралық дүбірлі додаларға егеменді ел ретінде қатыса бастаған еді. Ел спортшыларының үлкен байрақты дода­лар­дағы жеңістері мен жетістіктерінің арқасында Қазақстан бүкіл шартарапқа таныла түсті. Қазақ спортының даңқының бұлай арта түсуі, әрине, мемлекетіміздің беделінің артуына да зор ықпалын тигізіп келеді. Ең бастысы, үлкен спорт – әр елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірден-бір көрсеткіші, патриотизм мен халық бірлігінің нышаны деп түсінгеніміз абзал. 20 жыл ішінде Қазақстан Жазғы Олимпиада ойындарына бірнеше рет қатысты. Еліміз егеменді ел ретінде алғаш рет 1996 жылғы Атлантадан бастағаны белгілі. Одан кейін жеңісті жолдар Сиднейде, Афиныда, Пекинде жалғасын тапты. 2010 жылы Сингапурда тұңғыш рет жасөспірімдер арасындағы жазғы Олим­пиа­да ойындары өтіп, бұл сынға еліміздің түлектері қатысқан болатын. Сол жолғы сында біздің жеткіншектеріміз екі алтын, екі күміс, екі қола медаль еншіледі. Олимпиадалық спорт түрлерін дамыту мақсатында елімізде төрт жылда бір рет Қазақстан Республикасының жазғы және қысқы Спартакиадасы, сондай-ақ, жастар ойындары жүйелі түрде өтіп келеді. Мұның өзі еліміздің спорт саласындағы қол жеткізген нәтижелі табыстарының бірі. Сонымен бірге, олимпиадалық спорт түрлерін дамыту мақсатында елімізде төрт жылда бір рет Қазақстан Республикасының жазғы және қысқы Спартакиадасы, сондай-ақ, жастар ойындары жүйелі түрде өткізіліп келеді. Мұның бәрі еліміздің 20 жылда қол жеткізген табыстары. Жас Қазақстан үшін бұлардың бәрі аз жетістік емес. Спортшыларымыздың спортта қол жеткізген айту­лы табыстары Қазақстанның әлемдегі беделін арттыра түскендей. Азия Олимпиадалық кеңесіндегі мәртебеміз өсіп, үлкен спорт­тағы осындай сүбелі жетістіктеріміздің арқасында Астана және Алматы қалаларында VІІ қысқы Азия ойындарын өткіздік. Қазақ жерінде тұңғыш рет қысқы Азия ойындарының биік деңгейде ұйымдастырылуы қазақ мемлекетінің саяси, экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан тұрақты дамып келе жатқандығының жарқын көрінісі. Сондай-ақ, елімізде соңғы жылдары салынып жатқан спорттық нысан­дар мен ғимараттардың өзі ел спортының қарышты дамып келе жатқанына куә бола алады. Ақ Азиаданың ұйымдастырылу деңгейіне тәнті болған Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Жак Рогге мырза «Қазақстан 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге үміткер бола алады», – деген екен. Ал биылғы жыл қазақ спорты үшін ерекше жыл болды. ХХХ жазғы Лондон Олимпиадасы қазақстандықтар үшін өте табысты Олимпиада болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Биылғы жылы Азия олимпиада комитеті сары құрлықтың ең үздік 20 спортшысының тізімін жариялаған еді. 20 спортшының қатарында Қазақстанның үш спортшысының есімі ілінуі – бұл қазақ спортының әлемдік беделін көрсетсе керек. Олардың қатарында Ольга Рыпакова, Илья Ильин және Зүлфия Чиншанло бар. Жазғы ХХХ Олимпиаданың тарихын еске алғанда, алғашқы алтынның еске түсері кәміл. Байрақты бәсекенің алғашқы күні Қазақстанның қоржынына Александр Винокуров алғашқы алтынды салған болатын. Одан кейінгі жеңісті жолды тау көтерген толағайлар жалғағаны белгілі. Зілтемірші қазақстандық спортшылар бірінен кейін бірі алтынды жаудырғаны да әлі есте. Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Илья Ильин сияқты зілтеміршілердің жарқын жеңісі – қазақ спортының тарихында мәңгі есте қалары даусыз. Жұмыр жұдырықтың иесі Серік Сәпиев еншілеген алтын алқа – қазақ боксының мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдегендей. Бұл ұлт намысын ту еткен спортшыларымыздың қайтпас рухы мен бұлқынған намысы, мұқалмас ерік-жігері мен еңбегінің жемісі! Ұлттық құрама спортшыларының Лондон Олимпиадасындағы жетістіктері Қазақ елінің халықаралық аренадағы абыройын онан сайын арттырған еді. Қазақ спортының жай-күйі ха­қында қай кезде де айтсақ та маңызды. Өйткені бүгінгі күн талабын­да­ғы спорт дегеніміз, ол мемлекеттің бүгінгі беделін де көрсетеді. Спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі орасан зор ма­ңы­зын айтпағанның өзінде, жас мемлекет­тің дамуына қосар үлесінің салмағы қан­ша­лықты екенін әркім-ақ бағамдай жатар. Илья Ильин, Серік Сәпиев жеткен жеңістер қаншама қазақ баласының көкірегіне от құйып, жүрегіне шуақ сыйлағаны сөзсіз. Жас жеткіншектердің көбінің спортқа деген құмарлығы артты. Жастар спорт үйірмелеріне жазылып, бокспен, зілтемірмен, күреспен, велоспортпен шұғылдануға көшті. Олардың көкірегінде жеңіске деген сенім ұшқыны пайда болды. Әлем көз тіккен Олимпиада көгінде қазақтың көк туын желбіретіп, әнұранын айтқызсам деген арман – әр жеткіншектің санасына мықтап сіңгені де рас. Рас, спорт – бұл мемлекеттің беделін арттыратын маңызды шаралардың бірі. Еліміздің ХХХ Жазғы Лондон Олимпиадасындағы табысы мұны тағы бір рет дәлелдеп өткендей. Қазақ спорты құлашын кеңге жайып, қарқынды дамып келеді. Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Әрбір елді мекенде, соның ішінде ауылдық жерлерде, сондай-ақ әрбір мекеме мен кәсіпорында белсенді демалысты, дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамыту үшін бірте-бірте жағдай жасау жөн» деуі де тегін емес. Қазақ спортын дамыту үшін әлі де атқарылар шаралар аз емес. Лондон Олимпиадасында бірқатар спорт түрлерінде қазақ баласының топ жарып, көзге түспеуі көңілге кірбің ұялатқан еді. Тіпті суда жүзу, жеңіл атлетиканың кейбір салаларында қазақстандық спортшылардың көрінбегені де жанымызды жабырқатып тастаған. Ол үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінде спорт үйірмелері тегін жұмыс істегені жөн. Бұл спортты дамытудың алғышарттары болғанымен, екіншіден, жас жеткіншектердің саламатты өмір салтын құруына негіз болар еді. Дені сау ұрпақ – келешектің кепілі. Келешегіміз дұрыс болсын десек, қазақ баласының спортпен шұғылданғаны абзал. Атқа шауып, көкпар тартқан қазақ баласына ұлттық спортпен бірге, әлемдік спорт түрлерін үйренген артық емес. Қазақстанның экономикасы мен саяси өмірін арттыруда ұлт спортының да тигізер пайдасы зор. Әлем қазақ спортына көз тігіп отыр. Соңғы Олимпиададағы жеңістер Қазақстанның атын шартарапқа тағы бір дәлелдеп өтті. Қазақстандық спортшылардың жеңісі жөнінде әлеуметтік желілерде жиі талқылаулардың болуы да осының куәсі. Ғаламтор беттерінде Қазақстан туралы, қазақ спорты туралы қызу пікірталастар өрбіді. Әсіресе, Зүлфия қыздың ғаламат жеңісі түрлі алып-қашпа әңгімелерге алып келді. Сайт беттерінде Зүлфия туралы алуан пікірлер айтылды. Сондай-ақ Илья Ильиннің толағай табысы туралы да жарыса жазғандар болды. Қазақстандық зілтемірші жігіттің күш-қуатының мықтылығының түбі қайда жатқанын айтып, даурығысқандар да жоқ емес. Жылқының қазысы мен қартасын жеп, қымызын ішіп өскендіктен Илья мықты болып отыр дескендер де болды. Мұның бәрі жел сөз, құр даурықпа әңгімелер екені белгілі, ең бастысы, қазақ спорты құлашын кеңге жайып келеді. Белгілі қоғам қайраткері Амалбек Тшан өзінің бір сөзінде: «Әр қазақтың жігіті мықты болу керек, ол үшін ең бастысы спортпен айналысу қажет» деген екен. Махамбетше жырласақ, «Еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алған» қазақтың мықты болмасқа шарасы да жоқ. Батыр Бауыржан шыққан елдің ұландары да осал болуға тиіс емес. Қазақтың балуандары мен батыр оғландары қазақ спортының қандай биікке жеткенін сөзсіз дәлелдейтін болады. 20 жылда осындай толағай табыстарға қол жеткізіп жатсақ, бұл біздің елдігіміздің берік белгісі емес пе? Алайда біздің ел спортының төрінен қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, бәйге секілді ұлттық спорт түрлерін де көргіміз келетіні жасырын емес. Шыны керек, ұлттық спорт түрлерін қанша жандандыруға тырыссақ та, әлі күнге еш нәтиже шығара алар емеспіз. Биыл ғана қазақ күресінен «Қазақстан барысын» өткізіп, ұлттық күрестің қандай болатынын тағы бір мәрте дәлелдедік. Қазақтың кең сахарасында талай Қажымұқандардың бар екенін бұл спорт түрі нақтылап бергендей болды. Батырлар мен мықтыларды дүниеге әкелген алаш жерінен әлемдік аренаның талай рингтерін бағындыратын алыптар шығары белгілі. Қазақтың алтын құрсақты аналары аман болса, талай батырлар мен оғландар туа­ты­ны да сөзсіз. Халық барда ұлт спорты кенжелеп қалмайды деген сенімдеміз.   СУ СПОРТЫ — ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ КЕПІЛІ

Даңқты спортшыларға арналған аллея жасөспірімдердің келешекте спортпен шұғылдануына, спортпен қанаттанып өсуіне мүмкіндік берері сөзсіз. Осы орайда, Елбасымыздың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасында: «Әрбір елді мекенде, соның ішінде ауылдық жерлерде, сондай-ақ әрбір мекеме мен кәсіпорында белсенді демалысты, дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамыту үшін бірте-бірте жағдай жасау жөн. Елдің оқу орындарында дене тәрбиесінің оқудан тыс сабақтары мен секцияларын кеңейту керек» деген тапсырмасы ойға оралады. Көңіліміз толқыған біз Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Нұржан Смановқа бірер сауал тастаған едік.

– Нұржан аға, Шымкентте ашылған жүзу бассейні «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асты ма? – Иә! Дұрыс айтасыз. ҚР Президенті Н.А.Назарбаев оз жолдауында айтып кеткендей, 2020 жылға дейін 30 пайыз қазақстандықтар бұқаралық спортқа тартылуы керек. Осы бағытта қазір елімізде көптеген спорттық нысандар бой көтеруде. Оның ішінде, Шымкент қаласында да көптеген спорттық нысандар дүниеге келді. Мәселен, өткен жылы Елбасы оңтүстікке келген сапарында, жеңіл атлетикалық спорт кешенін ашты. Ал биыл әлемдік стандартқа сай, жүзу бассейні және үлкен теннис орталығы ашылды. Сонымен бірге, осы бағытта өткен жылы көп қабатты үйлердің аулаларында 40-қа жуық спорт алаңдары салынып, тұрғындардың игілігіне берілді. – Бұл бассейнге балаларды қабылдау қалай жүзеге асырылуда? Жас жеткіншектерді тәрбиелейтін арнаулы мамандар бар ма? – Бассейнде облыстық, қалалық спорт мектептерінің оқушылары, жасөспірімдерден бастап, ересек балаларға дейін жаттығу жасайды. Одан бөлек, қала тұрғындары да абонемент сатып алып, бос уақыттарында жүзуіне болады. Жүзуден біздің облысымызда көптеген мықты спортшылар шыққан. Олардың қатарында: Анастасия Прилепа – Азияның және Азия ойындарының чемпионы және рекордшысы, Александр Дьячков – Олимпиада ойындарының қатысушысы, жаттықтырушы. Жасөспірімдерді тәрбиелейтін мықты жаттықтырушыларымыз да бар. – Бассейннің алдында еліміздің даңқты спортшыларының аллеясы ашылғанын білеміз. Бұл аллеяда оңтүстік өңірден шыққан саңлақтардың ғана есімі жазылып қойылған ба? – Иә. Кеңес үкіметі кезінен бүгінгі күнге дейінгі осы өңірден шыққан спортшылардың есімдері жазылған. Олардың арасында Олимпиада ойындарының чемпиондары да бар. 1976-1980 жылдары КСРО-ға Еңбегі сіңген спорт шебері, КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы, Еуропаның үш дүркін және олимпиада ойындарының чемпионы, баскетболшы Әлжан Жармұхамедов, спорттық гимнастикадан бес дүркін Олимпиада чемпионы, бес дүркін Әлем чемпионы Нелли Ким, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов және өзге де даңқты спортшылардың есімдері жазылған. – Оңтүстікте үлкен теннис орталығы ашылған екен. Бұл орталықтың жұмысы қалай жүргізілуде? – Елімізде үш үлкен қалада – Астана, Алматы, Шымкентте үлкен теннис орталығы бар. Орталықтың ғимараты биыл бітіп, пайдалануға берілді. Әуелі теннис орталығы қалалық спорт мектебіне қараған еді. Кейінірек ол ҚР үлкен теннис орталығына берілді. Осы орталықта қалалық және облыстық спорт мектептерінің спортшылары жаттығу жасап жүр. – Мектепішілік спорт үйірмелері балаларға қалай қызмет көрсетеді? Әлде үйірмелер ақылы болып есептеле ме? – Облыстық және қалалық спорт мектепті тегін қызмет етеді. Ал жекеменшік спорт кешендері ақылы. Бүгінде біздің өңірде, жалпы орта мектептерде 352-ден астам спорт секциялары жұмыс істейді. Бәрі тегін. – Спортқа құмар кейбір жеткіншектердің спорттық үйірмелерге қатысуға қалтасы көтере бермейтіні белгілі. Ондай балаларға жеңілдіктер жасала ма? – Спортпен айналысам деген балаларға барлық жағдай жасалған. – Соңғы Лондон Олимпиадасында оңтүстік өңірден топ жарған спортшыларды байқай алмадық. Бір кездері марқұм Бекзат Саттарханов, жуан жұдырықтың иесі Мұхтархан Ділдәбеков сынды боксшыларымыз Сиднейде үлкен биіктерге қол жеткізген еді. Сіздің, Бекзат марқұм мен Мұхтарханның ізін басқан ізбасарлары бүгінде неге көрінбей жүр? – Әрине, өкінішті-ақ. Лондонда біздің бағымыз жанбады. Бірақ Қазақстан спортшылары үлкен жеңіске жетті. Жеті алтын жеңіп алып, 205 мемлекет қатысқан додада 12-орынға табан тіредік. Бұл біздің де үлкен жеңісіміз. Оңтүстіктің қоржынында бұрынғы Олимпиадалардан алынған медальдер бар. Алтын да, күміс те, қола да бар. Мұның көбіне еліміз егемендік алғаннан кейін қол жеткіздік. Бұл жолы біздің өңірден 14 спортшы лицензия ұтып алып, Олимпиадаға қатысқан еді. Бірақ жолы болмады. Алдағы Олимпиадаларда медальге қол жеткізу үшін тыңғылықты дайындалуымыз қажет. Жеңіс тұғырынан көріну үшін кәсіби дайындық керек. Тыңғылықты дайындалуға біздің өңірде жағдайдың бәрі жасалған. Дарынды жастарымыз да жетерлік, біздің облысымызда тек бокстан 261-ден астам жаттықтырушы бар. Сондықтан боксшыларымыздан келешекте үлкен үміт күтеміз. Жеңісті жолдарға бастайтын дарынды спортшылар бар деп сенімді айта аламыз. – Өткен Лондон олимпиадасы бізде су спортының, көркем гимнастиканың дамымай жатқанын тағы бір дәлелдеп берді. Біздің еліміздегі кейбір «ұйқыда» жатқан спорт түрлерін дамытуға күш салуға бола ма? – Бұлай деуіңіз де орынды. Өйткені бұрынғы Олимпиадаларда біз алтынды тек жекпе-жек спорт түрлерінен алған едік. Атлантада 3 алтын: бокс, күрес және жеңіл атлетика. Сиднейде үшеу: екеуі бокс, біреуі – жеңіл атлетика. Афиныда бір алтын. Оның өзі бокстан. Пекинде екеу: бокс және ауыр атлетика. Биылғы Олимпиа­да да жеті алтын түсті. Ауыр атлетшілерімізге төртеуі тиесілі. Біреуі бокстан, бірі жеңіл атлетика, енді бірі – велоспорт. Бізге өзге ойын спорт түрлерін дамыту керек. Әсіресе, ұлттық спорт түрлерін дамытқан жөн. Мәселен, волейбол, баскетбол, футбол, гандбол жане қазаққа жақын спорт түрлері, садақ ату, тоғызқұмалақ, ат спорты. Бүгінгі күні спорт саласына қыруар қаржы бөлінуде. Көптеген спорт нысандары салынды. Сондықтан алдағы дүбірлі додаларда спортшыларымыз сенімді ақтайды деген үмітім зор. Лондон Олимпиадасында – 7 алтын, 1 күміс және 5 қола медаль жеңіп алдық. Командалық есепте 12 орынға ие болдық. Мұның өзі үлкен жетістік. Спорттағы үлкен жеңістеріміз – бұл мемлекетіміздің дұрыс жүргізілген салиқалы саясатының, үлкен қамқорлығының және спортқа баса көңіл бөліп жатқанының арқасы деп білемін. Әңгімеден тыс… – Бір кездері сіз де былғары қолғап шебері болдыңыз. Өзіңіз бастан өткерген сол белесте «әттеген-ай» дейтін тұстар көп болды ма? – Иә, спортта он бес жылдан астам уақыт жүрген екем. Соның он үш жылында КСРО және Қазақстан құрама командасында болыппын. Көптеген дүбірлі додаларға қатысып, жеңіске жеттім. Менің арманым да, мақсатым да – Олимпиада чемпионы болу еді. Біздің Бокс тарихына көңіл бөлсек, бізге дейін қазақтың ешбір баласы Әлем және Олимпиада чемпионы болмаған екен. 1970-1990 жылдары Серік Қонақбаев ағамыз екеуінен де күміс медальге қол жеткізді. Мен табиғатымнан еңбекқормын. Күшім де шүкіршілік жетерлік. Мінез-құлқым да осал емес. Сондықтан алдыма үлкен мақсат қойып, бокспен шұғылдана бас­тадым. Бокстың спорт түрлерінің ішіндегі ең қиыны екенін де өздеріңіз жақсы білесіздер. Себебі бокста барлық қасиеттер керек: күш, жылдамдық, шыдамдылық. Ең бастысы, батырлық керек. Қазақтың баласында ондай қасиеттер көп. Осындай қасиеттердің арқасында ата-бабаларымыз елімізді, жерімізді аман алып қалған. 15 жылдық белесте жүріп, талай жарыста жеңіс төрінен көріндім. Өзімнің спорттық жолымда 52 медаль жеңіп алыппын. Оның ішінде 35 алтын, 9 күміс және 8 қола медаль бар. Қоржынымда екі медаль ғана жетпейді. Әлемнің алтыны мен Олимпиаданың бір жүлдесі. «Әттеген-ай» дейтін өкінішім осы ғана. Барлығына шүкіршілік деймін. Құдайға шүкір, бұйырғаны осы болар. Қазақта «бұйырған кетпес, жүгірген жетпес» деген сөз бар емес пе? – Кеңестік спорт жүйесі сізді неге үйретті? – Совет үкіметі әлемдегі үлкен дер­жа­валардың бірі болды. Бокста АҚШ, Куба және басқа да әлем боксшылары КСРО бокс­шыларынан сескенді. Себебі, КСРО біріншілігін жеңіп алу да қиын болатын. Сондықтан халықаралық жарыстарда біздің боксшыларымыз мықты болды. Ең бастысы, ол уақыттарда бізде бұқаралық спорт түрлері жақсы дамыды. Мектептерде, жоғары оқу орындарында денешынықтыру сабағы міндетті түрде жүретін. Жылына түрлі спорт жарыстары ұйымдастырылып, бір рет жүгіру күні өтетін. Оған Кеңес Одағының азаматтары міндетті түрде қатысатын еді. Спорттық үлкен додаларда КСРО спортшылары командалық есепте алдыңғы орында тұрды. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан спорты да үлкен биіктерден көрініп жүр. Мұның бәрі мемлекетіміздің саясатының әрі спортқа қолдау көрсеткенінің арқасы деп білемін. – Былғары қолғап шебері атанып, әлемнің талай елдерінде топ жардыңыз. Неге қуандыңыз, неге ренжідіңіз? – Спорт деген үлкен еңбек. Жеңіске жеткенің де қуаныш. Жеңілісіңді мойындау да үлкен ерлік. Сондықтан, спортты әлемнің елшісі деп қабылдаймын. Елді де, жерді де, спортшыны да әлемге танытатын спорт. Үлкен спортта жүргеннен кейін қуанатын да, көңілің түсіп, ренжитін де сәттер болады. Өйткені бұл өмір. Менің спорттық жолымда қуанған сәттерім көп болды деп ойлаймын. – Өзіңізді үлкен спортқа жетелеп алып келген ұстаздарыңызды сағынасыз ба? – Үлкен спорттан кеткеніме – 12 жыл болыпты. Жаттықтырушыларыммен әлі де қарым-қатынастамын. Аптасына екі-үш рет жаттығуға барып тұрамын. Жарыстарды жібермеуге тырысам. Бүгінгі жұмысым да тікелей спортпен байланысты. Көптеген спорттық жарыстар, іс-шаралар ұйымдастырамыз. – Қатарластарыңыз ше? Олар кімдер еді? – Менімен бірге спортта бірге жүрген даңқты спортшылардың қатарында Ермахан Ыбырайымов, Болат Жұмаділов, Болат Ниязымбетов бар. Бүгінгі Қазақстан құрама командасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов та бірге жүрген қатарластарымның бірі. Олар қазір қазақ спортының дамуына өз үлестерін қосып жүрген азаматтар. – Бүгінгі бокста жүрген кейбір саңлақтарымыз әуесқой бокстан гөрі, кәсіпқойлыққа жиі ауысып жатады. Сізде де сондай ой болған жоқ па? – Көп боксшыларымыз кәсіпқой бокспен шұғылданып жүргені рас. Ол да дұрыс. Әрі бұл олардың материалдық жағдайын дұрыстайды, әрі күнделікті жаттығуын күшейтуге сеп болады. Кезінде менің де кәсіпқой боксқа бет бұру ойымда болған. Бірақ мақсатым – Олимпиада чемпионы болу еді. Содан кейін ғана кәсіпқой боксқа кетемін деп ойладым. – Нұржан Смановтың отбасы туралы білгісі келетіндер де көп. Балаларыңыз сіздің жолыңызды қуды ма? – Менің жарымның есімі – Гүлайым. Мамандығы – мұғалім. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде сабақ береді. Филология факультетін үздік бітірген. Қазір төрт баланың анасы. Үлкен ұлым Олжас бесінші сыныпта оқиды. Одан кейінгі ұлым Алмас бірінші сыныпқа барды. Екі қызым Дана мен Мерей балабақшаға барады. Олардың немен айналысатынын уақыт көрсете жатар. Әзірге ұлдарым спортқа бейім. Олжас қазір жүзуге барып жүр. Келешекте боксшы боламын десе де, қарсылығым жоқ. Балаларым келешекте спорттың қай түрін таңдаса да, қолдау көрсетуге дайынмын. Ең бастысы, елін сүйетін, Отанын құрметтейтін патриот азамат етіп тәрбиелеу – басты мақсатым.

Гүлзина Бектасова