ӘДIЛ ЕҢБЕК ЖАЙЛЫ АЛҚАЛЫ СӨЗ

ӘДIЛ ЕҢБЕК ЖАЙЛЫ АЛҚАЛЫ СӨЗ

ӘДIЛ ЕҢБЕК ЖАЙЛЫ АЛҚАЛЫ СӨЗ
ашық дереккөзі

Осыдан бiр ай бұрын Елбасының мерзiмдi басылымдарда жарияланған «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Ең­бек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласынан туындайтын мiндеттердi талқылау үшiн Мәдениет және ақпарат министрлiгiнде арнайы жиын өттi. Жиынға министр Дархан Мыңбай төрағалық еттi. Аталмыш жиынға Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау, Бiлiм және ғылым министрлiктерiнен де арнайы өкiлдер келдi.

Елбасының «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Ең­бек Қоғамына қарай 20 қадам» деп аталатын бастамасы бұқара халықтың жалпы қолдауына ие болуда. Осы орайда жалпы жұртшылық тарапынан түрлi ұсыныс-тiлектер де айтылып жатыр. Жиында баяндама жасаған Мәдениет және ақпарат министрi Дархан Мыңбай: «Жаһандық тұрақсыздық жағ­да­йында Қазақстан қоғамы қандай болуы керек, бiздiң игерiлмеген қорларымыз бен мүмкiндiктерiмiз қандай, сондай-ақ тағы да не жа­сауға болады деген сұрақтарға жауап iздеу барысында және әлеу­меттiк сая­сат нық әрi жасампаз болуы үшiн Елбасымыз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына өту идеясын ұсынды. Бұл ретте Президент масылдық психология, аз жұмыс iстеп, көп ақша табу һәм ауадан ақша жасауға қатысты өткiр ойларын ортаға салды. Жалпы, бұл пси­хологияға әдiлдiкке негiзделген шы­найы еңбек қана қарсы тұраты­нын ескерсек, қоғам мүшелерiнiң еңбек сiңiруiнен бастап оның марапатқа жетуiне дейiнгi жолы ел алдында өтуi тиiс. Әдiл еңбек адам бойындағы толайым рухтың көр­сеткiшi. Дәл сондай рух қана ерiк, жiгердi тәрбиелеп, күштi жанып, отаншылдық сезiмiн қалыптасты­рады. Бiз бұған мысалды алыстан iздеп жатпаймыз. Кешегi Лондон Олимпиадасындағы қыз-жiгiттер­дiң ерлiгi, еңбегi елге үлгi етуге тұрарлықтай», – дедi министр.

Қазақ халқы «ерiнбей еңбек еткеннiң, тiленбей қарны тоятындығын» жиi айтады. Әрине, Президенттiң Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына өту идеясы осы негiзден туындап отыр. Сондай-ақ, жиында министр Елбасының министрлiктiң алдына тапсырма етiп қойған отандық бұ­қаралық ақпарат құралдарын жаң­ғырту мәселесiне де айрықша тоқталып өттi. Халық пен билiктiң арасындағы алтын көпiр саналатын отандық БАҚ-тың Елбасы мақаласындағы әрбiр тақырыпты ашып көрсетуi керектiгiн тiлге тиек еткен министр осы орайда мұндай басқосулар өңiрлерде де жалғасын тауып жатса деген ұсынысын жеткiздi. Мәдениет және ақпарат министрi Сингапур мемлекетiнiң тәжiрибесiнен де мысал келтiре кеттi. Өз кезегiнде министр: «Сингапур шағын болғанымен, табысты мемлекет­тер­дiң қатарында. Мұнда 100 мың­нан аса миллионерлер бар екен. Елде 33 iрi трансұлттық компа­ниялардың филиалдары жұмыс iс­тейдi. Сингапур – бiлiмнiң, инновациялық технологиялардың, мұнай-химиялық кәсiп­орындар­дың, фармацевтиканың, қаржылық қызмет көрсетудiң, сондай-ақ көп­теген басқа да қызмет түрлерiнiң орталығы. Халық саны 7,5 миллион дейтiн болсақ, iшкi жалпы өнiмнiң құны әр адамға шаққанда 30 мың АҚШ долларынан асып түсiп отыр. Тұрғындар аптасына елу сағат еңбек етедi (Бiзде 45). Демалыс күндерi де еңбектенедi. Дәл қазiргi таңда бұл ел Тынық мұхиты аймағындағы жұмақ мекен болып табылады», – дедi. Осы орайда Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай қадам басу барысында негiз­гi бағыт-бағдары бiздiң мемлекетiмiзбен қарайлас елдердiң тәжiрибесiне сүйене отырып жұмыс iстеудiң артықшылығы жоқ екенiн де айта кеттi. «Елбасының Үкiметке 2013 жыл­дың 1 сәуiрiне дейiн Қазақ­стан Республикасын әлеуметтiк да­мытудың Жалпыұлттық тұжырым­дамасын жасауды тапсырғаны бел­гiлi. Мұнда әлеуметтiк заңнама­лар­ды жаңарту, әлеуметтiк-еңбек қа­ты­настарының тиiмдi моделдерiн, өмiр сапасының қазақстандық үл­гiсiн қалыптастыру, әлеуметтiк жаң­ғыртудың ақпараттық-мәдени құрамдасын дамыту және әлеу­мет­тiк үдерiстердi мемлекеттiк бас­­қарудың тиiмдi жүйесiн жасау ба­ғыттары қамтылған. Осы бағыттар­дың арасында бiзге қатыстысы ақпараттық-мәдени құрамдас дей­тiн болсақ, бұл орайда, Үкiметке «Ақпараттық Қазақстан» мемле­кет­тiк бағдарламасын жасап шығу жүктелдi. Мемлекет басшысы БАҚ қызметi Журналистiк этика кодек­сiнiң нақты стандарттарына негiз­делуi тиiс екендiгiн қадап айтты. Сондай-ақ бiздiң министрлiкке жур­налистердiң қоғамдық бiрлес­тiктерiмен бiрге Журналист этика­сының жаңа кодексiн дайындау тап­сырылды», – дейдi министр. Журналист этикасының жаңа кодексiн дайындау мақсатында бүгiнде Қазақстан Журналис­тер одағы мен елiмiздегi бас редак­торлардың клубы бұл құжаттың негiзгi параметрлерiн талқылап жатқанын тiлге тиек еттi министр.

Ал жиынның Елбасының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру мәселесiне орай өткiзiлiп отырғаны белгiлi. Ал осы орайда БАҚ беттерiнде түсiндiру жұмыстарын ұйымдастыру мәселесi қалай жүрiп жатыр? Бұл мәселе жиыннан да тыс қалмады. «Мақала жария­лан­ғалы берi бiр ай өттi. Бұқара­лық ақпарат құралдарында азаматтар үн қосуда, арнайы айдарлар бойынша мақалалар жариялануда, телеарналарда бағдарламалар берi­лiп жатыр. Әйтсе де, бiз бұған қа­тысты ақпараттық жұмысты нақты жүйелеп алуымыз керек» деген Дархан Мыңбай мырза осыған орай нақты қандай шаралардың жүзеге асырылып жатқанына тiкелей тоқтала кеттi. Президент Әкiмшiлiгi Мемле­кеттiк хатшының қаулысымен бе­кiтiлген Ақпараттық-түсiндiру жұ­мыстары бойынша iс-шаралардың арнайы жоспары да дайын тұр. Алдағы уақыттарда «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарында жыл соңына дейiн арнайы роликтер мен журналдар дайындалмақ. «Бұл роликтер мен журналдарда Мемлекет басшысы­ның реформасы қарапайым ха­лыққа ұғынықты түрде насихатталып, құжаттың мән-маңызы ашылуы керек. Екiншiден, еңбек адамы әрi оның кәсiби жетiстiктерi үлгi етiлуi тиiс. Ол бизнесмен, инженер, кәсiпорын жұмысшысы, тiптi студент болуы да мүмкiн. Ең бас­тысы, ол адам өзi үшiн, отбасы үшiн тыным таппай еңбек етедi. Жаңадан бiрдеңе үйренедi, кәсiби шеберлiгiн шыңдап отырады. Сол арқылы елдiң дамуына септiгiн тигiзедi. Бұл орайда мерзiмдi басылымдарда тиiстi айдарлар ашылса құба-құп. Үшiншiден, барлық бұ­қаралық ақпарат құралдарында Елбасы мақаласының негiзгi басым­дықтары, яғни еңбек қатынастары, жастар саясаты, тұрғын үй саласын реформалау, т.б. көрiнiс табуы керек. Осы басымдықтардың әрбiрiне арналған материалдар мен сұх­бат­тар шығып тұру керек. Төртiн­шiден, БАҚ пен қоғамдық бiрлес­тiктер әрдайым қарапайым халық­тың мүддесiн қорғауы тиiс. Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуы тұрғысынан қоғамдық бақылаушы қызметiн атқаруы шарт. Елбасымыз 3 шiлде күнi телекөпiрде сөйлеп тұрып адам құқының тапталуы туралы факт келтiрген едi. Онда жұмыс берушi бiр әйелдi жұмысқа алғанда бiрден екi өтiнiш, бiрiншi жұмысқа қа­былдау туралы, екiншi, жүктiлiгiне сәйкес жұмыстан босату туралы өтiнiш жазғызып алғанын айтып едi. Мұндай фактiлер қоғам назарынан тыс қалмауы керек. Бесiншi, БАҚ жұмыстарына жаңашылдық қажет. Ақпаратты жаңаша тәсiлмен берудi ұйымдастыру барысында радионың мүмкiндiгi тиiсiнше пайдаланылмай отыр. Табысты адам­дардың, өз кәсiбiн сүйетiн адам­дардың, еңбек ерлерiнiң қатысуы­мен радио-конференциялар ұйым­дас­тыруды тапсырамын. Бұл адам­дардың айтары да, халықпен бөлi­сер ойы да бар. Алтыншы, жер­гiлiктi БАҚ-қа ерекше мiндет жүк­теледi. Бүкiл зерттеулердiң қоры­тын­дысы бойынша елiмiздiң тұр­ғын­дары негiзiнен жергiлiктi бұқа­ралық ақпарат құралдарына сенiм артады екен. Ендi осыны облыстық және аудандық БАҚ пайдалануы тиiс. Мемлекет басшысының тап­сыр­маларының орындалу барысын қадағалап, нақты мысалдар бойынша ақпараттық науқан ұйымдас­тырып отыруы қажет. Мысалы бiлiмiн жетiлдiруге мүмкiндiк ал­ған, пәтер алған, жұмысқа орна­ласқан жастарды көрсетiп отыруға болады. Тек жастарды емес, дәрiгер, мұғалiм, кәсiпорын басшысы сияқты адамдарды насихаттай бiлу тапсырылады. Жергiлiктi БАҚ өкiлдерiне ең маңызды тапсырма ретiнде ақпараттық-тәжiри­белiк бағыттағы жұмысты атар едiм. Мұнда жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдары өзiнiң еңбек құқығын қалай қорғау керек, бiлiмiн қалай толықтыруға болады деген сауалдарға жауап iздеген адамдарға кеңесшi рөлiнде қызмет атқарады. Жетiншiден, үкiметтiк емес ұйым­­­дардың өкiлдерiне жеке тоқ­талғым келiп отыр. Бүгiнгi күнде бұл салада жарты миллиондай адам жұмыс iстейдi және жиырма мыңдай ұйым бар. Үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлдерi – бұлар жақсы сарапшылар. Халық бұл топтың адамдарына да сенедi. Сiздер қарапайым халықтың әрi көмекшiсi, әрi кеңесшiсi болуға және қоғамдық бақылаушы болуға мiндеттiсiздер», – деп нақтылай кеткен министр БАҚ басшыларына арнайы үш мiндеттiң жүктелетiнiн де айта кеттi.

Мiндеттердiң бiрi – Олимпиада чемпиондарына қатысты. Лондон төрiнде қазақтың көк байрағын желбiреткен чемпиондарды өз дәрежесiнде насихаттай бiлу. Ал, екiншiсi 27-29 тамызда өтетiн халықаралық конференцияны кең тұрғыда көрсету болса, үшiншiсi – Конституция күнiне орай өтетiн халықаралық конфе­рен­цияның мақсатын, мәнiн ха­лыққа жеткiзу мәселесi.

Елбасының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына өту идеясын әрбiр қазақстандықтың санасына сiңiру үшiн БАҚ өкiлдерiнiң қызметi қажет екенi белгiлi. Сондықтан бұқара халыққа Елбасы идеясын жеткiзу үшiн баспасөз беттерiнде, телеарналарда Еңбек Қоғамы туралы тұшымды ойлар, нақты тәжiрибелер көрсетiлгенi абзал. Осы орайда, баспасөз де, телеарналар да тыңғылықты дүниелер жасағаны жөн. Бұл жарияланымдар халықты жалқаулықтан арылтады, еңбек сүюге үйретедi, тiрлiк етуге талпындырады.

Гүлзина Бектасова