ТАУ КӨТЕРГЕН ТОЛАҒАЙ
ТАУ КӨТЕРГЕН ТОЛАҒАЙ
4 тамыз, кешкi сағат 20 шамасынан бастап Қызылорда қаласындағы орталық алаңға ағылған жанкүйер халықта есеп жоқ. Бұл қазақ спортының жарық жұлдызы, атақты ауыр атлет Илья Ильин мен және бiр зiлтемiршi қызылордалық Алмас Өтешовтi қолдауға жиналған сан мың көрерменнiң iзгi ниетi болатын. Алып алаңдағы үлкен экраннан Лондон төрiнде өтiп жатқан Олимпиада ойынын тiкелей желiден табан аудармастан тамашалаған сол көпшiлiк түн жарымы ауғанша ұлы жеңiстiң шаттық қуанышын бөлiстi. Ия, бұл батыр ұлдың бағындырған дара жеңiсi.
Сырдың саңлақ ұланы Илья Ильин Олимпиада алтынын алды. Алып қана қойған жоқ, қайсар мiнез саңлақ дүниежүзiлiк рекордты тайсалмастан жаңартып тастады. Осылайша, тәуелсiз Қазақстан тарихында екi дүркiн Олимпиада чемпионы шықты.
Ильяның жұлқа көтерудегi жоғары көрсеткiшi – 185 келi. Ал серпуге келгенде тiптен түлеп сала беретiн ол қарсылас бiткеннiң алдын орап кеттi. Алдымен 224 келiнi төбесiне тiк көтерген Илья, екiншi мүмкiндiкте 228 келi зiлтемiрдi тағы да ұршықша үйiрдi. Оған басты қарсылас болған ресейлiк Александр Иванов үшiншi мүмкiндiгiнде бiздiң жерлесiмiзден бiр келi артық көтеруге бекiнгенiмен, зiлтемiрдi ырқына көндiре алмады. Осылайша, Олимпиада алтыны Ильяның еншiсiне жазылды. Бұл кезде үшiншi мүмкiндiк бар болатын. «Алып ердiң ендiгi мүмкiндiгi қалай болар екен» дегендей тұтас әлем көз тiккен сәтте Қазақстанның толағай ерi дүниежүзiлiк рекордқа түзету енгiзуге бел байлады. Зiлтемiрдi ұстаған азамат бұл жолы 233 келiнi қиналмастан еңсерiп салды. 1999 жылғы әлемдiк рекорд осылай жаңарды.
Даңқты спортшының ерлiгiне деген елдiң қолдауын жұрт болып жұмыла жеткiзген жерлестерi осы бiр толайым табыс сәтiнде орталық алаңда өнер жұлдыздарының ән шашуын тамашалап, жеңiстiң отшашу салтанатына куә болды.
Қуат ШАРАБИДИНОВ.Қызылорда облысы