«БIЗДIҢ МАЙЯ – ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ!»

«БIЗДIҢ МАЙЯ – ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ!»

«БIЗДIҢ МАЙЯ – ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ!»
ашық дереккөзі

Төрткүл дүниенiң назарын жаулап, 4 жылда бiр айналып келетiн айтулы спорт додасы да санаулы күндерде өз мәресiне жетедi. Тұманды Альбион елiндегi ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарында елiмiздiң қоржыны олжалы десек, артық емес. 302 медаль топтамасын сарапқа салған бұл ойынға әлемнiң 200-ден аса елiнен 10 мыңнан аса спортшы қатысуда. Қазақ елi де бұл дүбiрлi бәсекеге күнi кеше 116 спортшысын үкiлеп аттандырған едi.

Осыған дейiн екi дүркiн әлем чемионы атанған, университетiмiздiң 3-курс студентi Майя Манеза олимпиадаға жолдама алғалы берi, оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттерi «тақымдарын қысып», арман-тiлектерiн Майяға сырттай бағыттайтын.

31 шiлде күнi түнде осы арман-тiлек­тер­дiң ақталған сәтi аса толқыныспен өттi. Дүние жүзi көз тiкккен байрақты бәсекеде уни­верситеттiң ғана емес, елiмiздiң үмiтiне айналған Майя Манеза спорттың ауыр атле­тика түрiнен қоржынымызға үшiншi алтынды салды. Қазақстанда қуанбаған жан қалмаған шығар!

Майя Манеза – Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық университетiнде «Денешынықтыру және спорт» мамандығы бойынша күндiзгi бөлiмде бiлiм алып жүрген студент. Университетiмiздiң мақтанына айналған даңқты спортшымыз Майя Манезаны Лондондағы ХХХ Жазғы олимпиадалық ойындардың ауыр атлетика сынындағы тамаша және өте айқын жеңiсiмен құттықтау мақсатында «Майя Манезаның жеңiсi – Қыздар уни­вер­ситетiнiң жемiсi!» атты қолдау шарасы­ өт­кiзiлдi.

Майяның әлемдiк жеңiс тұғырын ба­ғын­­дыруы бiрiншi рет емес. Ол осы кезге дейiн де 2009 жылы Оңтүстiк Кореяның Гоянг қаласында өткен ауыр атлетика жа­рысында әлем чемпионы, 2010 жылы Түркияның Анталья қаласында өткен Әлем Чемпионатында 63 кг салмақ дәре­же­сiнде қатысып, екi дүркiн Әлем чемпионы атағына ие болып, әлем рекордын жаңартқан болатын. Сондай-ақ 2010 жылдың қараша айында Қытайдың Гуанч­жоу қаласында өткен «Гуанчжоу – 2010» XVI (16) Жазғы Азия ойындарында алтын медаль жеңiп алды. 2011 жылы қазан айында Париж қаласында топ жарып, алтын медальға негiзгi үмiткер болып тұрса да, әдiлқазылардың бұра тартуымен, жанкүйерлерiн «әттеген-ай» дегiзiп, күмiс жүлдегер атанған-ды. Дегенмен «алмас қылыш қап түбiнде жатпайды». Алтын қыздың еңбегi мен талантына лайықты алтын жүлде әлемдiк олимпиада төрiнде оның мойнында жарқырады. Майя­ның әрбiр жеңiсi университетiмiздiң абыройын­ ас­қақтатып, өзiнiң бiрге оқитын құр­бы­ла­ры­на, осы оқу ордасының әрбiр шә­кiртiне үлкен жiгер, соны серпiн сыйлады деуге­ болады. Майя 2011 жылы Қа­зақстан Республикасының VI (6) Жазғы Универсиа­дасына қатысып, Қазақ мем­лекеттiк қыздар педагогикалық уни­вер­си­тетiнiң қоржынына 1 алтын медаль сал­ған болатын.

Шынымен де, Лондондағы Жазғы Олим­пиада ойындарының чемпионы­ «Майя Манезаның жеңiсi – қыздар уни­вер­ситетiнiң жемiсi!» деп, университеттiң оқытушылары мен студенттерi жазғы дема­лыс­та жүргенiне қарамастан, бiрауыздан Майяны құттықтап, қолдауға жиналды.

Салтанатты жиын университеттiң бi­рiн­шi проректоры Алдабек Нұржамал Әбдiразаққызының құттықтау сөзiмен ашылып, «Педагогика және психология» факультетiнiң «Дене шынықтыру және валеология» кафедрасының меңгерушiсi, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Д.Абдықадырованың лебiзiмен жалғасты. Майя Манеза униерси­тетiмiздiң мақтанышы ғана емес, елi­мiздiң де абыройы екенiн айтып өттi.

Университеттiң бұл орасан зор қуанышын бұқаралық ақпарат құрал­дары да бөлiстi. Майяның рухани қол­дау­шысы әрi ұстазы, университет спорт клубының төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Шың­ғысбаев Сәдуақас Махашұлы бұл­ жеңiс басқа студенттерiмiздi де жi­гер­лендiрiп, құлшындыратындығын айт­са, «Денешынықтыру және спорт» ма­ман­дығының 4-курс студентi Арнагүл Асыл­ханқызы спортшы құрбысының ер­лiгiне деген мақтанышын жеткiздi.

Университеттiң профессор-оқы­­тушылары риясыз көңiлден құттық­тау­ларын бiлдiре отырып, Майя Манезаның өз мүмкiндiгiн сарапқа салуына мемлекет тарапынан қолдау көрсеткен Елбасына алғысын жолдады. Ал, жеңiмпаз, «алтын» қызымызға «Қазақстандықтарды бұдан әрi де спорттағы жарқын жеңiстерiңмен қуанта бер!» деген игi тiлекпен жиынды қорытындылап, әрiптестерi мен достары, жалпы қауым зор ризашылықпен, қуанышпен тарқасты.

«Педагогика және психология» фа­куль­тетiнiң студентi Майя Манезаның спорт­тағы жеңiсiн қолдауға арналған iс-шаралар әлi де жалғасуда. Осылайша, қазақ спортына өз үлесiн қосқан Қазақ мемлекеттiк қыз­дар педагогикалық университетi Олим­пададағы елiмiздiң спортшыларына сәт­тiлiк тiлейдi! Жеңiстер жалғаса берсiн!

Сараш ҚОҢЫРБАЕВА,

Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық университетi,

«Педагогика және психология» факультетiнiң деканы