Жаңалықтар

САРЫБАЙ ҚАЛМЫРЗАЕВ

ашық дереккөзі

САРЫБАЙ ҚАЛМЫРЗАЕВ

64 жасқа қараған шағында, өзiнiң ұзақ жылғы жемiстi қызметi арқылы елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына, Қазақстан мемлекетiнiң құрылуына және нығаюына қомақты үлес қосқан талантты ұйымдасты­ру­шы және басшы Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаев қайтыс болды.

С.С.Қалмырзаев 1949 жылы 10 мау­сымда Жамбыл облы­сын­дағы Шу ауданының «Жаңа жол» ауылында туған. Мәскеу экономика-статистика институтын бітіргеннен ке­йін оның еңбек жолы еліміздің халық шаруа­шылығы ке­ше­німен тығыз байланыс­ты болды. Ол экономистен Қазақ КСР Статистика жөніндегі мемлекет­тік комитеті төраға­сының орынбасарына дейінгі еңбек жолынан өтіп, кейіннен Қазақстан Респуб­ликасы Мем­лекеттік мүлікті басқару жө­­нін­дегі мемлекеттік комите­ті­нің төр­аға­сы, Жамбыл облысының әкімі, Қа­зақ­стан Республикасы Экономика­лық қылмысқа және сыбайлас жем­­қорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы болды. Оның Қазақстан Республикасы Президенті Әкімші­лігі­нің Басшысы, кейіннен Мемлекет Басшысының Іс басқа­ру­шысы қызмет­терін атқарған ке­­зеңі айрықша жемісті болды. С.С. Қал­мырзаевтың басшылығымен еліміздің Президент Әкімшілігін Ақ­молаға кө­­­шіріп, толыққанды қызмет жүргі­зу­­ге бейімдеу қысқа мерзім іш­інде қамта­масыз етілді. Ол жа­ңа ас­та­намыздың құрылысын жүргізуге, маңызды әкім­ші­лік және әлеуметтік нысандар салу ісіне белсене атсалыс­ты. Мол тәжірибе, білім мен кәсі­би­лік, тапсырылған іске зор жа­уапкер­шілік оған қоғамда лайықты бедел әкеліп, құрметке бөледі. С.С.Қалмырзаевтың еңбегі жоға­ры мемлекеттік марапаттармен: «Парасат», «Қазақстан Республика­сы­ның Тұң­ғыш Прези­ден­ті Нұрсұл­тан Назарбаев» ордендерімен, көпте­ген медальдармен атап өтілді. Өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін еліміз бен ха­лқы­мыздың игілігіне жұмсаған ол Қазақ­станның нағыз патриоты болды. Сарыбай Сұлтанұлы Қалмыр­заев­тың жарқын бейнесі біздің жүрегі­міз­де әрдайым сақталады. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі