Жаңалықтар

АЛЕКСАНДР – АЛҒАШҚЫ АЛТЫННЫҢ ИЕСI

ашық дереккөзі

АЛЕКСАНДР – АЛҒАШҚЫ АЛТЫННЫҢ ИЕСI

Солтүстік Қазақстан өңірінің тумасы Александр Винокуровтың спорттағы баспалдақтарын жерлестері қалт жібермейді. Бұл жолы да Лондон олимпиадасына жерлесіміздің санаулы күндер қалғанда ғана жолдама алғанын жергілікті ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Байрақты бәсекеде веложарыстан 250 шақырымдық топтық жарыста мәре сызығын 5 сағат 45 минут 57 секундта бірінші болып кескен Александр Винокуров Қазақстан қоржынына ең алғашқы алтын медаль салғанын бүгінгі күні теріскей өңірінің жұртшылығы ғана емес, бүкіл қазақстандық мақтан тұтуда. Енді екі айдан кейін 39 жасқа толатын спорт майталманының ата-анасы әлі де Қызылжар ауданының орталығында тұрады. 62 елдің 144 үкілеп әкелген сайыпқырандары қатысқан дүбірлі бәсекеде жеңімпаздың ата-анасын жанкүйерлермен бірге жергілікті журналис­тер де құттықтады.

Александрдың анасы зейнеткер, әкесі он жылдан бері «Винокуров» жеке кәсіпорнын ашып, бизнеспен айналысып жүр.

– Бескөлге 1973 жылы көшіп келдік. Сол жылы 16 қыркүйекте алғашқы перзентіміз Саша дүниеге келді. Оның балалық шағы осында өтті, өз замандастары секілді мектеп қабырғасында білім алды. Кейін велоспортқа ынты­­зары ауып, төртінші сыныптан бастап Бескөл велоспорты мектебіне барды. Алғашқы жаттықтырушысы Сергей Кручина, – дейді Николай Алексеевич.

Винокуровтың кішкентай күнінде көзіл­дірік таққанын ата-анасы мен жерлестері ұмытқан жоқ. Спорттың арқасында көз ақауынан құтылған көрінеді. Мектепті тәмамдағаннан кейін облыс орталығындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік уни­вер­ситетінің дене тәрбиесі факультетіне құ­жат­тарын тапсырыпты. Қазір Франциядағы Ницца қаласының тұрғыны. Спортшының жұбайы да Қызылжарлық. Светлана Николаевна екеуі 13 жасар Ириша есімді қыз баланы, Николай және Александр есімді 10 жасар егіз ұлдарды тәрбиелеуде.

Қазақстандықтардың есінде болса, 2000 жылы Сидней олимпиадасында Қазақстан қоржынына алғашқы болып күміс медаль салған да осы Саша болатын. Содан бері «Тур де Франс» , «Париж Ницца» көпкүндік жарыстарының жеңімпазы атанды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Барыс», «Парасат» ордендерімен марапатталды.

«Баласы атқа мінсе, атасы тақымын қысады». Винокуров жарыс жолына шықса алдымен ата-анасы үміттерін үкілеп, тілегін тілейді. Сондықтан да анасы баласының тар­тысты жарыстарын көруге дәті шыдамайтынын айтады.

– Осы жолы да әкесі мен қарындасы Света екеуі жарысты «НТВ +» арнасы арқылы тікелей эфирден тамашалады. Мен болсам әдеттегідей, Жаратқанға сыйынып, далада жүргенмін. Кешкі он кезінде, яғни жарыс мәресіне жеткен кезде, үйден қуанышты да-уыстар естілді. Балам жүлделі орынның біріне ие болғанын түсіндім. Бірақ алтын медальды қанжығасына байлады деп мүлдем ойламаппын, – дейді Раиса Сергеевна.

Әкесі мен анасы Александр Винокуровтың жарыс жеңімпаздары ғана киетін 2001, 2007, 2008 жылдардағы үш сары жейдесін қонақ бөлменің төріне іліп қойыпты. Оларды «Ата-аналарыма Құрметпен! Денсаулық тілеймін! Сіздердің ұлдарыңыз», – деп Саша өз қолтаңбасымен сыйға тартыпты. Сашаның әртүрлі деңгейдегі жарыстардан алған медальдары мен кубоктары да бөлмедегі бірнеше шкафтың сөрелерін толтырып тұр. Саша сыйға тартқан он мың долларлық спорт велосипедін әкесі көзінің қарашығындай сақтап жүр.

– Соңғы жылдары осы «шайтан арбамен» серуендеп, саламатты өмір салтын ұстанамын. Кейде осы велосипедпен ардагерлер жарысына да қатысып тұрамын. Бірінші тамыз күні Франциядан ұшып келетін келінім мен үш немеремді Саша тарту еткен «Тойота» көлігімен Астанадан қарсы алуды жоспарлап отырмын,– дейді Николай Алексеевич.

Айгүл ЫСҚАҚОВА

Солтүстік Қазақстан облысы