АҚ КӨЙЛЕК – АДАЛДЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ

Халқымызда «Ағаш көркі жапырақ, адам көркі шүберек» деген ұлағат бар емес пе? Солай екен деп көзге көрінгенді үстімізге іле беруге де болмас. Денеге қонымды, жарасымды киінгенге не жетсін. Әсіресе, газеттегі мақалада айтылғандай, ашық-шашық, келте етек, келте жең, кіндіктен жоғары кеудеше кию осыдан біраз бұрын жаппай сәнге айналғаны бар. Бүгінде ол әдет сирей бастады.

Айтайын дегенім, киімдердің төресі саналатын, ең киелі де қастерлі киімнің бірі әрі бірегейі, өмірдің гүлі, көңілдің нұры болған, періште көңіл қыздарымызды қасиетті «келін» атандыратын, яғни жаңа түскен келінге арналған той көйлегі жайындағы мақала қолыма қалам алдырды.

Заман ағымына қарай мұндай көйлектердің түр-түрі шығып жатыр ғой. Бірақ солардың бәрі бірдей көңілден шыға қоймайды. Келіннің кеудесі, арқасы құйымшаққа дейін ашықтығын былай қойғанда, кейбір жастарымыздың шаштары үрпиіп, шаш сәндеуі де көзге біртүрлі ұсқынсыз көрінетіні бар. Дене бітімі келіскен келіннің жаңа аттаған босағасындағы үлкен-кішіге иіліп сәлем салған кезінде ыңғайсыздық туғызатынын көріп жүрміз. Содан кейін ол келінде не қасиет қалады?! Әрине, бәріне бірдей топырақ шашуға болмас. Дегенмен сол ақ періште келініміздің сүйкімділігін, ибалылығын, қадір-қасиетін бұзып тұрған еуростильдегі шетелдік сән үл­гілері де емес. Әркім көрпесіне қа­рай көсілсе, тіпті бүрмелі қос етек етіп тігілетін қалыңдықтың көйлегі атам заманнан бабалар аманатындай қабылданса, кім қой десін?! Бұл менің ғана емес, мен секілді қазақтың ғұрпын, ұлттық рухын көтеретін кез келген қазақ әйелінің пікірі дер едім. Ұлттық құндылықтардың ғұмырын ұзартатын осындай дәстүрімізге берік болуымыз, ең бірінші, өзімізге байланысты. Ер азаматтарымен тұрмыс тауқыметін тең көтеріп, келген жерінің берекесін асырып, үлкен бір әулетке данакөз бола алған ана-әжелеріміз тарихтан белгілі. Бүгінде солардың ізбасарлары – алдыңғы буын өкілдері, бір-екі баладан ғана туып, отбасында береке жоқ, туған-туысқа қадірі жоқ «жат келіндерге» айналып кетіп жатқан жоқ па? Сондықтан да мәселе киген киімінде де емес, әңгіменің түп-төркіні – тәрбиеде жатқанын айтуымыз керек. Алпыс екі тамырыңды иіп, дүниеге әкелген ұл-қызыңның қуанышынан, басына бас қосылуынан ата-ана үшін артық бақыт жоқ. Десе де, «баланы жастан, қатынды бас­тан» дегенді естен шығарып алмай, балаң үшін жұдырықтай жүрегін қолына ұстап босағаңды аттаған жұдырықтай келіннің де пікірімен санасып, ретіне қарай өзіңе бейімдеп, тәрбиелеу міндетіміз ғой. Егер тәлім-тәрбие көрген бала болса, түскен әулеттің атақ-абыройына, салт-дәстүрге сай тілектеріне мойынсұнады. Сыйластықтың, бір-біріне деген ынта-ықыластың басы да сол күннен басталатынын осылай ғана қалыптастырсақ деген ойды ұсынғым келеді.

Лида ЖАНБОТА,

І.Есенберлин атындағы мектептің мұғалімі

Алматы облысы, Қаратал ауданы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button