ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУГЕ НЕГЕ ИМЕНЕМIЗ?

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУГЕ НЕГЕ ИМЕНЕМIЗ?

ҚАЗАҚША  СӨЙЛЕУГЕ  НЕГЕ  ИМЕНЕМIЗ?
ашық дереккөзі

Таяуда ғана (29-30 маусым 2012 ж.) Қарағанды облысының Қарқаралы кентiнде өткен Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы әйелдер iстерi және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссиясының кезектi конференциясына қатысып, одан түйген ойларымды көпшiлікке жеткiзудi жөн санадым.

Екi күндiк конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы әйелдер iстерi және от­басылық-демографиялық саясат­ жө­нiн­дегi ұлттық комиссиясының төрайымы, Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Наушайқызы Әбдiқалықова, Қарағанды облысының әкiмiнiң орынбасары Жанбол Жiлбаев, Денсаулық сақтау министрлiгiнiң жауапты қызметкерлерi, елiмiздiң ғалым-дәрiгерлерi мен ЖОО педагогтары, облыстардағы әйелдер iстерi және отбасылық-демографиялық саясат бөлiмiнiң меңгерушi-хатшылары, кейбiр облыстардың әкiмдерiнiң орынбасарлары, спортшылыр мен журналистер қатысты.

Конференция тақырыбы «Қазақс­тан­да халықтың ұрпақты болу денсаулығын қор­ғаудың және отбасын жоспарлаудың қазiргi замандағы аспектiлерi» (орысшасы құлаққа жағымды естiлетiн шы­ғар, бағдарламада жазылғандай етiп өзгертiлмей келтiрiлдi – С.О.) бол­ған­дықтан бүгiнгi қоғамда кездесiп отырған оның проблемалары қызу талқыланып, пайдалы ой-пiкiрлер, ұсыныстар ортаға салынды. Барлығы жөндi болды десек те, «әттеген-ай!» деген мәселе шер-шемен болып көңiлде қалды. Ол –елiмiздiң егемендiгi үшiн, халқымыз бен ана тiлiмiздiң болашағы үшiн аянбай тер төккен, базбiреулерi өмiрiн қиған белгiлi қоғам қайраткерлерi Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Әлiмхан Ермеков, Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Нығмет Нұрмақов, қазақтың әйгiлi күйшi композиторы Тәттiмбет Қазанғапұлы, халық әншi-композиторы Мәди Бапиұлы, өткен жылы 100 жылдығы кеңiнен аталып өтiлген ақиық ақын Қасым Аманжолов, академик Әлкей Марғұлан, ғалым-фарабитанушы Ақжан Машанов және басқа азаматтардың туған топырағы, қасиеттi Қарқаралыда конференцияның бастан аяқ орыс тiлiнде өтуi. Өкiнiштiсi, конференция жұмысына қатысқандардың 90 пайызынан астамы өзiмiздiң қаракөздер, қандастарымыз. Орыс тiлiнде жасалып жатқан баяндамаларды тыңдап отырып, жан-жағыма бағдарлай қарап, өзiмнен-өзiм күйiп-пiсiп, намыс оты тұтанып, қаным тасыды. «Егемендiк алғанымызға 20 жыл болды, өз тiлiмiз, өз дiлiмiз қайта оралды!» деп әлемге жар салып жатқанымызда, Тәңiрiм-ау, мына iске не жорық? Өзiмiздiң ана тiлiмiзде баяндама жасап, отбасылық проблеманы талқыласақ, иығымыздағы шапа­нымызды бiреу шешiп ала ма, әлде тағымыздан түсiп қаламыз ба? Қашанғы қазақ тiлi жетiмдiк көрiп, мемлекеттiк дәрежеде пайдаланылмай, көлеңкеде қала бередi? Халықаралық конференция болса бiр жөн, ал республикалық конференция жұмысын неге мемлекеттiк тiлiмiзде өткiзбеске? Неден, кiмнен жасқанамыз? Жалтақтықтан қашан арыламыз? Ана тiлiмiздi өзiмiз қолдап, құрметтемесек, мемлекеттiк дәрежеде пайдаланбасақ, сырттан келiп бiреу ортамызға енгiзе ме?». Мiне осындай сұрақтар көп күндер бойы менiң мазамды кетiрiп, еңсемдi түсiрiп, жүрегiме тас-түйiн болып қадалды.

Конференция бағдарламасы халықаралық тiл деп жүрген орыс тiлiнде басылыпты, барлық 35-ке жуық баяндаманың тек 2-уi ғана қазақ тiлiнде жасалды. Талқылауға келгенде, пiкiрталаста барлығы «шөре-шөре» деп ойларын орыс тiлiнде жеткiзiп жатты. Өйткенi конференция жұмысының тiзгiнiн ұстап, жүргiзiп отырған модераторлар, яғни жүргiзушiлер (алматылық Тамара Жүсiпәлиева, астаналық Ажар Төлеғалиева, қарағандылық Қадиша Оспанова) қазақшасы жоқ екенiн сездiрiп, орыс тiлiнде жасалған баяндамаларды қолдап, пiкiр қосып, ал «арпа iшiндегi бiр-екi бидайға», яғни сөз кезегi бiзге қазақ тiлiндегi баяндамаларға тигенде, «келдiң өз аяғың, кеттiң өз аяғыңның» кебiн кигiздi. Тәрбие, отбасы салаларында қазақша көсiлiп сөйлей алмасақ, тәуелсiздiк алған 20 жылдық тiршiлiгiмiзден не қайыр? Туған тiлiн бiлмейтiн жиналыс жүргiзушiлерден не күтемiз?

Отбасылық проблеманы талқылай отырып, онда ана тiлiмiздi жетiмсiрету, осындай келелi басқосуда қолданбау көңiлге сызат түсiрмей ме? Отбасы мәселесiн өзге тiлде талқылап, бесiгiмiздi қалай түзеймiз? Бұл тығырықтан шығудың жолы бар ма?

Қашанғы орыс тiлi мiсiмiздi баса бермек? Дүниеге қазақ болып келгеннен кейiн неге өз ана тiлiмiзден жеримiз? Ұлтсыздық деген осындайдан басталмай ма?

«Орыс тiлiн бiлмесең құрметке ие болмайсың» деген кешегi күнгi ойдан айрыла алмай жүргендер ойланғандары жөн. Ұлттық намысы бар, елiн, жерiн, халқын, тiлiн сүйетiн адамға бұл сабақ болуы керек.

Қазақтың егемендiгi үшiн күрескен алаштың абзал азаматы Халел Досмұхамедұлы “Ана тiлiн жақсы бiлiп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл –сүйiнiш. Ана тiлiн бiлмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйiнiш“, – деген екен.

Менiң ойымша, республикалық конференция жұмысын жүргiзушi орыс тiлiмен қатар мемлекеттiк тiлiмiздi жақсы меңгерген адам болғаны дұрыс. Мүмкiндiгiнше ана тiлiмiздi қолдап, баяндамалардың басым көпшiлiгi қазақ тiлiнде болғанын қадағалау керек-ақ. Сонда ғана тiлiмiз қорланбай, жетiмсiренбей, көлеңкеде қалмай дамып, арамызда кең қолдануға ие болады. Онсыз алға басу жоқ. Барлығы бос сөз, бос даурықпа.

Сөйтiп, екi күнге созылған конференциядан санамыз санға, ойымыз онға бөлiнiп қайттық…

Республика көлемiнде конференция ұйымдастырушылыр алдағы кезде бiз көтерген бұл мәселеге орынды көңiл аударып, қаперiнде болып, сiз болып, бiз болып ана тiлiмiздi құрметтеп, қоғамымызда оның беделiн одан әрi көтере түссек, оның қолдануына кең жол ашсақ деген оймен осы жолдарды қағазға түсiрдiк.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

Медицина ғылымдарының докторы, профессор

Тараз қаласы