БІР АДЫМ ІЛГЕРІ, ЕКІ АДЫМ КЕЙІН

БІР АДЫМ ІЛГЕРІ, ЕКІ АДЫМ КЕЙІН

БІР АДЫМ ІЛГЕРІ, ЕКІ АДЫМ КЕЙІН
ашық дереккөзі

Дарынсыздар табиғатынан дарындыларға өш келеді, олар сол дарындыларды мұқатудан, аяқтан шалудан, құлатудан тіршілігіне қуат алатын секілді. Ұлтымыз зиялыдан, шүкір, кеуіп қалған жоқ, ұлт барда оның озық ойлы перзенттері де өмір сүреді. Әлдекімдердің қазақ сөзі кемеңгерлерінің бірі – Әбіш Кекілбаевты мұқату, осы ғұламадан ақылдырақ, ойлырақ болуға тырысу «науқанынан» ұлт бір нәрсе ұтты ма? Мен одан ешнәрсесі кетпейтін Кекілбаевты емес, ғұламадан теңдессіз рухани пайда табатын ұлттың есесі кетуін айтып отырмын. Ол – қазақтың бүкіл рухани тарихында Әбіш Кекілбаев болып қалатын адам. Дарынсыздардың, қанша оқыса да, адами, имани сауаты көп болмайды. Осы құбыжық орта Ресейде тырысқақ індетінің тоқтауымен байланысты Николай Біріншіні құттықтады деумен Александр Пушкиннің де соңына түскен, патшаны мадақтады деп Гогольді түтіп жегісі келді. Бірақ Герцен айтқандай «сынауға келгенде аса батылдық көрсететіндер әдетте, жасампаздықта әлсіз келеді». Сөйткен дарынсыздар есте де, есепте де ізі қалмай топ-тобымен, үйір-үйірімен кетті, олар ешкімнің жадында жоқ, Пушкин, Гоголь ұлтының, әлемдік мәдениеттің рухани қазынасы болып мәңгілікке қалды. Әбіш те солай қалады.

(Басы өткен санда) Мәселе – ұлтына да, адамзатқа да ортақ рухани құндылықтарды сіңіріп, маңайын, жұртын ізгілікпен сәулелендіретін зиялыда, зиялыларда. Зиялы – топтық қауым емес, жекеленген тұлға, тұлғалар, ал қауым – белгілі бір топты, қауымдастықты білдіретін ұғым. Республикалық басылымдардың бірінде «Зиялы қауым зиянды қауым ба?» деген де материал жарияланғаны бар. Қазақ тілі қалай көркейеді, сөздің негізіне де мән беруден қалып бара жатырмыз. Автордың айтпағы интеллигенция, интеллигенция болғанда мемлекеттік мекемелерде қызмет істейтін шенеуніктер. Олар қалай жаппай зиялы? Сөз арасында айта кетуге тура келеді, ХІХ ғасырда ақын Жуковский ендірген ресейлік интеллигенция термині өзге елдерде жоқ. Сол интеллигенция – шенеунік терминдерін таңумен қадірлі ұғым – зиялы атаулыға ұрыну деңгейдің төмендігін көрсетсе керек. «Жас Алаш» газетінде (№14, 22 ақпан, 2011 ж.) белгілі ақын Аманхан Әлімұлының «Ұлтымыз интеллигенциядан не күтеді?» деген материалы жарияланды. Көрдіңіз бе, интеллигенциядан! Ділімізді,тілімізді, дінімізді, яғни ұлт ретіндегі барымызды сақтауды, қорғауды, дамытуды интеллигенция атаулыдан күту керек деген тұжырым жасайды. Оған ақын және мынадай түсініктеме береді: «Интеллигенция – тапқа да, партияға да кірмейтін, не болмаса белгілі кәсіпқойлардың ұйым мүшелері де емес, ол тіпті әлеуметтік топқа да жатпайтын әртекті, әртүрлі мамандықтардағы азаматтар жиынтығы». Жақсы ақын жақсы емес сөзімді кешірер, бұл нағыз шенеуніктік ойды білдіретін қойыртпақ сөздердің жиынтығы. Ақын: «ұлтты түзей алмаса, ол – интеллигенцияның соры» деп, бәрін де әлгі «жиынтықтың» мойнына артып шыға келеді. Он тоғызыншы ғасырда орыс ақыны арқылы айта салған термин қашан, қайда саяси, рухани күшке айналып, қауымдасып, қоғамдасып елді мұратқа жеткізіп еді. Ілкіде Ресейде Радищев дәуірінен тәуір басталғанымен, ұзамай разночинділермен бытысқан Ресей интеллигенциясы билікке Лениннің келуімен саяси сахнадан кеткенін ұмыттық па? Оған жанасатын жалғыз оқиға – 1917 жылы ақпанда сол жиынтық интеллигенция Ресей билігін қолына алып еді, оның немен тынғаны белгілі емес пе? Сонда Ленин «интеллигенцияны – «таптың миы емес, б…ғы» деген жоқ па еді. Мүмкін, сөзді ебін тауып ойнатуға болар, ал оны халыққа жұмсап ойнату – қауіп. Интеллигенция делініп жүргендер негізінен, мемлекеттік аппараттың қызметкерлері – билікте жалданып жалақы алатын шенеуніктер. Олардың арасында сауатты, тәрбиелі, жөн-жосықты білетіндері, әрине, жоқ емес. Алайда Аманхан ақын осы материалында мысалға келтірген Мұстафа Шоқайдың сөзіне назар аударсақ: «Ұлттық зиялы деп кімдерді айтамыз? Бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, шын мәнінде бұл сұрауға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін зиялы деп атап, оны сол адам өзі тән болған ұлттың ұлттық зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсіз қателесеміз. Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттар төңірегіне жиналған оқымыстыларды (жиынтықты емес – И.А.) ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады… Зиялылардың міндеті ұлы да қасиетті болуы себепті ауыр». Ендеше, Әлімұлы арқалатқысы келген «ауыр жүкті» әртекті, әртүрлі мамандықтардағы азаматтар жиынтығы – интеллигенция емес, «халқына қалтқысыз қызмет ете алатын» зиялылар көтереді. Мұстафа Шоқай тағы да: «Зиялылар өз халқына қызмет етудің, халықпен ортақ тіл табыса білудің неғұрлым тиімді жолдарын таба білулері тиіс» деп те айтып кеткен. Ал, мына зиялы қауым делініп жүргендер өзара арпалысқа түсуліміз, жазушы Мағира Қожахметова айтқандай («Қазақ әдебиеті, №6, 11.02.2011ж.), жұртшылық «…ел назарына іліккен, жасы бар, кәрісі бар, әнші, биші, әртіс, саясаткер, депутат тәрізді белгілі тұлғаларға қатысты өсек-аяң, арзан жарнама, сылдыр сөзді есі кете оқиды… жадағай баяндаумен, мәнсіз ұранмен, хамелеондықпен, қан-сөлсіз патетикамен біздер, қаламгерлер оқырмандардың талғамын быт-шыт күйретудеміз. Бір-бірімізге ренжудің еш реті жоқ» деуі – жалпы қаламгерлерге деген үміттің өзін күйреткендей. Серік Ақсұңқарұлы да белгілі ақын. Ол «Дат» газетіне (№42, 24.11.2010 ж.) берген сұхбатында мынадай сөздер айтады: «Біздің зиялылардың естері дұрыс емес… қазақтың мүддесіне келгенде ауыз ашпайды… біздің зиялылар қажыды, шаршады… жазушылардың тең жартысы (?) – халтурщиктер мен графомандар… есі кеткен елдің еңсесі әлі тіктелер емес». Ал керек болса. Ақсұңқарұлы ақынның мына сөздерін рас десек, біз әлем таныған, мойындаған Қазақстанда емес, зиялыларында ес жоқ, жазушыларының жартысы халтурщиктер, елірген елде өмір сүріп жатырмыз. Қазір нарық жағдайында тұрмыс-тірші­лігімізге еніп, сөздік қорымызға орныққан, үрейі көп инфляция, деградация, дағдарыс секілді экономикалық категориялар санаға да қатысты екендігімен қауіпті. Олардың экономикадағы сипатын жөндеуге болар, ал санадағы орнының жөнделуі неғайбыл. Карл Маркстің «Ең қиын, алынбайтын қамал – адамның миы» деуі бекерге айтылмаған секілді. Рухани жүйедегі инфляция, деформация, деградация… қоғам мүшелерінің басым бөлігі сол жиынтық – интеллигенцияның санасына сіңіп қалғанға ұқсайды. Жаман әдет жаман ауру секілді жұқпалы келеді. Жиынтық – интеллигентті құрайтын алдыңғы буын өкілдерінің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы төгіп жатқан кертартпа пікірлерін кейінгі буынның іліп әкетуге дайын екендігі анық байқалады. Соның бір мысалы – соңғы кездері «шала қазақ» әжуасымен орыстілді шығармашылық өкілдерін балағаттау, сөгу көрініп қалулы. Бұл – «бізге», «сізге» бөлумен ұлтты ыдыратуы мүмкін әрекет. Көзі қарақты қазаққа саналы өмірін «ұлтым» деумен өткізген күні кешегі қайран ер Болатхан Тайжанның есімі мәлім. Бүгінде сол асылдың сынығы секілденіп ұлы Мұраты өсіп келеді екен. Өсіп келеді ғана емес, ол да әкесі секілді туған елдің арын арлайтын азамат ретінде қалыптасып келеді. Тілге, ұлтына, елге қатысты жиі салмақты пікір айтатын осындай жастар – қазақ ұлты қайраткерлерінің ертеңі-ау деп дәмелендіргендей. Алайда максимализм, асығыстық, оқиғаны тездетуге құлшыныс, тауып айтамын деп жүріп қауып айту жас адамды ойландыруы тиіс. Бұл дүниеде енді ғана табылғандай жаңа ешнәрсе жоқ. Дамудың табиғи өрісін бұзып, тездетуге тырысудың талайы тақырға отырғызған мысал жеткілікті. Ресей төңкерістік тарихы піспегенге ауыз салумен төзбес төңкерісшіл «нечаевшылдықтың» миллиондардың өміріне қаншалықты қасірет әкелгенін еш уақытта ұмытпайды. Осы ұзын әңгіменің негізгі арқауы жалпы баяндаудан көрінгендей – тіл. Мен осы материалда нені мысалға алсам да, қандай дерекке жүгінсем де, бәрі тілдің төңірегіндегі ой – тілді, қайран ана тілімізді қорғау мен сақтаудың мүддесі тұрғысы дегім келеді. Жанашыр көптің бірі ретіндегі ойым – тілді сақтау мен қорғауда, дамытуда мерзім белгіленуі алдамшы шара. Тіл жөніндегі заңдарды жетілдіру, бағдарламалар жасау, орындалу мерзімдерін белгілеу, ауық-ауық жарлықтар мен қаулылар шығару ешқандай нәтиже бермейтіндігін, жиырма үш жылдың «тәжірибесі» тайға таңба басқандай дәлелдеп берді. Бұл ұлттық мұраттың орындалмағы – қаулы, қарарларда емес, елдегі азаматтық ой мен істің деңгейіне тәуелділікте болып шықты. Ұлтымыз – Қазақ елі болып бейнеленетін Мұхтар, Ғабит, Сәбит, Ілияс, кешегі Алаш арыстары секілді тұлғалар шығара ала ма, сірә, мәселе осында. Түркі тілдерінің ең жетілген тармағы делінетін тілімізді келістіре алмай жүргеніміздің себептері – өлі иврит тілін тірілтуді бір отбасынан бастап мемлекеттік деңгейге көтерген еврей азаматының мысалына қарағанда себеп те емес. Тілдің мәселесін тек билік шешеді деу ұлт азаматтарының үлкен қателігі. Өткен жылы бұқаралық ақпарат құралдарында Алматы қаласындағы бірқатар қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар мен жас­тар ұйымдары өкілдерінің қол қоюымен Рес­публика Үкіметі әзірлеген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жобасына қатысты Елбасына, Премьер-министрге, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің төрағаларына, Парламент депутаттарына «Тіл мәселесін 33 жылға созбайық» деген Үндеуі жарияланды. Үндеуде көрсетілгендей, елде мемлекеттік тілді енгізу және дамыту, іс жүргізу осы уақыт ішінде шешімін таппағаны, мемлекеттік қызметкерлердің формальдық түрде ғана оқытылатыны, үкімет жиындарының бәрі орыс тілінде өтетіндігі, Заңдардың орыс тілінде дайындалып барып қазақ тіліне аударылатыны жөніндегі пікірлері орынды екені түсінікті. Соңғы он жыл ішінде бөлінген қаражаттың есебін, нәтижесін талап етудің де жөні бар. Бұлар бүгін және тек осы үндеуге өзек болумен байланысты туындаған мәселелер емес, өткен барлық жиырма үш жылдың мәселелері. Алайда барша жұртымызға мәлім бұл мәселелерді билік көрмей, білмей, сезбей отырған жоқ, оларды ел ынтымағын сақтай отырып, қалай табанды түрде жүзеге асырудың жолдарын таба алмай отыр емес пе? Бұл жерде үкіметке талап қою, міндет арту қиын емес, ал елдің белгілі перзенттері өздері, әрқайсысы жүйесін табатындай қандай ұтымды идея ұсынып, өздігінен жалпыға пайдалы нендей іс атқарып жүр? Үндеуде: «тіл мәселесін реттеуді 33 жылға созуымыз – өте сорақы жағдай. Мұндай масқаралық дүние жүзінің ешбір елінде, ешбір мемлекетте болған емес» делінеді. Бекер. Материалдағы Ирландия республикасының мысалына назар аударыңыз. Тіл үшін сегіз жүз жылға созылған қантөгістен кейін… елдегі 98 пайыздық негізгі ұлттың өз тілінде сөйлейтіндері 30 пайызды ғана құрайды. Соның өзінде мектептері тек бастауыштық деңгейде. Тіл мәселесіне қатысты жоғарыда келті­ріл­ген мысалдар мен деректер, пікірлер бұл реттегі бірқатар қызметтердің бар екендігіне қарамастың салдары сайып келгенде, лениндік әйгілі «бір адым ілгері, екі адым кейін» жағдайды айғақтайтыны, сірә, күмән жоқтығына көз жеткізеді деп ойлаймын. Осынау өрелі істі өрістетуге ел болып өреніміз жетпегендіктен, оны ой мен сананың аясынан алыстатып, мұны да қаржы, нұсқау, қаулы, заңдар жүзеге асырады деп өндірістік, техникалық санаттар сапына қосумен кейін кетуге келдік. Кездейсоқ орындармен кеңсе толтырып, тілді естің емес, жоғары жаққа ақпарат берудің есеп-қисабына айналдырған тілдерді дамыту мекемелерінің түрлері әлгідей. Қалың жұртшылықпен күнде сөйлесетін бұқаралық ақпарат құралдарының ұлттық лексиканың нормаларын қирата бұзып келе жатқандығы күнде көз алдымызда дедік. Оқуы рас шығар, бірақ игерген сауаты, түйсік-білігі, дүниетаным ауқымы қандай деңгейде екеніне қарамастан, бүгінде оқымаған адам табу қиын, бәрін де аса қадірлі ұғым – зиялылыққа топтап, зиялы қауым дейтінді шығардық та, шын мәніндегі санаулы ғана зиялыларды төпеуге тырыстық. Тіл заңмен емес, білікті ұстаз, парасатты тұлға, көрнекі жазушы, мәдениет, ғылым, қоғам қайраткерлері арқылы сақталатын, құрметтелетін және қорғалатын өте нәзік те күрделі сала екендігін ұмытқан секілдіміз. Бұл айтылғандардан шығатын басты қорытынды – тілдің мәселесі – ұлттық тілдің бір ғана функциясына – кеңсе, протокол тіліне мүдделі мемлекетке емес, ол тұтастай қоғамға тәуелді іс. Оның бүкіл тарихы тілді өсіретін де, өшіретін де тек қоғам екендігі өмірде дәлелденумен келеді. Сондықтан, тілді дамыту мекемелерімен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, пайдаға жарамайтын оқулықтарды шығарушылармен, ең соңында бір-біріміз жағаға жармасумен, бәрін қалыпқа түсіретіндей заңдарды аңсап алысумен еш нәрсе өнбейтіндігін егемендіктің жиырма жылдан астам уақыты көрсетті. Тіл сырқаты меңдеген біздің мына қоғамы­мыздың өзі не қоғам екені туралы ғылыми-практикалық анықтамасын білгендер бар ма? Мен жаңылысып айтуым әбден мүмкін, алайда елдегі философтар, саясаткерлер, қоғамдық ойдың білгірлері дейтіндей тұлғалар тарапынан әйтеуірі, ол мен үшін кездеспеген тақырып. Шынында да, елде қандай қоғам құрылып жатыр, оның моральдық, адамгершілік тіректері нендей тұжырым, ережелерге негізделген? Адамзат тарихының жолдарына қарағанда, дұрыс қоғам тек әйтеуірі біріге салу емес, креол тілді Нигерия да ел аталып отыр, ол қоғамдық қатынастардың бірыңғай ынтымақ жүйесі секілді. Адамдардың өзара байланысы мен ынтымағын бейнелейтін қоғамға өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастар, қоғамдық құрылыс, таптар мен топтардың, отбасының ортақ мұраты, саяси құрылым мен қоғамдық сана етене ынтымақта болуы тиіс сияқты. Ал бізде қоғамдық заңдылық, қоғамдық болмыс пен сана, қоғамдық еңбек бөлінісі, қоғамдық-экономикалық уклад, қоғамдық қатынастар, қоғамдық келісім сияқты әрқайсысы ерекше маңызға ие категориялар туралы ережелер былай тұрсын, солар жайынан қарапайым түсінік бар ма? Өзара байланыс, ынтымақ дегеннен шығады, мына деректер оның қоғамдағы деңгейінен толық мағлұмат береді деп ойлаймын. Небәрі 16 миллион тұрғындар бірімен бірі ымыраға келмейтін 7 партияға, бірнеше қозғалыстарға бөлінген. Жуықта олардың қатарына құрамы 150 мыңдық адаммен халықтық монархиялық партия қосылды. Бір қазақ ұлтына қызмет етемін деумен ұлт тірегі, ұлы дала, ұлы дала қырандары қоғамдары, қазақ тілі қоғамы сияқты ұйымдар және бар. Өмірі бастары бірікпей жік-жік болудан босамайтын жазушылар, өнер одақтары шашыраумен олар жүр. Елде 4155 діни бірлестіктер тіркелген, мыңдаған жұртымыз солардың соңында. Әбсаттар Дербісалының өзі жазған мақаласындағы: «Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтеріне қарағанда, қазір өзге діни секталарға кірген қазақтардың саны рас болса, 500 мыңға жеткен…». («Діндар аралық достық – уақыт талабы». «Егемен Қазақстан». 19.ІХ.2003ж.). Одан бері де он жыл өтті. Секталарға кіргендер көбеймесе, азайған жоқ. Солар қай қоғамның өкілдері, қай тілде сөйлейді? Экономика жағдайы меншіктің әрқилылығымен жақындаспайды. Елдегі ардагерлер ұйымында 1 миллион 700 мың зейнеткерлер есебі бар. Республикадағы еңбекке жарайтындардың 33,3 пайызы – 2,7 миллион адам өз бетімен күн кешіп жүргендер екен. Бүгінде енді әр текті ұйымдар мемлекеттік, мемлекеттік еместерге бөлініп күн кешетін болды. Елдің ертеңі жас­тар, олар қазір 4 миллионнан асты, тек жоғары оқу орындарында 629 мың студенттер білім алады. Сол жастарымыздың өздері бірнеше ұйымдарға бірігулі. Мәлімсіз оқу орындарының көбеюінен талабы жоғары, қабілеті төмен люмпендер шығуда. Мемлекеттік тіл белгілі заңдарға сәйкес, алдымен мемлекеттік мекемелерде игерілуі тиіс. Елде 91559 мемлекеттік қызметкерлер есебі тіркелген. Олардың 51467-і – әйелдер, 35955-і – ер адамдар. «Ұлт таймс» газетінің (биылғы жылғы 5-саны) дерегіне қарағанда, қазақшаның шамасы индустрия және сауда министрлігінде – 26,1; экономикалық қылмыс және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде – 18; еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде – 17,5; Ұлттық Банкте – 3,9; ақпарат және байланыс агенттігінде – 2,3; негізінен қазақ ұлты орналасқан ауылмен байланысты ауыл шаруашылығы министрлігінде – 23,3 пайыз ғана. Мен айтпайын, елдегі қадірлі азаматтардың бірі, Қазақстан Халықтары Ассамблеясының мүшесі, Парламент депутаты Розақұл Халмұрадов айтсын. Осы кісі жуықта «Егемен Қазақстан» газетінің 19 мамыр күнгі санындағы «Өзі бастамашылық жасайды, өзі орындамайды» деген материалында: «Қазақстан Республикасы Конституциясының 66-бабында «Үкімет Заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді» деп тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Ал іс жүзінде Үкімет өзі бастамашылық жасап енгізген заңдарды да толық орындамай келеді. Атап айтқанда, Қазақстан Республи­ка­сын­дағы тіл туралы» Заңның қолданысқа енгізілгеніне 15 жыл болды. Сонша жыл өтсе де, заңның 23-бабындағы «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы Заңдарымен белгіленеді» деген нормасы әлі күнге дейін орындалмай келеді» деп жазды. Елдің 60 пайыздан астамы қазақ ұлты бола тұра бұқаралық ақпарат құралдары арасында елге етене жақын саналатын, әділі керек, көп реттерде рухани күрделі мәселелерді көтеретін негізгі басылымдар: «Қазақ әдебиеті» газеті бір шағын ауданның тұрғыны санына да жетпейтін 14770 данамен, «Ана тілі» газеті 25 мың, «Жұлдыз» журналы 3359 данамен ғана тарайды. Жарты миллион тұрғыны бар, басымы қазақтар Қарағанды қаласында қазақ тілінде жалғыз газет бар. Орыс тіліндегі «Время» газетінің жалпы тиражы – 175 мың! Ал республикада орыс тілінде тарайтын мерзімдік басылымдар – 955, қос тілділері – 959. Бұл – ел тұрғындарының қаншасы қазақша, қаншасы орысша басылымдарды оқитындықтарының көрінісі. Егер оқымаса, таралмаса нарықтық жүйеде ешкім де газетін тегін шығармас еді. Мен оларды өзге тілде болғандықтан оқымау керек дейін деп отырғаным жоқ. Заман басқа, заң басқа – әркім қай басылымды қалайтынын өзі білуге керек. Менің осы деректер мен мысалдарды келтіріп отырған себебім – біз өмір сүріп жатқан қоғамның әлеуметтік кескін-келбеті туралы ой қозғап көру. Сірә, мәселе тіл туралы қысаңға айналған, айтыла-айтыла сарсаң еткен әңгімені қуып, қоздата беруде емес. Конституциясында қазақ тілін мемлекеттік деп белгілеп, оны дамытуға миллиардтап қаржы бөліп отырған, заң аясында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін тілдерді дамыту комитеттерінің бірегей жүйесін құрып, қазақша сөйлеуге тыйым салып отырмаған үкіметке басқа бүкіл саяси-экономикалық, шаруашылық, т.б. іргелі қызметтерді ығыстырып қойып, алдымен тіл мәселесімен айналыс дей алмайсың. Қисынына келгенде, тіл төңірегінде сын айтыла қалса ресми орындардың оларды сол сәтінде бекерге шығарып, атқарылған қызметтерді тізбелеумен, өре тұра келуінің жөні бар. Себебі жоғарыдағы айтылған үкіметтік қамқорлықтарды жоққа шығара алмайсың, бақылауы, қайтарымының есебі болмағанымен, қаржы бөлуден кемшілік таппайсың. Нәтижесінің нендей екенінде ешкімнің шаруасы жоқ, тілді үйрететін орталықтар сансыз көп секілді – нақты қанша адам оқып, тілді қай шамада үйреніп шықты, тілді үйренудің нәтижесі оған не берді? – қағазда болуы мүмкін, алайда жұртшылық білмейді. Үкіметтің тілі, жоғарыда айтылғандай, кеңсенің – протокол –құжаттардың тілі. Тілді дамыту комитеттерінің қызметтері соған сәйкес келеді. Үкіметпен алысуға тырысудан ешнәрсе шықпайтыны өз алдына, ол өзіне тиесіліні, кем-кетігі жоқ емес, бірақ атқарып келеді, үкіметке орынсыз қарсы келудің қай жаққа да қаупі көп. Егер үкіметке сын айтылу керек болса, сірә, жоғарыда көрсетілгендей, бөлінген, ымырасы, ынтымағы жоқ әлеуметтік, саяси, шаруашылық топтарды елдіктің темір қазығы дерліктей ортақ мүддеге, айқын мақсатқа бірігетіндей қуатты қоғам құруға күш салуы керектігін айтуымыз керек шығар. Шүкір, мемлекет ретінде танылдық, нығайдық, даму мен өрістетудің мүмкіндіктері пайда болды. Алайда елде жоғарыдағы деректер мен мысалдардан көрінгендей, қоғамдық қатынастарда, мемлекетіміз саяси жүйенің негізгі институты ретінде экономикалық мә­се­лелердегі нәтижелерге қарамастан, әлеуметтік құрылымды басқаруда елеулі олқылықтарға тап болып отырғандығын көрсетеді. Әдетте, Үркерді көру үшін оның тура өзіне емес, маңайына қарау керек екендігі сияқты, ұзын әңгімеге, таусылмайтын таласқа айналған тіл мәселесін тану үшін ол өмір сүретін бірден бір орта – қоғамды тануымыз керек. Мемлекет қоғамды тудырмайды, қоғамнан мемлекет пайда болады. Тіл – бесжылдық жоспарлар емес, оның қаржыға да қатысы көп емес, ол тек сананың ісі мен мұраты. Қазақ тілін ана тілі ретінде сақтау мен қорғау ана тілде таза сөйлейтіндерді сақтау мен қорғаудан басталады. Ал бізде, ұлттық тілде жарасымды сөйлейтіндердің қаншалықты қоғамдық, мемлекеттік қадірі бар, сөз өнерлеріне шеберлерді үлгі етудің мысалы бар ма? Жоқ. Мемлекеттік тіл туралы Заңның қазақ тілі туралы заң екеніне ешкімнің дауы жоқ. Бірақ ол қазақ тілі функцияларының тек біреуін – мемлекеттігін ғана қарастырады. Ал тілдің нәр алатын және нәр беретін табиғи тамырлары, тілді сақтайтын, қорғайтын және дамытатын өрістері – ұлттық салт-дәстүрлер, өнер, мәдениет жалпы алғанда, діл – аталған заңда жоқ, болмайды да. Сондықтан қандай керемет заңдардың да тілге пайдасы мардымсыз. Рас, миллиардтаған қаржы бөлініп, оқу орталықтары оқытумен айналысуда, рас шикілі-пісілі оқулықтар, сөздіктер шығарылуда, рас, «көңілді» шаралар өткізілуде… Бірақ бұлар әлгі айтылғандай, көп функциялардың бірінде істеліп жатқан сияқты етіп көрсетуге тырысатын алдамшы түрлері ғана. Былайша айтқанда, дауласа кетуге себеп боларлық санда бар, сапада жоқ есептік қызметтер. Сөйтіп, әлемнің орасан зор шапшаңдықпен өзгеріп келе жатқан қазіргі түсініксіз жағ­дайында дәстүрлі қоғам қайда да ескісін есіркемей, жаңаны келістіре алмай қайда да, соның ішінде ол қазақ жұртында да жантәсілім шағын басынан кешіруде. Ауызды қу шөппен сүртіп, барға көз жұма қарау пиғылы жоқ, елде рухани саланың салы суға кетті деп түңілу де емес, бұл реттегі бірқатар игі істер әрине бар, олар да көпшіліктің көз алдында. Мәселе қажетті қызметтердің талаптар деңгейінде еместігінде де емес, мәселе – Қазақстан қоғамы дейтін адамдар қауымының, жоғарыдағы мысалдар мен деректерден көрінгендей, саяси-әлеуметтік құрылымындағы өзара байланысының тым әлсіздігінен, не тіптен байланысы жоқтығы былай тұрсын, өзара теріс бәсекелестігінің өршуімен ел болашағының тұтастығына шүбә келтіруінде болып тұр. Осындай әлеуметтік ауа жайлаған алабажақ қоғамда бір тілдің – екі империядан, ұлттық нигилизмнен шаршап шыққан қазақ тілінің ортақ тіл қызметін атқаруы сірә, оңай емес. Әйгілі психолог, социолог Эрих Фроммның: «Адамзат ХІХ ғасырдың орта тұсынан-ақ есалаңдыққа түсті. Экономика ғана мақсатқа айналғанда, қоғам дағдарысқа түседі» дегені расқа айналды. Қоғам дағдарысы негізінде тұтынушылық, қанау, енжарлық, бәсеке қабаттасып, әлеуметтік ауа жайылуға апаратын құбылыс болғандықтан, бұлардың қай-қайсысы да руханиятыңды тапап өтетін категориялар. Тапап келеді. Сонымен, қоғамды біріктіретін тіл, ал тілдің тұрағы – қоғам. Тілді өсіретін де, өшіретін де – қоғам, ал оның өсуіне, не өшуіне ықпал ететін – мемлекет. Ендеше, тіл белсенді болуы үшін сол тілде тіршілік ететін қоғам белсенді болуы тиіс. Сірә, басқа амалы жоқ, оны жақсартады екен дейтіндей заңдардан, жарлықтардан, қаулы, нұсқаулардан үмітіңді үз. Өткен жылы елдегі белгілі 138 қоғам қайраткерлері, жазушылар, өнер адамдары республиканың жоғарғы билігіне мемлекеттік тілді игерудің қысқа мерзімін талап етумен ультиматум түріндегі үндеуінен нендей нәтиже шықты? Нәтиже шығуы мүмкін емес еді. Ол тек биліктің қарсыласуынан емес, оған жалпы жоғарыда айтылғанда шашыраңқылықтығы қоғамның дайын еместігінің салдары еді. Ендеше, сол 138 қайраткер де, ұлттың тілге жаны ашитын барлық басқамыз да биліктен дә­метейік, ықпал жасауға тырысайық, бірақ шешуші күш – қоғамдық күш екенін терең сезінумен бұл істегі қоғамдық ықылас пен ынтымақтың қуатын пайдалануымыз керек. Әдетте, билікпен алысу, оның ішінде орынсыз жағаласу пайда бермейтіні белгілі. Билік жағаласуға үйреніп әккі болған сайын айлалы келеді. Бірақ олар біздің билігіміз, өз адамдарымыз. Олар жеңілсе тек адамгершіліктің, азаматтықтың, елдіктің қуатты үнінен ғана жеңіледі. Ал бұл үн әр жерден шулап, айқайлаған жеке адамдардың немесе ұпай ойлаған топтардың емес, қалың жұртшылықтың қалауын айқындайтын, ақыл мен парасатты көздеген сабырлы, салиқалы үн болуы тиіс. Қоғамдық қатынас саласында елдік мүд­де­дегі өзара ықпалдастық, ынтымақ пен ықылас жүйелі идеялық, мақсатты бір ізге түспей, елдің қай шаруасы да табысты бола алмайды. Сондықтан, бұдан шығатын қорытынды, жалпы алғанда, мемлекеттік билік, оның ішінде, ең алдымен, мәдениет, білім және ағарту ми­нис­трліктері, ресми бұқаралық ақпарат құ­рал­дары, шығармашылық одақтары өз қыз­мет­терінде кешегі кеңесте де, бүгінгі кеңес емес­те де қашаннан қалыптасып қалған қасаң, тап­таурын тәсілдерден арылып, сөзуарлықтан кетіп, иландырмайтын ұран сөздер мен бояу сөздерді қойып (мұның бәрін халық білмей, көрмей, ескермей, бас шайқамай отырған жоқ), халық жүрекпен қабылдайтындай белсенді істерге көшу керек. Күні кешегі Ілияс Омаров, мен егер жаңылыспасам, сауда министрі қызметінде жүріп-ақ бір өзі тұтас ұлттың рухани мәдениетін көтеруде өлшеусіз еңбек етті! Ел Өзбекәлі Жәнібековті де ұмытпай еске алумен келеді. Бүгінде қай министрліктен, әсіресе олардың гуманитарлық салаларынан, қандай қайраткерлер танылып отыр. Тек әйтеуір, кезексіз келіп, кезексіз кетудің органдары емес пе? Аталған ресми орындар ел алдындағы тарихи-азаматтық жауапкершіліктерін терең сезініп, өздеріне тиесілі гуманитарлық саланы өрістетудің жаңа уақыт пен жаңа жағдайларға сәйкесті өркенді үлгілері мен үстем идеяларын жасауға керек. Министрліктер мен шығармашылық одақтары заманның өзі ұсынып отырған осындай талаптарға жауап берерліктей істерді перзенттік міндет, парызбен атқара алмаса, онда олардың елге қан­шалықты қажеті бар, азықты жерде неге отырады деген сұрақтар туындауы заңды. Сірә, атқара алмағандықтан болуы керек, егемендіктің жиырма жылында аталған ведомстволарда алмасқандардың есебін шығарудың өзіне есеп керек. Мәдениет дегеніміз тек ән салып, би билеу, экрандау, не сахналау (бұлар да құндылық мәндерінен алыстап, табыс табу мен тұтыну істеріне айналып барады) емес, ол әнші Күләш Байсейітова, әртіс Қалыбек Қуанышбаев, жазушы Мұхтар Әуезов, ғалым Қаныш Сәтбаев, суретші Әбілхан Қастеев, композитор Ахмет Жұбанов сияқты көрнекі тұлғалар арқылы қалыптасатын, танылатын, ұғынатын, шығарылатын және мақтаныш ететін танымдық, тағылымдық, үлгілік категория. Ел осындай перзенттер шығатын қоғам болуы керек. Министрліктер мен ведомстволар халықтың рухани ыңғайынан шығайын десе нақ қалың бұқараның өзімен тікелей, қоян-қолтық қатынаста қызмет етуі тиіс. Ал, олардың бүгінгі шаруаларында осындай жақындық, үйлесімділік жоқ. Қоғамның игі істерге ықпалды болмағы – оның халық арасында ғылым мен білімде, мәдениет пен өнерде, саясат пен экономикада парасат, билік, бедел, істе шеберліктерімен танылған неғұрлым белсенді, зиялы тұл­ға­ларының жарқын ойлары мен жасампаз іс­те­ріне тәуелді. Елдің дұрыс ел болмағы тек заң­дар­ға тәуелді деу, сыпайылап айтқанда, қате. Заң немесе заңдар тыйым салу мен рұқсаттың төң­ірегін реттейтін құжаттар тізбегі ғана, ал ел­дің ел болмағы тіптен әлеуметтік жақсы жағ­дайларға да емес, әділдікке ұмтылған қо­ғам­ға байланысты, оның жасампаз қайнар көзі – зиялылық. Осыдан туындайтын ой есімдері ел аузын­да, алайда әр түкпірде шашырап жүрген зия­лыларды бірегей, ортақ мүддеге қызмет ете­тіндей амалы табылуға тиіс. Халықтың, оның ішінде парасатты бөліктерінің есепсіз пар­тияларға, топтарға, қозғалыстарға, ұйым­дар­ға,­ т.т. бөлінуінен пайда жоқтығын тарих­тың өзі дәлелдеген, бұлай тармақталудың өзара қақтығыстар мен билікпен шиеленіс тудырғаннан басқа берері, жеткізері жоқ. Мысалы халық арасында ілкі бастауында қа­лың бұқаралық қуатты қозғалыс тудырған «Қазақ тілі» қоғамы құрылымын алып қарайық. Кезінде елде үлкен жігер, ынтамен басталған оның жұмысы сол ілкі лықыған қуатты екпінімен бірер жылдар жалғасты да, кейін барған сайын әлсірей берумен өшуге келді. Өзім осы қоғамнан жиырма жыл бойы алыс кетпегесін, көрген-білгенімді айтамын. Бұл да кезінде төңкеріс есебіндегі іс болған еді. Әдетте, төңкерісті идеалистер әзірлейді, романтиктер төңкереді, ал оның қызығын оған қатысы жоқ әрқилы адамдар, тіптен алаяқтар көреді деген бар. Мен бұл пікірді қоғамның өткені мен бүгініне тұтастай таңайын деп отырғаным жоқ. Қоғамның алғашқы жетекшісі қадірлі ғалым Әбдуәли Қайдаров та, оның сол кездегі орынбасары, бүгінгі жетекші Өмірзақ Айтбаев та ұзақ жылдар бойы тапжылмай еңбек етті. Қоғамның ел, билік алдында кезінде айтарлықтай беделі болды. Алайда алғашқы қалың дүрбелеңде қоғамның әсіресе жергілікті ұйымдарын басқару, көп жерде, тілдің өзекті мәселелерінен хабары аз, не мүлдем жоқ, мүмкін тек ынта мен ықылас бар шығар, отставкадағы әскерилердің, ауыл шаруашылығы мамандарының, әйтеуірі, мұғалімдердің, зейнеткерліктегі партия, кеңес қызметкерлерінің әуелі құзырына, кейін меншігіне өтті. Мұны енді одан әрі тәптіштей берудің қажеті жоқ, бұл да күні бүгінге дейін, ұлтымыз тілінің жай-күйіне деген реніштер мен сынға қарсылардың: «… сонымен бірге халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жұмыс істейді деп тағы бір «көзір» аша қоюдың дерегіне айналды. Сондықтан, аталған қоғамның өткеніне са­лауат, атауының өзі жиырма үш жыл бойы санамызға азды-көпті азық болғанына ризалық айтып, оны қалыптасқан жаңа жағдай, жаңа талаптарға, жаңа ұрпақтың дүниетанымын ескере отырып, бұрынғыны тірілту емес, өзге әдіс-тәсілдермен қайта өрлетудің қызметтері атқарылуы тиіс. Сірә, жұртшылықтың қоғамның қызметіне деген көңілі толмағандықтан, үміттері ақталмағандықтан, болашағы бұлдырлығын сезгендіктен болуы керек, осы қоғамның қажеті бар ма, оның жабылғаны дұрыс деген пікірлер жиі көрінуде. Мәселе, әрине, әйтеуірі барды жабуда емес, жаба салудың қиындығы жоқ, іс жапқаннан түзелетініне көз жетсе, оны жабу деген сәттің ғана шаруасы. Мәселе, сол барға жаңаша дем беру, иінін тауып, өрлетуде болып тұр. Бүгінде қазақ қо­ға­мында, жоғарыдағы мысалдарға қарағанда, тұтас елдіктің жайын жан ауырта ойлайтын, түсінетін осы тіл қоғамынан өзге бір де бір бұқаралық қызмет жоқ. Ендеше, өздері жа­сам­паздық бағыттағы ұлтшылмыз, ойлайтынымыз осы ел, осы жұрттың жарқын бүгіні мен ертеңі дейтін азаматтардың тізе қосып, биліктің де басын орынсыз ауыртпай, күшке салмай, зиялылық, парасатпен қолға алатын іс нақ осы «Қазақ тілі» қоғамын жаңа жағдайға үйлестіріп, жұмысын бұрынғыдан мүлдем өзге әдіс-тәсілдерге құруда болып тұр. Елде жаңа жағдайға сәйкесті жаңа талаптарға жауап беретіндей жаңарған қазақ тілі қоғамын билікпен қайшылыққа келмейтіндей етіп құрудың кедергісі көрінбейді. Кешегі Ресей империя саясатына қажет болғандықтан елдің мүддесін ойлаумен Ресей тарихы қоғамын құрып, оны кезінде ұзақ жылдар бойы үздіксіз ұлы князьдер, әйгілі дінбасылар, атақты ғалымдар басқарғаны белгілі. Одақ ыдырап енді оқшауланғанда Ресейдің төл тарихы қайтадан керек болып, бүгінде қайта құрылған сол қоғам Ресей думасының спикері Нарышкиннің жетекшілігімен жұмысын жалғастырып кетті. Себебі ол ел рухани саласының әлсіз буыны еді. Ал біз үшін әлсіз буын – тіл, ана тіліміз. Сондықтан біздегі аса қажет қоғамдық ұйым – тіл болуы заңды. Астанада тек соңғы бір жылдың ішінде дүние жүзінің көптеген елдерінің қатысуымен бесінші экономикалық форум, Саяси репрессия құрбандарын еске алу, дүние жүзі діндерінің кезекті съезі өтті. Халықаралық форум деңгейінде «Жаңа дүниедегі Евразия мәдениетін» талқыладық. Соған қарағанда ұлттың ұлы арманы – тілімізді қалай талқылайық десек те мүмкіндік мол. Жұртымыз жаңа қоғамның құрамынан әр жерде шашырап жүрген Мұхтар Шаханов, Герольд Бельгер, Амангелді Айталы, Дос Көшім, Мұрат Әуезов, Асылы Османова, Айдос Сарым, Өмірзақ Ақжігіт, Марлен Зиманов, Марат Қабдырахманов сияқты ұлттың шынайы жанашырларын көрсе. Мұндай тізімді ұзын етіп жасаудың қиындығы жоқ, шүкір елде ақылы мен ойы, ниеті мен ісі келісті ұл-қыздар аз емес. Егер осындай халық таныған таңдаулы қатарға, болашақ қоғамдық ұйым билікке қарсы емес, қайта онымен қанаттаса жүріп келісіммен, түсіністікпен қызмет етуге керектіктен, нақ сол биліктің маңайында елге танымал тұлғалар, мысалы Павлодар облысының әкімі, әйгілі азамат Мұхтар Арынның елдік ісін сәтімен жалғастырып келе жатқан Ерлан Мұхтарұлы Арын, Парламент делегаты Халмұратов, «Нұр Отан» ХД партиясының жауапты хатшысы Ерлан Қарин, Президент әкімшілігінің жауапты қызметкері Үмбетов… сияқты азаматтарды біріктіріп, әлгі қоғамның жаңа концепциясымен «Күлтөбедегі кеңестің» жаңа заманға лайық түрін жасай алсақ, мүмкін елдің көп арманы сонда дұрыс әңгіме болар ма еді… Біз, қазақтар еңселі ел болуды шынымен көксесек, басқа басқа, ең алдымен өзге этнос пен өзге тілді өңменінен итерудің бір де бір мысалына жолықпауымыз керек. Осы ретте бүгінде бұрын-соңды кезікпеген дағдарыстағы Грекияның өткендегі ғажайып тарихы ойға оралады. Ол өзінің бүкіл тарихында көне эллин кезеңінен бері қарай, кем дегенде, бес рет керемет өркениеттермен дәуірлеген өз нәсілі азғантай ғана жұрт еді. Олар қазір де он миллионға жеткен жоқ. Міне, сол жұрт өзге ұлт, өзге елдермен бауырласа отырып, тамаша ғұмырлар кешті. Америка құрлығының Латындық деп аталатын көп елдері – шағын, испандықтар мен азғантай португалдықтардың елде қанша ұлттар мен ұлыст