Жаңалықтар

ҚҰРЫЛЫСТАҒЫ СОРАҚЫЛЫҚ

ашық дереккөзі

ҚҰРЫЛЫСТАҒЫ СОРАҚЫЛЫҚ

Мемлекеттiк бюджеттен бөлiнген қыруар қаржыға сапалы нысан салуға қабiлетсiз компаниялар құрылыс саласынан аластатылмақ. Үкiметтiң құрылыс компанияларына қойылуы тиiс халықаралық талаптарды алып тастауының соңы «әттеген-ай»-ларға ұласты. Бұл – қыруар қаржы мен уақыттың желге ұшуына себеп.

ҚР Құрылыс және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі агенттік әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылыстарын тек ірі компанияларға сеніп тапсыруды көздейді. Агенттік төрағасының орынбасары Николай Тихонюктің мәлімдеуінше, «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңға да толықтырулар енгізілетін көрінеді. Демек құрылысқа қатысты тендерді ұтып алуда ең төмен баға емес, тендерде бақ сынайтын мекеменің құрылыс нарығындағы тәжірибесіне көңіл аударылады. Ресми деректер бойынша бүгінде Қазақстанда 44 мың кәсіпорынның құрылыс салуға лицензиясы бар. Н.Тихонюк олардың небары 3-4 мыңы ғана көпқабатты нысандарды тұрғызуға қауқарлы екенін айтады. Сондай-ақ, 15 мыңға жуық үшінші категориялы лицензия құрылыс мекемелеріне пәтерлерді жөндеу мен аса күрделі емес жұмыстарды атқаруға берілмек. «Бізде керісінше, не тәжірибесі, не базасы, не мамандары жоқ болса да, лицензия алуға қол жеткізгендер көп» деп ашуланған Тихонюк құрылыс саласына қойылатын талаптардың күшейтілетінін айтады. Бұдан былай 5 қабаттан жоғары құрылыс нысандарын, мектеп, аурухана, емхана, тұрғынүй т.б. салуға тендер ұтып алу үшін көпқабатты нысандарды тұрғызуда кем дегенде 5 жыл тәжірибесі болуы шарт. Ал көпірлер мен 20 қабаттан жоғары үйлерді тұрғызуға компаниялар кем дегенде 10 жыл тер төгуі тиіс.

Сыбайлас жемқорлықтың қайнар көзіне айналған тендер мәселесі талай қылмысқа арқау болып отыр. Николай Тихонюк тендер жеңімпаздарын анықтау жүйесін түбегейлі өзгерту керектігін айтады: «Бір миллиард теңгеге бағаланған және мемлекеттік сараптамадан өткен нысанды қалайша 900 миллион теңгеге салуға болады? Олай ету үшін құрылыс нысанының бір жерін аяқтамау керек немесе ақауы бар материалдарды пайдалануға тура келеді». Оның сөзінің жаны бар. Өйткені 2005-2007 жылдары салынған «Бесоба» тұрғынүй кешеніндегі апат бұған дейінгі құрылыс саласындағы талаптар мен шектеулердің алынып тасталуы салдарынан болған. «Мемлекеттік тапсырыс бойынша салынып, құлап қалған үй жоқ. Бірақ «Бесоба» – тапсырыс қабылдаушы компаниялар салған үй. Бірақ тапсырыс қабылдаған кәсіпорын қашып кеткенін білесіздер. Ал мемлекет үйді аяқтауға қаражат бөлуге мәжбүр болды. Бірақ мемлекет сол үйдің төменгі жағынан Қарағанды қаласының әкімдігі салынып жатқанын білген жоқ. Ал ол жерде құрылысқа қойылатын талаптар мен шарттар басынан аяғына дейін мүлде сақталмаған» деп мәлімдеген Тихонюк құрылыстық нормалар мен талаптардың алынып тасталуына бірнеше себеп ықпал еткенін айтады. Анығында, 2005-2007 жылдар аралығында құрылыс компанияларының өкілдері шу шығарыпты-мыс, жан-жақтан қысым көрсетіледі деп наразылық танытыпты-мыс, кәсіпкерлер ассоциациясы «билік құрылыстағы кедергілерді жойса, құрылыс компаниялары асқан жауапкершілікпен жұмыс істер еді» деген уәж айтыпты-мыс. Осылайша 16 құжаттың тізімі 4-ке дейін амалсыздан қысқартылыпты-мыс… Ақылға қонымсыз жайт. Кез келген мәселеде бекітілген халықаралық стандарттар бар. Оны ешкім, ешбір мемлекет, ешқандай сала еріккеннен бекітпейді. Адам тағдырына тікелей қатысы бар нәрселерде «шу шығарды», «уәж айтты» деп ақталу да кәсіби біліктіліктің төмендігін көрсетсе керек. «Жалпақшешейліктің» кесірінен сол екі жылда тұрғызылған қанша нысан бүгінде адамдардың өміріне қауіп төндіруде. «Бесобадағы» жағдай – сол сорақылықтың бергі жағы ғана. Лайым, жамандықтың бетін ары қылсын дейік. Бірақ билік, тиісті органдар сол кезеңде салынған құрылыс нысандарын түгел қайта тексеруден өткізуге міндетті. Мұны шенеуніктердің өзі де мойындап отыр: «Тұрғызылған үйлерге мұқият тексеру жұмыстарын жүргіздік. Сапасы нашар екені анықталды. Негізінен олар үлескерлік құрылысқа қатысты. Ал мемлекеттік… Енді сапаға байланысты туындайтын сұрақтар бар болғанымен олардың тұрақтылығына кепілдік бере аламыз. Өйткені олардың барлығы жобалық-есептеу құжаттары бойынша жүзеге асырылған және мемлекеттік сараптамадан өткізілген» (Тихонюк). Айтпақшы 1 тамыз күні Қарағанды қаласының әкімі Бауыржан Әбдішев «Бесоба» тұрғынүй кешені бұзылатынын, оның орнына жаңа кешен бой көтеретінін жеткізді. Желге ұшқан қайран қаржы. Құрылыс барысында кемшіліктер мен заң бұзушылықтарға жол бергендердің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша іс қозғалған көрінеді. Бірақ бұл ысырап болған қаражат пен уақытты кері қайтара ала ма?

Өткен аптадағы ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің алқа мәжілісінде мекеме басшысы Серік Нокин: «2012 жылдың алғашқы жартыжылдығында ведомство құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге 3972 рұқсат беріп, техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыратын, жобаларды сараптайтын және ғимараттарға техникалық тексеру жүргізетін 2842 сарапшыны аттестациядан өткізді.

Сонымен қатар 5986 лицензияны қайта ресімдеп, 572 жаңа лицензия берді. Құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына 4308 жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жүргізді. Жүргізілген тексерулердің нәтижесінде 4810 құрылыс субъектісіне нұсқамалар берілді және олар жауапкершілікке тартылды», – деп мәлімдеді. Нокиннің пайымдауынша, талаптарды, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейту біліксіз мамандарды құрылыс саласынан аластауға мүмкіндік бермек.

Негізі құрылысқа қойылатын қатаң талап әу бастан қолға алынуы тиіс болатын. Өзімізді «ештен кеш жақсы» деп жұбатуға тырысқанмен, сейсмикалық ахуалы қиын таулы аймақтардағы құрылыс сапасына алаңдайтынымыз анық. 1999 жылы Түркияның бірнеше қаласында болған 4-10 балдық жер сілкінісі кезінде көптеген үйлердің құрылыс талаптарына сай болмауы салдарынан мыңдаған адам қаза тауып, мыңдағаны жарақат алған. Үйсіз-күйсіз далада қаңғып қалғандары туралы айту артық. Ресми Анкара ажал құшқандар санын 20 мыңмен шектесе де, бейресми деректер одан бірнеше есе артық айтты. Құрылысшылардың қателігі сол, нысандарды салуда арматураның орнына жіңішке сым қойған, үйдің сылағына теңіздің кепкеннен кейін үгітіліп түсетін сусыма құмын пайдаланған. Оңай ақшаға құныққандар мен міндеттеріне жауапкершіліксіз қарағандардың кесірінен мыңдаған жазықсыз жан опат болды. Ал Қазақстандағы бірқатар маңызды нысандарды түрік компаниялары салғанын ойласақ, көңілге еріксіз алаң кіреді. Бұл, әрине, қаузауы бөлек ұзақ әңгіме.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ