ЖАС КӘСІПКЕРЛЕРГЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БОЛЖАУ ЖЕТІСПЕЙДІ

ЖАС КӘСІПКЕРЛЕРГЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БОЛЖАУ ЖЕТІСПЕЙДІ

ЖАС КӘСІПКЕРЛЕРГЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БОЛЖАУ ЖЕТІСПЕЙДІ
ашық дереккөзі

Шағын және орта бизнес құры­лымдары жеке отбасының ғана емес, мемлекеттің дамуына да үлкен сеп. Бүгінде жастардың кәсіпкерліктегі рөлі мен ықпалы күшті. «Тәуекел газ құбыры» ЖШС директоры, жас кәсіпкер Данияр Нұрбаевтың отандық кәсіпкерліктің қазіргі ахуалы жайлы айтар ойы аз емес. Данияр – ауылдық өңірде де дөңгелетіп кәсіп жасауға болатынын дәлелдеген жас кәсіпкерлердің бірі. Ол басқаратын компания Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданын көгілдір отынмен қамтамасыз етуде.

– Данияр, бүгінгі таңда қазақ жастарының бизнеске деген қызығушылығы мен қабілеттілігі қаншалықты деңгейде деп ойлайсыз?

– Әрине, қызығушылық күшті. Бірақ іскерлік жетіспей жататын тұстары көп. Кейде осы іскер жастардың бойынан стратегиялық болжау қасиеті табыла бермейді. Бұл өз кезегінде бизнестің алысқа ұзамай, банкротқа ұшырауына әкеліп соғады. Бизнестің жаңадан тіркелген субъектісінің еліміз бойынша алғашқы сәтте-ақ 70 пайызы банкротқа ұшырайды. Бұған, менің ойымша, басты себеп – біз айтып отырған стратегиялық болжамның жасалмауы. Бизнес бастаған көп жас істі бір күндік деп түсінеді. Яғни аз күнде байып шыға келемін деп жоспарсыз жұмыстарға ұрынады. «Осы бір қомақты тендерді ұтып алып, «шапкасын» беріп, шалқып байып кетемін» деп қателеседі. Бизнес үлкен дайындықты, өте сауатты ұзақ мерзімді стратегиялық саясатты қажет етеді.

– Мәселен Батыста бизнес әкеден балаға мұраға қалады. Ол оны дамытып, өз баласына қалдырады. Яғни ұзақ мерзімге арналған стратегиялық жоспар дәстүрлі бизнеске айналатын осындай мәдениетті бізде қалай қалыптастыруға болады?

– Бизнес ұзақ уақыттың жемісі деп қарауымыз керек. Мені ғана емес, менің ұрпағыма нәпақа болады деп санағанда ол өздігінен дәстүрге айналады. Мысалы Еуропада атасы жер алып, жүзім өсіріп сатса, әкесі жүзімнен шырын жасап сатуды енгізеді, ал баласы шарап өндірісін қосады. Ал бізде көкесі бастық болса, мықты бизнесмен болып шыға келемін деп түсінеді. Әрине, бизнес әкеден мұраға қалу үшін мен жоғарыда айтқандай ұзақ мерзімді стратегиялық болжамның қажеттілігі басым. Екінші, бизнеске билік тарапынан қамқорлық керек. Үшінші, заңның орындалуы маңызды рөл атқарады. Қазір елімізде соңғы екі бағыт бизнеске біртіндеп өз көмегін тигізіп жатыр. Бұдан сәл ертеректе кәсіпкерлер түрлі тексерістерден көз аша алмайтын. Енді бизнеске әкімшілік ресурстарының араласуына біртіндеп шектеу қою керек деп санаймын. Мен өзім Германиядан білім алдым. Немістердің бизнес жасау тәсілдері ешкімге ұқсамайды. Өте тиянақты, нақты нәтижелі жоспар құра алуымен ерекшеленеді. Сондықтан кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін қандастарымыз шетелден оқымаса да, шетелден тәжірибе жинақтағаны маңызды ғой деп ойлаймын. Ол жақта бинзеске біздегідей емес, басқаша көзқараспен қарайды.

– Енді өз бизнесіңіз туралы сөз етелік. Дәстүрге айналған бизнес деп айта аласыз ба?

– Әрине. Бұл жұмысты осыдан он бес жылдай бұрын әкем бастаған болатын. Ұзақ уақытқа арналған бизнес деп айтқан болар едім. Газ бүгін-ертең құрдымға кететін бизнестің қатарында емес. Бұл ең әуелі елге қажетті жұмыс. От жағып, күл шығару машақатынан құтылады. От жаққан сайын үй иесі бізге рахметін айтып отырады деп ойлаймыз. Бүгіндері біз Қаскелеңнен басқа, Жамбыл ауданының он алты елді мекенін газбен қамтамасыз етіп отырмыз. Болашақта бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткіземіз деп сенеміз.

– От жаққан сайын үй иесі «қайран 264 мың теңгем-ай» деуі де мүмкін ғой. Оның үстіне ай сайын жаққан газы үшін де төлейтін төлемі бар дегендей.

– Әр отбасын газға қосу 264 мың теңге болғанымен, біз бұл бағаны тұрақты ұстап отырғамыз жоқ. Жағдайына қарай жеңілдетілген бағамен де көмек қолын беріп отырамыз. Менің есігімнен аттаған адамдардың көмек алмай кеткені жоқ. Қазір ауыл тұрғындары жайлы өмірді, рахат тірлікті түсінді. Кімнің ағаш жарып, күйе болып от жаққысы келеді. Газ деген заманауи үй жылытудың ең бір сапалы түрі. 264 мың теңгеге екі жылдай ағаш пен көмір сатып аласыз. Егер үйіңізге осы сомаға газ қостырсаңыз, өмір бойы рахат күй кешесіз. Күн сайын қабылдауымнан адам үзілмейді. Көмек сұраушылар өте көп. Шамамызға қарай қол ұшын беріп келеміз. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне тегін газ қосып береміз. Көпбалалы аналарға 50 пайыз жеңілдік жасап отырмыз. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға да жеңілдіктер жасаймыз.

– Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін басқа қандай көмектермен атқарып келесіздер?

– Аудан бойынша мешіт, шіркеу сияқты Құдайға құлшылық қылатын орындарға газды тегін қосып берудеміз. Сонымен бірге балалар үйін жылумен қамтамасыз ету біздің мойнымызда. Ондағы балалардың қуанышы үшін түрлі шараларға да қаржылай қолдау көрсетеміз. Бұлардың барлығын тізіп айтып шығу мен үшін ыңғайсыздау. Оны сол мекемелерден сұрағандарыңыз дұрыс сияқты.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Маржан МАҚАЖАН