ОФФШОРЛЫҚ АЙМАҚТАРДАН ОПА БАР МА?

ОФФШОРЛЫҚ АЙМАҚТАРДАН ОПА БАР МА?

ОФФШОРЛЫҚ АЙМАҚТАРДАН ОПА  БАР  МА?
ашық дереккөзі

Қыруар қаржыны шекара асырып, салық төлемегендердiң сырт көзден жасырған қаражаты әлемдiк экономиканы құтқаруға молынан жетедi екен. Бiрақ оған ақшаларын оффшорларда сақтаған байлар оңайлықпен көнбесi анық. Сорақылық сол, Қазақстаннан да салық төленбей, оффшорларға тоғытылған ақша 148 млрд. доллардан асады екен.

САЛЫҚТАН ЖАЛТАРҒАН

«ДЖЕНТЕЛЬМЕНДЕР»

Салықтан жалтарғандарды әлемдік дең­гей­де құрықтаумен айналысатын Tax Justice Network («Салықтық әділеттілік жүйесі») ұйымының тапсырысы бойынша дайындалған зерттеуде халықаралық олигархтардың 21 трлн. доллары түрлі оффшорлық аймақта сақтаулы жатқаны белгілі болған. Зерттеу жұмыстарын жүргізген The Price of Offshore Revisited («Оффшорлар бағасы туралы мәселе») тақырыбына есеп дайындаған McKinsey консалтингтік фирмасының бұ­рын­ғы бас экономисі Джеймс Генридің пі­кірінше, шыл­қыған байлар қауымы салық төлемеудің ар­қасында АҚШ пен Жапонияның ЖІӨ-не тең келетін бұл соманы 21 трлн. емес, 32 трлн. долларға дейін жеткізуі әбден мүмкін. Өйткені Базельдегі Халықаралық есеп банкі, Халықаралық қаржы қоры, Дүниежүзілік банк пен ұлттық үкіметтер тарапынан берілген мәліметтерді пайдаланған сарапшының айтуынша, ол банктер мен инвестициялық есепшоттарда сақталған қаражатты ғана есепке алған. Ал жылжымайтын мүлік немесе яхта сияқты басқа активтерді қоспаған. Қомақты қаржыны дүние жүзінің түкпір-түк­пірінен оффшорлық аймаққа аударуға жекеменшік банктер, инвестициялық, заңдық, бух­галтерлік қызмет көрсету саласының маман­дары көмектеседі екен. Бірақ Генридің пі­кірімен кейбір әріптестері келіспейді. Өйткені көрсетілген сома тым қомақты және осынша ақшаны салықтан жалтарудың нәтижесінде жинау әсте мүмкін емес. Мәселен Ұлыбритания үкіметінің кеңесшісі әрі салық қызметкері Джон Уайтинг: «Бір жерлерде өте үлкен көлемдегі ақшаның тығылып жатқаны анық. Бірақ 32 трлн. дол­ларды олар не істемекші?» дейді. Оның пікірінше, мұндай соманы жоққа шығаруға болмайды, бірақ қалталылардың осынша мол қаржыны оффшорларға «тығып» тастағанына және оны тіпті іздемейтіндіктеріне таңғалады: «Менің түсінбейтінім, салық органдары қайда қарап отыр? Шын мәнісінде, АҚШ, Ұлыбритания мен Германияның салық қызметтері қол қусырып қарап отырмай, көп нәрсе тындырып жатыр ғой». Ал Джеймс Генри таратқан мәліметтерде 2010 жылдың соңында UBS, Credit Suisse, Goldman Sachs сияқты дүние жүзінің ең ірі 50 банкі өздерінің артықшылыққа ие жеке клиенттерінің мүддесін көздей отырып, олардың ел сыртындағы активтерін бас­қарған. Клиенттердің банктерге төлейтін са­лықтарының жалпы сомасы 12,1 трлн. дол­ларға жуық екен. Бір қызығы, сол 9,3 трлн. дол­ларға иелік еткен байлардың саны 100 мың­ға да жетпейтін көрінеді.

Қалай айтса да, бүгінде салық төлеуге аса құлшынбайтындар саны дамушы елдермен бірге дамыған елдерде де өзекті мәселеге ай­налған. Германия сияқты кейбір батыстық мем­лекеттердің үкіметтері банктердің көмегі арқылы салық төлеуден қашқандар туралы ақпарат бергендерге сыйақы тағайындады. Бұл орайда ағылшындар үкіметі де есе жіберер емес. Өйткені 2011-2012 қаржылық жылдар аралығында қалталы салық төлеушілерден мемлекет бюджетіне 200 млн. фунт стерлинг, яғни 312 млн. доллар қосымша салықтық төлемдер түсірілген. Сонымен қатар ресми Лондон Лихтенштейн, Швейцария сияқты елдермен салықтан жалтарғандарды әшкерелеу туралы серіктестік келісіміне қол қойған. Бұл Лихтенштейннен – 3 млрд. фунт стерлинг, ал Швейцариядан 4-7 млрд. фунт стерлинг көлемінде қаржы түсіруге мүмкіндік береді деген болжам бар.

Генриді қаржылай демеген Tax Justice Network ұйымы оффшорлық аймақтардың көзін жоюға ұсыныс жасады. Ал зерттеу жұмысының авторы Генри: «Қажетті бағытқа жөнелтілмеген салықтық төлемдердің көлемі орасан зор. Олар дағдарыстан тұралап қал­ған көптеген елдің қаржылық ахуалын тұрақтандыруға жетеді» дей келе, бір жа­ғынан, оффшорлық аймақтарға арналған зерт­теу жұмысы әлемдік экономиканың күн тәртібіне шыққан бірнеше проблемасын­ шешуге қауқарлы қаражат көзін тауып бергенін айтады. Маңыздысы, дамушы кедей елдерден шыққан шылқыған байлар да­ өз мемлекеттерінің бюджетіне аса үлкен кө­лем­де шығын келтіре отырып, оффшорлық ай­мақтар қызметін белсенді түрде пайдаланады екен. Мәселен Генридің есебіне көз жү­гіртсек, 1970-2010 жылдар аралығында Жер шарының 139 дамушы елінен 7,3-9,3 трлн. долларға жуық қаржы оффшорларға жө­нелтілген.

ПУТИН ОФФШОРЛАРҒА

ТЫЙЫМ САЛДЫ

Оффшорлық аймақтарға қатысты даулы­ мәселе Ресейге де тән. Жыл басында пре­зи­денттік тақтан үміткер кезінде Владимир­ Путин елдің стратегиялық нысандары «оф­ф­шор­лық көлеңкеден» шығарылуы керек деген ой айтып, акцияларында мемлекеттік үлес бар инфрақұрылымдық кәсіпорындарға оффшорлармен қатынас жасауға тыйым салған: «Жабайы жекешелендіру дәуірінің оффшорлық мұ­расын тоқтататын кез жетті. Елдегі инвес­ти­циялық ахуалды жақсартқымыз келсе, оффшорлық жүйені жүзеге асыруға болмайды. Экономиканы, оның стратегиялық салаларын «оффшорлық көлеңкеден» шығару – басымдыққа ие міндет». Ұзақ жылдар­дан бері оффшорларға шоғырланған ресейлік экономиканың металлургия, тау-кен өндірісі, энергетика мен телекоммуникация сияқты маңызды салаларының қомақты бөлігін жекеменшік ресейлік компаниялар қамтиды. Ал олар шекара сыртындағы оффшорлық аймақтарға тіркелген. Путиннің осы салалардағы кәсіпорындарды «күнгейге» шығаруға талпынуы сондықтан. Бірақ оның сайлауалды кампаниясында елдегі жемқорлықпен белсене күресудің арқасында саяси ұпай жинауды көздегені анық. Өйткені орыстар еліндегі қылмыстық топтарға тиесілі орасан зор көлемдегі қаражаттың оффшорларға бағытталатыны жайлы ақпарат талай жылдан бері қоғам назарында.­ Президенттіктен дәмелі Путин саяси науқан аяқ­талғанша жемқорлармен күрескер келбетінде болғанымен, жеңіске жеткеннен кейін Ресейдегі ірі компаниялар өздерінің акцияларының бір бөлігі оффшорларға тиесілі екенін өз еріктерімен мойындаған емес әрі олардың үстерінен қылмыстық іс қозғалған да жоқ. Негізі Владимир Путин билік басына келгелі бері (президенттік және премьер-министрлік міндеттер) салықтан жалтарған кәсіпкерлерді құрықтауды, шетелдік оффшорлардағы ресейлік компанияларға тиесілі қаражатты елге қайтаруды тоқтатқан емес. Есесіне кәсіпкерлер қауымы РФ-дағы заңдардың солқылдақтығына, сот жүйесінің кемшілікке толы болғанына, салық жүгінің тым ауырлығы мен жекеменшік құқықты қорғаудағы «әттеген-айларға» наразы.

РФ Статистика жөніндегі мекеме бас­шы­сының міндетін атқарушы Антон Силуанов берген мәліметтерге сүйенсек, Швейцарияда тіркелген «Башнефть», «Русал», «Русснефть», «Уралкалий», «Фосагро» т.б. компаниялардың еншілес кәсіпорындарына үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында Ресейден 24,6 млрд. доллар бағытталыпты. Ал 2011 жылғы қаржы көлемі 80 млрд. доллардан асып түскен. Осы орайда В.Путин: «Ресейде тапқан пайдаларын шет елдерде сақтағысы келгендерге есік ашық. Заң оған тыйым салмайды. Бірақ алдымен кірістен салық төленуі тиіс. Жалған кәсіпорындар арқылы ақша ағынын шетке заңсыз бағыттауға жол берілмейді», – деп мәлімдеп, Ресейдегі бірқатар министрліктермен бірге «Газпром», «Транснефть», «Совкомфлот», Внешэкономбанк, Внешторгбанк, «Росатом», «Сбербанк» т.б. ірі кәсіпорындарға оффшорлық аймақтарға қаншалықты қатысы барын анықтауды бұйырды. Оның мәлімдеуінше, Ресейдің тұтас бір аймақтарындағы энергетикалық кешендерді отбасылық кландар басқарып келгені туралы бірнеше жағдай анықталған.

ҚАЗАҚСТАННАН – $148 МЛРД.

Жер шарының 139 мемлекеті қамтылған Генридің зерттеуінде Қытай, Ресейден кейін Оңтүстік Корея ($779 млрд.), Бразилия ($520 млрд.), Кувейт ($496 млрд.), Мексика ($417 млрд.), Венесуэла ($406 млрд.), Аргентина ($399 млрд.), Индонезия ($331 млрд.), Сауд Аравиясы ($308 млрд.) тұр. ТМД елдері мен орталықазиялық аймаққа келсек, оффшорлық аймақтағы ақшасы көп мемлекеттер арасында Қазақстан мен Әзірбайжан топ жарған. 1990 жылдан бері елімізден 138 млрд. доллар шекара сыртына әкетілсе, Әзірбайжаннан шыққан қаржы – 48 млрд. доллар. Маусым айында Парламенттегі үкіметтік сағат барысында Сейшел аралдарына Қазақстанның 300 млн. доллар қарыз болғаны жайлы мәселе көтерген депутат Нұртай Сабильянов ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішевтен: «Ең қызығы, Қазақстан аралдар алдында да қарызға батқан. Сонда бұл не қылған қарыз? Меніңше, фирмалардан алған борыштар. Мәселен Бермуд аралдарына біз орасан зор көлемде берешекпіз. Мәселен сіз естімеген болсаңыз, Геримсей деген арал бар. Қазақстан осы аралға 32 млн. доллар қарыз. Яғни менің пайымдауымша, Қазақстан бұл аралдарға берешек болмауы тиіс», – деп сұраған. Министр мырза депутаттың бұл сауалына: «Бүгінде шет елдерден қарыз алатындардың барлығы қандай да бір қаржылық құрылымдардың көмегіне жүгінеді. Аталған қаржылық құрылымдардың бір бөлігі оффшорлық аймақтарда, оның ішінде, аралдарда тіркелуі мүмкін. Әңгіме қарыз алудағы елдік құрылымдар туралы болып отыр. Мұндай құрылымдар оффшорлық аймақтарда тіркелген мекемелерге тиесілі. Бұдан туын­дайтын қиындық жоқ», – деп жауап берді. Жәмішев қаржы министрлігіндегілер үшін елімізде жұмыс істейтін кәсіпорындардың кірісті сыртқа алып кетпегені, оффшорлық компаниялармен әрекеттесе отырып, салық көлемін төмендетпегені маңызды екенін көлденең тартқан. Алайда қарызды кімнен алдың, қашан алдың, несие берушілер оффшорлық аймақта тіркелген бе, жоқ па деген сауалдар аса бас қатыратын шаруа емес. Өйткені Қазақстан экономикасына одан келетін зиян жоқ-мыс. Есесіне, «ас та төк молшылықтың» кезінде сырттан бей-берекет несие алып, Қазақстанды қарызға белшеден батырған ұлттық компаниялар мәселесі күн тәртібіне шықты. Олардың кесірінен бүгінде әр қазақстандықтың мойнында 7 422 долларлық борыш бар. Ал мемлекеттік бюджетке салығы төленбеген ақшаны оффшорлық аймақтарға ала қашатындарға қандай жаза қолданылмақ? Ол жайлы ресми билік мәлімдеме жасаған жоқ. Ләм-мим…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ