Жаңалықтар

МЕДВЕДЕВ ҚАЙТА ПРЕЗИДЕНТ БОЛУДАН ДӘМЕЛІ

ашық дереккөзі

МЕДВЕДЕВ ҚАЙТА ПРЕЗИДЕНТ БОЛУДАН ДӘМЕЛІ

ХХХ жазғы олимпиада қарсаңында Лондонда жүрген Ресейдiң премьер-министрi, экс-президент Дмитрий Медведев журналистердiң көкейiнде жүрген бiраз сұраққа The Times газетiнде жауап берген екен.

Медведевке қойылған сауалдар мен жауаптар сериясын үш топқа топтастырған абзал. Біріншісі – Ресей мен Батыстың, соның ішінде АҚШ-тың өзара қарым-қатынасы, екіншісі – Путин қайта таққа отырғаннан кейінгі Ресейдің қазіргі демократиялық жағдайының қатаңдануы, үшінші – Медведевтің саясат сахнасына қайта оралып, президенттіктен үміткер атануы. Медведевтің Америка мен Ресейдің өзара қарым-қатынасы туралы әңгімесіне басты назар аударған «Радио Свобода» Медведевтің Обама мен Путин арақатынасына өз ықпалын жасайтынмын дегенін көзір етіп алыпты. Ал ресейлік «КоммерсантЪ» басылымы Медведевтің қайтадан президенттіктен дәмелі екендігіне маңыз береді.

Ресейдің билік партиясы «Единая Россия» партиясының лидері Медведев Америка мен Ресей қарым-қатынасының түйткілі жоқ деп есептейді. «Соңғы бірнеше жыл екі ел қарым-қатынасы үшін аса өнімді болды. Дегенмен Америка мен Ресей арасында көптеген мәселелер бойынша нақты келіспеушіліктер бар. Меніңше, біз Америкамен арадағы қарым-қатынаста басқа жолды таңдаған жоқпыз. Бұқаралық ақпаратта күн сайын айтылып, жазылып жүргеніндей біз Америкаға қатысты қатал саясатты қолданып отырған жоқпыз. Құндылықтар әлі өзгерген жоқ. Біздің қарым-қатынасымыз көптеген жаңа пайдалы істерге бастап отыр», – деген ол президент Обамаға жеке басының риза екендігін айтып өтті. «Біз машинада бірге кетіп бара жаттық. Әрі аудармашысыз тіл қатыстық. Ол: «Мен саған ДСҰ-ға (дүниежүзілік сауда ұйымы) енуге көмектесемін» деді. Әрі сөзінде тұрды. Ондай мәселелер шын мәнісінде ұмытылмайды. Яғни ол сөзінде тұра біледі», – деп еске алады ол.

Журналистер бұдан өзге Ресейдегі қазіргі демократиялық жағдайға баса назар аударған. Олардың ойынша, демократия Ресейде жыл өткен сайын құлдырап барады. Соңғы бірнеше айда Мемлекеттік Дума митингілер мен шерулерде заң бұзған адамдарға қолданатын шараны күшейтетін, шетелдік ұйымдар қаржыландыратын коммерциялық емес ұйымдарға шетел агенті деген мәртебе беретін, жала жапқаны үшін қылмыстық жауапқа тартатын бапты қайта жандандырған және Ресейде сайттар мен домендердің бірыңғай тізімін жасау туралы заңдарды қабылдады.

Алайда Медведевтің пікірінше бұл өзгерістердің барлығы ештеңе емес. Керісінше, Ресей соңғы жылдары демократиялық механизмдерді оңайлатуды қолға алған. Медведев алысқа бармай-ақ, өзі президенттік тақпен қоштасардан бұрын «Саяси партиялар туралы» заңға қол қойғанын көлденең тартады. «Сондықтан «Ресей демократия жолынан ауытқыды, алға жүргеннің орнына кейін шегінді» деген әңгімелердің барлығы күлкілі секілді көрінеді. Өйткені біз соңғы жылдары саяси жүйенің фундаментін тек жеңілдетіп қана қойған жоқпыз, сонымен бірге оны өзгерттік. Мен 2008 жылы президент болып сайланғанда, біздің азаматтық қоғамның даму деңгейі онша жоғары емес еді. Бүгінгі азаматтық қоғам бұрынғымен салыстырғанда, жоғары деңгейге жетті. Біздің азаматтарға сайлау нәтижесінің маңызды екендігін Мемдумаға сайлау кезінде азаматтық белсенділіктер танытты. Әрине, ондай айтылған пікірлердің барлығымен келісу қиын», – дейді ол.

Дмитрий Медведев Ресей халқы оның саяси курсын жақтайтын болса, 2018 жылы президенттік сайлауға қатысуды қалайды. «Бұл тек электораттың менің саясатта қалуыма деген көзқарасына байланысты. Мен саясаттан кететіндей жасы келген сая­саткер емеспін. Әлі күш қуатым өз деңгейінде, идеялар мен жаңа ойларға жол аша аламын. Тек электорат мұны қаламайтын болса, саясатпен қош айтысып, мемуарлар жазумен шұғылданатын шығармын» деп алдағы күндеріне көз жүгіртіпті.

Есенгүл Кәпқызы