ЛОНДОН ОЛИМПИАДАСЫ: БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕГЕ БІР КҮН ҚАЛДЫ

ЛОНДОН ОЛИМПИАДАСЫ: БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕГЕ БІР КҮН ҚАЛДЫ

ЛОНДОН ОЛИМПИАДАСЫ: БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕГЕ БІР КҮН ҚАЛДЫ
ашық дереккөзі

Ертең Лондон олимпиадасы шымылдығын түредi. Қазақ жұртшылығы үмiттерiн үкiлеп, елiмiзден 115 спортшымызды Британ аралдарына аттандырып салды. Байрақты бәсекеден жұртшылық қазақ спортшыларынан жеңiстi сәттердi күтерi белгiлi. Бақ шаба ма, әлде бап шаба ма, оны уақыт өзi көрсете жатар. Лондон төрiнде көк байрағымыз желбiреп жатса, онда қазақтың мерейiнiң үстем болғаны…

Британ еліне аттанбас бұрын олимпиадашылар Елбасының қабылдауында болған еді. Елбасымыз қазақ елінің көк байрағын команда капитаны Нұрмұхан Тінәлиевке табыс етіп, барша спортшыларымызға сәттілік тіледі. Биылғы додадан қазақ жұрты жеңістер күтетіні белгілі. Кем дегенде, қоржынымызға үш алтын салады деген үміт те жоқ емес.

Британ жеріне аттанар алдында ҚР Спорт және дене шынықтыру ісі жөніндегі агенттіктің төрағасы Талғат Ермегияев Қазақстан Лондон Олимпиадасынан кем дегенде 3 алтын алуы қажеттігін айтқан болатын. Ал бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жеңіп алсақ, жаман болмайтындығын жеткізген еді.

Бүгінге дейін қазақ елін жеңісті сәттерімен қуантып жүрген ауыр атлеттеріміз бұл жолы да олжасыз келмес деген үміттеміз. Ұлттық құрама тізгінін 15 жыл бойы ұстап келе жатқан Алексей Ни өзінің бір сөзінде «5 алтын алуға қауқарымыз жетеді» деген екен. Зілтемірші қыздар мен ұлдарымыз Лондон төрінде қазақ елінің көк байрағын желбіретіп жатса, құба-құп!

Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Мұратбек Қасымхановтың балуандарымыз қазақ жұрты асыға күткен алтынды жеңіп алса деген тілегі бар. Бірінші кезекте жұртышылықтың Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедова, Мая Манеза сынды ауыр атлеттерге сенім артары белгілі. Ал боксшы оғландарымыз Серік Сәпиев пен Данияр Елеусіновтен де үмітіміз жоқ емес. Балуандарымыз Максим Раков пен Алмат Кебіспаев, Нұрмұхан Тінәлиевтен де жүлде күтеріміз белгілі. Жүлдесіз оралмаймын деп жүрген саңлақтарымыз аз емес. Әзірге үміт көп! Тұманды Альбионды бетке алып, жолға аттанған қазақ спортшыларына Президент спорты дамыған 30 елдің қатарына енуді тапсырды. «Білекті бірді, жүректі мыңды жығары» белгілі. Ертең шымылдығын түретін байрақты бәсекеде қазақтың көк туын Нұрмахан Тінәлиев алып шығады.

Қазақстандық спортшыларымызды қолдайтындар да аз емес. Еуропада оқитын қазақстандық студенттер де Олимпиада да қазақстандықтар үшін жанкүйер болмақ. Сонымен бірге, кәрі құрлықты мекен етіп жатқан қандастарымыз да қазақстандықтар үшін жан ауыртпақ. Елімізден әзірге 300-ге жуық жанкүйер баратын болады. Елбасымыз да Британ жеріне арнайы ат басын бұрып, спортшыларымызға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Әзірге алғашқы болып, Лондонға аттанғандардың саны 180 адам. Олардың арасында спортшыларымыз бен бапкерлеріміз бар. Оның сыртында дәрігерлеріміз бар.

Жүлдемен оралған спортшыларымызға арналған еліміздің арнайы сый-сияпаты да жоқ емес. Мәселе – жүлделі орынға берілетін сый-сияпатта емес. Мәселе – қазақ спортшыларының дүбірлі додадан озық шығып, қазақтың көк байрағының желбіреуінде.

Қазақстандық спортшыларымыз үшін арнайы киімдер де дайындалды. Белгілі дизайнер Құралай Нұрқаділованың сән үйі спортшыларымыз үшін ерекше киім әзірлеген еді. Алайда Лондонға аттанар алдында белгілі боксеріміз Серік Сәпиев аталмыш киімге көңілі толмағанын жеткізді. Боксшының сынынан кейін, киім үлгісін жасаған Құралай Нұрқаділова боксердің киімінің абайсызда ауысып кеткендігін айтып, спортшыдан кешірім сұрап құтылды. Әзірге спортшыларымыз Британ жерінде жүр. Санаулы сағаттардан кейін Лондон Олимпиадасы өз шымылдығын түреді. Бүкіл әлем жұртшылығы көз тігіп отырған айтулы додадан қазақ елі де тек жеңісті сәттерді күтеді.

Гүлзина Бектасова