ҚАЗАҚША СӨЙЛЕГЕН ФИЛЬМДЕР...

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕГЕН ФИЛЬМДЕР...

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕГЕН ФИЛЬМДЕР...
ашық дереккөзі

Осыдан бiрнеше ай бұрын голливудтық «Қара киiмдiлер» фильмi қазақша сөйлеген едi. Оның алдында балаларға базарлық ретiнде «Көлiктердiң» қазақ тiлiне аударылғаны баршаға мәлiм. Араға жыл салып, бiр емес, екi фильмдi қазақшаға тәржiмалаған «Болашақ» қауымдастығы көрерменге әлемнiң үздiк киностудияларының төл туындыларын ұсынуды бұдан былай да жалғастырмақ

Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, «Қара киімділер» фильмін қазақ тіліне аудару үшін 20 миллион теңге қаражат жұмсалған. Голливудтық танымал өнер шебері Уилл Смит ойнайтын фантастикалық комедияны тәржімалау үшін белгілі актерлеріміз Азамат Қанапия, Шалқар Үркімбаев, Балтабай Сейітмамытов, Бақытжан Әлпейісов тер төкті. Ал дубляж тобын басқарған режиссер Әйгерім Оңалбек. Дубляжға Ресей, Ұлыбритания, АҚШ және Қазақстан мамандары атсалысып, «Қара киімділерді» қазақша сөйлеткен еді. Қазақстандық прокатта фильм екі тілде жүрді. Бұған дейінгі «Қара киімділердің» алғашқы нұсқаларымен жақсы таныс қазақ көрермені бұл жолы да аталмыш фильмді асыға күткені белгілі. Мәселе, фильмнің қазақстандық прокатта жүргізілгені емес, 20 миллион қаржыға аударылған голливудтық туындының қазақ тіліндегі нұсқасына деген қазақы көрерменнің сұранысы қалай болды? Бізді мазалайтын да осы сауал.

Алматыдағы «Сити» орталығындағы шағын кинотеатардан «қара киімділерді» көруге бар-жоғы төрт көрермен ғана жиналыпты. Есік алдындағы кезекші қыз бізге: «Қазақша нұсқасын көруге көрермен келмей ме деп қауіптеніп едім. Сіздерді көріп қуанып қалдым ғой», – деді. Төрт көрермен тізе қосып, фильмді тамашалап шыққандағы алған әсеріміз ұшан-теңіз. Фильм өте сапалы деңгейде аударылған. Естуімізше, фильмді қазақ тіліне түпнұсқадан тікелей тәржімалаған көрінеді. Әйгілі актер Уилл Смит қазақ тілінде өзі сөйлеп тұр ма дерсің. Тіпті, әрбір қимыл-қозғалысына дерлік, тілдік үйлесім тапқан. Фантастикалық комедия болғандықтан, еріксіз езуіңізге күлкі үйіріледі. Жасандылығынан гөрі, табиғилығы басымдау болған фильм әу бастан-ақ қазақ тілінде түсірілген бе деп қаласың. Демек кез келген шетелдік өнімді өзіміздің ана тілімізде тамашалауға да болады екен.

Айдың бетінде салынған құпия түрмеге тоғытылған Борис (Джемейн Клемент) есімді өзгепланеталық келімсек агент Кейден (Томми Ли Джонс) есе қайтаруды ұзақ күткен еді. Міне, сол күн де келіп жетеді. Түрмеден қашып шыққан Борис, Жерге келген соң өткен шаққа оралады дағы, тарихты түбегейлі өзгертіп жібереді. Ол агент Кейді өткен шақта өлтіріп тастап, адамзатқа қауіп төндіреді. Серігін құтқармақ болған агент Джей (Уилл Смит) де өткен шаққа оралып, бәрін орнына қоюға тырысады.

«Қара киімділердің» үшінші нұсқасы осылай басталады. Бірден іске кірісіп кеткен кейіпкерлер бұған дейінгі екі фильмді логикалық тұрғыдан осылай іліп алып кетеді. Тіпті, бөлімдер арасындағы жылдарға созылған үзілістің алшақтығын да сезбей қаласыз. Осылайша, екі сағатқа созылған «қара киімділерді» бір деммен қалай тамашалап шыққанымызды білмей қалдық. Ең бастысы, агент Джей де, қылмыскер Борис те қазақша ойлап, қазақша сөйледі. Сол арқылы біз оның голливудтық туынды екенін сезбей де қалғандаймыз.

Бұл жағдай тек «Қара киімділер» фильміне ғана тән емес. Бұған дейін бала біткен «Көліктердің» қазақша нұсқасын көріп, ризашылықтарын білдірген еді. Тіпті кинотеатр басшылары да қазақ тіліндегі фильмдерге сұраныстың болатынын айтқан «Көліктерден» кейін. Ал бүкіл бала біткен жаттап алған кейіпкерлердің көбі осылайша қазақ тілінде сайрағанда, олардың санасында Спанчбоб, Шрэк, Бэтман қазақша қалыптасар еді. Олар оны қазақша қабылдайтын еді, қазақша ұғынар еді.

Бұған дейін саясаттанушы Ерлан Саиров «әлемдік кинотуындылардан бас тартудың қажеті жоқтығын, тек оны қазақ тілінде сөйлету арқылы балалардың санасын қазақша қалыптастыра алатынымызды» жиі айтатын.

Бұл жобаны қолына алған «Болашақ» қауымдастығы төрағасы Бауыржан Байбек «Көліктермен» ғана шектеліп қалмайтынын жеткізген еді. Аталмыш жобадан кейін аталмыш қауымдастық үш бірдей жобаны қазақ көрерменіне ұсынған. Олардың арасында жоғарыда өзіміз мысалға келтірген «Қара киімділер» де бар. Одан бөлек, жуырда ғана кинотеатрларда көрерменге жол тартқан «Жаңа өрмекші адам» фильмі де «Болашақтың» жаңа жобасы.

Қазақ көрерменін қалыптастырудың жолы – әлемдік озық туындыларды қазақша сөйлету екені белгілі. Қазақстандық төл туынды «Жаужүрек мың бала» фильмі прокатта жүргенде алматылық көрермендердің көбі оның қазақша нұсқасын іздегені жасырын емес. «Көліктер-2» мультфильмі мен «Жаужүрек мың бала» фильмі «қазақ тіліндегі фильмдерге сұраныс болмайды» деген пікірді жоққа шығарған еді. Тілі орысша шығып, орысша былдырлаған жасөспірімдердің өзі «Жаужүрек мың баланың» қазақ тіліндегі нұсқасын көруге тырысқан.

«Жаңа өрмекші адам» фильмінің кинотеатрларда жүре бастағанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Әзірге «өрмекші адам» төңірегінде айтылып жатқан пікірлер жаман емес. Ғаламтор бетіндегі пікірлер де сан алуан. Кейбіреулер фильмнің сапалы түсірілгенін айтып жатса, енді біреулер фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасының сапалы екендігін айтады. Сондай көрерменнің бірі: «Киноны тамашалап отырған адамның іші пыспайтыны анық. Бұл туындыда барлығы өз деңгейінде, барлық жағы қамтылған – Махаббат, Экшн, Достық, Сезім. Питердің әкесінің баласына деген сезімі, Беннің інісінің баласына деген қамқорлығы, шешесінің өте ғажап жан екендігі жақсы суреттелген. Менің актерлар құрамына беретін бағам өте жоғары, себебі олар өздерінің рөлдерін тамаша ойнап шыққан. Демімді ішіме тартып, кино басталғаннан соңына дейін көз алмай тамашалап отырдым. Аударма өте сапалы болмаса да, өз деңгейінде. Қарапайым қолданушыға түсінікті, айналамыздағы кішкентай балдарға дейін күліп отырып көргендеріне қарап беріп отырған бағам. Менің бұл киноны көріп түйгендігім, бұл шын мәнісінде де ЖАҢА ӨРМЕКШІ АДАМ» деп жазады. Алматылық көрерменнің көбі прокатқа шығып жатқан фильмдердің қазақ тіліндегі нұсқасын көбірек іздейтіні қуантады. Алдағы уақытта да голливудтық фильмдер қазақ тіліне жиі тәржімаланатын болса, онда көрермен барша фильмдерді қазақ тілінде көруге асығатын болар еді.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі мен Бас прокуратураға жолдаған депутаттық сауалнамасында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов осы мәселеге арнайы тоқталған еді. Өз сауалнамасында депутат: «Ерекше айта кететін мысал: жуырда ғана көпшіліктің назарына Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Жаужүрек мың бала» атты тарихи фильмін ұсынды. Тарихи десек тек жанры емес, бұл киноның тарихта қалатындай жөні бар. Ақан Сатаевтың бұл шығармашылық жобасы мемлекетіміздің қазіргі даму кезеңіндегі елім дейтін азаматтардың рухани сұранысына сай, кейіпкер жастардың отансүйгіштігін, елдің басына қиындық түскен кезде қазақ халқы бірігіп, Отан үшін отқа түсуге тайынбайтынын көрсете білген фильм! Оның көрермендерге ұнағаны соншалық, жылайтын жерінде бүкіл зал болып көзіне жас алып, күлетін жерінде бірге күліп, ал фильм біткен соң сирек кездесетін жағдай, ұзағынан тік тұрып, шапалақ ұрғаны. Мемлекеттің қаржысы босқа кетпепті деп, мәз болдық. Ол қаржының тек рухани азық есебінде емес, ақшалай қайтарымы да бар екені байқалды. Себебі отандық киноөндірісте ерекше оқиға – премьера өткен екі демалыс күні-ақ 147 миллион теңге кассалық түсім алып келіп, отандық киноөнім үшін абсолюттік рекорд жасады.

Соңғы жылы отандық киноөндірісте тағыда бір жағымды құбылыс пайда болды. «Болашақ» бағдарламасы аясында шет елдерде білім алған жастардың қауымдастығы қазақ тілін дамытуға өз үлесін қосу үшін бір жылдың ішінде жас және кішкентай көрермендеріміз үшін әлемдік деңгейде танымал болған 3 фильмнің дубляжын жасауды ұйымдастырды.

Соның нәтижесінде жоғары сапада «Көліктер-2», «Батыл жүрек» мультфильмдері және «Қара киімділер-3» фильмі түпнұсқа – ағылшын тілінен аударылды. Бұрын ондай шығармаларды қазақ тілінде көруге қолы жетпей жүрген көрермендер көптеп кинотеатрларға келе бастады. Мысалы, «Көліктер- 2» мультфильмін қазақ тілінде тамашалауға 25 мыңға тарта көрермен келген. Ол осы туындыны көрген барлық көрермендердің 30 пайызынан асады. Бұл көрсеткіш одан да жоғары болар еді» деген еді.

Жылдан жылға қазақ тіліндегі фильмдерді көруге көрерменнің де сұранысы артып келеді. «Қазақфильмнің» төл туындылары ғана емес, әлемдік озық туындыларды қазақ тіліне аудару арқылы да қаржы табуға болады. Ол үшін прокаттың мәселесін шешу басты назарда тұр.

Прокат демекші, «Болашақ» қауымдастығы ұсынған жобалардың көбі прайм-таймға қойылмаған. Таңертең немесе күндізгі жұмыс уақытында ұсынылатындықтан, көрерменнің көбі фильмді қазақша көре алмағанын айтып мұңын шағады. Депутаттың аталмыш сауалнамасында бұл жөнінде де мәселе қозғаған еді. Өз сөзінде депутат «Жаужүрек мың бала» фильмінің де, «Болашақ» қауымдастығы ұсынған жобалардың да прайм-таймға қойылмағанын айтады.

Мұрат Әбенов: «Болашақ» қауымдастығының қолдауымен дубляждалған жоғары сапалы «Көліктер-2», «Батыл жүрек» мультфильмдері және «Қара киімділер-3» фильмі «Жаужүрек мың бала»-ның күнін көруде. Алматы қаласында бір күнде «Қара киімділер-3» фильмінің 215 сеансы болса, соның бар болғаны 29-ы қазақ тілінде (13%), оның 2-і ғана прайм-таймда! 25-і таңертең немесе күндізгі жұмыс уақытында оған кім барады? Ата-аналарының жұмыс уақытында жасөспірімдерді киноға кім апарады? «Қаңғытып жалғыз жіберетін шашылып жатқан баларымыз жоқ», – дейді ата-аналар. Амал жоқ балаларын жетектеп барған соң, ана тіліндегі фильмдерді таппай, орыс тілінде көруге мәжбүр. Жақында ғана «Батыл жүрек» мультфильмі көрсетілімге шықты. Бірінші күні еліміздің кинотеатрларында 308 рет көрсетіліпті, оның 67-і (21%) ғана мемлекеттік тілде. Оның он шақтысы ғана прайм-таймда», – дейді.

Сапалы тәржімалаған фильмдерді көру үшін көрерменге уақыт керек. Әрі ол уақыттың жұмыс күніне сәйкестеніп келмегенін қалайды ата-аналар. Балаларды жалғыз-жарым жіберу де қиын екені белгілі. Әсіресе, қалалық жерлерде балалардың ата-анасынсыз кинотеатрға бара алмайтыны рас. Сондықтан қазақша сөйлеген фильмдердің прокаттық жүйесін бір ізге салу қажеттігі де басты назарда болғаны жөн. Қазақ тіліндегі өнімдерге сұраныс болмайды деп сылтауратудың жөні жоқ. Прайм-таймда қойылған фильмдерге көрермен сөзсіз барады.

Сонымен, бүгінгі көрермен бұған не дейді?

Дінмұхамед Зиядин,

журналист:

– Отандық қазақ тіліндегі фильмдерді түсіру бір бөлек те, шетелдік өнімдерді, әсіресе әлемдік кинонарықты жаулап алып прокатқа шығатын, жылдың асыға күтілетін премьераларын қазақ тіліне аудару бір бөлек. Осы тұрғыдан алғанда қазіргі уақытқа дейін мемлекеттік тілге аударылып, көрсетілген «Көліктер – 2», «Қара киімділер – 3», «Жаңа Өрмекші адам» секілді фильмдердің қатардағы көп туындылардың бірі емес, ірі кинематографтық жобалар екені қуантады.

Аударма сапасы дубляждалатын өнімге ие кинокомпанияның қойған талаптарына байланысты деген пікір бар. Мәселен голливудтық Sony Pictures-тың «Қара киімділер — 3» туындысы мен Walt Disney студиясының «Батыл жүрек» фильмі арасында қазақ тіліндегі дубляж сапасы тұрғысынан әжептеуір айырмашылық бар екенін көрермен ретінде байқадым. Disney-дің тілек-талаптары қатаңдау болғаннан болар, «Батыл жүрек» қазақы ділге, ой-санаға әлдеқайда жақын, табиғи шығыпты. Әрине, «көш жүре түзеледіге» салсақ және актерлардың қозғалысына, ауыз қимылына әр аударылған сөзді бейімдеу секілді қиындықтарды ескерсек, кез келген кемшілікті ақтап алуға болады, алайда дубляж тобынан жасандылық, тым қарабайыр немесе тым әдеби, асқақ сөйлеп кету секілді аудиторияға жат элементтерден арылуды көрермен ретінде өтінер едім.

Кино саласының идеологиялық, тәрбие беруші функцияларымен қатар, кәдімгі бизнес ретінде де қарастырылатынын естен шығармаған дұрыс. Фильмдер нарығы иесіне табыс әкелуі тиіс, ол үшін билет көптеп сатылып, көрермен киноға келуі керек. Парадокс: фильмдер қазақ тіліне аударылуы керек деп шырылдаған кейбір адамның сол қазақ тіліндегі сеансқа бармауы таң қалдырады. Қазақ тіліне дубляждалған туындылардың халық арасында кеңінен танымал болуы үшін жүйелі іс-әрекеттер жүйесі керек, ол үшін дәстүрлі БАҚ, интернет-медиа атсалысуы тиіс, қарапайым көрермен ыңғайсыз уақытқа қойылған сеанс болса, сол жерде кинотеатр әкімшілігіне өтініш-талап жазып қалдыруы керек. Жүздеген, мыңдаған адам талап етсе, прокатқа шығарушы компаниялар да ақымақ емес, аудиторияның әжептеуір бөлігінің өтінішіне міндетті түрде құлақ асады деп ойлаймын.

Нәзира Серік,

оқытушы:

– Фильмдердің қазақ тіліндегі аудармасы болса, оны неге қазақша көрмеске! «Көліктер-2» мультфильмін де, «Қара киімділер-3» фильмін де қазақ тілінде тамашаладық. Балаларымды ертіп апарып, қазақ тіліндегі нұсқасына билет сатып алдым. Әрбір қазақ көрермені осылайша патриот болуға тиісті. Егер ол фильмнің қазақ тіліндегі тәржімасы болмаған жағдайда ғана оны ресми тілде көруге болатын шығар. Мемлекетіміз пәленбай миллион теңгеге аударып, оны көрерменге ұсынып жатыр екен, ендеше неге біз оны өз ана тілімізде тамашаламасқа! Әрине, көрерменнің құқығын шектеуге болмас. Әр көрерменнің өз талғамы бар. Ресми тілде көргісі келетін көрермен өздері білер. Мен өз басым «Көліктердің» де, «Қара киімділердің» де, «Өрмекші адамның» да қазақша нұсқасын өте сапалы деңгейде жасалған деп айтар едім. Алда да Спанчбоб, Мадагаскар, Шрэк сияқты фильмдерді де қазақ тілінде ұсынса деген тілегіміз жоқ емес. Балаларымыз ол кейіпкерлерден бәрібір бас тартпасы белгілі. Сондықтан оларды балаларымыз қазақша ұғынып, қазақша қабылдаса деген тілегіміз бар.

Ерлан Дүйсен,

жүргізуші:

– «Қара киімділер — 3» фильміне баламды алып бардым. Тек кинотеатрдағылар уақыт жағын ескермеген екен. Фильмді таңертең немесе күндізгі жұмыс уақытында қойыпты. Бұл бізге тиімсіз. Жасөспірімдерді жалғыз-жарым жібере алмаймыз ғой. Алдағы уақытта фильмдердің қазақ тіліндегі нұсқасын прайм-таймда қойса деген тілегіміз бар. Әрі ата-аналардың балаларын ертіп, кез келген уақытта көруіне болар еді.

Жанерке Жұманазар,

мұғалім:

– «Болашақ» қауымдастығының бастамасын қолдап, кинотеатрға бардық. Бала күнімізден жадымызда сақталған «Қара киімділер — 3» фильмінің қазақша сөйлегенін көру біз үшін қызық еді. Шынын айту керек, кинотетарда орын болмайтын шығар деп, құрбым екеуміз ертерек барып, билет алдық. Өкініштісі елу шақты адамға арналған кинозалда бар-жоғы төрт-ақ адам отырып, фильмді тамашаладық. Фильмнің қазақша нұсқасының жарнамасы болмады деу де ағаттық шығар. Өкініштісі, әлі күнге біз үшін өзгенің қаңсығы таңсық боп, өзге тілділердің жасағаны сапалы сияқты көрінеді. Бірақ олай емес. Қазақтың марқасқа жігіттері қолға алса, әлдеқайда сапалы дүние шығара алады екенбіз.

Жеке өзіме Голливуд жұлдыздарының қазақша сөйлегені ұнады. Сапалы, әрі шын мәнінде сол жұлдыздармен бетпе-бет отырғандай әсерде болдық. Құдайға шүкір, сірескен сең бұзылды. Әйтеуір бірте-бірте кинофильмдер қазақша тәржімаланып келеді. Тек балаларға арналған кинофильмдер мен мультфильмдер ғана емес, ересектер де көретін кинофильмдер қазақ тіліне тәржімаланса, құба-құп болар еді.

Бекарыс Бақыт,менеджер:

– Ұят та болса, айтайын, «Қара киімділер-3» фильмінің орысша нұсқасына әдейі бардым. Қазақша тәржіма көңілімнен шықпай қала ма деп ойладым. Бірақ фильмнің қазақша нұсқасын көргендер, үлкен ризашылығымен, асқан қызығушылығымен түсіндіргенде, «неге қазақша нұсқасын көрмедім екен?» деп өкініп қалғанымды жасырмаймын. Бұдан былай кинотеатрдан көрсетілетін фильмдердің қазақшасын іздеп жүріп көруге тырысамын.

Гүлзина Бектасова