ЖАЙЫЛМАНЫҢ ҚАРБЫЗЫ

Жайылма – қарбызымен қадірлі. Шілде айы туысымен жұрт осы ауылдың қарбызын іздей бастайды. Өйткені дәмі тіл үйіретін бақша өнім­дері осы кездері жұрттың жеңсік асына айналып шыға келеді. Құрамында дәрумені мол әрі жесең шөліңді қандыратын қарбыз көздің де құрты. Таудың таза суымен суғарылып, тың топырақта өніп шыққан бұл өнімдер адам ағ­за­сына да зор пайдалы. Сондықтан да болар, сонау ел шетінен көліктерімен келіп, Жайыл­ма­ның қарбызын алып кетіп жатқандардың қара-құрасы бұл кезде көп болады. Міне, қарбыз піскен шілде айының 4-ші жұлдызынан бері бақша өнімдерін тиеген нешеме КамАЗ-дар егін даласынан еліміздің басқа қалаларына аттанып та жатыр.

Биылғы жылы ауыл тұрғындары жалпы 500 гектар жерге бақша дақылдарын орналас­тыр­са, оның дені қарбыз. Осындағы 8 шаруа қожа­лы­ғы­ның құрамындағы жұмысшылар осы дақылды егіп, күтіп-баптауға бейімделген. Сонау ерте көк­темнен пленка астына бүрке­мелеп орналас­ты­рыл­ған бақша дақылдары басқа өңірлерге қара­ғанда әлдеқайда ерте пі­седі де, дер кезінде сауда­лай білудің нәти­же­сінде сытырлаған теңгеге ай­налып шыға келеді. Таза еңбектің арқасында Жайыл­ма ауылы тұрғындарының әлеуметтік жағдайы қазір көтеріңкі. Жұмысты білгірлікпен жүргізе­тін­дердің алғашқы сапында әдеттегідей «Шоқы­мазар» шаруа қожалығы тұрады. Оның төр­ағасы Әлімбай өз ісін жетік білетін, ұйым­дас­тыру қабілеті жоғары азаматтың бірі. Ондағы 102 гектар егіннің бар­лы­ғы да шығымдылық дәрежесінде жайқалып тұр. Бақ­ша өнімдерінен басқа 20 гектар картоптың да күтімі өз бабында деп айтуға болады. Сонымен бірге, Жайыл­мадағы «Бектас», «Жиделі» және «Бе­рік» атала­тын шаруа қожалықтарының диқан­дары да өз өнімдерін ерте пісіруге қол жеткізді.

Қазірде құрылысы жүріп жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» автожолы бойының осы ауыл тұсында жайылмалықтар өздерінше жайма базар ашып, онда да өз өнімдерін сау­далап тұра­ды. Өткен-кеткен жолаушылардың бір қайы­ры­лып, шөл басып, әжеттерін шыға­рып жататын­дығын сауапты істің қатарына жатқызуға әбден болады.

– Біршама өнімімізді күніге осы жерде-ақ, саудалап жібереміз, – дейді бақша егушілердің бірі Құрбанкүл есімді келіншек. Айтса айтқан­дай-ақ, жайма базарға кідіріп, сауда жасаушы жолаушылар қарбыздың әрқайсысын 250-300 теңгеден қолға тиізбей-ақ алып кетіп жатыр.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button