«СЫР АНА» СӘУЛЕ ТӨККЕНДЕ...
«СЫР АНА» СӘУЛЕ ТӨККЕНДЕ...
Сыр елiнiң бас қаласы Қызылорда жыл санап сәулетi мен дәулетi келiскен көрiктi ордаға айналып келедi. Бұрын-соңды шаһар тарихында болмаған құрылыстың қарқыны қазiр қазақтың алғашқы астанасында айтулы өзгерiс барын әйгiлеп-ақ тұр. Ал осы қала өркениетiнiң даму сипатына өзгеше үн қосқалы тұрған «Сыр ана» кешенi нағыз тарихи һәм мәдени туынды саналады.
Күллі түркі әлеміне ортақ, ежелден өркениет ошағына айналған Сырдария өзенінің бойына ескерткіш орнату идеясы, шын мәнінде, ерекше мазмұнымен дараланады. Бұл ең бастысы, сонау алмағайып замандарда өзегі талып өзен жағалаған талай жанға пана, Алашқа ана болған, сан ұлт пен ұлысты жатсынбай бауырына басқан қасиетті Сыр анаға деген айрықша құрметтің белгісі. Ең ғажабы, ескерткіштің өн бойы қазақ әйеліне тән барша құндылықты ұлттық мінезбен суреттейді. Сәулеттік пішін діңгегінен биіктеген сайын дарияның бұйра толқынымен тербелген әйел етегі тәрізді айнала оралып, әдемі кескінделген. Ал композиция ішінде әрбір қадам сайын айналаға көз тастап, бұрала өрілген сатымен ұшар басқа дейін жоғары көтерілуге болады. Бұл кешен қаланың кескін-келбетін толық тамашалауға әрі халықтық серуендер мен мерекелік шаралар өткізуге өте ыңғайлы. Оның айналасында абаттанып келетін аумақ, осы кезге дейін құр бұтамен жалаң жатқан жағалаудың көрікті мекенге айналып келетінін паш етеді.
Жалпы, әлемдік тәжірибеде «өркениет ошақтары» ұлы өзендердің атымен сабақтасады. Айталық, Ніл, Тигр мен Ефрат, Үнді мен Ганга барша өркениеттің бастауы болса, Сырдария мен Әмудария ортаазиялық өркениеттің бесігі ретінде тарихтан белгілі. Қаланың бетке ұстар мақтанышы, мәселен Астанада «Бәйтерек», Алматыда «Көктөбе» десек, «Сыр ана» Қызылорданың символы болмақ.
Облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың қолдауымен қолға алынған құрылысты жүргізуге жергілікті бюджеттен 290 млн. теңге қаражат бөлінген. Ескерткіштің биіктігі – 40 метр. Жобалаушы астаналық «Самғау» компаниясы, мердігер – «Энергия» акционерлік қоғамы. 200 жылдан астам тарихы бар көне шаһар Ұлы Жібек жолын көктей өтетін қатынастың күре тамыры болғанда сәулетті «Сыр ананың» сұлу ескерткіш қана емес, жердің, елдің, еңбектің тартуын келісті бейнелейтіні күмәнсіз.
– Ауызша және жазба түрдегі тарихи естеліктерде Сырдария өзенінің аты аталып келді. Жалпы ұзындығы 2200 шақырымды құрайтын ұлы өзеннің 1300 шақырымы біздің облыстың үстінен ағып өтеді.
Біздің туған қаламыздың құрылуына себеп болған осы өзеннің маңызын қазіргі заман талабына сай ескеретін уақыт келді деп есептеймін. Бұл өткенге құрмет, ата-баба рухына тағзым, болашаққа үлгі-өнеге, – дейді қала әкімі Мархабат Жайымбетов.
Қазірде кешеннің құрылысы қызу жүріп жатыр. Темірбұйым жұмыстары, сыртқы жарықтандыру, ауыз су, кәріз су жүйелерін тарту, абаттандыру шараларының негізгі бөлігі аяқталды. Ал оның жергілікті басшылықтың қаланы сол жағалауға қарай дамыту бағдарына үндесе салынып, дарияның жағасына, күре жолдың бойында орналасуы ұтымды таңдау болды.
Қызылорда қаласында және бір қолға алынған нысан – «Сыр сүлейлері» аллеясы. Жасыратыны жоқ, сүлейлердің Отаны саналатын өңірде осы кезге дейін олардың рухын әйгілейтін арнайы орын көңіл көншітпейтін. Енді олқылықтың орны тола бастады. Жыл санап жаңғырып, жаңа тұрпатта сәулеттеніп келетін Жібек жолы көшесінің бойына орын тепкен аллея қайсыбір қонаққа болмасын дария бойындағы дүйім елдің мәдени, рухани қазынасын аңғартатын болады. Мұнда Балқы Базар, Тұрмағамбет, Нұртуған және Нартай секілді нар тұлғалардың, өнер иелерінің ескерткіштері бой түзейді. Құрылысқа бөлінген қаражат – 204 млн. теңге. Аллея аумағына – 21547 шаршы метр брусчатқа төселіп, оны өзектей ағып жатқан каналға 3 жерден көпір салынады. Сондай-ақ, 400 шаршы метр түрлі тақтайшалар мен мүсіндер орнататын қоршау салынады.