САРАЙШЫҚ – ЕҢ КӨНЕ АСТАНА

САРАЙШЫҚ – ЕҢ КӨНЕ АСТАНА

САРАЙШЫҚ – ЕҢ КӨНЕ АСТАНА
ашық дереккөзі

«Мұнайлы астана» атағын иемденген Атырау қаласына барудың сәтi түстi жуықта. Бұған дейiн Атырау жайлы оқып-естiп жүргенiмiз болмаса, онда бiрiншi рет табан тiреуiм. Атырауда ең есте қалатыны – масалары екен. Әсiресе халықаралық деп үкiленген әуежайда халық шыбындаған атша тыпырлап кеттi. Шағын ғимаратта желдеткiш те жоқ. Бұл инвесторлардың көз құртына айналған, елiмiздiң ең ауқатты өңiрi аталатын Атырау үшiн сүйекке таңбадай көрiндi.

Атырау – шағын қала. Онда Исатай-Махамбет алаңынан өзге бой сергітіп, қыдыратын жер таппайсың. Азия мен Еуропаны көктей ағып жатқан қасиетті Жайық жағасымен серуендеуге болар еді, масалары жай таптырмайды екен. «Атырау қаласында көз тартар қандай мекен бар?» деп сұрастырдық жергілікті жұрттан. Бірден көне Сарайшық ауыздарына ілікті. Оған Атыраудағы ірі базарлардың бірі – «Дина» базарынан такси ұстап баруға болады екен. Адам басына 400 теңгеден.

Сарайшық – Атырау қаласынан 55 шақырым жерде орналасқан. Жеңіл машина көзді ашып-жұмғанша көне Сарайшықтың орнына алып келді. Бұл жерде Сарайшық атты ауыл бар. Тұрғындарының саны – 5-6 мыңның көлемінде. Бұнда бюджеттен қаржыландырылатын 4 мекеме бар. Олар – облыстық психологиялық аурулар ауруханасы, Ауылшаруашылығы колледжі, жалпы білім беретін 11 жылдық мектеп және ауылдық аурухана. Біздің жүргізушіміз осы төрт мекемеден өзге жұмыс көзі жоқ дейді ауылда. Жастардың көбі іргеде тиіп тұрған Атырауда жұмыс істейді екен. Ол өзінің осы Сарайшықта тұратындығын айта отырып, қалада бір мекемеде қызмет ететіндігін, жұмыстан тыс кездері осылай таксимен күн көрісін айырып жүргенін айтады.

Атырау – Қазақстан қалаларының ішінде ең қымбат қалаға жатады. Алматымен салыстырғанда да қызмет көрсету құны анағұрлым жоғары. Қол созым жерге такси 300 теңгені қағып алады. Тамақ та қымбат.. Ал біз тоқтаған «Каспий» қонақүйі қаладағы ең арзан қонақүйлердің қатарына жатады екен. Бір бөлмелі стандарт бөлмелер – 9700 теңге, екі кісілік бөлмелер – 12-14 мың теңге көлемінде. Алайда қызмет сапасы сол бағаға сай емес. Жақында ғана Ашхабадқа сапар шеккенім есіме түсті. Даму жолы, өткені Қазақстанмен бірдей, табиғи байлықтары деңгейінен Қазақстаннан көш кейін Түркіменстандағы қызмет көрсету деңгейінің аса жоғары деңгейде екендігін көріп таң қалғаным бар. Алайда сол қызметтердің бәрінің бағасы төмен. Бес жұлдызды қонақүйінің бір кісілік люкс бөлмесі – небәрі 100 доллар (15 000 теңге) ғана. Тәуелсіздік алған күнінен бас­тап, Қазақстан Еуропалық стандарттарға бой ұрды. Алайда өмір сүру деңгейі мен қызмет көрсету сапасы сын көтермесе де, бағаны қолдан көтеріп, еуропалық деңгейге жеткізді.

САРАЙШЫҚ – ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ АСТАНАСЫ

Сарайшық ауылының жанында «Хан ордалы Сарайшық» атты тарихи мемориалдық кешен орналасқан. Кешен директоры Молдаш Бердімұратов ақсақал бізге Сарайшық туралы аңызға бергісіз әңгіме айтты. Жасы 76-ға келген Молдаш ақсақал бұл өлкеде алғашқы қазба жұмыстары жүргізіле бастағанда, мектеп оқушысы болған екен. Сөйтіп алғашқы қазба жұмыстарына қатысып, көмек қолын созған. Туған өлкенің тарихына деген қызығушылығы сол кездің өзінде-ақ ояныпты. Ол кісінің айтуынша, Сарайшық Қазақ хандығы дәуірінде шын мәнісінде астана дәрежесіне жеткен тұңғыш қала. Оған дейінгі хан ордалары астана дәрежесіне жете алмаған дейді ол.

– Қалаға ең бірінші шетелден арабтың атақты саяхатшысы Ибн Батута 1334 жылы келіп, қаланы аралап «Өмірлік саяхат» атты кітабына «Мен дүниежүзінің бәрін араладым. Сарайшық Бағдаттан кейінгі ең ірі қала екен. Онда хан ордасы, төрт мешіт және көптеген қонақүйлер бар екен. Бірақ мені таңғалдырғаны ол емес, Сарайшықта су әрбір үйге өзі барады екен. Соны көріп қайран қалдым» деп жазыпты. Демек қазіргі су құбырларын Сарайшық тұрғындары сол кездің өзінде ойлап тапқан. Құбырлар қыштан жасалған. Ол құбырлар қазба жұмысы кезінде табылды.

Қала тарихын тереңірек зерттеу мақса­тын­да әр жылдары қазба жұмыстары жүр­гі­зілген. Солардың алғашқыларының бірі – 1950 жылдары академик Әлкей Марғұлан басқарған экспедиция.

– 1999 жылы жер астынан екі қабатты, 45 бөлмелі қонақүйдің екінші қабатын таптық. 2000 жылы соның бірінші қабатын қаздық. Қасынан ХVІІІ ғасырдың моншасы табылды. Қаланы 1580 жылы орыс патшасы Иван Грозный казактарды жіберіп қираттырған. Казактар қаланы алған, бірақ ештеңеге тимеген. Иван Грозный қалаға өз аяғымен келіп, көріп тамашалап, қайтарында «Қала өте көрікті, өте тамаша, бірақ біз жолаған жерде мұндай қала тұруға тиісті емес. Оның ішінде Мәскеуге ұқсайтын қала тұруы тиіс емес, сондықтан да қаланы қиратыңдар», – депті. Сөйтіп бес ғасырға жуық өмір сүрген Сарайшық жермен жексен болды, – дейді ол. Музей директорының айтуынша, Мәскеудегі Қызыл алаңның моделі осы Сарайшықтан, Кремль сарайларының көшірмесі Алтын ордадан алынған көрінеді.

ХVІІ ғасырдың аяғында батыста қатты су­ тасқыны болады. Сол кезде Жайық та ар­насынан тасып, қаланың алтыдан бес бөлігін су шайып кетеді. Жайық жыл сайын Сарайшық қаласының қалдықтарын бес метрлеп, он метрлеп шайып кетеді екен. Сөйтіп, Жайықтың арнасынан тасуы қазба жұмыстарын жүргізуге әжептәуір кедергі келтіруде. Тарихи мемориалдық кешеннен бір шақырымдай қашықтықта жатқан көне Сарайшықтың орны адамды көне дәуір қойнауына жетелейді екен. Ол жерде «Сарайшық қаласы орны. ХІV-ХVІІ ғ.ғ. Ескерткіш мемлекет қарамағында» деген қоршау бар. Алайда ол қоршау ашық-шашық жатқандықтан оның ішін емін-еркін аралауға мүмкіндік мол. Қоршау ішінде қамал, қорған орындары көзге оттай басылады. Қорған маңынан шашылып жатқан малдың я адамның сүйектері кездеседі. Жайықтың арнасынан тасуы – қаланың бірнеше рет тұрғызылуына себеп болған екен. Алайда көнеден қалған жәдігердің жұрнағы енді қандай да бір шара қолданбаса, су астында мүлдем қалу қаупі бар. Молдаш Бердімұратов ақсақал кемінде Жайық жағалауының 3 шақырымын тосқауылдау керек дейді.

Молдаш ақсақал «Хан ордалы Сарайшық» музей кешеніне биыл жыл басынан бері бұл мекенді көруге 4 мыңға жуық адам келгенін айтады. Ал жыл сайын 12-14 мыңдай адам келеді екен. Кешен 1999 жылы салынған. Онда хандар пантеоны және әулие ағаш бар. Келгендер әуелі кешен ішіндегі мешітке мінәжат қылып, хандар пантеонында тәу етеді. Оның биіктігі 17 метр, 8 қабырғалы. Қабырғалар арасына Сарайшықта жерленген жеті ханға арналып құлпытастар қойылған. Бұл құлпытастарға, қара мәрмәрға хандардың аттары мен хандық құрған жылдары қашалып жазылған. Олар:

1. Мөңке Темiр (1266-1282ж.ж);

2. Тоқ­­тағу (Тоқты) (1291-1312ж.ж.);

3. Жәнiбек (1343-1353 ж.ж.);

4. Әмiр Оқас (14 -1447ж.ж);

5. Қа­­сым хан (1511-1518 ж.ж);

6. Ших Мамай (1549-1554 ж.ж);

7. Жүсiп хан (1549-1554 ж.ж).

Кешен ішіндегі үшінші жәдігер – мұражай.

Мұ­ражай ішіне Сарайшық қазбасынан шыққан тарихи жәдігерлер қойылған. 14 ғасырдағы Сарайшық қаласының макеті жасақталған. Қаланың Сарайшық аталуына байланысты да әртүрлі болжамдар бар. Дегенмен ғалымдар ел арасында кеңінен танымал болған мына бір нұсқасына тоқталуды жөн көреді.

1229 жылы Шыңғыс ханның немересі Батый Сарайшық қаласының үстімен өтіп, Хажы Тархан қаласын жаулап алған. Ол қазіргі – Астрахань қаласы. Жайықтың бойымен 280-300 шақырымдай көтеріліп, табиғаты тамаша жерден Батый моңғолдарға үлкен қала салдыртқан. Сол кезде моңғолдар оны «Сарай Бату» деп атаған. Батый Еуропаны жаулап, орыс князьдерінің бәрін бағындырып қайтқанда ағайындары оған алтындаған он екі қанат ақ орда сыйлайды. Сол кезден бастап, «Сарай Бату» «Алтын орда» атанады. Ал Сарайшық қаласын «Сарай жук» яғни сарайға жуық, «кіші Сарай» мағынасын береді.

Сөйтіп Хан ордалы Сарайшықтан көңі­ліміз құлазып қайтты. Әрине, әр жылдары Сарайшықты қалпына келтіру, қазба жұмыстары жіті жүргізілгенімен, Жайық арнасының жыл сайын көне жәдігерді шайып, су астында қалып бара жатқандығы оны зерттеу жұмыстарына кедергі келтіріп отыр. Молдаш ақсақал таяу күндері Аты­рауға Премьер-министр Кәрім Мәсімов табан тірегелі отырғанын айтты. Сонда Сарайшықтың бүгінгі халін тағы бір мәрте сөз еткелі отырғандығын жеткізді.

Есенгүл Кәпқызы