Жаңалықтар

Балабақшалардың ақысын көп балалы отбасылардың қалтасы көтере алмайтын деңгейге жетті

ашық дереккөзі

Балабақшалардың ақысын көп балалы отбасылардың қалтасы көтере алмайтын деңгейге жетті

Балабақша мәселесі ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Бүгінге дейін Үкімет қанша күш салса да, балабақша кезегін ретке келтіре алмады. Елімізде балдырғандар үшін алғашқы баспалдақ саналатын балабақшалардың жетіспеушілігі өз алдына бөлек тақырып. Ал балабақшаға баратын әр бала үшін төленетін ақының шарықтауы қазақстандықтарға үлкен кедергі болуда. Жекеменшік балабақшаның құны шарықтап тұрғаны айтпаса да түсінікті. Бірақ бүгінгі уақытта мемлекеттік балабақшалардың ақысы да қуантып тұрған жоқ.

Шарықтаған баға, тәрбие алмайтын бала...

 1990 жылы Қазақстанда 8880 балабақша болыпты. Ал 2000 жылдары соның 1144-і ғана қалған. Кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша балабақша мәселесі қайта қолға алынды. Қалалар мен елді мекендерде заманауи балабақшалардың іргесі қалана бастады. Елбасы 2010 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2020 жылға қарай еліміздегі барлық мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер балабақшамен қамтамасыз етілу керектігін тапсырған болатын. Осыған орай «Балапан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істеуде. Бағдарлама аясында көптеген балабақшалар қызметін бастағанымен, мәселенің шешімі табыла қойған жоқ. Көпшіліктің кезегі келмесе, енді бірінің балабақша ақысын төлеуге қауқары жетпейді.

«Халық санын арттыру қажет» деп ұрандатып жүрген қазақстандықтар бұл тапсырманы орындаудан қаш­пай­­ды. Алтын құрсақты аналар дүние­ге перзент әкеліп, ұрпақтарын жал­ғас­тыруда. Мәселен, өткен жылы еліміз бойынша 368 мың сәби дүние есігін ашқан. Алайда бүгінгідей қым-қуыт заманда барлық ана үйде отырып, бала тәрбиесімен айналыса алмайтыны белгілі. Олардың сенгені – балабақша. Өйткені балабақша қабырғасында тәрбиеленген бала оқуға тез бейімделіп, қабілет-қарымы, ойлау қабілеті дамиды. Олар ойын ашық жеткізуді, ой бөлісуді үйренеді. Мұны күнделікті тәжірибе дәлелдеген. Алайда балаларын мұндай білім ошағында тәрбиелеу барлық ата-ана үшін оңай шаруа емес. 2 жасқа толған балаларды балабақшаға беруге асыққан ата-ана әуелі кезек күтіп шаршайтыны белгілі. Одан кейін балабақшаға төленетін ай сайынғы төлемақы мәселесі бой көрсетеді.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында еліміздің барлық қалаларындағы мемлекеттік балабақшалардың ақысы есепке алынған. Осы есеп бойынша, еліміздегі ең арзан балабақша – Тараз қаласында деп жарияланған. Жалпы, Тараз қаласында 41 мемлекеттік балабақша мен 22 шағын орталық жұмыс істейді. Аталмыш мекемелерде 15 мыңдай бала тәрбиелену үстінде. Тараз қалалық білім бөлімі мамандарының жыл басындағы деректері бойынша, қаладағы мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелерде бір айлық төлемақы 5 700 теңгені құрайды. Мұндай баға Тараз қаласында 2012 жылдан бері өзгермеген. Алайда 2015 жылдың алғашқы айларында мұндағы бағаның да өзгеріске ұшырауы мүмкін екендігі туралы хабарланды. Балабақшаның бір айлық төлемақысын 8 500 теңгеге дейін көтеру туралы ұсыныс болған. «Айына бала балабақшаға орта есеппен 21-22 күн келгенде, төрт рет тамақтанады. Күндігіне 271 теңге 4 тиыннан айналады. Бұл әрине санитарлық эпидемиялогиялық нормалардың талаптары бойынша балаларды толыққанды тамақтандыруға жеткіліксіз. Бүгінгі күні біз тамақтану нормасын 51,1 пайыз ғана орындап отырмыз. Қазіргі жағдайға байланысты бөбектер қалыпты даму үшін қажетті ет, сүзбе мен құнарлы тамақтың тиісті мөлшерін тұтына алмай отыр. Сондықтан бағаны көтеру бірінші кезекте балалардың болашағына қажет. Келешекте мектепке дейінгі мекемелердің төлемақысы 8 500 теңге болып бекітілсе, онда балалардың тәуліктік тамақтану нормасы 70 пайызға жетеді», – деген болатын Тараз қалалық білім бөлімінің бас маманы Айгүл Байназарова. Бүгінде Тараздағы мемлекеттік балабақшалардың бағасы 7 500 теңге болып бекітілген. Қазір тек аудандар мен елді мекендерде ғана балабақшаның бір айлық төлемі 5 000-5 500 теңге.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысында ата-аналар айына 7100-10000 тең­ге­сін балабақшаға баратын бір баласы үшін жұмсаса, Павлодарда 9 200 теңге, Астана қаласында 10 300 теңгеден жоғары қаражат жұмсайды. Жыл басында семейліктер де балабақшаның төлемақысына байланысты шу шығарған. Балабақша құнының 8 300 теңгеден 10 200 теңгеге дейін көтерілуіне көпшілік наразы болды. Шенеуніктер мұны азық-түлік бағасының қымбаттауымен түсіндірген еді. Алматыда 2-5 жас аралығындағы бөбектер үшін айына 26 700 теңге көлемінде, ал 5-6 жас аралығындағы балалар үшін 13 350 теңге төлеу қажет. Себебі 5 жастан асқандарға ата-аналар балабақшаға тек баланың тамағы үшін ғана ақы төлейді. Алматы облысының құрамына кіретін Талғар қаласында да мемлекеттік балабақшаларда бір бала үшін айлық төлемақы мөлшері 17 мыңнан басталады екен. Жалпы, Алматыда мемлекеттік балабақшаның бір айлық төлемақысы 15 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Бұл – Алматы қаласы әкімдігінің қаулысында көрсетілген. 2015 жылы бір айлық есептік көрсеткіш 1982 теңгеге тең, демек, Алматы қаласындағы мемлекеттік балабақшалардың бағасы 29 730 теңгеден аспауы қажет. Мұндай қаражаттың өзі баласын балабақшада тәрбиелеуді қалайтын ата-ананың қалтасына салмақ салары сөзсіз. Ал көп балалы отбасылар туралы мүлдем сөз қылудың қажеті жоқ. Әуелде 7-8 мың теңге болған балабақша құны бірнеше жыл бұрын 15-16 мың теңгеге дейін көтерілген. Енді бұл баға 25-30 мың теңгеге жетіп отыр. Балабақшадағы төлемақының қымбаттауын жауапты мамандар коммуналдық қызметтер бағасының артуымен түсіндіретіні белгілі.

Балабақшаға баратын балалар неге азайды?

Еліміздің барлық қалаларындағы балабақшалардың төлемақысы әр түрлі. Себебі ереже бойынша балабақшаның бағасын жергілікті ауданның білім бөлімі әрбір тоқсан сайын өздері есептейді. Білім бөлімі бекіткен баға әрбір балабақшаға хабарланып, сол арқылы ата-аналар төлем жасайды.

Биыл Алматы қаласында балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндер саны өткен жылға қарағанда 2 мыңға азайыпты. Мұның басты себебі де – балабақша ақысының қымбаттығы болуы ықтимал. Алматыда қазір 369 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оның 173-і мемлекеттік, 153-і жекеменшік балабақша. Аталмыш балабақшаларда қазір 51 454 бала тәрбиеленіп жатса, 50 314 бала кезекте тұр. Кезекте тұрғандардың бірі – Алматы қаласының тұрғыны Баян Рақышева. Баянның үш баласы бар. Жолдасы да, өзі де қызметте болғандықтан, балаларын тек балабақша тәрбиешілеріне ғана сеніп тапсыра алады. Алайда үш баласын бірдей балабақшаға беруіне кедергі болып отырған – төлемақының қымбаттығы. Балаларын жетектеп «Шаңырақ» ықшамауданындағы №164 балабақшаға барған Баян бір айлық төлемақының құнын естіп, жағасын ұстаған. Ата-ана баласын мектепке дейінгі мекеменің тәрбиешілеріне тапсыру үшін ай сайын 27 500 теңге төлеуі қажет екен. Бұл баға – 5 жасқа толмаған әрбір бала үшін бекітілген төлемақы. «Мен үш баламды бірдей балабақшаға берсем, ай сайын 82 500 теңге төлеуім қажет. Сонымен бірге, балалардың өзге де пайдаланатын заттары бар. Оған да қаражат керек. Мұның бәрі – менің бір айлық жалақымнан да асып кетеді. Ал балаларды үйде қарайтын адам жоқ», – дейді Баян Рақышева. Мұндай сомадағы төлемақыны төлей алмайтындықтан Баян балабақша басшылығынан жеңілдік сұрап көріпті. Мекеме басшылығы үш балалы анаға Алатау аудандық білім бөліміне жол сілтеген. Ал білім бөліміндегілер «бізде мұндай жеңілдіктер қарастырылмаған» деген желеумен шығарып салыпты. «Мен жекеменшік балабақшаларға да барып көрдім. Олардың бағасы тым қымбат екенін білемін. Бірақ жекеменшік балабақшадан жеңілдікке қол жеткізе алатын шығармын деп үміттенген едім. Жеке балабақшаның негізгі бағасы 30-40 мыңның төңірегінде екен. Менің үш балама жеңілдікпен 23-24 мың төлеуіме рұқсат берді. Одан артық көмек көрсете алмайтындықтарын айтты», – дейді балаларын балабақшаға орналастыра алмай жүрген ана. Біз тілдескен Баян Рақышева дәл осындай мәселенің шешімін таба алмай жүрген жалғыз жан емес.

Еліміздегі орташа жалақы мөлшері 100 мың теңгеге тең, ал үш баласы бар отбасының балабақшаға жұмсайтын бір айлық шығыны оның жартысынан да асып кетеді екен. Бұл – қарапайым отбасы үшін «жығылғанға жұдырық» емес пе? Алматылық отбасылар айына бір бала үшін балабақшаға орта есеппен 25 000 теңге төлейді деп есептесек, әр отбасы жылына 300 000 теңгені тек балабақша үшін жұмсайды. Бұдан өзге баланың қосымша шығындарын есепке алсақ, жыл сайын ата-ана бір баласы үшін 2 мың АҚШ долларының үстінде қаражат шығындайды. Бұл – тек бір бала үшін ғана есептелген шығындар. Ал отбасында 2-3 баласы барлар қайтпек? Әлбетте, осындай қымбат төлемақыдан қашқан ата-ана баласын балабақшаға бере алмай, кезегін өткізеді.

Балабақша ақысының қымбатты­ғы­на Ұлыбританиялық ата-аналар да назалы екен. Ағылшындар елінде балабақшаға төленетін төлемақы аспандап кеткендіктен, ата-аналар бала күтімімен өздері айналысуға бел буған. Өйткені бұл балабақшаның төлемақысынан әлдеқайда арзанға түспек. Ұлыбританияда бала күтімі үшін аптасына 177 АҚШ доллары жұмсалады, ал әрбір отбасы айына 708 долларын балабақшаға төлейді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға, ал 5 жыл бұрынғы есеп­тен 33 пайызға артық. «Британия үкіметі бала күтіміне жыл сайын 9 мил­лиард АҚШ долларын жұмсап отыр. Бірақ бұл барлық шығынды жабу үшін жеткіліксіз. Біз 2 жасар сәби­лерге де 3 және 4 жастағы бала­лар сияқты жалпыға бірдей тегін күтім жасалғанын қалаймыз. Айта­лық, Францияда ата-аналардың бала күтіміне байланысты құқығы заңмен жеткілікті қорғалған және балабақша ақысын үкімет белгілейді», – депті «Отбасы және бала күтімі» қорының өкілі Эллен Бруме жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына бер­ген сұхбатында. Негізінен Ұлыбри­та­нияда балабақшаның ақысы мемле­кет тарапынан қадағаланбайды. Өйт­ке­ні балабақшалардың барлығы жекемен­шік.

Жекеменшік балабақшалар біздің елімізде де өз қызметтерін ұсынуда. Алайда олардың қызмет ақысы тым жоғары. Алматы қалалық білім беру басқармасының деректеріне сүйенсек, жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер әрбір бала үшін айына 30 мыңнан 150 мыңға дейін төлемақы алады екен. Қазіргі уақытта еліміздегі кейбір жекеменшік балабақшалардағы төлем орташа айлық жалақы мөлшерімен бірдей. Мұндай мектепке дейінгі мекемелерге тек қалталылардың балалары ғана бас сұға алатыны айтпаса да түсінікті. Ал қарапайым отбасылардың мемлекеттік балабақшаның кезегін күтуден өзге амалы да қалмайды. Айта кетейік, жекеменшік балабақшалардың баға саясатын мемлекет реттемейді. Егер жекеменшік балабақшалардағы төлемақы қарапайым отбасылар үшін тиімді болса, біраз ата-ана баласын осындай мектепке дейінгі мекемелерге беретін еді. Соның нәтижесінде еліміздегі шешімін таппай жатқан балабақша мәселесі біршама ретке келуі мүмкін.

Бала күтуші деп кімді айтамыз?

Баласын балабақшаға беруге ниет­тен­се де, кезегінің келмейтіндігі мен ақы­сының аспандап кетуі ата-аналарға үлкен кедергі келтіруде. Мектепке дейінгі мекеменің төлемақысын қалтасы көтермейтін ата-аналар арзанырақ бағаға келісетін бала күтушісін іздейтіні жасырын емес. Осылайша, еліміздегі балабақшалардың қымбаттығы бұрын-соңды қазақтың өмірінде болмаған жаңа мамандық қалыптастырды. Бірақ бүгінгі күні арзан бағаға келісетін күтуші табу да оңай шаруа емес. Олар­дың жалақысы да 40 мың теңгеден басталып, 100-150 мыңға дейін жетеді.

«Бала күтуші қажет». Қазір ғалам­тор бетіндегі дәл осындай жарнамадан көз сүрінеді. Өйткені жазғы демалыс кезінде жалдамалы бала күтушілерге деген сұраныс тым жоғары. Бұрындары жазғы демалыста баланы тәрбиелейтін ата-әженің орнын бүгінде бала күтуші басып отыр. Ата мен әженің тәрбиесін алмастырған бала күтушілер біраз жылдан бері балабақшаның да қызметіне бәсекелес болып, бала тәрбиесіне де бизнестің жеткендігі сезіле бастады. «Баланы бауыр еті санайтын» қазақтың енді баласын кім көрінгенге сеніп тапсыруына кім кінәлі? Бүгінде қолжетімді «мамандыққа» айналған бала күтуші қызметін студенттерден бастап зейнетке шыққан әжелерге дейін атқаруда. Ал ата-аналар көбінесе жас күтушілердің қызметіне жүгінеді екен. Демек, олар өз бүлдіршіндерін әлі бала тәрбиесінен хабары жоқ жас қыздардың қолына тапсырады. Өзінің балалығынан толық арылмаған күтушінің оң-солын танымайтын балдырғанға қандай тәрбие беруі мүмкін? Осыны ойланып көрген ата-ана бар ма?

Соңғы уақытта жалдамалы бала күту­шілерге қатысты жағымсыз жайттар жиі қылаң беруде. Кейбірінің бала тәрбиесімен емес, ұрлық-қарлықпен айналысып, үй иелерінің бағалы заттарын қолды қылғанын да талай естідік. Тіпті, бүлдіршіндерге қол көтеретін күтушілер де кездеседі. Соның бір дәлелі – Шымкентте орын алған қайғылы оқиға. 4 жасар қыз бен 2 жасар ұл баланы дегеніне көндіре алмаған жалдамалы күтуші екеуін әбден сабағаны елдің жағасын ұстатқан. Күтушінің соққысына шыдамаған 4 жастағы қыз аурухананың жан сақтау бөлімінде жатып жан тапсырған еді. Бұл – біз білетін қылмысы ашылып, қолға түскендердің бірі ғана. Ал мұндай оқиғаның елімізде әлі де қайталанып жатпасына кім кепіл?

Мысалы, мемлекеттік балабақ­ша­ларда бала тәрбиесіне бірнеше маман жауапты. Психолог, медбике, тәрбиеші, күтуші, музыка маманы, бағдарламалық арнайы оқу жүйесінің әдіскері балаларды тәрбиелеуге атсалысады. Ал үйге келетін бала күтушісі осы мамандықтардың барлығынан хабардар ма? Олар өз қызметтеріне қаншалықты жауапкершілікпен қарайтыны да бізге белгісіз. Жалдамалы бала күтушілердің қызметін айғақтайтын ешқандай білімі де, құжаты да жоқ. Мұны мемлекеттік тұрғыдан қадағалау қажет. Өйткені бала күтушілер тәрбиелеп жатқан балдырғандар – еліміздің ертеңі.