ҮШ МЫСАЛ, БІР ТҮЙІН
ҮШ МЫСАЛ, БІР ТҮЙІН
1. ТІС МӘСЕЛЕСІ
Тіс – денсаулық кепілі. Қазір елімізде тіс ауруына шалдықпаған жан кемде-кем. Соңғы деректерге жүгінсек, халқымыздың 98 пайызы осы аурудың азабын тартып жүр екен. Дәрігерлердің айтуына қарағанда тіс ауруы адам ағзасының басқа органдарының жүйелі қызметінің бұзылуына қатты әсер ететін көрінеді. Сондықтан да бізде жүрек, бүйрек, асқазан сырқаттарына шалдыққандар саны көп.
Иә, Кеңестер өкіметі кезінде дәрігерлер тісті тегін емдегені есімізде. Әр аудан орталығындағы емханада тіс емдеу кабинеттері жұмыс істейтін. Алайда ұлттық менталитетіміз ауру асқынғанша сүйретіліп жүре беруге дағдыланған. Тіс ауруы қанша жанымызға батса да дер кезінде дәрігер көмегіне жүгіне қоймаймыз. Әсіресе ауылдағылар. Күні бүгінге дейін аудан не қаладағы стоматологияға баруға ерініп, өздерінше ем қолдануда. Тіпті баз біреулері трактор генераторына сым жалғап, соңғы ұшын ауру тісінің мүжілген жеріне тигізіп, дөңгелегін қолымен шыр айналдырып жібереді. Ток жүйке жүйесінің талшықтарын жансыздандырған соң ауруы басылады да алаң көңілі жай табады. Тіс емдеу маманына барып, аурудың ұясын тазартып, бүтіндеу ойына да кіріп шықпайды.
Ауыл демекші қазір ауыл түгілі аудан орталықтарындағы емханалардан тіс емдеу кабинетін табу қиын. Барының өзі санаулы ғана. Онда да олардағы емдеу қондырғылары баяғы Кеңестер Одағы кезінен қалғандар. Ал шалғайдағы аудандарды ауызға алмасақ та болады. Қоғам нарықтық экономика тәсілімен даму жолына түскеннен бастап, еліміздегі медицина саласында стоматология емдеу орталықтары бірінші кезекте жекешелендірілді. Қаражаты мол жандар шетелдерден заманауи емдеу құралдарын сатып алып, білікті дәрігерлерді өздеріне тартып, халыққа ақылы қызмет көрсете бастады. Жыл өткен сайын емдеу ақысы да көтеріле түсуде. Қымбаттығы соншалық жалақысы қомақты, тұрақты жұмысы бар жандар болмаса, жалдамада жүрген табысы аз қарапайым жандардың тіс ауруларын емдетуге шамалары жете бермейді.
Еуропа елдерінде де тісті емдеу ақысы өте жоғары. «Сырт көз – сыншы». Жуырда Германияға қоныс аударған менің бұрынғы көршім елге келгенде екі ел жағдайын салыстыра пікір алысқан едік. Сөз арасында ол ондағы халықтың табысының көптігін, тұрмыс деңгейлерінің жоғарылығын, тіс емдетуге қомақты қаржы жұмсайтындарын тілге тиек ете келе, біздің елдегі стоматологияның ақылы қызметі халық тұрмысы деңгейінен алшақ жатқанын да жеткізді. «Стоматология орталықтарындағы емдеу кабинеттері көбіне бос болатыны да сондықтан», – дейді. Айта кететін тағы бір жай Германияда да емдеу кабинеттерінде сарыла кезек күтіп отырған адамдарды көрмейді екенсің. Өйткені ондағылар бала кезінен тістерін күтімге алғандықтан тіс ауруларына шалдыға бермеген. Ал емделуді қажет ететін балалар жалпыға шаққанда небәрі 5-6 пайызды ғана құрайды. Тіс дәрігерлерінің көмегіне сүйенгендердің көбі бұрынғы Кеңестер Одағынан қоныс аударғандар.
Бір қызығы тіс ауруларына байланысты 1980 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының декларациясы осы біздің Алматыда қабылданған болатын. Сол декларация талаптарын орындауды бізден бұрын шетелдіктер қолға алыпты. Кеңестер Одағы қаржы тапшылығына байланысты бұл мәселені кейінге ысырумен, халықтың тіс күтімінде заман талабынан қалып қойған еді. Тіс емдеу қондырғылары ғылыми тұрғыдан дамытылған жоқ. Сондай-ақ маман дәрігерлерді бірнеше салаға бөліп жіберген. Балалар мен ересектер дәрігері бөлек, хирург стоматолог, ортопед дәрігері деп кете береді. Бізде әлі күнге дейін осы қалыптасқан еңбек тәртібінен шыға алмай келеді. Ал бұл емдеу ақысының да қымбаттауына әсерін тигізуде. Ал Германияда осы міндеттердің бәрін бір әмбебап дәрігер атқарады. Бізде де осындай ұтымды тәсілге көшетін уақыт жеткен секілді.
Қазір республика халқының саны 17 миллионға жуықтап қалды. Ал еліміздегі стоматология мамандарының саны 18 мың ғана. Олардың біраз бөлігі тіс емдеуді жаңа ғана бастаған, іс-тәжірибесі аз жас мамандар. Қалай айтсақ та білікті мамандар жетіспейді. Медициналық жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің түгелге жуығы қалаларды айналшықтап, стоматология орталықтарынан жұмыс іздеуде. Өйткені қаржысы аз ауылдарда ондай орталықтар жоқтың қасы. Барындағыларда бұрыннан орнығып қалған ескілікті мамандар жұмыс істеп жатыр. Үкіметтің ауылдағы осы түйінді мәселеге әлі де назар аудармай келе жатқаны көңіл қынжылтады. Ондағылар банктерден кредит алып, қала дәрігерлеріне ауру тістерін емдетейін десе, оның үстеме қайтарымынан қорқып, тәуекелге бара бермейді. Жалпы, Үкімет медицинаның бұл саласына мүлдем көңіл бөлмейді деу шындыққа сая бермес. Аз да болса жәрдем беруде. Алдыңғы жылы бюджеттен тіс ауруларын емдеуге 500 миллион теңге бөлген. Бұл республика тұрғындарының жан басына шаққанда 52-53 теңгеден ғана келеді. Осындай болмашы қаражатпен барлық түйінді істі шешіп тастау мүмкін бе? Әрине, жоқ. Сондықтан да халық арасында тіс ауруларының асқынған түрлерінің шамадан тыс көбейіп кетуіне байланысты осы қаражат көлемін бірнеше есеге көбейту қажеттігі туындап отыр. Халыққа жанашыр болған дәрігерлер мемлекеттік кепілдемелі тегін медициналық көмектің ішіне жүкті әйелдер мен 16 жасқа дейінгі балаларды енгізуді сұраған еді. Сол ұсыныс та Үкімет тарапынан 2000 жылы қабыл алынып, арнайы қаулымен заңдастырса да әлі күнге іс жүзінде толық қалыптаса қойған жоқ.
Осыдан екі-үш жыл бұрын заманауи қондырғысы бар стоматология кабинеттерінде адам өлімі болғаны заң орындарында тіркелген. Бұл тікелей емдеуші дәрігерлердің білім-біктілігінің нашарлығынан болған жайт. Сондай-ақ тіс емдеу барысында жұқпалы А.С. гепатиттері де орын алғанын жоққа шығара алмаспыз. Қазір стоматология кабинеттеріне қатаң санитарлық бақылаудың арқасында бұл келеңсіздіктердің жолы кесілді. Әйтсе де дәрігерлерге сақтық қажет-ақ.
Үкіметтің басты мақсаты халықтың тұрмыс деңгейін көтеріп қана қоймай, денсаулығын да жақсарту болып табылады. Мамандар оны міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу арқылы медициналық қызмет көрсетудің 50 пайызын мемлекет, 50 пайызын тұрғындар қалтасынан өтеуге болатынын айтып ұсыныс жасауда. Сондай-ақ олар егер бір жыл бойына дәрігерлік көмек алмасаңыз медициналық сақтандыруға берілген қаражат өзіңізде қала беретінін де ескертеді. Жыл сайын толығып отырған бюджет қорына қарағанда, Үкімет олардың бұл ұсыныстарын қаперлеріне алса игі еді.
2. «ҚАЗАҚФИЛЬМ» ҚАПЕРІНЕ
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына да жетпіс жылға жақындап қалды. Бүгінде республикада сол алапат соғысты бастан кешкен майдангер-ардагерлер қатары да мүлдем сиреген. Қазір Алматының өзінде өмірде бар жеңімпаздар саны сексеннің үстінде ғана, Рас, жыл сайын оларға Үкімет тарапынан құрмет көрсетіліп келді. Енді екі жылдан соң посткеңестік елдер фашистік Германияны талқандаған Жеңіс мерекесінің 70 жылдығын тойлайды. Ресейдің бұл айтулы мерекені лайықты қарсы алуға кіріскелі қашан. Олардағы бірнеше киностудиялар жыл сайын соғыс тақырыбына жалпы саны жүзге тарта кинофильмдер шығарады екен. Сол туындылары арқылы жастарын отансүйгіштік қасиеттерге тәрбиелеуде. Солардың бірлі жарымында ғана болмаса рольдерден өзге ұлт өкілдерін көрмейсің. Ал біздің қазақ мүлдем жоқтың қасы. Бүгінгі ұрпақ сол киноларға қарап отырып, фашизмді тек орыстар ғана жеңген екен деген ойда қалары анық.
Бұл соғыста қазақ жуынгерлері намыс үшін күресіп, ерліктерімен танылды. «Майдангер әскерлер» кітабында 1943 жылы Сталинград үшін шайқаста тұтқынға түскен неміс фельдмаршалы Паулюстің күнделігінен үзінді жариялапты. Онда қанша фашист болса да фельдмаршал қазақ жауынгерлеріне әділ бағасын берген. «…Көсемдерінің аты берілген қаланы біздің қарсыластарымыз аса жанын сала қорғады. Соғыстың қызған уақытында алғы шепке жіберілген менің солдаттарым бір уақытта қатты састы. Өйткені орыстар қайдан тапқаны, әлде биологиялық жолмен сұрыптап шығарған ба, бет әлпеттері орысқа ұқсамаған, бітім-болмыстары да басқаша, көздерінен от шашқан адамдар қарсылас жақтың окобынан атып шығып, төпеп тұрған оққа қарамай, баса-көктеп біздің плацдармды басып алды. Кейіннен осы адамдардың «Талғар полкінің жауынгерлері» екенін білдік. Мұны неге орыстардан бөле-жара айтып отырмын? Қан майданда қаншама рет соғысып, біз оларды, олар бізді қырсақ та, жауынгердің жауынгерді батылдығы үшін бағалағаны жөн емес пе?!».
Талғар полкінің құрамында қазақ жауынгерлерінің саны басым болғаны әмбеге аян. Жау жоғары бағалаған батыр бабаларымыздың бұл ерліктерін кейінгі ұрпаққа неге үлгі тұтпасқа. Әрине, жастарды солардың ерлік істері арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеуде киноның маңызы жоғары. Сондықтан да Ресей киногерлері жыл сайын соғыс тақырыбындағы фильмдерді көптеп түсіруде.
Ал бізде ше? Соңғы жиырма жыл бедерінде Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Акционерлік Қоғамы Екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты бірде-бір фильм түсірген емес. Сонда қалай, сол соғыстың біздің елге қатысы болмағаны ма? Тіпті оның шалығы Атырау мен Орал облыстарына да жеткен еді ғой. Соғыс қаншама шаңыраққа қасірет-қайғы әкелді. Тіптен бір үйден 4-5 жан майданға аттанып, солардың біреуі де аман қайтпаған жайттар болды емес пе. Жалпы осы соғыста 700 мыңнан астам қазақстандық жауынгерлер құрбан болды. Тарихтан мұны қалай жәйден-жай өшіре салуға немесе ескерусіз қалдырамыз. Қазақ жастарының соғыстағы ерлік істерін бүгінгі ұрпақ дәріптемесе, кейінгілер кешіре ме? Солардың қатарында тіпті екі рет Кеңестер Одағының Батыры атанғандарды қалай ұмытасыз? Әсіресе тылда соғыстан да бетерді көрген ел ішіндегі әйел мен балалардың жанқиярлық еңбегін ел санасынан қалай өшіре аламыз? Соғыс тақырыбына жазылған жазушылардың романдары, мемуарлары, естеліктері қаншама. Ал киноға келер болсақ Кеңестер Одағы кезінде түсірілген «Ана туралы аңыз», «Мәншік туралы ән», «Артымызда Москва» көркемсуретті фильмдер мен деректерге сүйеніп түсірілген киножурналдардан басқа не бар? «Қазақфильм» бүгінгі ұрпаққа көрсететін қандай жаңа кинотуындылар ұсынады? Өкінішке орай, ондай туындылар жоқ. Мына әлеуеті бізден әлдеқайда төмен өзбек ағайындардың өзі осыдан он шақты жыл бұрын фашистер тұтқынында азап шеккен екі жауынгерлерінің тағдыры туралы кинофильм түсіріп, солар арқылы өздерінің ерік-жігері мықты ұлт екенін көрсете білді. Ал біз жиырма жылдан бері ай қарап отырғандай күй кешудеміз.
Жеңіске дейін алда екі жыл бар. «Қазақфильм» АҚ-на майдангерлер туралы кинофильм түсіруге әлі де кеш емес. Екінші дүниежүзілік соғыста ел көрген азап, қазақ жауынгерлері танытқан ерлік істер аз емес. Кейінгі ұрпақтардың оны білуге және мақтан етіп, үлгі тұтуға толық хақылары бар.
3. АЛАШ КӨСЕМІ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ
Мұстафа Шоқай – түркі халықтарының бірлігі және тәуелсіздігі үшін күрескен ұлттық тұлға. Ақын Қасымхан Бегманов бастаған шығармашылық топ алдыңғы жылы шетелдерде, Мұстафа болған жерлерде болып, нәтижесінде «Мұстафа Шоқай жолымен» атты деректі фильм түсіріп, көрермендер назарына ұсынған еді. Өскеменде шығатын «Flasһ!» газетінің бас редакторы Денис Данилевский мен сол басылымның журналисі Сергей Михеевтің сол фильмге қатысты мақалалары жарияланды. Данилевский «Национал-демократы против Таможного Союза» (2011 жылдың 26 шілдесі) атты мақаласында Мұстафа Шоқайды «…қазақтың Власовы, фашистердің құйыршығы» деп жазса, Михеев сол жылдың 6 тамызында жарияланған «Когда черное становится белым» атты мақаласында «…Мұстафа Шоқай – Қазақстан мен Орта Азияның бола алмай қалған әміршісі, фашистік ұйымның басшысы, «Түркістан легионының» идеялық жетекшілерінің бірі» деп ұлттық тұлғаны әжуалай отырып, халық жауы ретінде көрсетуге тырысқанын жұрт ақпарат құралдары арқылы құлағдар болған. Олардың бұл сыңаржақ пікірлері қалың көпшіліктің наразылығын тудырды. Фильм режиссері Бегманов мақаладағы сол қисық-қыңыр пікірлерді теріске шығарту үшін Өскемен қалалық сотына жүгініп, әділ шешімін күткен. Сондай-ақ моральдық зардап келтіргені үшін олардан 5 миллион теңге өндіріп беруді өтінген болатын. Өкінішке қарай сот шешімі Данилевский мен Михеевтің пікірлерін теріске шығара алған жоқ. Сол күні-ақ Данилевский: «Азаттықтан» Бегманов берген талап арызды қанғаттандырмау және сот процесіне кеткен шығынды оның өтеп беруі туралы шешімнің шыққанын айта келіп: – Соттың шешімі заңды, әділ әрі негіз бар. Біз бұл шешімге ризамыз! – деп жарияға жар салды.
Бегманов қорғаушысы Галина Хванмен ақылдаса келіп, сот шешіміне риза еместігін білдіріп, Шығыс Қазақстан облыстық апелляциялық сотына шағымданатынын жеткізген. Ол Мұстафа Шоқайдың туған інісі Нұртазаның қызы Нәимна мен туысы Болат Қалымбетовті іздеп тауып, олардан Мұстафаның мүддесін қорғау бойынша сенімхаттар алады. ҚР Бас прокуратурасынан Мұстафа Шоқайдың фашистердің құйыршығы болғандығы туралы деректерді жоққа шығаратын ресми хатын және Қазақстан Тарих және этнология институты мен Қазақстан тарихшылар қауымдастығынан Мұстафаның түркілер үшін сіңірген еңбегі жөніндегі мәліметтерін іс құжаттарына тіркеп, облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірген. Тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев: «Күн сайын соттар әртүрлі қылмыстық және азаматтық істерді қарап, үкімдерін шығарып жатады. Бірақ тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тарихында Алаш көсемі үшін алғаш соттасқан жалғыз қазақ, ол – ақын, зерттеуші Қасымхан Бегманов», – дейді.
Ағымдағы жылдың 12 шілдесінде Бегманов түсірген шағым бойынша Шығыс Қазақстан облыстық сот азаматтық іс қарап, «Flasһ!» газетінде жарияланған Данилевский мен Михеевтің жөн-жосықсыз жарияланған мақалаларын жоққа шығарып, Бегмановқа азаматтығына нұқсан келтіргендері үшін 100 мың теңге моральдық өтемақы төлеуге, сот шығындарын қоса жабуға шешім шығарды. Осылай әділдік үстемдік құрды. Ал Бегмановтың тұлғаны жаладан қорғаудағы табанды күресіне, азаматтығына жұрт риза.
Қасымхан Бегманов: «Ең бастысы олардан өтемақы өндіруде емес, Мұстафаның кінәсіз атын ақтап алуда», – дейді.
Алдыңғы жылы Үкiмет медицинаның тiс ауруларын емдеу саласына 500 миллион теңге бөлдi. Бұл жан басына шаққанда 52-53 теңгеден келедi екен. Ал стомотология орталықтарының емдеу ақысына қатысты айтар болсақ, бұл бөлiнген ақшаға емделу мүмкiн емес. Сондықтан да Үкiметке тiс ауруын мамандар ұсынып отырған мiндеттi медициналық сақтандыру жүйесiне ендiрiп, медициналық қызмет көрсетудiң 50 пайызын мемлекет, 50 пайызын тұрғындар қалтасынан өтеудi қаперлерiне алғандары жөн шығар.
Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығы мерекесiне екi жыл уақыт қалды. Ал бiзде тәуелсiздiктен берi майдангер батырларымыздың ерлiктерiн жас ұрпаққа үлгi етiп, патриоттыққа тәрбиелейтiн кинофильмдер түсiрiлген жоқ.
Мұстафа Шоқай – тарихи тұлға. Ұлттың ар-намысы мен беделi. Ақын-зерттеушi Қасымхан Бегманов алғаш рет Алаш арысына болған сотта оны жабылған жаладан қорғап қалды.
Көлбай Адырбекұлы