ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ КӨРМЕ ЖАЛҒАСУДА
ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ КӨРМЕ ЖАЛҒАСУДА
Жуырда Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті «Қазақстанның үздік тауары» атты көрме ұйымдастырмақ.
Аталмыш көрмеге Қарағанды облысының 40-тан аса кәсіпорындары өз өнімін ұсынады. Байқау-көрменің жұмысына облыстық әкімдіктің, Техникалық реттеу және метрология комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшылары, Қарағанды облысы кәсіпорындарының және ұйымдарының басшылары мен мамандары қатысады. Байқау «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Тұрғындарға арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» атты үш номинация бойынша өткізілетін болады. Бұл байқаудың шарты бойынша әрбір кәсіпорын өз өнімдерінен дәм татқызып қана қоймай, оны тұтынушыларға өткізуге тырысады.
Өңірлік көрмеге қатысушыларды облыстық сараптама комиссиясы бағалайтын болады. Өнімнің сапасы, оның бірегейлілігі мен бәсекеге қабілеттілігі бағалау кезіндегі негізгі өлшемдер болып табылады.
«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік конкурстың лауреаттары немесе дипломанттары болған әрбір кәсіпорын арнайы дипломдармен марапатталады. Әрі аталмыш байқауға қатысушылардың материалдары республикалық конкурстық комиссияға жіберіледі.
1998 жылдан бері өткізіліп келе жатқан өңірлік конкурстар Қарағанды облысында өндірілетін өнімдердің жоғары деңгейін көрсетті. Биыл да біздің өңірдің өндірілетін өнім сапасы саласында республика көлемінде көшбасшы болатынын дәлелдей алатыны сөзсіз. Байқау жеңімпаздары биылғы жылдың соңында Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесіне жолдама алмақ.
Едіге БЕКТАС