«КОММУНИЗМ ЕЛЕСІ» КЕЗБЕЙТІН БОЛДЫ
«КОММУНИЗМ ЕЛЕСІ» КЕЗБЕЙТІН БОЛДЫ
Посткеңестiк елдердi кезген «коммунизм елесiнен» арылу науқаны неғұрлым қарқынды жүргiзiлген сайын, кремльдiк саясаткерлерден маза кеттi. Өздерiн «КСРО-ның заңды мұрагерiмiз» деп бiлетiндерi тiптi тәуелсiз мемлекеттердiң дербес саясатына қол сұғып, елдi iштен iрiтуге мүдделi.
«ЖАҢА ЗАҢ ҚЫЛМЫСТЫ ӘШКЕРЕЛЕЙДІ»
Молдова үкіметі коммунистік символиканы пайдалануға заң жүзінде тыйым салды. Осыған байланысты молдовандар еліндегі Коммунистік партия өкілдері 2012 жылдың 1 қазанына дейін партия туындағы орақ пен балғаны алып тастаулары тиіс. Үкіметтің бұл қадамына наразылық танытқан коммунистер «Билік қоғам назарын ушыға түскен экономикалық проблемалардан коммунистерге қарай аударуды көздеп отыр» деп дабыл қағуда. Құжат талқыға түсердің алдында «оппозицияға қысым жасалуда» деп мәлімдеген коммунистердің жетекшісі, Молдованың экс-президенті Владимир Воронин: «Еліміздің көптеген азаматы коммунистік рәміздерді құрмет тұтады. Ұлы Отан соғысы кезінде осы орақ пен балға белгіленген ту астында соғысты» деген уәж айтты. Ал заң жобасы басым дауыспен (56 пайыз) қабылданғаннан кейін: «Тарихты ешкім қайта жаза алмайды. Тарихтың кек алатын қасиеті бар. Кейбіреулер үшін бұл кек өте ауыр тиюі мүмкін» деп заңды жақтаушыларға доқ көрсетіп, «Бұл – Парламент емес, жындыхана! Ал ауруларға тіпті ренжуге болмайды!», – деп бұлқан-талқан ашуланды. Воронин жақтастарының бірі – Коммунистік партия Орталық комитетінің атқарушы хатшысы Мунтян «советтік символикаға қол сұғушылықты» қылмыспен теңеп, билеуші партияның бастамасын қоғамды жікке бөлетін арандатушылық әрекет ретінде бағалады. Алайда арнайы заң қабылдаған молдовалық депутаттардың пікірі басқаша. Олар кеңестік үкімет үстемдік еткен Молдова Кеңестік Социалистік Республикасы болған кезеңіндегі коммунистік режимді жазғырып отыр. «Еуропалық интеграция үшін» альянсының өкілдері басымдық ететін Молдавия парламенті кезінде «Күн көсем» атанған Лениннің бейнесін, балға не орақты қоғамдық орындарда, жалпы республика аумағында пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салды. Заңға бағынбағандар 1 мың долларға дейінгі көлемде айыппұл төлемек. Заң жобасы талқыға салынып жатқанда 101 орындық парламенттің 56 депутаты құжатты қолдаса, 6 экс-коммунист қарсы дауыс беріпті. Ал билікке оппозициядағы Коммунистік партия фракциясының мүшелері парламент залынан шығып кеткен.
Коммунистердің қытығына тиген ұсынысты Молдованың бұрынғы президенті Михай Гимпу басшылық ететін Либералдар партиясы ұсынған. Елге басшылық еткен жылдары, анығында, 2010 жылы 28 маусымды «советтік шапқыншылық күні» ретінде атауға бұйрық шығарған оның бастамасын республиканың Конституциялық соты жоққа шығарғанмен, Михай Гимпу жарлық шеңберінде Кишиневтің орталық алаңынан «Советтік шапқыншылық құрбандары» ескерткішін тұрғызуға мұрындық болды. «Коммунистік тоталитарлық режим қылмыстарын әшкерелеу – біздің моральдық парызымыз. Мен аталған заңның қабылданғанына қуаныштымын. Осы құжат арқылы тоталитарлық коммунистік режим салдарынан зардап шеккен аталарымызды, туыстарымызды құрметпен еске алдық. Коммунистік кезең қылмысын жазалауға тиіс едік. Өйткені жаза қолданылмаған кез келген қылмыс қайталана береді», – деп мәлімдеген Гимпудің пікірі қазақтарға да қатысты. Өйткені бізде арысы – коммунистердің билікті күшпен тартып алған Октябрь төңкерісі, 30-жылдардағы зобалаң, берісі Желтоқсан оқиғасы бар. Өкініштісі сол, мыңдаған қыршынды коммунистік режимнің табанына салып бергендердің қылмысы әлі күнге толық әшкереленген жоқ, қылмыскерлер тиісті жазасын алған жоқ.
РЕСЕЙ «СОВЕТТІК ШАПҚЫНШЫЛЫҚТЫ» МОЙЫНДАҒЫСЫ ЖОҚ
Кеңестік кезеңде жекеменшік ештеңе болған жоқ. Бәрі – «колхоздікі», бәрі – «үкіметтікі». КСРО шеңберіндегі 15 одақтас республика халқын Кремльге телмірткен коммунистік идеология тіпті кіндік қаның тамған Туған жерге, оттан да ыстық Отанға, мемлекет рухын асқақтататын астанаға қатысты ұғымдарды да Мәскеумен шектеді. «Отанымыздың жүрегі – Москва» деген жаттанды тіркес көпшіліктің жадынан әлі өше қойған жоқ. «Мой адрес – не дом, не улица, мой адрес – Советский Союз» деп келетін әнді кейбіреулер әлі күнге асқақтата салады. Келмеске кеткен КСРО-ға қатысты естеліктерді өшірмеуге өздерін КСРО-ның заңды мұрагеріміз деп санайтын кейбір ресейлік саясаткерлер барын салуда. Мәселен «бүйректен сирақ шығаруға» құмар орыс депутаттары молдовандар елінде орақ пен балғаға қатысты қабылданған заңның астарынан «антиресейлік саясатты» «көріпті». Ресейдегі Коммунистер партиясының хатшысы, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Вадим Соловьев жақтастарын: «Ресей – КСРО-ның заңды мұрагері. Сондықтан Ресейдің атына айтылған және қабылданған дөрекі сөздер мен әрекеттер белгілі бір деңгейде Ресейге деген наразылықтар болып табылады. Келешекте мұның соңы материалдық өтемақылар талап етуге әкеп соғуы ғажап емес. Түрлі заң жобалары арқылы құқықтық базаның дайындалуы сондықтан. Яғни Балтық жағалауы елдерінің Ресейден «советтік шапқыншылық» үшін өтемақы талап еткені сияқты» деп ескертті. «Советтік символикаларға» осылайша жанталаса араша түскен ол: «Молдовадағы көпшіліктің бүйрегі Ресейге бұрады. Сондықтан депутаттардың коммунистік рәміздерге қатысты қабылдаған заңы ұзаққа бармайтыны белгілі. Көп ұзамай, келесі сайлауда Молдовадағы билік басына коммунистер келеді» деп доқ көрсетуді де ұмытпады. Ресейлік әріптесінің бұл болжамын қуана құптаған Молдовадағы Коммунистік партия Орталық комитетінің атқарушы хатшысы Мунтян: «Елдегі қиын жағдайды ескерсек, кезектен тыс сайлаудың өткізілуі әбден мүмкін. Оның қорытындысы да ешкімге жұмбақ емес. Қазіргі билік келесі сайлаудың нәтижесінде Коммунистік партия өкілдері басымдықпен жеңетінін біледі. Бүгінде бізді саяси алаңнан шетке ығыстыру үшін қолдан келер амалдың бәрін жасап бағуда», – деп мәлімдеді. Бұған дейін «Молдова азаматтығын иеленсе де, әлі күнге КСРО-ның қызыл төлқұжатымен жүрген мыңдаған адам 2012 жылдың 1 шілдесіне дейін құжаттарын өзгертпесе, заң алдында жауап беруі керек» деген жаңа заң қабылданған болатын. Өйткені Молдова ақпараттық дамыту министрлігінің мәлімдеуінше, бастама көтерілгенге дейін Молдова халқының 8 пайызы, яғни 260 мың адам 1974 жылы шығарылған үлгідегі КСРО төлқұжатын пайдаланып келген. Молдовадағы Саяси зерттеулер институтының директоры Виорел Чибатару құжаттарды ауыстыруға мәжбүрлейтін заңның астарында ешқандай саяси сарын жоқтығын көлденең тартады. Ал құжаттарды ауыстырумен айналысатын Registru мемлекеттік кәсіпорны жетекшісінің орынбасары Василий Черныйдың айтуынша, ескі технологиялармен жасалған «қызыл төлқұжатты» жасанды жолмен дайындау өте оңай екен. 1974 жылы суреттерді жапсырған желімнің мерзімі де әлдеқашан біткен. Оның үстіне, КСРО төлқұжатындағы жазу кириллицамен басылған, ал Молдова латын әрпіне 1989 жылы көшті. Тілдік нормаға қатысты тағы бір маңызды ерекшелік, жуырда қабылданған заңға сәйкес, 2012 жылдың маусымынан бастап жеке куәліктегі мәліметтер орыс тілінде көрсетілмейтін болды. Ресейдегі кейбір сыңаржақ саясаткерлердің қытығына тиген тағы бір жағымсыз жаңалық – осы.
«ҮЙІМІЗДЕ, ТӨРІМІЗДЕ,
ПОРТРЕТТЕ ТҰРҒАН – КІМ?»
Балалық шағы кеңестік кезеңде өткендер «Үйімізде, төрімізде, портретте тұрған кім?» деп басталатын әнді жақсы біледі. Бұл «Ленин бабаны», «Ленин дананы» ұлықтайтын көп әндердің бірі ғана. Тоқпағы күшті кеңестік идеология жеке басқа табынушылықты, құлдық психологияны, дербестікті емес, дәрменсіздікті санаға мәжбүрлеу арқылы сіңіруге тырысты. Жиырма жылдан астам егемен тарихы бар посткеңестік елдердің әлі күнге артына жалтақтай беретіні, шешім қабылдауда, ширақ қимылдауда әлі де болса Кремльдің ауанын бағуға тырысатыны сондықтан. Бірақ бұл орайда Балтық жағалауы елдері мен Польшаның жөні бір басқа. Жуырда Молдовадағы «советтік символикаларға» қатысты жағдай Польшада да қайталанды. Ленинді кубалық төңкерістің басшысы Че Гевара мен фашистердің көсемі Арнольд Гитлермен салыстырған поляк депутаттары коммунистерге, КСРО-ға қатысы бар кез келген рәміздерді пайдалануға заң жүзінде тыйым салды. Сейм қабылдаған құжатқа сәйкес, енді Польшада орақ пен балға, Лениннің портреті, сондай-ақ Че Гевараның суреті фашизмді, нәсілшілдікті насихаттайтын символға теңеледі. Бір ерекшелігі, ағайынды Качиньскилердің «Құқық және әділдік» партиясы ұсынған осы заңды бұзғандар, анығында орақ, балға және пролетариаттар көсемінің портретін, «СССР» деген жазуы бар киімдер мен түрлі заттарды саудаға шығарғандар молдовандар сияқты айыппұлмен шектелмейді, керісінше, екі жылға дейін қапасқа қамалады. Бастамашылардың бірі, депутат Станислав Пента: «Жаңа заң поляк жастарына коммунизмнің фашизм сияқты қатыгез болғанын түсіндіреді. Көптеген өлім жазасын өз қолымен жүзеге асырған кубалық баскесер Че Гевараның, Лениннің суреттерін, орақ пен балға, «СССР» деген жазуы бар футболкаларды сатқандарды соттар жазаға тартуға құқылы», – деді.
Оған дейінгі бейбіт келісімдерге қарамастан, 1939 жылы 1 қыркүйекте Германиямен соғысқа кірген Польшаның ту сыртынан көп ұзамай Совет әскерлері шабуылға кіріскен. Олар шайқаста қолға түскен 40 мың поляк офицерін, ұлт зиялыларын Катынь маңындағы қалың орманға апарып, жаппай атып тастады. Катынь трагедиясы – Польшаның мәңгі жан жарасы. «Сол күні Польшаның ту сыртынан қанжар қадалды. Қанжарды қадаған – большевиктік Ресей. Еврейлер еврей болғаны үшін қырылды, ал поляк әскерилері – поляк әскерилері болғаны үшін» деп мәлімдеген бастамашыларды Сейм депутаттары да қолдаған. Қызыл армияның 1939 жылы Польшаға жасаған шабуылын «геноцид» ретінде бағалаған құжатта «Польша екі тоталитарлық режим: нәсілшілдік пен коммунизмнің құрбандығына шалынды. Польша Сеймі Ресей Федерациясындағы еріктілердің барлығын біріге отырып, сталиндік жүйе кезіндегі қылмыстарды әшкерелеуге шақырады» делінген. Мұндай әрекетті Кремльдің құптамасы белгілі. РФ сыртқы істер министрлігі тарапынан жасалған ресми мәлімдемеде Сейм қабылдаған құжаттың Ресей тарапынан Варшаваның Мәскеумен өзара сыйластық қарым-қатынасын құрғысы келмейтіні ретінде бағаланатыны айтылған. Кремльдің дәл осылай тулайтын жөні бар. Өйткені Молдова мен Польшадан бұрын Литва мен Эстония «советтік символика тоталитарлық режимді насихаттайды» деп мәлімдеп, арнайы заң арқылы оларға тыйым салған. Ресейлік саясаткерлердің Балтық жағалауы елдеріне қатысты наразылық білдіруі осыған байланысты. Эрнесто Че Гевараның туған жері Аргентинада поляктардың жаңа заңына жергілікті БАҚ наразылық танытты: «Әлемнің көптеген елінде қажырлылықтың символына айналған Че Гевараны Польшада ешкім жақтырмайтын сыңайлы». Әлбетте мемлекеттік саясатты жүргізуде, ұлттық қауіпсіздікті қорғауда ең алдымен өзгенің емес, өзіңнің мүддең ескерілуі тиіс. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бұл – өмір заңдылығы. Сондықтан Тәуелсіздік туын 20 жылдан бері желбіретіп келе жатқан Қазақстандағы «коммунизм елесінен» құтылатын кез әлдеқашан жетті. Ол үшін еліміздегі ономастика мәселесін жолға қойып, тоталитарлық режимді насихаттаған қызылдардың көшесін ұлттың мұңын мұңдаған ұландардың атына ауыстыру, құлдық психологиядан арылуға ықпал ететін ұлттық идеологияны күшейту, мемлекеттін келешегі, ұлттың қауіпсіздігі, елдің ертеңіне қатысты кез келген маңызды мәселелерге деген қоғамдық пікірді қалыптастыру қажет.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ