ҚЫРЫМДАҒЫ КЕЗДЕСУ
ҚЫРЫМДАҒЫ КЕЗДЕСУ
ТМД бас редакторлар клубының бастамасымен Украина президентi В.Януковичпен кездесуге бiр топ журналистер жиналды. Кездесу Украинаның Ялта қаласында өттi.
Кездесуге қатысқандар: Мамедзаде Гюльнара (Әзiрбайжан), Хамдамов Шариф (Тәжiкстан), Бабуханян Айк (Армения), Виноградов Захар (РФ), Гужва Игорь (РФ), Жук Дмитрий (Беларусия), Миронюк Светлана (РФ), Оторбаева Асель (Қырғызстан), Синицына Татьяна (РФ), Паттеев Шамшидин (Қазақстан), Ласхишвили Антон (Грузия), Гварамия Гоча (Грузия), Тищенко Юрий (Молдова), Соколовская Янина (Украина).
Бұл менің Украинаға екінші рет жолым түсуі. Алғаш осыдан төрт-бес ай бұрын Израильге сапарымда Киевте бір күн болғаным бар. Кеңес өкіметі кезеңінде бұл елде болмағандықтан қаншалықты өзгеріс болып жатқандығын байқау қиындау.
Дегенмен Украина терең дәстүрлі мемлекеттігі бұрыннан қалыптасқан, Ресеймен иық тіресіп келе жатқан республика болғандығын талай рет естігенбіз. Сонау алпысыншы жылдары, Кеңестің қылышынан қан тамып тұрған кезде де өз тілінде сөйлеп, жоғары оқу орындарында украинша дәріс берілгеніне көпшілік куә.
Кеше ғана футболдан Еуропа біріншілігін өткізген бұл елдің сән-салтанаты әлі бұзыла қоймапты. Көшелері әсем, жинақы, артық көзге түсетін ештеңе көрінбейді. Қаланың көшелерінде алғаш көзге ұратын жарнамалардың басым көпшілігі украин тілінде. Қасымыздағы жолбасшымыздан мұның сырын сұрадық. Қабылданған заң бойынша жарнама басқа тілде жазылса, оның бағасы бірнеше есе қымбат көрінеді.
Кез келген мемлекеттік мекеменің ішіндегілер украинша сайрап тұр. Міне, тәуелсіз елдің саясаты осындай.
Еуропа чемпионатын өткізуге 6 миллиард АҚШ доллары жұмсалған екен. Әрбір тиыны санаулы Украина үшін бұл үлкен ақша. Жұмсалған қаржының экономикалық тұрғыдан қаншалықты ақталғанын экономистер мен сарапшылар есептеп жатқан көрінеді.
Ал саяси, рухани мәселеге келер болсақ, алғаш рет осындай беделді шараны табыспен өткерген Украина мемлекеттік күш-қуатын көрсетті. Күні кеше көшелер мен орамдардағы бітіспес жауға айналған қарсыластар аз уақытқа болса да бірігіп, тұтас жұдырыққа айналған.
Жалпы, Украина футбол елі болып саналады. Доп теппейтін бала жоқ. Үлкен де, кіші де футбол десе ішкен асын жерге қояды. Тарихқа айналған кеңес кезеңінде де үлкен жетістіктерге жеткенін көпжылдық тәжірибесі бар жанкүйер ретінде өзім де білемін. Сонау жетпісінші жылдары кеңестік командалардың арасында алғаш рет Еуропа кубогын Киевтің «Динамосы» жеңіп алғанын ұмыта қойған жоқпыз. Сол кездерде жасыл алаңда жасындай жарқырап, қайталанбас шеберлігін көрсеткен Блохин кешегі додаға Украина құрамасының бас бапкері ретінде шәкірттерін алаңға шығарғанына елдің бәрі куә. Бұл чемпионатта олардың жолы болмаса да, жанкүйерлерін ренжіте қоймаған сияқты.
Украинада футбол жайлы әңгіме айтпау мүмкін емес. Жиналған журналистердің бірі әңгімені аяқтай бере, финалға Ресей мен Украина шыққанда не болар еді деген сауал тастады. Кім білсін?!.
Кездесуіміз Ялтада өтетін болғандықтан біз Қырымға ұшақпен бет алдық. Қырымның бас қалаларының бірі – Симферопольге қондық. Әрі қарай Ялтаға жеңіл көлікпен екі сағаттық жер.
Ялта – атақты Қара теңіздің жағалауы. Қала таза әрі жинақы екен. Артық көзге ұратын ештеңе байқалмайды, жалпы Ресей мен Қазақстандағыдай ағыл-тегіл есепсіз ақшаның жоқ екендігін қала келбетінен анық көресің. Тіршілік бірқалыпты, халық қарапайым. Алып құрылыстар жоқтың қасы. Жол салу, жер қазу секілді ауыр жұмыстарды да атқарып жүрген украиндықтардың өздері. Яғни әрбір тиын ауыр еңбек және маңдай терімен келетіндігіне көзің жетеді.
Жалпы, Қырым Украинаның орыстілді аймағына жатады. Соған қарамастан сілтемір жарнамалардың басым көпшілігі украин тілінде. Бір қызығы, қаланың өн бойында біраз уақыттан бері қамауда жатқан Ю.Тимошенко бейнесі салынған жарнамаларды жиі көресіз. Олардың саны билік партиясының өкілдерінен де көп сияқты болып көрінеді. Қай жолмен жүрсең де Тимошенконың ұзын бұрымы сізге бағыт-бағдар сілтеп тұрғандай алдыңыздан шыға келеді. Мұны Украина демократиясының жетістігі дейсіз бе? Жоқ, әлде басқа ма?..
Кездесу Ялта қаласындағы Юсупов сарайында өтті. Бұл тарихи ғимаратты көзі ашық, көкірегі ояу оқырмандардың бәрі білетіні анық. Өйткені бұл үйде 1945 жылы соғыстан кейінгі атақты «Үлкен үштіктің» (Рузвельт, Черчилль, Сталин) Ялта конференциясына келген Сталин бастаған Совет делегациясы орналасқан көрінеді.
Үйдің тарихы әріден басталады. Ақ патшаның заманында ғимарат атақты орыс князі Юсуповтардың меншігі болған. (Юсуповтар династиясы Ресейдегі ең бай отбасылардың бірі болғандығы бізге тарихтан аян). Қазан төңкерісінен кейін Юсуповтар Еуропаға қоныс аударады да, елге қайтып оралмайды. Олардың біраз өкілдері сол кездегі орыс ақсүйектері секілді Францияға табан тіреген. Жалпы, Юсуповтардың орыс тарихындағы орны ерекше екендігін оқырман жақсы білетін болуы керек. Феликс Юсуповтың Распутиннің өлтірілуіне қатысуы, одан кейінгі Орыс тәжінің күйреуі әлем тарихына зор өзгеріс енгізді.
Шын мәнінде аса маңызды тарихи ескерткіш болып саналатын бұл нысан қолдан қолға өтіп, әдепкіде НКВД-ның қарамағында болса, бертін келе мемлекеттік құзырлы органдардың қарамағына өтеді. Аласапыран 90-жылдары қараусыз қалып, жекеменшікке беріледі. Ес жиған соң ұзақ айтыс-тартыс соттың нәтижесінде Украина Президентінің іс басқармасының қолына көшеді.
1945 жылы Совет делегациясының мұнда орналасу себебі, сарайдың қауіпсіздік шараларына сәйкестігінде. Бұл ғимарат оны қоршаған қыраттардың ешқайсысынан көзге нысана болып ілікпейді екен. Кеңестік, әлемдік тарихтың куәсі болған осы тарихи жерде тәуелсіз Украинаның президентімен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түсіп отыр.
Кездесуге жан-жақтан жиналған журналистер «Сталиннің қабылдау бөлмесінде» тұрып, бір-бірімізге қалжыңдап қоямыз. Ғимараттың бұдан 70-жылдай бұрынғы қалпы сол күйінде сақталған. Әрине, сол кездегі атмосфераның келмеске кеткені анық. Дегенмен Сталин жүрген дәліздер мен бөлмелердің, ол отырған кабинеттің сұсы қалған сияқты болып көрінеді.
Кездесу дәл келісілген уақытта басталды. Президент жалпы Украина жайлы қысқаша мәлімет беріп өтті. Оның айтуынша, мемлекеттің жағдайы жақсара түскен. Бұған дейінгі билік кезіндегі ұзақ жылдарға созылған саяси дау елдің экономикасын тұралатқан. Соңғы жылдары жалпы ішкі өнім 4 пайызды құраған. 2012 жылы өсім әзірге 2 пайыз болып отырған көрінеді. Мемлекет әуежайларды жаңартуға 5 миллиард АҚШ долларын тартыпты.
Украинаның ең үлкен жеңісі – ол футбол біріншілігі. Януковичтің айтуынша, биыл 2 миллионға жуық жанкүйер елге келген. УЕФА президенті М.Платини бұл ең үздік чемпионаттардың бірі деп баға берген.
«Футбол біріншілігі бізге жүрдек поездарды, даңғыл жолдарды, заманауи әсем қонақүйлерді қалдырды. Сондықтан да жұмсалған қаржы ақталды деуге негіз бар», – деп тұжырымдады В.Янукович өз ойын. Соңғы кездері саяси дау-дамайдың өршуіне байланысты осы мәселені сараптап, талқыға салу үшін тұңғыш президент Л.Кравчук бастаған топ құрылған. Жақында ол өз жұмысын жүргізе бастайды.
Янукович сөзін аяқтасымен сұрақтар легі басталды. Молдавиялық журналист Ю.Тищенконың алғашқы сұрағы әрине Юлия Тимошенкодан басталды. (Жол жүрер алдында редакция қызметкерлерін жинап, Януковичке қандай сауалдарың бар дегенімде олардың барлығы Тимошенконы босатсын деп әзілдеген).
– Тимошенко мәселесі 15 жылдан бері келе жатыр. Мен бұған құқықтық заңнама тұрғысынан баға беруге қақым жоқ. Тергеушілердің айтуынша, ол үкімет басшысы болған кезде өзінің қызмет бабын асыра пайдаланған. Бұл істен саяси астар іздеу – біздің қарсыластарымыздың ісі. Дау тоқтамай қойған соң, мен белгілі заңгермен кеңестім. Олар құқықтық органдарды қолдап отыр. Сондықтан да соттың шешімін күтуіміз қажет, – деді Украина президенті.
– Тимошенконы қамауға алудың кесірінен Украинаның баж және басқа мемлекеттердің экономикалық қаржылық санкциясынан шеккен зардабы көп деп ойлайсыз ба?
– Еуропалықтар өздерінің елдерінде экономикалық қылмысқа қалай қарар еді?! Меніңше, көптеген Еуропа мемлекеттері бұл мәселені тым саясиландырып жіберді. Іс әлі де жалғасуда. Қанша шығын келіп жатса да, сот шешіміне араласа алмаймын.
Белгілі журналист З.Виноградовтың «білікті заңгер, мемлекет қайраткері Медведчук бұл істе ешқандай құқықтық негізі жоқ деп отыр» деген мәлімдемесіне Янукович қысқа ғана жауап берді:
«Мен кез келген пікірді құрметтеймін. Бұл мәселеге байланысты сан түрлі көзқарастар бар екендігін ұмытпайық». Жалпы, Тимошенко оны қатты шаршатқан сияқты.
Ресей журналистерін және басқаларды алаңдатқан мәселе Ресей мен Украина қарым-қатынасы, Кеден одағы жайлы болды. Екі ел президенттерінің жеке қарым-қатынасы жайлы мәселе де қалыс қалған жоқ.
Украинаның Кедендік одаққа кірмей қалуы Путин командасының үлкен жоспарының жүзеге аспай қалғандығы екендігін көптеген сарапшылар айтып жүр. Дегенмен Украина одаққа кіруге асығар емес. Олардың өз мүддесі бар. Елінің экономикалық, қаржылық жағдайының біршама төмендігіне қарамастан Янукович Кеден одағының кейбір шарттарына мүлдем келіспейтіндігін мәлімдеді:
«Бұл – Януковичтің жеке басының ісі емес. Жеке болса, мәселе басқа. Ал мемлекеттің мүддесі тұрған кезде асығыстық жасауға болмайды. Қайда асығамыз? Көрейік одақтың аяқ алысын. Нәтижесін байқайық. Қалғанын уақыт көрсетеді. Ал Путинге байланысты айтсам, біз ертең кездесеміз (Журналистермен кездесу 11 шілде күні өтті). Екеуіміздің жеке басымызда ешқандай араздық жоқ. Мемлекеттердің арасында мәселе бар. Бола береді», – деп қысқа қайырды.
Журналистерді мазалалған тағы бір үлкен мәселе – жақында ғана бітіспес дауға айналған тіл мәселесі. Украинадағы тіл мәселесі Қазақстаннан көш ілгері екендігін, тіпті салыстыруға келмейтіндігін біз жоғарыда айттық.
Мемлекеттік мекемелердің басым көпшілігі украин тілінде. Сот, полиция, тағы басқа құзырлы органдар мемлекеттік тілде сайрап тұр. Жоғары оқу орындарының тілі мемлекеттік. Теле-радио каналдарында хабарлары украинша. Бірақ соған қарамастан кейбір аймақтарда орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беру ұсынысы Жоғарғы Радада төбелеске дейін барды. Украин қоғамы тағы да екіге жарылды. Заң қабылданса да, дүрлігу басылар емес.
Аймақтар партиясы ұсынған бұл жобаның мақсаты не?
Кейбір сарапшылар: «Янукович бұл қадамы арқылы күзде өтетін парламент сайлауы алдында өзінің сайлаушыларына берген уәдесін жартылай болса да орындап жатыр», – дейді. (Естеріңізде болса, Аймақтар партиясы президенттік сайлау барысында Украинада орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беріледі деп уәде етпек болатын). Оның үстіне елдің жағдайына да айтарлықтай өзгеріс әкеле қоймаған.
Елдегі қаржылық тапшылық, баяу жылжыған экономикалық реформалар көпшіліктің көңілінен шыға қоймаған. Кезінде қызу қолдаған белсенді топтардың көңілі суып, партиялық бедел түсе бастапты. Құлдилай бастаған беделді қалпына келтіру мақсатында жасалған қадамы болса керек.
– Жақында Еуропа тілдер хартиясының өкілдері бұл заңды барлық халықаралық нормаларға сәйкес деп тапты. Бұл мәселені қатты саясиландырудың қажеті жоқ деп санаймын. Орыстілділер көпшілік тұратын аудандарда бұл ереже сақталуы тиіс деп санаймын деп тұжырымдады өз ойын Украина президенті.
Грузин журналистерінің реформа жайлы сұрағына Янукович аз-кем тоқталып өтті.
– Сіздің республикаңызда қанша халық тұрады? Көңіліңізге келмесін, ал 3,5 млн. халық Донецк облысында ғана тұрады. Әрине, шағын, тұрмыс деңгейі біркелкі жерде реформаны тез әрі жемісті жасауға болады. Украина үлкен елдердің қатарына жатады. Сонымен қатар ол сан қырлы, әр аймақтың даму дәрежесі әркелкі. Осындай ерекшеліктері бар мемлекетте реформа жүргізу өте қиын. Соған қарамастан біз көп жерлерде саяси экономикалық өзгерістер жасап жатырмыз. Жетістіктер де жоқ емес.
Кездесу барысында талқыға түскен сұрақтардың ішінде экономика, қаржы мәселесі, елдің сыртқы қарызы, оған қоса 20 жыл бойы шешімін таппай келе жатқан Советтік мұра жайы да болды.
Ресей мен Украина арасындағы КСРО-ның сыртқы қарызы жөніндегі дау әлі шешілген жоқ. Кеңес Одағы тараған кезде барлық республикалар Кеңес өкіметінің шет елдегі мүліктерінен бас тартып, есесіне КСРО-ның сыртқы қарызын төлеуден құтылған болатын. Украина бұл келісімнен бас тартқан. Осы дау Ресей мен Украинаның арасында әлі жалғасып келеді. Янукович те бұл мәселені шешуге құлықсыз сияқты…
Бізге сұрақ қою кезегінде өзімізді талайдан толғандырған екі сұрағымызды қойдық.
– Президент мырза, Сізді кейбір сарапшылар «орысшыл» десе, екіншілері «батысшыл» деп кінәлады. Ал іс жүзінде басқаша болып шықты. Қазір сіз Ресеймен де жақын емессіз, Батыспен де тонның ішкі бауындай боп кеткеніңіз шамалы…
– Біріншіден, барлық мәселе менің тілегенімдей бола бермейді. Қалыптасқан жағдай көптеген шешімдерге өзгеріс жасауды қажет етеді. Кейде бір идеямен билік басына келсең де, елдің ортақ мүддесі үшін қарама-қарсы шешімдер қабылдауға тура келеді. Мен үшін ең бастысы – Украина мүддесі!
Менің өмірімде қиын сәттер көп болды. Неше түрлі шешім қабылдауға тура келді.
– Президент мырза! Сіз жаңа ғана қиын сәттерде шешім қабылдауға тура келді деп айттыңыз. Бұрын қабылдаған, бірақ қазір бас тартуға тиіс шешіміңіз болды ма?
– Жоқ! Барлық шешім сол кездегі жағдайға сай болатын.
Екі жарым сағатқа созылған кездесу барысында елдің экономикасына қатысты, ішкі саясатқа, сыртқы саясатқа байланысты басқа да сауалдар қойылды.
Алматы – Симферополь – Ялта – Алматы