ЖЕМҚОР ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ЖАҢСАҚ МӘЛІМЕТІ
ЖЕМҚОР ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ЖАҢСАҚ МӘЛІМЕТІ
«Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалында Жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi қоғамдық кеңестiң кезектi отырысы болып өттi. Бұл жолы күн тәртiбiне «Алматы қаласы Iшкi iстер департаментiнiң Жол полициясы басқармасындағы жемқорлықпен күрес» мәселесi қойылды.
Аталмыш шара 4 шілдеде өткен қала әкімі, «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалының төрағасы А.Есімовтің құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатал ескертулер жасап, жұмыс әдістерін жетілдіру бойынша жүктеген нақты тапсырмасынан кейін қайта пысықталып отыр. Оның үстіне соңғы кезде шаһар тұрғындарының Алматы қаласы жол полициясы қызметкерлерінің жемқорлықпен айналысып, пара алу әрекеттеріне бой алдырып жүргендігі туралы арыз-шағымдары да бір төбе. Сол себептен көшбасшы партияның білек сыбана кіріскен кезекті мәселесі – құқық қорғау органдары басшыларының Алматы қаласы ІІД-нің Жол полициясы басқармасындағы жемқорлыққа қарсы күрес жұмысы мен олардың алдын алу жолдарын қарастыру болып отыр. Бірақ «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, жол полициясы қызметкерлерінің кейбірі әзірге жемқорлық дертінен тыйылар емес.
«Жол полициясы басқармасындағы жемқорлықпен күрес» отырысына осы салада еңбек етіп жүргендер төбе көрсеткенмен, бұл кезде Жол полициясы басқармасының бастығы Арман Сарбасов мырза кезектен тыс өткен аттестаттау шарасынан оңбай сүрініпті. Оның орнына шыққан басқарма бастығының міндетін атқарушы орынбасары Тұрсынхан Матқұлов мырза жалаң пікір мен құрғақ сөзге негізделген баяндамасын оқи бергені сол-ақ еді, қоғамдық кеңес төрағасы Рахман Алшанов айтылған мәліметтердің шындыққа жанаспайтындығын ашып салып: «Әкім мен халық басқаша айтады. Ал сіздің бізге жеткізіп отырған ақпаратыңыз мүлдем бөлек. Сонда біз кімге сенеміз?», – деп сұрақты төтесінен қойды. Өйткені баяндамашы мәлім еткен статистикалық мәліметтер «Нұр Отан» ХДП жіті тексерген, зерттеген нақты деректермен сәйкес келмейді екен. Ал Алматы қалалық ІІД Жол полициясы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Тұрысхан Матқұловтың мәліметіне қарағанда, ағымдағы жылы жол-көлік қозғалысында 140 мыңнан астам тәртіп бұзушылық анықталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,8 пайызға көп. Дегенмен биыл мас күйінде көлік басқарған жүргізушілер 996-ға, көлік басқарып отырып ұялы телефонмен сөйлесушілер 502-ге азайыпты. Есепті кезеңде жол полициясы жеке құрамының қатысуымен ашылған 243 қылмыстың 72-сі көлік құралын ұрлаумен, төртеуі тыйым салынған заттарды алып жүрумен (атыс қаруы – 1, оқ-дәрі – 1, травматикалық қару – 2), 30-ы мүлік ұрлаумен, 10-ы бұзақылық, үшеуі жалған жүргізуші куәлігін жасаумен, екеуі есірткімен, екеуі тонаумен және қарақшылықпен байланысты. Сондай-ақ іздеуде жүрген 96 қылмыскер ұсталған.
Бәрінен де Жол полициясы басқармасы басшысы орынбасарының қоғамдық кеңес мүшелері алдында небәрі 24 дерек бойынша пара алу жөнінде шағым тіркелді дегені езуге күлкі үйірді. Бұған келіспеген Өзіндік қауіпсіздік комитеті өкілі осы тұрғыда 65 факті бойынша нақты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті. Ал Ішкі істер департаментінің маманы Ермек Нұралиев: «Жарты жылда 165 заңсыз дерек тіркелді», – деп тағы бір жалаң деректің шетін шығарып еді, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Қайдаров арнайы мамандардың тексеруінің нәтижесінде айналасы бір-екі сағаттың ішінде бес заңсыз әрекеттің әшкере болғанын айтты. Сонда мұнда қандай шынайылық бар?
Ақшаға құныққан жол полициясы қызметкерлерінің үстінен көбінесе сырттан келген жүргізушілер шағым түсіретін көрінеді. Алайда олар қанша арыз түсірсе де, жол инспекторлары өздерінің пара алғандығын мойындай қоймайтыны белгілі. Оған дәлел де, куәгер де табу қиын. Міне, отырысқа жиналғандар осындай бассыздық әрекеттерге тоқтау салу үшін Алматы қаласы көшелеріне интеллектуалды бақылау камераларын көптеп орнату қажеттігін баса айтты. Олардың пікірінше, бұл қондырғы қызметкер мен жүргізуші арасындағы байланысты, адами факторды азайтады. Ал қазіргі таңда Алматы Жол полициясы басқармасындағы 150 автокөліктің 40 шақтысында GPS орнатылса да, бірақ ешқайсында интеллектуалды бақылау камера жоқ екен. Бұл тұрғыда генерал Рүстем Қайдаров: «Интеллектуалды бейнекамералар көліктің қандай жылдамдықпен келіп, қандай белгіге тоқтағанын жазады. Бұл әрі қағазбастылықтан құтылудың жолы», – деді.
Тіпті партия өкілдері жол полициясы мамандарына деген сенімді жоғалтып алғандықтан ба, әйтеуір соңғы айда олардың жұмыс барысын өздері жеке қадағалауға көшіпті. Жемқорлыққа қарсы күрес отырысына жиналған жол полициясы қызметкерлері өздері туралы түсірілген фильм арқылы заңға қарсы жасаған іс-әрекеттерін экраннан тамашалады. Бейнетүсірілімнен жол полициясы мамандарының өзі тоқтауға болмайтын жерге көлігін қаңтарып немесе қарсы бағытқа шығып кетіп, жүргіншілер жолының үстінде тұрғандығын да көрдік. Ол ол ма, жол үстіндегі заңсыздықтарды әшкерелеуі тиіс ендігі бір жол инспекторының көліктері күндіз-түні дәмханалардың алдында тұр. Келесі бір мемлекеттік қызметтің көлігі басқа учаске аймағына өтіп алып, оңай ақша табудың жолына түсіп кеткен. Міне, осы бейнекөріністер әлгінде ғана өз жұмыстарына қанағаттанатын жол полиция қызметкерлерінің заңсыздыққа жол бергендерін айна-қатесіз дәлелдеп берді. «Бұл – төтенше жағдай. Батальон командирлері кемшіліктердің басым көпшілігі жол полициясында істейтін 80-90 пайыз жастардың тарапынан кетеді дейді. Олай емес. Жол полициясы қызметкерлерінің жартысына жуығының бұл саладағы тәжірибесі бес жылдан асады. Оның әрқайсысына екі жас маманды тапсырсақ, тәжірибелі болып шықпай ма?», – дейді Рүстем Қайдаров мырза.
Тағы бір мәселе – жол полициясында көбінесе басқа саланың мамандары жұмыс істейді екен. Егер бұрындары 800 қызметкердің ішінде 15 жоғары білімді заңгер болса, қазір жол полицейлердің 200-ге жуығы заңгерлер екен. Қоғамдық кеңес мүшелерінің айтуынша, жол полициясында негізінен техникалық жоғары білімі бар мамандар жұмыс істеу қажет. Сол сияқты жол полициясы басқармасының бастықтары кеткен кемшіліктерінен нәтиже шығаруға асықпайтын көрінеді. Пара алған қызметкерлермен саралау жұмыстарын да сиырқұйымшаққа айналдырмай, тез арада жазалау шараларын қолдану керектігі сөз болды. Яғни, жол полициясы қызметкері заңды бұзса, үш рет берілген сөгістен кейін аттестаттауға жіберілуі керек. Егер бұған келіспесе, қызметінен өз еркінен бас тартқаны жөн.
Жасыратыны жоқ, бүгінде көлік жүргізушілері жол ережесін білсе де, көліктерін көшенің кез келген бұрышына қойып кетеді. Жол ережесіне, жол белгісіне бәрі бағынуы тиіс. Бағынбаса, сол сәтте жазалау керек. Отырыс нәтижесінде осындай көліктерді алып кететін эвакуаторлардың санын көбейту керектігі туралы қала әкіміне ұсыныс жасалатын болды.
«Жол полициясы басқармасындағы жемқорлықпен күрес» қоғамдық кеңес отырысын қорытындылаған «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжановтың пікірі ащы шықты. «Қазақта «Дәніккеннен құныққан жаман» деген сөз бар. Біз көрсеткен фактілерді дәлелдеудің қажеті жоқ. Өзіміз де күнде көріп жүрміз. Ал шара қолдануға келгенде ештеңе білмейтін болып шығамыз. «Мынадай кемшіліктер бар. Оны жою үшін бізге мынадай жағдай жасау керек» дегенді әкім емес, әкімге құрылым басшылары айтуы керек. Республика бойынша Алматыда барлық жағдай жасалған. Соған қарамастан жемқорлық бойынша – бірінші орында. Бір-біріміздің бетімізге қарауға ұяламыз. Бізде азаматтық, кісілік, намыс, ар-ұят деген бар емес пе? Әкім өткізген жиналыстан кейін жол полициясының басшылары бір нәтиже шығара ма десек, «Бәрі жақсы, бәрін қатырамыз» деп әлі жүр. Жұртта көз жоқ па, құлақ жоқ па? Айналайындар-ау, титтей болса да, ел, халық үшін қызмет ету міндеттерін ұмытпау керек қой. Әрине, барлық құрылымда кемшілік жоқ емес. Бар. Бірақ осындай дәрежеге жеткізу Алматы қаласы үшін ұят тірлік. Қазақ «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дейді. Мәселе – біздің айналамыздағы құмалақ біреу емес болып тұр. Құмалақтың көптігінен майдан ештеңе қалмай барады. Тіпті айтуға ұят. Намысы бар, ары таза азаматтардың өзін ішкі жүйе соған мәжбүрлеп отыр. Шешім қабылдайтын уақыт келді. Біз осы уақытқа дейін жол полициясымен бірлесіп, жұмыс істедік. Бірақ бұл өзін-өзі ақтамады. Біздің жіберген адамдардың өзі полицейлермен бірлесіп, түрлі қылмысқа баратын болды. Тіпті «Нұр Отанның» куәлігін пайдаланып, басқа жұмыс істеп кеткендер де бар», – деді ол.
Шынында да, «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжановтың сөзінің жаны бар. Жол полициясы қызметкерлерінің өз қылмысын осылай бетіне әшкере етпесе, жақын арада тәртіпке бағынуы да екіталай. Ақпарат құралдарының алдында ыңғайсыз жағдайда қалған олар бастары салбыраған күйі тарқасты. Бұдан былай нәтиже шығара ма, жоқ па, оны қоғамдық кеңестің келесі бір отырысында білетін боламыз.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ