БАСТЫСЫ – ЖҰРТТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
БАСТЫСЫ – ЖҰРТТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
«ЕКІ ҚОЛҒА – БІР КҮРЕК»
Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласының шеңберінде Министрлер кабинеті қауырт шаруаға кірісіп кетті. Апта басында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткізілген әлеуметтік-еңбек саласын дамыту міндеттеріне арналған кеңейтілген алқа отырысында жетістіктермен бірге бірқатар кемшіліктің де беті ашылған. Алқа отырысына атсалысқан ҚР Мемлекеттік хатшысы М.Құл-Мұхаммед, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Орынбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқалықова, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, облыс әкімдері Елбасы тарапынан берілген нұсқаулардың орындалу барысына тоқталды. Өз сөзінде М.Құл-Мұхаммед: «Тәуелсіздік жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен халықты әлеуметтік қорғаудың нарықтық экономикаға сай келетін жаңа моделі жасалды. Зейнетақы, еңбекақы мен түрлі жәрдемақы мөлшері еселеп өсіп, еліміз бойынша мыңдаған жаңа әлеуметтік нысандар: мектептер мен денсаулық сақтау мекемелері салынды.
Елбасының жақында жарияланған стратегиялық мақаласы елімізді әлеуметтік жаңғыртуға қол жеткізген табыстарды орнықтырып қана қоймай, оны одан әрі жетілдіруге арналған. Сондықтан әлеуметтік саланың әрбір қызметкері осы стратегиялық құжатты терең меңгеріп, оны халыққа жан-жақты түсіндіре білуі керек», – деп мәлімдеген.
Ресми деректерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында Президент тапсырмасы бойынша әзірленген «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде 2011-2012 жылдарға бөлінген қаражат 99,7 млрд. теңге болған. Оның 51,7 млрд. теңгесі игеріліп, Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген 110 мың адам әлеуметтік келісімшартқа қол қойыпты. Атап айтқанда, 66,7 пайызы – жұмыссыздар, 29,2 пайызы – өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететіндер, 4,5 пайызы – табатын табысы аз азаматтар қатарынан. Маңыздысы, олардың басым бөлігі, яғни 57 пайызға жуығы 30-ға жетпеген, тепсе темір үзетін жастар. «Өз бетімен жұмыспен айналысатын, жұмыссыз және табысы аз халықты оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу» деген мақсат қойған Бағдарламаның бірінші кезеңінде 80 мыңнан астам адам тартылып, оларды кәсіптік оқытуды ұйымдастыруға республикалық бюджеттен 30 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Осы орайда, 2012 жылдың 1 шілдесінде 46,3 мың адам оқуды аяқтап, оның 75 пайызға жуығы жұмысқа орналастырылыпты. Жұмыспен қамтуды күшейту, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу – Бағдарламаның екінші бағытындағы шаруалар. Бағдарлама шеңберінде шағын несие беруге өткен кезеңде 16 млрд. теңгеге жуық қаржының 60 пайызы игеріліп, 4 жарым мың адам несиеге қол жеткізген. Осының нәтижесінде 3 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылған.
Министр ханымның айтуынша, уақытша жұмыспен қамту мүмкіндіктері әлеуметтік жұмыс орындарын ашу есебінен мүмкін болды. Бұл үшін жергілікті жерлерде 5 мыңнан астам жұмыс берушімен шарт жасалып, шамамен 38 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін әлеуметтік әріптестік тетіктері жұмылдырылған. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған қызметкерлерге жалақы беруге 2,6 млрд. теңге жұмсалған көрінеді. Әр жұмысшыға – 46 мың теңге көлемінде айлық. Отырыс барысында «Бағдарлама шеңберінде жастар тәжірибесінің мүмкіндіктері де белсенді пайдаланылды. Бұл 26,7 мың азаматты жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берді» деген министр ханымға Мемлекеттік хатшы қарсы уәж айтты. Оның пікірінше, «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бағыттарының бірі «жастар практикасының» жүзеге асырылуы еліміздің басқа облыстарына қарағанда Астанада бәсең. Өйткені бұл көрсеткіштер басқа өңірлерде 100 пайыздық межеден асып кетсе, Елордада небары 38 пайызбен шектеледі. Мәселен кейбір өңірдегі көрсеткіштер тіпті керемет. Жамбыл облысында тәжірибеден өткен 2684 адам, яғни 146 пайыз жұмыспен қамтылған: «Мүмкін бұл жерде ЖОО-лардың, соған сәйкес студенттердің де көп болуынан туындап отырған мәселе шығар. Бірақ та студенттер қаласы саналатын Алматыда бұл көрсеткіш 161 пайызға тең. Ол жақта Астанаға қарағанда студенттер көп. Бұл – Мемлекет басшысы берген нақты тапсырмадағы өте күрделі проблема. Бұл проблеманы шешу қажет».
ӘЛЕУМЕТТІК ДАУЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ
Бұл орайда министр ханым: «Бұл мақсаттарда біздер бірнеше бағытты жүзеге асырамыз. Біріншіден, еңбек дауы туралы ескерту және алдын алу. Өткен жылдан бастап жүйелі түрде ұжымдағы әлеуметтік ахуалды анықтауға мүмкіндік беретін 10 көрсеткіш бойынша 320-дан астам кәсіпорынның қызметіне жүйелі түрде мониторинг жүргізілуде. Осы жұмыстардың арқасында еңбек жөніндегі мемлекеттік инспекторлар дер уақытында 15 кәсіпорындағы туындауы мүмкін еңбек дауының алдын алып, ескертті. Ағымдағы жылдың 6 айында олар тексерген 390-нан астам ұйымда жалақы бойынша 3,6 млрд. теңге сомасында берешек анықталды. Қолданылған шаралардың нәтижесінде 282 кәсіпорында 1,8 млрд. теңге сомасында берешек өтелді», – дейді. Оның айтуынша, еңбекті қорғау саласындағы тәуекелдерді төмендетуге баса назар аударылып, оларды бағалау жүйесі белсенді түрде енгізілуде. Қолға алынған бұл жүйенің түп-төркіні тек өндірісте орын алған қайғылы оқиғаларға орай әрекет ету емес, сонымен қатар қауіптерді ескертуге де негізделеді. Мәселен өткен жылы бұл жүйеге ірі және орта кәсіпкерліктің 5182 кәсіпорны қосылған екен. Арнайы жүргізілген тексеру нәтижесінде тексерілген кәсіпорындардың жалпы санының 28 пайызы еңбек заңнамасын сақтау және өрескел бұзу салдарынан тәуекелдің жоғары деңгейіне, ұйымдардың 41 пайызы тәуекелдің орташа деңгейіне және 31 тәуекелдің төменгі деңгейіне жатқызылған. Осы себепті биыл бірінші топқа жатқызылған кәсіпорындарды қадағалауда осы жайттарға баса назар аударылмақ. Үшіншіден, кәсіпорындарды ұжымдық-келісімшарт қатынасы жүйесімен қамту кеңейтіледі. Мәселен осы жылдың 1 шілдесіндегі деректерге сәйкес, ұжымдық келісімшарт жүйесімен 53 мың кәсіпорын қамтылса, оның 84,4 пайызы – ірі және орта кәсіпорындар. Бұдан бөлек, ҚР Үкіметі, республикалық қызметкерлер бірлестіктері және республикалық жұмыс берушілер бірлестіктерінің арасында 2012-2014 жылдарға арналған Бас келісімге қол қойылды. Онда әлеуметтік әріптестікті дамыту саласындағы ынтымақтастықтың, әлеуметтік диалогты реттеу және әлеуметтік-еңбек дауларының алдын алудың әлеуетті бағыттары белгіленді. Республикалық үшжақты комиссияның отырысында министрлік дайындаған Әлеуметтік шиеленістердің алдын алу және әлеуметтік-еңбек дауларын шешу жөніндегі кешенді жоспар қаралып, мақұлданды. Бұл құжат келесі отырыста түбегейлі бекітіледі. Төртіншіден, индустриалды экономиканың кәсіби жұмыс күшіне қажеттілігін өтеу үшін ағымдағы жылы Еңбек кодексіне өзгертулер енгізіліп, онда Ұлттық мамандық жүйесі бойынша норма бекітілді. Еліміздің Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, ұлттық мамандық жүйесінің негізгі элементтері әзірленіп, бекітілетін болады. Ал биыл 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған ұлттық мамандық жүйесін әзірлеудің кезеңдік жоспарын дайындамақ. Жоспар шеңберінде 3500 кәсіби жұмысшы мен лауазымды қызметкерге арналған кәсіби стандарттар әзірлеу болжануда», – деді Г.Әбдіқалықова. Маусым айындағы кеңейтілген отырыста бірқатар облыс әкімі «Жол картасын» жүзеге асыруда арқа-басты кеңге салғандары үшін министр ханымның қаһарына ұшыраған болатын. Кешегі кеңесте де кейбір шенеунік сын тезінен аман қалмады. Г.Әбдіқалықовадан кейін облыстардан келген бірнеше өкіл өңірлерінде атқарылған жұмыстарына қатысты есеп берген. Олар сөздерін аяқтай сала, ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Құрметті әріптестер, ең алдымен слайдтармен, әдемі цифрлармен жақсы баяндама жасауды жетік меңгерген екенсіздер. Бірақ жақсы жұмыс істеу жақсы баяндама жасағаннан артығырақ болады. Сіздердің ведомстволарыңыз Еңбек министрлігі болғаннан кейін, ең бірінші, сіздер адамдарды еңбекпен қамтамасыз ету мәселесімен айналысуларыңыз керек. Екіншіден, еңбегіне сай еңбекақыны уақытында алу, уақытында беру мәселесін шешу сіздердің басты міндеттеріңіз болуы тиіс. Одан кейінгі кезекте – жәрдемақы, басқа әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ету. Ең бірінші – еңбек және еңбекке сай еңбекақы болуы керек», – деді. Мемлекеттік хатшы әлеуметтік дау-дамай ең алдымен, жалақы алмаудың кесірінен басталатындығын ескертті. Ресми деректерге сүйенсек, тек Алматы облысының өзінде кәсіпорындар жұмысшыларға жалақы ретінде таратылуы тиіс ақшадан 700 млн. теңгеге жуық берешек болып отыр. Кеңесте Мемлекеттік хатшыға мардымды жауап бере алмай, сан сылтау айта бастаған Алматы облысының өкілін Мұхтар Абрарұлы: «Егер экономикада дағдарыс болып жатса, онда басқаша. Біздің бірінші жартыжылдық бойынша экономикалық көрсеткішіміз 5,5 пайызға өсіп отыр. Дәл осындай жағдайда біздің еңбекақыдан қарызымыздың болуы онша жақсы мәселе емес», – деп тыйып тастады. Сонымен қатар М.Құл-Мұхаммед «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы аясында ауылдық инфрақұрылымды дамыту қолға алынғанымен бірқатар облыстарда оған бөлінген мемлекет қаржысы игерілмегендігін сынға алды: «Ауыл инфрақұрылымын дамыту бойынша қаржыландыру көлемі Шығыс Қазақстан облысында 968 млн. теңге, Қарағанды облысында 946 млн. теңге, Қостанай облысында 699 млн. теңге, Павлодар облысында 574 млн. теңге деңгейінде жоспарланған. Ал тамыздағы игеру – нөл. Бұл осы өңірлердегі сіздердің жұмыс көрсеткіштеріңіздің барынша нашар екендігін көрсетеді».
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ