Жаңалықтар

ИТАЛЬЯНДЫӘТАР ҚАЗАҚ ӘНДЕРІН ШЫРҚАДЫ

ашық дереккөзі

ИТАЛЬЯНДЫӘТАР ҚАЗАҚ ӘНДЕРІН ШЫРҚАДЫ

Биыл жоғары классика өнерінің «Опералия-2012» халықаралық фес­ти­валі Астана мен Алматы қалаларында 7-ші рет өткізілді.

«Опералия» фестивалі 2005 жылдан бастап Астананың туған күніне орай арнайы өткізіліп келеді. Шараның ұйымдастырушысы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Биыл да аталмыш шарада әлемнің ең үздік театрларының көрнекті солистері мен танымал опера әншілері бас қосып, өз өнерлерін паш етті. Атап айтқанда, биыл фестивальде әлемге әйгілі Роберта Маркез, Арионель Варгас (Англия), Дерек Данн, Мария Ковроски, Аск ля Кур Расмуссен (АҚШ), Ма Сяньдон, Чжан Синьлю (Қытай ұлттық операсы), Хуан Кая, Шига Якуе (Жапония), Үлкен театрдың солистері Екатерина Крысанова мен Владислав Лантратов (Ресей), сонымен қатар К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының жетекші солистері: Мадина Басбаева, Рүстем Сейітбеков, Әйгерім Бекетаева, Таир Гатауов, Гаухар Усина, Жандос Әубәкіров және Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының балет әртістері Сәуле Рахмедова мен Азамат Асқаров қалың көрерменді операның үздік туындыларымен сусындатты.

Фестиваль 3 шілде күні Италияның атақты әншілері Сильвиа Далла Бенетта мен Джузеппе Вараноның концертімен аяқталып, Алматы қаласында «Әлемдік опера жұлдыздары» атты гала-концерті 7 шілде күні Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жалғасын тапты. Бір айта кетерлік жайт, көрермен қошеметінен қандары қызды ма, итальяндықтар бір сәт сахна төрінде қазақ әндерін де әуелетті.

Фестиваль әр жылы әлемнің үздік театрларындағы балеттің көрнекті солистері мен танымал опера әншілерінің өнерімен танысуға мүмкіндік беріп келеді.

Ботакөз БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ