ҚЫЗТЕКЕЛЕР КӨБЕЙГЕН ҚОҒАМ

ҚЫЗТЕКЕЛЕР КӨБЕЙГЕН ҚОҒАМ

ҚЫЗТЕКЕЛЕР КӨБЕЙГЕН ҚОҒАМ
ашық дереккөзі

Ел болып, игi дәстүрiмiздi жаңғыртуға мүмкiндiк алып, етек-жеңiмiздi ендi жия бастаған тұста Батыстың былыққан мәдениетiне «жерiк» болған жастардың, тiптi орта жастағы ақыл тоқтатқан азаматтардың кейбiрi айтуға ауыз бармайтын ұятсыз әрекеттердi шiмiрiкпестен жасайтынды шығарды. Бес күн жалғанды мүмкiндiгiнше «кәйiп» қып өткiзуге бейiл батыстық өмiр салтына қызығушылар күннен күнге небiр кәззап қылықтарды ойлап табуда. Зиялы қауым қауiптi шекке жете бастадық деп жан дауысы шығып шырыл қағады әркез.

Әу бастан әдепсіздігімен, тағылығымен талайды жирендірген, менменсіген Еуропа рухани, мәдени жұтаудың шарықтау шегінде тұр. Сол батыстың мәдениеттілігін ах ұрып айтуға әуес еуроцентристік ниеттегі қоғам атаулы тиісінше бейәдеп моральді ту етіп көтеруде. Бір жынысты махаббатты заңдастырып, неке қиюға рұқсат берген Ұлыбритания, Нидерланды секілді елдерден «тәрбие», «үлгі» алуға әуес қазақ елінде де сондай құбылыстар соңғы кездері көптеп көрініс бере бастады. Қойшы, не көрмеген елміз десек те, әйел затынан жерініп, жан қалауын, тән ләззатын еркектен тапқан еркектердің қарадомалақ қазақ балаларының арасында жиі кезіге бастауы жан ауыртады. Таяуда Шымкенттік гейлердің жиналатын ордасына бас сұғып, сонда отырған дәстүрлі емес сексуалды бағыттағы бірнеше жігіттерге жолығып, атын, жұмыс орнын, атын атамауға ант-су ішіп уәде беріп, бір-екеуін сөзге тартқан болатынбыз. Гей деген әлеуметтік азшылық топтың мүшесіне айналған Қайрат (өтініші бойынша атын өзгертіп беріп отырмыз) мамандығы бойынша экономист екен. Беделді бір банкте жұмыс істейді. Ауылдан шыққан, ата-әженің тәрбиесін көріп-ақ өскен қазақы жігіт. Жасы 28-де. Айтуынша, мектеп жасында жүрген кезде-ақ қыз баласына ғашық болып көрмепті. Өсе келе мүлде қыз-қырқынға қарауды қойған. Достық қатынастан әріге бармаса керек. Қайратқа көгілдірлер неліктен көбейіп барады, жастар неге бұл жолға түсуде деген сұрақ қойдық. Оның түсіндіруінше, қыздарымыз қазір кез келген жерде, кез келген уақытта ақшаға сатып ала беретін қолжетімді «бұйымға» айналыпты. «Тыйым салынған жеміс – тәттінің тәттісі» дейтін тәмсіл ескіріпті-міс. Сосын қадірі кеткен. Әркез жаңаны тануға құштар келетін жастар, әсіресе қала жастары жаңа ләззат іздейтін көрінеді. Тағы бір себепті әйел затының еркекшора бола бастауымен байланыстырды. Әйелдердің қоғамда күші еселеп артып, нәзікжандылықтан айырыла бастаған. «Қанатыңның астына алып, қорғаштап жүретін қыз таппайсың қазір», – дейді гей жігіт. Ал еркектер болса керісінше әдеміленіп, күтімін арттырып, талғаммен киініп, жалпы айтқанда тердің иісі шыққан, одыраңдап жүретін, не болса соны үстіне іле салып, төбелесе кететін баяғының «жабайы» жігіттері азая бастапты. Қайраттың туыстары да мұның қызтеке екеніне еттері үйренейін деген. Әуелде айыптағандарымен ол әрекеттерінен ештеңе шықпасын білген соң іштен шыққан шұбар жыландарын өлтіре ме?! Амал жоқ, баласының сүйекке таңба боларлық әрекетін жақтырмаса да, жамандыққа, қиянатқа қимапты. «Леша есімді досым әрдайым жаңа «жігітпен» жүрген сайын үйіне ертіп апарып, ата-анасымен таныстырып тұрады», – дейді ол. Ал Қайраттың өзінің тұрақты серігі жоқ. Қажет етпеймін дейді. «Кейде үйленіп, балалы болғым келеді, бірақ баспанам жоқ, бір шетінен отбасылы бола қалсам тапқан табысым олардың нәпақасына жетпейтін секілді. Әлі де болса өмірдің қызығына тойып, жақсылап «қыдырып» та үлгермедім, бір серікке тоқтап, сонымен бірге отау құратындай әзірге ойым да жоқ. Шымкентте сұлу жігіттер көп қой», – деп күліп қояды пақырымыз. Өздерінің айтуларынша, негізінен гейлердің танысуына арналған интернет сайттар арқылы, қаладағы көпшілік біле бермейтін гей-клубтарда, отырыстарда, тіпті жұмыс барысында да танысып жатады екен. Балықшы балықшыны алыстан таниды дегендей, бұлар да бірін-бірі көзқарастарынан-ақ тани кетеді. Елімізде бір жынысты некеге ресми түрде қарсылықтың барына қарамастан, гейлер қоғамнан жасырын түрде өзара некеге тұрып, отау құра бастаған. Айтуға ауызың бармайтын тағы бір нәрсе, әлгіндей отбасында олардың бірі күйеуі, екіншісі әйелі ретінде өзара шендерін бөлісіп алатындығы. Қайраттың осындай «ерлі-зайыпты» бір танысы тіпті бала да асырап алыпты. «Тастанды бала енді зиялы отбасында өсіп келе жатыр», – деп достарының ісіне масаттанып қоятынын қайтерсің. Қайратпен сөйлесе отырып, қоғамдағы ащы бір шындықты да естідік. Сөз арасында «Гейлердің ішінде интеллектуалды жағынан жоғары дәрежеге көтерілген білімді, әдепті, зиялы жігіттер көп. Және көбісі жалғызбасты аналардың отбасында өскендер. Ал ондайлар өте жараланғыш, нәзік, байқампаз, кішіпейіл болып жетіледі», – деп қалды. Расымен де солай екеніне шүбә келтіре қою қиын. Себебі бала кімнің және қандай ортада өскеніне қарай психологиясының да соған бейімделіп кететінін ғалымдар үнемі айтып келеді. Ал біздің елде жалғызбасты аналардың санынан жаңылатын деңгейге жеткеніміз өтірік емес. Сосын барып әкенің айқайын, қас-қабағын, еркектік тәрбиесін көрмеген бала қызтекелеу болып өспегенде қайтсін. Сұхбат соңында Қайрат халыққа бір-екі ауыз арнауымды жеткізе барыңызшы деп өтінді. Арнауының түрі мынау: «Басқа адам болу – әдептен аттап, нашар пендеге айналу емес. Мен және мен сияқтылар басқа бір «діннің» басқаша түсініктегі адамдарымыз. Әркім өзінің таңдаған Құдайына жалбарынуға хақысы бар. Бір адам қызды сүйеді, бірі жігітті ұнатады. Онда тұрған ештеңе жоқ. Көзқарастар тұрғысынан келгенде «отсталый» болмай бір-бірімізді сыйлайықшы. Өз-өздеріңізді дамытып, ой еркіндігін, өмір сүру еркіндігіне ұмтылыңыздаршы!» Қапияда Құдай ұрып, еркектік көз­қа­рас­тан, еркектік сезімнен айрылып қалған замандасымыздың мына сөздеріне қарап не аярымызды, не ұрсып, ақыл айтарымызды білмей аңтарылып қалдық. Оларды мінеу үшін, қатесін бетіне басу үшін бармағанымыз еске түсіп, тыныш қана қоштасып шығып кеттік. Бүгіндері гендерлік саясатты желеу етіп, қоғамдағы әртүрлі әлсіз және азшылық топтардың жоғын жоқтаймыз, сөзін сөйлеп, құқығын қорғаймыз деп алаөкпе боп алысып жүргендер жетерлік. Оның ұлтқа, менталитетке қаншалықты әсер ететіні туралы әңгімелер мінберлерден талай айтылып, талай мақалалар баспасөзде жарық көрді. Дегенмен гендерлік саясаттың қазақтың ұлттық менталитетіне жат екенін, бізге таңылып отырған еуропалық гендерлік саясаттың өз ареалында өкінішті нәтижелерге соқтырып отырғанын, оның жемісі – Еуропа халқының көбею орнына азайып бара жатқанын айтып дабыл көтеретіндер көп-ақ. Көп қателеспейді деген даналықты басшылыққа алсақ, отбасы мәселесінде ұлттық дүниетанымға көшіп, еркек пен әйелдің қоғамдағы және отбасындағы өзіндік орындарын шегелеп, сол бағытта жылжып, ресми заңнаманы сол бағытта өзгертуді қолға алмасақ, біз де дәл сондай өкінішті нәтижелерге душар болуымыз бек мүмкін. Жоғарыда әңгіме болған гейлер де гендерлік теңдіктің бір пұшпағын өздеріне пайдаланғысы келетінін байқамау мүмкін емес. Әл-әзір оларға заңымыз қарсылық көрсетуде. Дегенмен жаннан намыс артық дейтін қазекемнің арасында да көгілдірлері баршылық екен. Тіпті көбейіп барады. Олар өздерін аурумыз деп те, кемшінбіз деп те ойламайды. Жас мөлшеріне бөлсек, қазақ «гейлерінің» 90 пайызы 20-25 жас арасында. Гейлердің негізгі шоғырланған мекені – Атырау, Ақтөбе, Астана, Шымкент, Алматы, Өскемен, Қызылорда қалалары дейді ресми емес ақпарат. Араларында жауапты қызметтегісі де, білімді, мәдениетті шенеуніктер де жетерлік. Бұл әлемнің тек қана «еркек+еркек» форматындағы махаббатты аңсайтындарынан басқа, бізден айырмасы жоқ. Ішінде алаяқтары, жезөкшелері, текті отбасынан шыққандары, арсыздары мен сұраншақтары да жетерлік.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ
Оңтүстік Қазақстан облысы