ЭКОНОМИСТ АЙТҚАН ҰСЫНЫС ЕКІҰДАЙ ОЙҒА ҚАЛДЫРДЫ

ЭКОНОМИСТ АЙТҚАН ҰСЫНЫС ЕКІҰДАЙ ОЙҒА ҚАЛДЫРДЫ

ЭКОНОМИСТ АЙТҚАН ҰСЫНЫС ЕКІҰДАЙ ОЙҒА ҚАЛДЫРДЫ
ашық дереккөзі

Нән жиылыс өтті. Астанада. Арнайы үкі тағылып: «Астананың экономикалық саммиті» деп аталыпты. Алғашында қатардағы тірлік шығар деп топшылағанбыз…

Кенет бір қонақтың сөзі жасындай әсер етті. Америкалық белгілі экономист Эдуард Прескотт мінберден: «Сіздерге меншік иелерінің мейлінше кеңейтілген базасын жасау керек. Мысалы сіздер әрбір қазақстандықтың жеке есеп-шотын ашып, соның депозитіне мұнайдан түскен қаражаттың бір бөлігін құйып отыр­саңыздар, онда сіздің халық бұл капиталын инвестицияға айналдыра алады. Сонда ғана сіздің ел дамыған елдердің қатарына қосылады…», – деді.

Сірә, бұл сөзден кейін біраз шенеуніктің жүректері қатты шаншып, қан қысымдары ойнақтаған шығар-ау?!.

Бұл идея – біз үшін жаңалық емес. Қазақтың қамын, ұлттың мүддесін шынайы ойлаған адал азаматтар бұл пікірді жиырма жылдың шамасында тоқтаусыз айтып келеді. Жаңалық болатыны сол – енді бұл ұсыныс шетелдік ғалымның аузымен халықаралық жиында, елдің астанасында ашық айтылды.

Біз үшін мұның өзі де жақсылықтың нышаны. Халықтың байлығы – өз иесіне, яғни халыққа қайтарылуы керек. Әділдіктің орнауы да, иманның жолы да осы. Бір жағынан, қара қылды қақ жарып, турасын айтқан Эдуард Прескотт мырзаны тәңір жарылқасын!

Бірақ бұл айтыстың артында бір­ жұмбақ түйткіл жатқан сияқты. Америкалық экономист шындықты айтып, әділдігін таразылап жатқан секілді көрінгенімен, шынтуайтына келгенде, Эдуард Прескоттың қазаққа қайдан жаны ашысын, оның көкейін тескен қазақтың байлығы ғой…

Қазақтың мәңгі достары жоқ, қа­зақ­тың мәңгілік мүддесі ғана бар. «Аңқау елге – арамза молда» деген, бұл айтыстың шынайы мәтін-мәні: «Ей, қазақтар, тынышталмаңдар, тоз-тоз боп, тулаңдар! Біз ғана сендердің жағдайларыңды ойлаймыз!» – дегендейін арандатушылық емеурін секілді. Тоз-тоз жұртты жауы жылдам жеңіп, нәпақасын тартып жейді… Қараңызшы, мұндай аса жауапты шаруаға анау-мынау қарапайым адамды емес, Нобель сыйлығының лауреатын аттандырыпты…

«Жау жоқ деме, жар астында» дейді аталарымыз, шекеміз шылқып, дорбамыз толып тұрғаны шамалы, бірақ бізге алыстан келген жаттың жаны ашымайтындығы айдан анық. Өз арбамызды өзіміз сүйреп дағдыланған елміз. Қолтығымызға су бүркігеннен де, көпшік қойып, көлгірсігеннен де сақ болуға тиіспіз…

Америкалық Нобель сыйлығының лауреаттары мықты болса, алдымен дефолттың табалдырығында тұрған АҚШ-ты жарылқап алсын?!.

Ерте ме, кеш пе, қазақтың қазіргі бай-манаптары: «Өле жегенше, бөле же!» – дегенге амалсыз табан тірейтін болады. Қарапайым қазақтың салмағы мен сабыры, ақылы мен адымы алмайтын асу жоқ!..

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА