ӘНШІЛЕРСІЗ ХАБАР ТЇСІРІЛМЕЙ МЕ?

ӘНШІЛЕРСІЗ ХАБАР ТЇСІРІЛМЕЙ МЕ?

ӘНШІЛЕРСІЗ ХАБАР ТЇСІРІЛМЕЙ МЕ?
ашық дереккөзі

Қазір отандық телеарналар жаппай көңіл көтеретін бағытқа көшіп алды. Бұл олардың көрерменге ұсынып отыр­ған жобаларынан-ақ анық аңға­ры­лады. Тіпті маусым кезінде жарғақ құлақтары жастыққа тимей жарнамалайтын жаңа жобалардың бәрі жеңіл-желпі дүниенің ауылынан аса алмай жүр.

Бәлкім, телеарна саясаты бүгінгі көрерменнің сұранысын қанағаттандырып отырмыз дейтін де шығар. Оның үстіне қазіргі заманға бейімделген жұрттың салмақты, салиқалы хабарларды көруге құлқы да, уақыты да жоқ. Содан ба екен, телеарналар эфирлік уақытын әлгіндей бағдарламалармен толтыруды әдетке айналдырды. Бұл бір жағынан телеарнаға да аса қиынға соқпайды. Өйткені оларға студияға сол баяғы жүзі таныс, былайша айтқанда көрерменге жауыр болған әншілерді, әртістерді шақырып, хабар түсіру әлдеқайда тиімді. Бір қынжылтарлығы, қазір телеарнадағы кез келген жоба әншілер мен әртістерсіз түсірілмейтін болды.

Жақында бір құрбым: «Осы біз неге бәріне әншілерді тықпалай береміз? Әншілерсіз телеарна бағдарлама дайындай алмай ма?» деген еді қызбаланып. Шынында да, ойлап қарасам солай екен. Қайсыбір телеарнаны қосып қалсаңыз да, сол баяғы әншілерден көз сүрінеді. Олар әрі ойыншы, әрі жүргізуші, әрі әділқазы. Кейде тіпті жалығады екенсің. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» демекшідей, отандық телеарналардың әншілерді айналдырғаннан басқа ермегі қалмаған сияқты. Одан қала берді көрсетілімдегі жобаларының дені ресейлік телеарналардың көшірмесі ғана. Бұл отандық телеарналардың тәуекел етіп, жаңа, тың ізденістерге бара бермейтіндігінің айқын дәлелі ме дерсің. Күндердің бір күнінде көрерменнің де көңіл көтеретін хабарлар мен түріктің сериалдарынан жалығатын күні туады. Міне, сол кезде телеарналар қандай дүние ұсынбақшы?

Жәнібек ӘШІМ