ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ ЖОЛ ПОЛИЦЕЙІ ЕМЕС
ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ ЖОЛ ПОЛИЦЕЙІ ЕМЕС
Көне Тараз шаһары талай атақты әулиелер мен батырлардың, ақын-жазушылардың қаны тамған қасиетті жер. Соның айғағындай қала көшелері, саябақтары мен ғимараттарының алды елге белгілі тұлғалардың ескерткіштерімен ерекшеленіп тұрады.Ескерткіш қойған дұрыс, әрине. Бірақ ескерткіштерге қатысты көптеген күмілжитін көріністерді көзіміз шалып жүр. Турасында олардың қалай қойылып, қай жерге орнатылуына қатысты. Мысалға Алаш ардақтылары Тұрар Рысқұлов пен Қайрат Рысқұлбековтің атындағы саябақтарда ескерткіштері жартылай салынған. Қайрат жартылай кеудесімен қойылса, Тұрардың бір аяғы жоқ. Ал есімін облыс еншілеген жыр алыбы Жамбыл тура бір жол полицейі секілді базардың жанындағы айналма жолда қолын сермеп тұр. Қаламын ақиқаттың алдаспаны еткен біртуар жазушы Шерхан Мұртаза «Бір кем дүниесінде» Тараздағы драма театрдың жанындағы Бауыржан Момышұлының ескерткіші турасында «Баукең солақай емес еді ғой» депті. Ондағысы батырдың қылышы оң жағына ілінгенін көріп айтқаны еді. Сауатсыздық. Расында кем дүние! Жақында Жамбыл облыстық әкімшілігінің ғимаратында жиналыс өтті. Әкімшіліктің екінші қабатына көтеріле бергенде қарсы алдымызда бір шалдың бюсті тұрды. Жобасы Жамбыл Жабаевқа ұқсайды. Бірақ аты-жөні жазылмаған. «Балық басынан шіриді» деген осы екен ғой деп басымызды шайқап өте бердік.
Елім деген ерлерді ұлықтап, ұрпаққа дәріптеу – парыз. Әйткенмен қалай болса солай, «қою керек екен» деп шойын ескерткіштерді құя салуға болмайды ғой. Ол – естелік, ол тарихи тұлғаларымызға қойылар белгі! Оның қателігі ұрпақ санасына да әсер етеді. Бұл мәселеге жауапты орындар осы тұрғыдан сауатты болса екен деген тілек білдіреміз…
Ботакөз СӘТИТараз қаласы