Жаңалықтар

АСЫЛДЫҢ ТҰЯҒЫ

ашық дереккөзі

АСЫЛДЫҢ ТҰЯҒЫ

Партия көсемi Никита Хрущевтiң тiкелей нұсқауымен 1960 жылдың соңында өмiрге келген жасанды Тың өлкесi ол тақтан түскен соң бiр жылдан кейiн, 1965 жылдың қазан айында, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi Президиумының жарлығымен таратылды. Осыған орай бұрын өлке құрылуына байланысты солтүстiк өңiрде жабылған барлық облыстық қазақ газеттерi қайтадан ашылатын болды. Ақмоладағы бұрынғы «Тың өлкесi» газетi ендi облыстық «Коммунизм нұрына» айналып, кезiнде басқа аймақтардан келiп, осында қызмет iстеп жүрген журналистердiң көбi өз облыстарына кете бастады. Осыған дейiн қоғамдық тiлшi есебiнде баспасөзде ара-тұра көрiнiп, оқырмандарға өзiн белгiлi болдым-ау деп iштей ойлайтын, бiрақ кәсiпқой журналист болуды армандап жүрген бiз сияқтылар ендi редакцияға сұрау сала бастады.

Желтоқсан айының соңғы күндерінің бірі. Целиноградқа звондадым. Телефон трубкасын редактордың өзі – Сафаржан Хайдаров көтерді. Мүмкіндік болса газетке қызметке ауысқым келетіндігін айттым. Ол қысқа сөйледі. – Келсейші, – деді. Демек, тезірек жетуім керек. Тез жиналып, Жаңа жыл өтісімен-ақ редакцияға келдім. Мені бөлімнің меңгерушісі жазушы Әскен Нәбиев ағамыз қарсы алды. Ол жол-жөнекей жағдайды түсіндіріп жатыр. «Сафаржан ЦК-ға ауысады. Саған келісімін берген. Сені Әнуар Нұрғалиұлы Ипмағамбетов қабылдайды, қазір орынбасар, болашақ бастық сол». 1966 жылдың 3 қаңтарынан бастап «Коммунизм нұры» газетінің штатына кіріп, Ерейментау, Алексеев, Макин аудандары бойынша меншікті тілші болып қабылдандым. Сөйтіп, бұрын Алексеев ауданының Ақсу руднигінің кен орындарында электрші, комсомол ұйымының хатшысы болып жүрген менің кәсіпқой журналист болуым осылай басталды. * * * Алашорда қозғалысына басшылық жасап оның басы-қасында болған Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан сияқты ұлтжанды серкелеріміздің өмір жолы, еліміздің болашағы үшін атқарған жанқиярлық іс-әрекеті жөнінде соңғы кезде көп айтылып, мол жазылып жүр. Солай болуы тиіс те. Өйткені қазіргі жастар түгіл жетпістен асқан біздің өзіміз ұлт мақтанышы болар осындай асыл азаматтарымыз жайлы кезінде ешқандай хабар-ошар білмей өстік. Олай болса, сол олқылықтың орнын толтырып елім, жерім, халқым деп большевиктер билігімен жанталаса арпалысқан, қуғын-сүргін көрген, көпшілігі жазықтан жазықсыз құрбандыққа шалынған Алаш серкелері жайында, олардың ұрпағының тағдыры туралы сөз қозғаудың маңызы ерекше екендігі белгілі. Біз Алаш қозғалысына қатысқан мар­қас­қаларды көргеміз жоқ, бірақ кейбір ұрпа­ғымен таныстық, жүздестік. Солардың бірі отыз жылдан астам Ақмолада тұрып, ұзақ уақыт облыстық «Арқа ажары» (бұрынғы «Коммунизм нұры») газетінің редакторы қызметін атқарған, елдің жас-кәрісі Әнекең деп құрмет тұтқан жазушы, журналист, белгілі аудармашы Әнуар Нұрғалиұлы Ипмағамбетов еді. Ал әңгіме барысында ең алдымен оның ата-тегіне қатысты кейбір деректерге назар аударғанымыз жөн сияқты. Әнекең – тектінің тұқымы. Мұны асықпай сөйлеген сөзінен, байыппен атқарған ісінен, талғаммен киім киісінен байқар едіңіз. Онымен сұхбаттасып, пікірлесу бір ғанибет. Рухани дүниесі бай, өте білімді, зерделі азамат болатын. Барлық іске парасаттылықпен қарайтын. Әкесі оқымысты, патша әскерінің үлкен шенеунігі болыпты, полковник екен дегенді естісек те, ол жөнінде әңгіме-дүкен құруға бата алмайтынбыз. Ондай тақырып қозғалмайтын. Алашордаға қатысы болыпты, сондықтан кезінде қудалау да көріпті дегеннен еміс-еміс хабарымыз болды, бірақ ол құпияны сұрап-білуге құлшыныс көрсете алмайтынбыз. Заман солай еді. Бұрын күмілжіп, көлегейлеп, дауыс­тап айта алмайтын сырды енді біліп жатырмыз ғой. Айталық, Ипмағамбеттің Меңдігерей, Нұрғали деген екі баласы да еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде елеулі із қалдырған тарихи тұлғалар. Әнекеңнің әкесі Нұрғали 1883 жылы Орал облысы 1-Қараоба болысының Төлектөбе (қазіргі Теректі) ауданында туған. Жоғары білімді алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Алашорда қайраткері. Қараоба болыстық 4 клас­ты орыс-қазақ мектебін мақтау грамотасымен аяқтайды. Кейін Жайық өңірінде революциялық қозғалысқа белсене қатысқан ағасы Меңдігерейдің көмегімен және мектеп директоры Василий Ивановичтің, әйгілі Бақытжан Қаратаевтың қолдауымен Орал реалдық әскери училищесінде оқиды. Санкт-Петербургтегі Әскери-медициналық академияны 1911 жылы бітірген соң әскери қызметін Термез қаласында бастайды. Ал бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде бас хирург дәрежесінде Кавказ өңірінде қызмет атқарады. Майданда дәрігер болып жүргенде кейбір қазақ жастарына «денсаулығы жарамсыз» деген анықтама беріп, елге аман-сау қайтуға мүмкіндік жасайды. Алайда мұны біліп қойған басшылар оны сотқа беріп, Сібірге қуылған кезі де болған. Әнекеңнің туған анасы Зейнеп Ержанқызы да төре тұқымынан, жоғары мәдениетті, аса белгілі семьядан шыққан. Өз заманында қазақ қыздарының ішінде өте сирек кездесетін білімді адам болған. Оның шығыс әйелдері жайлы жаңа бағыттағы ой-пікірін мақала етіп жазғандығы туралы дерек те бар. Ақпан революциясынан кейін полковник Нұрғали Ипмағамбетов елге оралып, Алашорда партиясына мүше болған. Жалпықазақтық бірінші, екінші съездерге қатысады, Алаш автономиясын дереу жария­лауды жақтап, дауыс береді. Темір уездік земстволық управа қызметін атқарып жүрген «Ақ жол» тобының мүшелері А.Кенжин, С.Қаратілеуов және Ғ.Есенғұловпен бірге Нұрғали Қоқан өкіметі құлаған соң Ташкенттегі қызылдардан жасырынып қашып шыққан Мұстафа Шоқайдың Орал, Орынбор бағытына өтуін ұйымдастырады. «Батыс Қазақстан» энциклопедиясында сөз болған бұл деректі КГБ мұрағатындағы ақпар растайды (Амир Бакиров. Операция Франц. Қызылорда, 2000, 21-б.). Сонымен бірге олар ақ казактардан бас сауғалап Темір, Ақбұлақ маңына жеткен Әбдірахман Әйтиевке, Меңдігерей Ипмағамбетовке қол ұшын беріп көмектеседі. Нұрғали Ипмағамбетов 1918 жылғы тамыз айында жергілікті атқару комитеттері мен Алаш партиясы атынан Самарадағы Құрылтай жиналысы комитетіне (Комуч) мүше болып кірген 11 Алаш қайраткерінің бірі. Ол Комуч пен Сібір Уақытша үкіметінің Уфадағы мәжілісіне де қатысқан. 1917 жылдың қазаны, одан кейінгі азамат соғысы мен қуғын-сүргін алаш жұртын әлеу­меттік және саяси азабы көп әуре-са­раң­ға, сергелдеңге ұшыратқаны аян. Қазақ зиялыларының басым көпшілігі бұл кезеңде ұлт­тық және интернационалдық қарым-қа­тынастың, қоғамдағы таптық қайшылық проб­лемалардың байыбына барды, оны жете түсіне қойды деу артықтау болар. Ақыры қателіктер мен қайшылықтарды бас­тан кешіре отырып, алашордашылар кеңес өкіметін мойындайды. Нұрғали Ипмағамбетов РКП(б) қатарына өтуге өтініш береді. Орал ревкомының жаңа құрамына мүше болады, ал 1920 жылы Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің құрамына енеді. VIII Бүкілресейлік Кеңестер съезіне делегат болып қатысады. * * * Нұрғали Ипмағамбетов кеңес өкіметі тарапынан қудалау көрмеді, оған қылмыстық іс қозғалып, қылмыскер атанған жоқ, демек, сталиндік репрессияға ілікпеді. Өйткені ауырып өз ажалынан ерте, 39 жасында (1922) қайтыс болады. Солай бола тұрса да әкесі Алаш партиясының мүшесі болыпты, патша әскерінің полковнигі еді деп Әнекең біраз қудалауға түседі. Соның салдарынан Москвадағы гидрометерология институтының 3-курсында дәріс алып жүрген жерінен оқудан шығарылады. Бұдан соң елге қайтып, «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа орналасады. Сол кезде осы басылымда қызмет атқарған Саттар Ерубаев, Зейін Шашкин, Мәлік Ғабдуллин сияқты білімдар, талғамы мол жастармен бірге істеп, олармен пікірлес, көңілдес дос болады. Бұлардың жақсы қаламгер болып шыңдалуына қазақ әдебиетінің кемеңгерлері Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов елеулі ықпал жасағандығы сөзсіз. Алайда Әнекең газеттің жауапты хатшысы болып жүрген жерінен жұмыстан шеттетіледі. Себебі белгілі – әкесі бір кезде Алашорда партиясының мүшесі болған. Әуелі міндетті әскерге, сосын совет-герман соғысына қатысқан подполковник Әнуар Нұрғалиұлы Ипмағамбетов әскери бөлімшелерде негізінен әскери-саяси қызметпен айналысады. Соғыс уақытында Сталинград, сосын 4-Украин майданының органы «Сталин туы» газеті редакторының орынбасары міндетін атқарады. Бейбіт кезеңде «Қазақфильм» киностудиясында бөлім бастығы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет (қазіргі «Жазушы») баспасында бас редактор, Жазушылар одағында әдеби кеңесші болады. Қазақ КСР Телевидение және радиохабары жөніндегі мемлекеттік Комитеттің бас редакторы болып істейді. Сол жылдары КСРО Жазушылар одағының жанындағы екі жылдық М. Горький атындағы Әдебиет институтын бітіреді. Өмірінің кейінгі отыз жылдан астам уақытын Ақмола қаласында өткізеді. Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің ұйғарымы бойынша аймақтық «Тың өлкесі» газеті редакторының орынбасарлығына тағайындалады. Ал 1966 жылдан зейнет демалысына шыққанға дейін облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетінің бас редакторы қызметін атқарады. «Коммунизм нұры» газеті аппаратында Әнекеңнің қарамағында жеті жыл бойы атқарған жұмыс біз үшін үлкен өмір мектебі болғанын ризашылық сезіммен еске аламыз. Қоғамда болып жатқан әртүрлі оқиғаларды сараптау, басшы-қосшымен араласып сұхбаттасу, жалпы журналистік кәсіптің қыры мен сырын меңгеру сияқты тәжірибе кейін де көп пайдаға асқанын атап айтқан жөн. Әнуар Ипмағамбетов ең алдымен жақсы әде­биетші еді. Әлем әдебиетін, қазақ әде­биетін терең білетін. Жазушылар, көркем шығарма жайлы әңгімеге қызу араласатын, өйткені бұл салада білмейтіні жоқ десе де болатын. Орыс және батыс әдебиетімен байланыс туралы сөз бола қалса Әнекеңнің есімі құрметпен аталатыны тегін емес. Орыс тілін ана тілінен кем білмейтін ол көптеген көркем шығармаларды қазақша әп-әдемі сөйлете білді. Аударма дегеніңіз – өнер. «Көркем шығарманы оқушыға түпнұсқадай түсінікті етіп жеткізу үшін аудармашы суреткер болуы керек», – деген екен В. Белинский. Орыстың ұлы сыншысы аударма әдебиетті өнердің екінші түрі – сахна өнеріне теңейді. Ол: «Сахна ложа мен партердің алдыңғы қатарында ғана емес, қайта бүкіл амфитеатрда отырғандарға да ортақ қызмет ететіні сияқты, аудармашы да оқырман жұрт­шы­лықтың талғам-талабына, оқу-біліміне, мінез-құлқы мен арман-мүддесіне ортақ қабысарлық лайықты қызмет етуді мақсат тұтқаны мақұл», – дейді. Шынында, Әнекең аудармаларының осынау биік талапқа сай келетіндігін дәлелдеудің қажеті жоқ та шығар. Мұны Н.Гогольдің «Өлі жандар», «Ескілікті помещиктер», Л.Толстойдың «Севастополь әңгімелері», П.Мерименің «Кармен» новелласы, Э. Казакевичтің «Одердегі көктем» романы, Л. Леоновтың «Басқыншылық», А.Кронның «Терең тамырлар», А.Якобсонның «Екі лагерь» пьесаларының қазақша нұсқасынан айқын байқар едіңіз. Соңғы жылдары ол Е.Пермитиннің «Тау қырандары» трилогиясын, Ш.Уәлихановтың таңдамалы шығармаларын ана тілімізде сөйлетті. Кезінде біраз фильмдерді де аударды. «Ленин Октябрьде», «Ленин 1918 жылы», «Адмирал Нахимов», «Үшінші соққы», «Барлаушының ерлігі» сияқты тағы басқа көркем фильмдерді қазақшаға аударып, сол кездегі алыс ауылдардағы қазақ көрермендерінің көңілінен шыға білді. Әнекең тек жалаң аудармашы ғана емес, ол қазақ әдебиетіндегі осы жанрдың берік қалыптасуы жолында теориялық үлес қосқан ұстаз десе де болады. Ол тәжірибе жүзінде тәржіме жасай отырып, осынау қиындығы қат-қабат шығармашылықтың қыр-сырын зерттеп, аңғарғанын зердесіне тоқи білді. Соның нәтижесінде аудармашылық жөнінде бірнеше теориялық мақалалар жазды. Мысалы «Көркем аударманың кейбір мәселелері», «Аударма шеберлігі жайлы» сияқты еңбектерін атап өтуге болады. Әнуар Нұрғалиұлы Ипмағамбетовтың шығармашылық және баспасөз саласындағы берекелі еңбегін өкімет елеп, тиісті сый-құрметін көрсетті. Бірнеше жыл қатарынан Ақмола облыстық партия, кеңес органдарының басшылық құрамына сайланды, Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен марапатталды. Біз үшін Әнекең іскер басшы, қарымды қаламгер ғана емес, қамқор аға, жанашыр ақылшы бола білді. Оқып-көргені шалқар көлдей, көңілге тоқығаны ұшан теңіз болса, сырт көрінісі – бет әлпеті, киім киісі, жүріс-тұрысы – соған сай сұлу, әдемі, ішкі жан дүниесі де мөлдір, таза болатын. Ол нағыз аристократ еді. Ақ көйлек киіп, кәстөмі күн райына, жыл маусымына байланысты үнемі бір түсті – қоңыр, қара қошқыл, сұрғұлт, ақшыл болатын. Әртүрлі сызығы, клеткасы бар жейде не кәстөм кигенін ешкім көрген емес. Шалбарының қыры жаңа ғана пышақпен әдейі сызғандай, ал бәтеңкесі ыңғи жылтырап жүретін. Басқалар да бастыққа еліктеп, ақ көйлек киіп, әдемі галстук тағып, бәтеңкелерін қанша тазалап жүргісі келсе де ондай әдет ұзаққа созыла қоймайтын. Қалай дегенмен де олардың сөзінен, жүріс-тұрысынан, қимыл-әрекетінен басқа ортадан шыққандығы, қарадүрсіндігі білініп-ақ тұратын. Жыл мерзімінің қай кезеңі болса да әрдайым сықиып жүруден бір жаңылмайтын Әнекең сырт көзге сондай менменшіл, басқаға жоғарыдан қарап менсінбейтін, жақтыртпайтын тәкаппар адам сияқты болып көрінгенімен, шын мәнінде кішіпейіл, қарапайым, қолы ашық адам еді. Уақыты болса шақырған жерге келетін, қарамағындағы қызметкерлердің ойын-тойына бармаймын деп бәлсінбейтін, көпшілік жерде жұртты жасқандырмай әзіл-қалжың айтып, өзін еркін ұстайтын. Әдемі қоңыр даусымен өлең айтудан қысылмайтын. Әсіресе «Екі жиренді» нәшіне келтіре орындағанда бәріміз қосылып, мәз-мейрам болатынбыз. Қарамағындағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлетін. * * * Әнекеңнің 80 жылдығына орай белгілі ақын Сағи Жиенбаев: – Сұлулар демеп, Шыққандай жаңа пейіштен, Сұлулар кілең Рахат күнді бөліскен… Қырық жыл қырғын қияметқайым ішінде Бойына қылдай Кір жуытпаған періштем. Әнекем менің, Ән-ағам! – деп жырлап еді. Осындай өзі де сұлу, жан дүниесі де әсем, көркем болған әрі жазушы, әрі журналист Әнуар Ипмағамбетов ағамыз 1996 жылы, 84 жасында Алматыда қайтыс болды. Міне, осыған орай әңгіме желісін аяқтар тұста ақын Нұрғожа Ораз мырзаның марқұмның қазасына арнап жазған өлеңінен алынған шағын үзіндіні оқушы назарына ұсынғанды жөн көрдік. – Тағы да бір бәйтерек құлап түсті, Сұлу сұңқар қайтпайтын жыраққа ұшты. Асылдардың соңғы бір белгісі еді, Жүрек шіркін бейнесін жылап құшты. Тұрған бойы өнеге шынар еді, Көрген жандар сұқпатқа құмар еді. Шымырлатып шыңырау түптен тартып, Білім сеуіп баптанып тұрар еді. Ақсүйекті, тектіні танытатын, Ілтифатты, құрметті және ұғатын. Орыс, қазақ орайлас келе қалса, Небір үлгі сөздерді дарытатын. Иә, Әнекең шын мәнінде сондай адам болатын. Зымырап өтіп жатқан күндер-ай. Бәрі күні кеше сияқты еді. Байқап отырсақ, үстіміздегі жылдың шілде айында Әнекең ағамыз тірі болса 100-ге келеді екен. Ал кезінде өзі басқарған «Арқа ажары» (оның алдында «Коммунизм нұры», «Тың өлкесі» болатын) газеті бұл күндері осы басылымның жарық көре бастағанына 95 жыл толуын атап өтуде. * * * Газет қабырғасында өткен жалынды жастықтың небір шуақты күндері ойға оралса, «Ақылын ағалардың тағылым тұттық, ар-ұят ұялаған кеудемізге» (Қ. Бекқожин) деген жыр жолдары еске түседі. Әнуар Нұрғалиұлы Ипмағамбетов сияқты ағалардың ұтымды ақыл-кеңесі, аяулы алақаны, кенен көңілі, дархан пейілі, жарасты әзілі біздің жан дүниемізді әлі де талай уақыт көркейте бермек. Амантай КӘКЕН Астана