Жаңалықтар

БАСҚЫНШЫҒА – ҚАС, СЫРЫМҒА ДОС БОЛҒАН

ашық дереккөзі

БАСҚЫНШЫҒА – ҚАС, СЫРЫМҒА ДОС БОЛҒАН

Қаратөбелiк өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi Қайыржан Хасанов Сырым батырдың үзеңгiлес жолдасы Қаратау би Өмiрзақұлы жайлы көп жылдан берi iзденiп, ақыры Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданындағы Жусандой ауылдық округiне қарасты «Бекмағамбет» қыстағы жанындағы құм шағылға айналған көне қауымда жерленгенiн, құлпытасы мен биiк төбеге айналған зиратын тапты. Көне қауым қазiр де «Қаратау қауымы» деп аталады. Осынау iзденiс нәтижесiнде журналист-жазушы Қайыржан Хасанов «Қаратау би» деген деректi шығарма жазған. Оқырман назарына осы шығармадан ықшамдап үзiндi берiп отырмыз.

Қаратау Өмірзақұлы 18-19 ғасырларда өмір сүрген. Ол 1783-1797 жылдары он төрт жыл бойы үзбестен Сырымның саясатын қолдап, оны жүзеге асыруда білегінің күшімен, найзасының ұшымен ерекше еңбек сіңірген старшын. Оның билігінде он мың адам (3 мың түтін) ысықтар болды. Нұралы ханды тақтан түсіру, орыстардың қолына тұтқынға түсіп, құлдықта жүрген қазақтарды босату, Жайық казак әскерлерінің қазақ ауылдарына шабуыл жасауын тоқтату, Сырымды тұтқыннан босатуға көп еңбек сіңіруі, қазақтардың ежелгі ата-мекені Еділ-Жайық аралығына қайтып оралуына жасап отырған кедергісін жою, Кіші жүз қазақтарының бостандығын қалпына келтіруге байланысты патшайымға, Орынбордағы генерал-губернаторға хаттар жолдап, оған Сырыммен қатар қол қоюы оның бедел-билігін көрсетеді. Өз қарамағындағы ысықтардың отбасын патша назарындағы ортадан шалғайға көшіріп, басында тегеуріні қатты ұлт-азаттық қозғалысқа кейін ру басыларының ниеті төмендеп, патша саясатына қарсы түйілген жұдырық босаған кезді пайдаланып, көпшіліктен оқшау қоныстанған Қаратау бидің ұлысына 1794 жылдың қаңтарында атаман Дмитрий тұтқиылдан шабуыл жасады. Оның орынсыз басынуына қарсылық көрсеткен Қаратауға Дмитрий винтовкасын тақап, қорқытқысы келді. Ол аз дегендей, бидің үстіндегі мақпал шапанның жағасынан алып, сілкіледі. Қаратау би Кіші жүздің Бас старшыны болып сайланарда қолына Құран ұстап, өз халқы мен орыс патшасына адал қызмет етуге ант берген болатын. Осылай үлкен сенімге ие болған Бас старшын Қаратауды не өлтіруге, не тұтқынға алуға, тіпті оған ешкімнің де қол көтеруіне қақы жоқтығын патшайым өз жарлығында ерекше атап көрсеткен болатын. Осы жарлықтан хабардар болса да, атаман Дмитрий бидің жағасын жыртумен ғана шектелмеді. Қаратаудың екі інісі мен он бес шақты адамды өлтіріп, қырық шақты адамды мал-мүлікпен қоса айдап кетті. Бұл зорлық пен басынғандық Қаратауды бұрынғыдан да бетер қайраттандырды. Қаратау батыр орыстардан кек қайтарамын деп олардың бекінісіне шабуыл жасады, жайылыста жүрген малдарын барымталады. 1785 жылы маусым айында Қобда бойында өткен жиында Сырымнан кейінгі Бас старшын Қаратау би сөйледі. «Біз, Кіші жүздің қазақтары, ешкімнің ауласына түсіп, малын, төңірегінде жүрген жұртын тұтқындаған кезіміз болған жоқ. Оның үстіне біздер, Бас ағымандар, халқымызға, қала берді орыс патшасына адал қызмет етеміз деп қолымызға Құран ұстап, ант бердік. Қарапайым халыққа жан тыныштығы мен бейбіт өмір керек. Осыны орыс билеушілерінің түсінгендерін қалаймыз. Екіншіден, көзімізді ашқаннан хан қыспағында өмір сүріп, ұрпақ өсіріп келеміз. Жаны жайсаң болса да, хан деген қаһарлы атағы бар Әбілқайыр кезінде кең тынысты ғұмыр кештік. Оның орыстармен тіл табысуы арқасында жоңғар шапқыншылығынан құтылдық. Әбілқайыр қапыда қаза тапқан соң, оның орнына билеріміз бен старшындарымыз ақ киізге орап хан сайлаған Нұралыны патшайымнан хан етіп тағайындауды сұрап өкілдер жіберіп, өтінішіміз орындалғанына риза болғанбыз. Өкінішке қарай, бұл ханнан көріп отырған рахатымыздан мұшақатымыз көп. Әбілқайырдың ұлдары басымызға мініп, халқымызды тонай бастағанына дәлел көп. Жайық казактарының да зорлығы айтарлықтай. Осының бәрі жұрттың ыза-кегін туғызуда. Нанбасаңыз, осы жиынға қатысу үшін әр рудан келген мына атқамінерлерден сұраңыз. Сіз осы аймақтың билеушісіз, халық атынан айтқан осы сөзіме құлақ салсаңыз», – депті Қаратау би. ҚАРАТАУ БИДІҢ ОРЫС ӘСКЕРЛЕРІМЕН ҚАҚТЫҒЫСЫ Көтеріліс басшыларының бірі болуы өз алдына, Ресей патшасының назарына Қаратау би есімінің ілігуінің бір себебі оның өзіне, не ауылына, не ағайындарына көрсетілген зорлық-зомбылыққа төзбейтін қызуқандылығы болатын. Қарғалы өңірінің молдасы, татар Абдулкәрім Оразбаев Кавказ наместнигінің басқарушысы, генерал-майор Сергей Афанасьевич Брянчаниновке 1790 жылдың ақпан айының төртінде жазған хатында патша өкіметіне қарсы басталған қазақтар қозғалысына кеңінен тоқталып, төмендегідей деректерді хабарлайды. «Осының алдында Орал қаласынан қашып келген Асан молда бір топ жолдас­тарымен, сондай-ақ шекті Қаражігіт молда қаруланған 200-ге жуық шекті жігіттерімен келіп, старшын Қаратау бидің көшіп-қонып жүрген жайлауы Көк Уриок (дұрысы Көкөзек – Қ.Х) басына жиналды. Осы жерге Сырым батыр да келді. 15 күн бірге болғанда әлгі молдалар оларды ресейліктермен татулықты жойып, орыстарға қарсы шығуға үгіттеумен болды. Бұлардың осы айтқандарын орындамайтын болса, олар өз заңдарын жоғалтып, мұсылман бола алмайды. Қолымызда осы айтқандарымызды растайтын Хиуа мен Бұқарадан келген хаттар бар, – дейді. Молдалардың бұл айтқандарын естіген Сырым батыр мен Қаратау би «Егер ресейліктермен тыныш жағдайда тұру біздің заңымызға қайшы болатын уақытта ғана біз ресейліктерге қарсы шығуға келісім береміз», – деп Құран ұстап, ант берісті. Осыдан кейін Сырым батыр мен Қаратау би Оралдан қашып келген молдалармен бірге Қаратау бидің ұлысынан Елек өзенін сағалап, көшіп кетті. Өздерімен бірге көшпегендерге олар «орыстармен бейбітшілікті бұздыңдар, айтқанды тыңдамасаңдар, оларға қарсы шыға беріңдер» депті. Қаратау би өз ұлысымен Жайық өзенінің арғы бетіне, қазақша айтқанда Князь Калмыков (бүгінгі Тайпақ ауылы) қамалына қарсы келіп қоныстанды. Шекті Қаражігіт молда мен шеркеш­ Жарқын батыр Қаратау биге келіп, өздерінің Жайық өзені бойынан әрі көшуді айтқандарында Қаратау бидің баласы Кішенбай оларды тыңдамағанын, ал өздері бейбіт ниетпен көшіп келгендерін айтады. Бұлардан соң үш жолдасымен келген Досмамбет молда да барлық ұлысымен Жайық өзені бойынан әрі көшіп кеткендігін, Кішенбай оны да тыңдамағанын айтады. Байбақты руының батырлары Рысалы және Қойсары Қаратау бидің баласына әкесі мен Сырым батырдың ресейліктермен бітімшілікті бұзғандығын, енді мүмкіншілігі болса, саған орыстарды тонап-талауға болатындығын айта келдік депті. Сөйтіп жүргенде Андреевская қама­лын­дағы орыстардың малы жоғалып, Орал әскерінің старшинасы Дмитрей Мезинов өз командасымен іздеуге шығады. Бұған дейін тұтқында отырған інісі Елдібай үшін орыстардан кек қайтару мақсатында малды ұрлады деп Қаратау биден көрген Дмитрей Мезинов жоғалған малды қайтаруды Қаратаудан талап етеді. Осыны білген Сырым батыр, Бөдене би, Дөнен батыр генерал-губернатор О.А. Игельстромға хат жазып, егер олар Қаратау бидің інісін босатып жіберсе жақсы болады, егер босатпаса бұлар риза болмай, наразылықтарын білдіреді, – депті. Міне, Абдулкерім Оразбаев молданың С.А. Брянчаниновке жазған хатының мазмұны осындай. (Астрахан казак полкінің командирі Г.В.Персидскийдің Комм.кол президенті А.Р.Воронцовка 1790 жылы ақпанның 4 күні жазған хаты. №38 құжат, 105-106 беттер.) Жайық казактарының қоқан-лоққысы кезінде көппен бірге тұтқындалған ауылдың қара қазағы Елдібай босатылып, өз ұлысына қайтарылды. Белгілі тарихшы М.П.Вяткин тұжы­рым­дағандай, бұл әрекеттер «Сырым мен Қаратау бидің орыстармен қақтығысуының алғашқы қадамдары» болды. Сырым батыр, Дөнен би, Қаратау би Кавказ наместнигінің басқарушысы Сергей Афанасьевич Брянчаниновке 1790 жылдың ақпан айының төрті шамасында жазған хатында «би Асаби Мұстафаев арқылы жолдаған оның хатын алғандығын айта келіп, өткен жылдың қысында жоғалған малдары жайлы баяндап, олар қайтарылса, болашақта талап қоймайтындықтары туралы» баяндайды. «Біздің жерімізге орналасқан сіздің орыстарыңыз өлген кундр татарының құнын сұраған. Осымен қандай тыныштық болсын. Орыстар су жағасында не өз аймағында емес, далада еркін жайылып жүрген 30 қой мен бір сиырды ұрлап әкетті. Биылғы жылы 100 қойымызды белгісіз біреулер айдап кетті. Өткен жылғысымен қоса осыларды қайтарып беріңіз. Сізді қайырымды генерал деп естиміз. Сізге дейінгі генерал бізге басында разы болмай, соңынан келіскен еді. Ал Сіз тұрғаннан бері жағдай жақсарды» делінген бұл хатта. Орыстардың өздеріне көрсеткен қор­ лықтарын айтып, жасаған ескертпелерін тыңдамағанына төзбеген қазақтар Қаратау бидің бастауымен казак-орыстардың әскеріне шабуыл жасайды. Жайылып жүрген малдарын барымталайды. Қаратау би бастаған бір топ қазақтар келіп, өзен аңғарында шөп шауып жатқан Жайық әскерінің бір топ адамын ұстап алып кетеді. Жайық әскерінің құрметті полковнигі, атаман Даниил Донсков Қаратау Өмірзақұлын тауып, олар ұстап алып кеткен адамдарды босатып, кері қайтару үшін өз әскерімен қуғынға шығады. Казактар егін орып жатқан кердері ауылының бірнеше кісілерін кездестіреді. Олар өздерін кердері руының старшындары Тілеп Қорбасұлы мен Құшақ Қонасұлы деп таныстырғанда, Донсков «менің сендерде еш шаруам жоқ. Мен Байұлы Қаратау Өмірзақұлын іздеп жүрмін», – деп кетіп қалады. Егіншілер болса өздерінің кінәсіздігін біліп және Донсковтың сөзіне сеніп, казактар енді оларға ешқандай зиян келтіреді деп ойламайды. Бірақ осы кездесуден соң көп кешікпей Донсков командасынан бөлініп жүрген бір топ казак егіншілерге келіп жолығады. Қазақтар әлгілерге «біз кердері руынанбыз, егіншілерміз. Жақында ғана атаман Даниил Донсков бізді көрді. Сөйлесе келе күнәміздің жоқтығын білген соң олар бізге ешқандай зиян келтірген жоқ», – дейді. Бұл сөзге құлақ аспаған казактар егіншілерден арасында ері бар, әйелі бар 18 адамды өлтіріп, өздерімен бірге екі кісіні тұтқындап алып кетеді. Жайық қорғанына барғасын бұл тұтқындар да өледі. Мұнымен қоймай казактар белгісіз мөлшерде мүлікті тонап, түліктің әр түрінен малды қоса айдап кетеді. «Осындай өзара түсініспестіктен болар, Есен Жолан дегеннің ұлдары шекара шебінен асып, Ресейге көшіп кетті. Ал қалғандары орыс патшайымына сенетіндігін, жоғарыдай зомбылықтың түбі әділ шешімін табатындығына сенімді», – деп тархан Тіленші Бөкенбайұлы 1793 жылы қазан айының 10-ы күні Донсковқа өзінің тархандық мөрін басып, қолын қойған хат жолдапты. Донсков өзінің хатшысы арқылы хабар­ла­ғанындай, «Хиуа арқылы Бұхарадан келе жатқан астрахандық армянды зат-мүліктерімен және алты адамымен Қырғыз-қайсақ Ордасында ұстап, 6000 сом тұратын тауарын ысық старшын Қаратау би мен беріш Амандық батыр және оның кісілері тонапты. Бірнеше күннен кейін армянның өзін босатып жіберіпті» – депті. Осы Донсковтың Кіші жүз қазақтарына жасамағаны жоқ. Сараптап айтсақ, Жайық әскерінің әскери атаманы, полковник Даниил Донсков өзінің артиллериясы бар азғантай әскерімен Орал қаласынан 300 шақырымдай кетіп, Жайық өзенінің қазақ ұлыстары отырған бетіне шығып, қазақтарды қорқытса, қарулы қол 3 қазақты өлтіреді. Казак әскерлерінің осындай бассыздығын көрген Амандық батыр мен Қаратау би өз ұлыстарымен тыныш жаққа көшуге мәжбүр болады. Бұл уақытта ауа райы қолайсыз болып, көптеген сәбилер өліп, мүйізді ірі қарадан едәуір шығын болады. Қаратау би өз ұлысына жасаған казактардың зорлық-зомбылықтары үшін олардан кек қайтаруға кіріседі. Жайық бойын қоныстанған ресей әскерінің қамалдарын, ауылдарын тыным бермей шабуылдап берекетін алады. Осындай әрекеттерімен ол Орынбор губернаторының назарына ілігеді. Башкирияның Сұлтанай ауылындағы сау­да­гер отбасында дүниеге келген Орынбор муфтиі Мұхаммеджан Құсайынов шығарған өз журналында атап көрсеткендей, патша өкіметі амалсыздан «қара сүйек» басшылармен байланыс жасаудың жолдарын қарастырды. Соның бірі Қаратау бидің беделі арқылы қазақтар мен Хиуа және Бұхара хандығы арасында сауда саласын арттыру болатын. Мұхаммеджан Құсайынов жас кезінде Сыртқы істер алқасының шешімі бойынша құпия тапсырмамен Бұхара мен Кабулға жіберілген тыңшы екен. Мұнда ол өзін жоғары діни білім алуға келген жас жігіт ретінде таныстырады. Орынборға қайтып келгесін офицер болып патшаға қызмет етеді. Мұсылмандарға қызмет етсе де, орыс­тар берген құпия тапсырмаларды орындауға көмекейі бүлкілдеп тұратын. Оның 1790 жылы Кулагин қамалына келуі барон О.А.Игельстромның орнына А.А.Пеутлингтің тағайындалуымен дәл келеді. 1790 жылы Кулагин қамалының қасын­да кездескенде Қаратау би мүфти Мұхаммеджан Құсайыновқа былай деп мәлімдейді: «бұларға қоса менің мынаған көзім жетті. Сырыммен келіссөз жүргізуге кіріскендеріңізде «басқа қазақтар келмесе келмей-ақ қойсын. Бізге Сырымның бір өзі де жарайды, ал басқаларының ешбір қажеті жоқ» – дедіңіздер. Ол жайлы біз былай деп ойлаймыз – «сіздердің сөздеріңіз, Сырымның бұйрықтары ешкімнің орындамауы себепті жүзеге аспауы мүмкін. Біздің ортамыздан қажеттілік тапқыңыз келсе онда өздеріңіз бізге, ұлысқа келгендеріңіз жөн. Сонда ғана келіссөзді жүзеге асыра аламыз. Ал біздің ортамыздың құрметті адамдары сол үшін де менің ауылыма жиналуға уағдаласқан болатын. Оның да келісілген уақыты болып отыр. Сырымды халықтан бөлмеңіздер. Ол халықтан бөлек кете алмайды, егер бөлек кететін болса, халық оған ермейді. Ол қашан да халықпен бірге болса ғана келелі мәселелерді шеше алады. Тек бір ғана Сырымға назар аудара бергенше өзге би, старшындармен де ақылдасуды ұмытпағаныңыз жөн», – дейді. Осы сөзіне қоса, халық көтерілісінің барысында әр кезеңде әртүрлі жағдайлар кездескенін, көтеріліс басшыларының, билердің, кейбір ру жетекшілерінің арасында әрқилы пікір болғандығын айтады. Көтерілістің басынан аяғына дейін ру ағамандарына да опасыздық жасап, бірсөзді болмағандар кездесті. Көтеріліске қатысқан кейбір билер мен ағамандар бірте-бірте патша әкімшілігі жағына өтіп кеткендігі әңгіме болды, – дейді Қаратау би. Бұл әңгімеден кейін Мүфти мен Сырым батыр мамыр айының екісі күні кездеседі. Сырым бастаған старшындар патша әкімшілігіне өз шағымдарын айтады. Сырым патша империясымен қарулы көтеріліске шығуға дайындалуға старшындарды шақырады. Бұл әңгімені естіген көптеген старшындар арасында толқу бас­талады. Қаратау би мен Сыпыра би Сырымның айтқанына қарсы пікірде болды. Ал, ұлыстарында патша армиясының отрядтары бола тұра Бөдене би, Саржалы батыр және Тіленші Бөкенбаев те Қаратаудың сөзін қолдады. Тіленшінің орыстарға берген дерегінде айтылғандай, «Сырым – Құдайдан да қорықпай, адамдардан да ұялмай, қырғыз-қайсақ Ордасының тыныштығын бұзушы. Орданың бастығы бола тұрып, Орданы қирату үшін ұрлыққа жол беруде», – дейді. Сырым бұл старшындарды «халық ісіне қарсы шыққан халық жаулары» ретінде қарады. Енді оларға қатаң шара алу керек деп ойлады. Осының бір дәлеліндей, Сырым өзіне қарсы жаугершілік пікірде болған старшын Төлепберген ауылының адамдарын тұтқындады. Төлепбергеннің өзі Елек қалашығына қашып кетіп, жан сауғалады. Сырымның қудалауынан қашқан Нұрмұхаммед қожа да Елек қалашығына барды. Қазақтардың орыс шекарасы шебіне шабуыл жасауы себепті Жайық әскерлері 1792 жылдың күзі мен 1793 жылдың көктемінде қазақ ауылдарына жойқын қуғын-сүргін жасады. Орыстарға қарсы қарулы қозғалысқа қатысты ма, әлде қатыспай өз шаруасымен айналысты ма, орыс әскерлері үшін бәрібір, олар барлық қазақ ауылдарын тонады. Көтеріліске қатысқан Мыңбай мен Тілеп ауылына қосып, қозғалысқа ешқандай араласы жоқ Сыпыра би және Бөдене бидің ауылы жантүршігерлік тонауға ұшырады. Жайық әскерлерінің бұрын жасаған озбырлығына қарсы жауап ретінде барымтаға шыққан Қаратау бидің ауылы да талан-таражға түсті. Сырымның губернаторды қолдаған кейбір пікіріне қарсы екендігін тайсалмай тіке айтуынан, мүфти Мұхаммеджан Құсайыновке өзі жайлы айтқан сөзінен жасқанған Сырым батыр Бас ағаманның құқығына сәйкес Қаратау биді үш ай мерзімге үй тұтқынында ұстауға, сыртпен, өзге би-старшындармен байланысын үзуге, осы мерзімде өз ұлысынан шықпау керек деп шешті. Қаратау би қартайған шағында ұлт-азаттық қозғалыстан қол үзіп, өз ұлысы – ысық пен қызылқұрт руының шаңырақтары қоңсы отырған Көкөзек бойына келіп қыдырып жүргенде өмірден озып, қазіргі Жусандой ауылына жақын Көкөзек бойына жерленген. Қазақтың бұрынғы дәстүріне жүгінсек, зиратта қандай белгілі кісі жерленсе, соңынан қауым сол адамның атымен аталатындығы о бастан белгілі. Кейін Көкөзек бойындағы зираттың «Қаратау» атануы да сондықтан болса керек. Бір өкініштісі сол, кезінде Қаратау бидің моласын биік етіп көтеріп, басына қойылған құлпытастың қабір басында болмауынан зиратты табу қиын болды. Тек Шөптікөлдің Бесоба ауылында тұратын Қайыпқали Отарғалиев, оның жұбайы Мәрзия Сәбелиева мен Жәукен Қайырлиевтің қарттардан естігендерін айтуымен бидің зираты табылды. Көп жылдар өткесін мазар құлап, қаланған тастары үйінді топыраққа айналып, үстіне қияқ пен ши шығып кеткен биік төбешік болыпты. Өмір сүрудің ауылдық жердегі сонау бір қиын жылдарында бәзбіреулер отбасына қажет қол диірменін жасау үшін қайтыс болған кісінің басына қойылған талай құлпытасты сындырып, не кесіп алып пайдаланғандарын үлкендерден естідік. Әруақты жанның құлпытасы болса, иемденген әлгі кісіні қашан алған зираттың басына қайтадан әкеліп тастағанша, не ауыртып, не ұйқы бермей мазасын алатын болғасын бір күндері Көкөзектің жағасына әкеліп тастаған. Сол құлпытастың бас жағынан ортан беліне дейінгі сындырып алған бөлігі Көкөзекке құйылар қар суы салған тайыз арнаның шөп басқан бойынан табылды. Оның жазуын Алматыдағы түрколог мамандар оқығасын ғана, Қаратауға қойылған белгінің бөлігі екенін білдік. Жерге көмілген төменгі жағы қай жерде қалғаны белгісіз болғандықтан, батырдың қашан дүниеге келгендігі, қай жылы қайтыс болғандығы, белгіні кім қойғандығы жайлы жазылған жолдар жұмбақ күйінде қалды. Орынбор мұрағатындағы деректер бойынша «Сұлтандар, тархандар мен билер» деген атпен 1900 жылы Орынбор қаласында кітап жазған И.И.Крафтың, болмаса Ескі дәуірдегі актылардың мемлекеттік орталық архивінде (ЕДАОМА), «Ресейдің қырғыз-қайсақтармен ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қатынастары» жиынтығынан, Ресей патшалығының басқа да тарихи құжаттарынан, орыс тарихшыларының еңбектерінен би Қаратау Гумерзақовтың (Өмірзақовтың) өмірбаяндық деректері табылуы мүмкін. Тек Орынбор мұрағатына не Мәскеудегі Орталық мұрағатқа іздеу салып, сұраныс беру іздеушісін күтіп жатқандай сезінемін. 1802 жылы Орынбор әскери губернаторы Н.И.Бахметьев І Александр патшаға жолдаған хабарламасында Қаратау би қол жинап, Бұхара және Хиуа хандығымен одақтасып, Россияға қарсы шабуылға шыққалы жатқанын жеткізеді. Осы жылдан кейінгі құжаттарда би Қаратау Өмірзақовтың аты-жөні кездеспейді. Осыған қарап ол батыс өңірдегі саяси өмірден қол үзген бе, ия өмірден озды ма деп ойлайсың. Сонымен байбақты Сырым батыр бас­тап, ысық Қаратау би қостаған 14 жылға созылған ұлт-азаттық қозғалыстың соңы нәтижесіз аяқталды. Сырым Датұлы Хорезм жағында уланып қайтыс болды десті сы­рымтанушылар. 2007 жылы Батыс Қазақстан облысы Әкімдігінің шешіміне сәйкес Сырым батырдың зиратын іздеуге байланысты құрылған комиссияның жұмысы жемісті болды. Олар Сырым жерленген кесенені тапты. Оралдан барған өкілдер батырдың зиратына туған жерінен апарылған топырақты салды. Батырдың зиратынан алынған қасиетті топырақ арнаулы құтыға салынып, Орал-Шымкент тас жолы бойындағы, «Сырым шыққан төбе» деп салтанатты жағдайда ашылған ескерткіш кесенеге қойылды. ҚАРАТАУ БИ ҚАЙДА ЖЕРЛЕНГЕН НЕМЕСЕ КӨКӨЗЕК БОЙЫНДАҒЫ ІЗДЕНІС Ресей патшасының сенімді өкілдерінің бірі Н.И. Бахметьевтің 1802 жылы І Александр патшаға жолдаған хабарламасынан кейін Қаратау батырдың есімі патша шенеуніктерінің құжаттарында кездеспейді. Осыған қарап, 1802 жылдан кейінгі уақыт батырдың тарихи өміріңдегі соңғы кезең болды-ау деген ой туындайды. Сырым батыр жат жерде өлді. Он төрт жылға созылған қозғалыста оның үзеңгілес жолдасы болған Қаратау бидің тағдыры не болды? Қаратау батырдың өмірінің соңы қалай аяқталды? Қайда қайтыс болып, қайда жерленді? Батырдан тараған ұрпақ бар ма, болса кімдер? Оларды қайдан іздеп табуға болады? Осындай сан сауалдар маған маза бермеді. «Бекмағамбет» қыстағында отырып, совхоз малын баққан жусандойлық Ерсайын Сариевке жолықтым. Оның айтуынша, Көкөзек көлінің жағасын бойлап жатқан көне қауым Қаратау деп аталады. – Мына жерден батысқа қарай жүргенде 2-3 шақырымдай жерде ертедегі Көкөзек өзенінің арнасына кездесесің. Шыға берісі әуелде биік жар болған сыңайлы. Уақыт өткен сайын топырақ шөгіп, қазір биіктігі бір метрдей жарсымақ сақталыпты. Осы жардың арғы бетінде, шағыл ортасындағы зираттар, арабша жазулары жақсы сақталған биіктігі екі метрдей 1-2 құлпытас пен құмға көмілген бақа құлпытастар бұл жерде көне қауым болғандығын дәлелдегендей, – деді Ерсайын ағамыз. Үстеріне ши шығып, қияқ басып кеткен биік екі оба бұрындары биік етіп салынған зират екендігінен хабар бергендей. Біреуінің құлпытасы сақталған да, екіншісі құлпытассыз тек биік оба болып жатыр. Көп жыл Қаратөбе аудандық аурухананың бас дәрігері болған Мәрбан Бекмағанбетов те Қаратау би туралы дерек жинасуда, батырдың зиратын іздесуде көп еңбек сіңірді. Жасының егде тарқанына қарамай, қашан да жаңалыққа жаны құштар Мәрбан ағай 1996 жылы қыркүйек айының бір жайма шуақ күнінде Айтқали қыстағынан 2-3 шақырым жерде өзінің жер телімі бар шөптікөлдік ысық Болат Әбиратұлы екеуі оның атарбасымен Қаратөбеден шағыл ішімен тіке жүретін жолмен жүріп, 15-20 шақырым жердегі Қаратау қауымына барыпты. Болат та ескі әңгіме, ру шежіресін жақсы тарқататын, Құран оқи білетін жігіт. Жолүсті екеуінің әңгімесі жарасып, құлпытастарды суретке түсіріп келді. – Қазіргі Көкөзек – көктем мен күз кезінде машина жүргізбейтін шалшық пен батпаққа айналып жатқан тереңдігі тобықтан келмейтін сусымақ қой. Аталарымыздың айтуынша, баяғыда бұл арналы, суы терең, жағасына қалың құрақ өскен, іші толған үйрек, қазды, мамырлы өзен болып, Жымпиты жағындағы Бұлдырты өзеніне құяды екен. Жағасы қонысқа жайлы болыпты. Қаратау бабамыз өз ұлысы етіп осы Көкөзек бойын алуы да сондықтан шығар, – дейді Болат. Қаратау аталған ескі қауымға атбасын тірегенде олардың бар көргені ескі 3-4 құлпытас. Қалың шөп пен шағыл құмы басқан қауым ішін асықпай аралаған олар Қаратау батырға қойылған құлпытасты, не зиратын таба алмапты. Кейбір құлпытастар құлап жатса, қайсыбірі шағылдан үріліп келген құмға ортасына дейін көміліпті Әйтеуір, көп ізденістің алғашқы жемісіндей боп, батырдың жерленген орыны, үлкен обаға айналған зираты табылды. Ескіше жазуды білетін ғалымдар құлпытас сынығындағы жазуды «руғы ысық, тайфасы сарысық, булими… Умирзақ…» деп оқып берді. Бұл құлпытас сынығының қалған төменгі жағы болмағандықтан, Қаратау Өмірзақұлының қай жылы туып, қашан қайтыс болғаны, құлпытасты кім қойғанын білу мүмкін болмапты. Тарих көші алға басқан сайын есімі ұмытылып бара жатқан тарихи тұлға Қаратау Өмірзақов батырдың зираты мен құлпытасы табылып, басына кесене тұрғызылды. Қызыл кірпіштен салынған биіктігі жеті метр кесене Көкөзекте бой көтерді. Кесененің ішіне гранит тақтадан ескерткіш қойылды. Тақтаның алдыңғы бетіне «Сырым батырмен бірге 18 ғасырдың аяғында ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан тарихи тұлға Қаратау Өмірзақұлы, Руы-ысық, Сарысық. Белгі қоюшылар – ұрпақтары Балғымбай әулеті. 2002 жыл» деп жазылған. Ал, екінші бетінен ақын Махамбет Өтемісұлының Еділ үшін егестік, Тептер үшін тебістік, Жайық үшін жандастық, Қиғаш үшін қырылдық. Теңдіктің туын бермедік, Теңсіздікке көнбедік, – деген жалынды сөзін оқығанда, тәуел­сіздік үшін орыстармен үзеңгі тебіскен батыр бабаларымыздың рухымен сырласқандай боласың. Қазір қызыл тастан салынып, ішіне қарлығаштар ұя салған кесене Көкөзек бойында алыстан көзге шалынады. Айналасында егілген жас көшеттер тамыр тартып, жыл сайын жапырақ жайып келеді. Қайыржан ХАСАНОВ Орал қаласы