ӨКІРЕШ ПОЛИЦЕЙЛЕР ОҢБАЙ СҮРІНУДЕ
ӨКІРЕШ ПОЛИЦЕЙЛЕР ОҢБАЙ СҮРІНУДЕ
Елбасының «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерiн кезектен тыс аттестаттаудан өткiзу туралы» Жарлығын iске асыру мәселелерi жөнiнде құқық қорғау орындары қызметкерлерiн аттестациядан өткiзу жоспарға iлiккен болатын. Соған байланысты Қазақстан Республикасы Президентi жанындағы Жоғары аттестаттау комиссиясы туралы Ереже бекiтiлдi.
БІЛІМ МЕН БІЛІКТІЛІК
СЫНҒА ТҮСКЕНДЕ…
ІІМ Кадр жұмысы департаменті бастығының орынбасары Болат Ішкібаев республика бойынша кезектен тыс аттестаттаудан өтуге 70 мыңнан астам полиция қызметкерлері қамтылатындығын айтқан-ды. Осы бойынша Ішкі істер министрі бұйрығының жобасы әзірленіп, онда кезектен тыс аттестаттауды өткізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды, комиссиялардың құрамдарын өткізу кестесін, Қазақстан Республикасының заңнамаларын білуге компьютерлік тестілеу үшін сұрақтар тізбесін, жауынгерлік, қызметтік және дене шынықтыру даярлықтары бойынша нормативтер тізбесін бекіту көзделген.
Ал аттестаттауға екі рет келмей қалған құқық қорғау органының қызметкері бірден қызметінен босатылады. Астана қалалық Ішкі істер департаменті кадрлық жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Алпысбай Ташмағамбетовтің айтуынша, мұндай шара құқық қорғау саласында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оны ұйымдастырудағы мақсат – заманға сай құқық қорғау жүйесін қалыптастыруға қажетті кадрлық әлеуетті жасақтау. «Осы ретте аттестаттау шарасы құқық қорғау саласын өз қызметіне салғырт қарайтын азаматтардан тазартып, бұл салада өз қызметін мінсіз атқаратын білікті мамандарды қалдыруға ықпал етеді деген үміт бар. Аттестаттаудан өту үшін тәртіп сақшылары Қазақстан Республикасының заңнамаларын білу деңгейіне қатысты компьютерлік тестілеуден өтеді. Сондай-ақ онда қызметкердің логикалық ойлау жүйесі де сынға түседі. Бұған қоса тәртіп сақшыларының әскери және дене күшіне байланысты дайындық нормативтерін қаншалықты орындай алатыны белгілі болады», – деді басқарма бастығының орынбасары. Оның сөзіне қарағанда, аттестаттау шарасы барысында құқық қорғау қызметкерінің психологиялық жағынан тұрақтылығы да тексеріледі. Полицейлер табельдік қарудың тактикалық және техникалық ерекшеліктерін білулері және қаруды мінсіз қолдана алуы қажет.
«Қызметкерлердің нормативті актілерді білу деңгейі бойынша белгілі бір шек қойылған. Төменгі, яғни қатардағы қызметкерлер әр сынақтың кемінде 50 пайызына жауап беруі тиіс. Ал орта және жоғары деңгейдегі қызметкерлер 60 пайыздық межеден жоғары ұпай жинайды. Бұл ретте аттестаттаудан өтетін азамат сынаққа енгізілетін сауалдар тобының тек біреуінен өтпей қалатын болса, аттестаттау шарасының барлық талаптарын орындамаған болып шығады. Тестілеу шарасына 60 минут уақыт беріледі», – деді А.Ташмағамбетов. Оның айтуы бойынша, аттестаттау талаптарын орындай алмаған қызметкерлерге екінші қайтара сынақтан өтуге рұқсат етіледі. Екінші сынақты 10 күннен кейін тапсыра беруге болады. Ал тестілеуден өте алмаған немесе нормативтерді екінші мәрте тапсыра алмаған қызметкерлерге қатысты аттестаттау комиссиясы «өз қызметіне сай емес, сондықтан қызметінен төмендетілсін», «өз қызметіне сай емес, сол себепті өзге қызметке ауыстырылсын» және «өз қызметіне сай емес, сондықтан құқық қорғау органдарынан босатылсын» деген сыңайдағы үш шешімнің бірін қабылдайды.
«Президент жанындағы Жоғары аттестаттау комиссиясының 9 отырысында 349 қызметкермен әңгімелесу өткен. Олардың 280-і, яғни 80 пайызы аттестатталды. Оның ішінде 24 адамды кадрлық резервке қоюға ұсыным берілді. Ал 69 лауазымды тұлға, яғни 20 пайызы аттестаттаудан өткен жоқ! Бұлардың 29-ы жұмыстан босатуға, 28-і лауазымын төмендетуге, 12-сі басқа қызметке ауыстыруға ұсынылды», – деді Президент Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев. Ақорданың биік лауазымды өкілінің айтуынша, жоғарғы комиссияның тым жоғары талаптар қоятындығынан қаймығып, құқық қорғау органдарының 26 басшысы кезектен тыс аттестаттаудан өтуден бірден бас тартқан. Содан кейін оның ішіндегі Бас прокуратураның – 2, Қаржы полициясы агенттігінің – 8, ІІМ-нің – 1, Кеден қызметінің – 5 бастығы «атқарып отырған лауазымдарынан босату», ал Бас прокуратураның – 2, ІІМ-нің – 7 Қаржы полициясы агенттігінің және ТЖМ-ның (бір-бірден) бастығы «құқық қорғау органдарынан босату» туралы рапорттармен жүгініпті. Мұның сыртында ЖАК тағы 13 қызметкерді, «атқаратын лауазымына сәйкес келеді» деп танығанымен, басқа орынға «ротациялауға» ұсыну туралы шешім қабылдаған. Тағы 6 адамды жоғарғы комиссия «лайықты» деп мойындағанымен, «шекті жас мөлшеріне жетуіне байланысты жұмыстан босатуға» ұсынған. «Өткізілген аттестаттаудың нәтижесінде құқық қорғау органдарының жоғары басшылық құрамының үштен бір бөлігі жаңарады!», – деп мәлімдеді Алик Шпекбаев. Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарының жоғарғы басшылық құрамына кіретін бастықтардың аттестациялаудан өтпей қалу себептерін де тарқатып айтып берді. Президент әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі А.Шпекбаевтың мәліметінше, 45 бастық оқ ату сынағынан мүдірсе (оның ішінде ІІМ-нің 30, Қаржы полициясының 15 бастығы бар), 10 бастықтың психологиясынан ақау табылған. Олардың үшеуі – кедендік басшы, бұған қоса, ол қатарға Қаржы полициясы, ІІМ және ТЖМ-нен, әрқайсысынан екі-екіден және Бас прокуратурадан бір басшы ілігіп отыр.
А.Шпекбаевтың айтуынша, құқық қорғау органдарының жоғары басшылық құрамының 15 бастығы заңнаманы білуге тестілеу кезінде қанағаттанарлық көрсеткішті жинай алмапты. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігінің – 6, Төтенше жағдайлар министрлігінің – 4, Кедендік бақылау комитетінің – 3 және Қаржы полициясының 2 бастығы еліміздің заңдарын жетік білмейтін болып шықты.
ҚАРЫНДЫ ПОЛИЦЕЙЛЕР
ҚАҢҒЫП ҚАЛА МА?
Соңғы кезде ақпарат құралдарында кезектен тыс аттестациялау шарасы қарынды полицейлерге айтарлықтай кедергі келтіретіндігі жөнінде тілге тиек етіліп жүр. Бұл туралы Алматы қалалық экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Әмірхан Аманбаев та қаржы полициясында артық салмақтыларға орын жоқ деп мәлімдесе, Маңғыстау ІІД басшысы Мейірхан Жаманбаев та артық салмақты полицейлерге құқық қорғау органдарынан кетуді ұсынған болатын. Өйткені олардың көбі сынақ кезінде денешынықтыру дайындығы нормативін тапсырудан бас тартқан көрінеді. Сондықтан да басшылар артық салмақ жинау қаржы полициясы қызметкерлеріне тән еместігін айтуда.
Шынында да, Ішкі істер министрлігі де жуан қарынды полицейлерден құтылуды тапсырған. Астана ІІД кадрлық жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Алпысбай Ташмағамбетов: «Жақында ішкі істер министрлігі жанында кеңес болып, ішкі істер органдары басшыларына мынадай міндет жүктелді: өз қызметіне барлық жағынан лайықты болмаған қызметкерлер сөзсіз жұмыстан босатылады. Сондықтан да барлық қызметкерлер өздерінің сырт келбетін де қалыпқа келтіруге тиіс. Былайша айтқанда жинақыланып, қарыннан арылуы қажет. Аттестаттау шарасы кезінде полицейдің сыртқы келбетіне де мән беріледі», – деген-ді.
Ал аттестаттаудан өтпеген қаржы полициясы қызметкері қайтадан құқық қорғау органдарына жұмысқа қабылданбайды. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбайдың айтуына қарағанда, жоғары аттестаттау комиссиясында сынақтан өтетін қаржы полициясы қызметкерлерін заңнаманы білуін тексеруге арналған тестілеу 5 нормативтік құқықтық акті бойынша жүргізіледі. Осы тұрғыда мемлекеттік аттестациядан қаржы полицясының лауазымды басшылары да оңбай жығылды. Сынақтың алғашқы кезеңінде емтихан тапсырған жетпістен астам полковниктер мен генералдардың әрбір үшіншісі өз біліктілігін дәлелдей алмаған.
Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі бөлімшелерінің жиырма жетекші қызметкері аттестациядан өтпей қалса, оның он бірі қаржы полициясында бұдан әрі жұмыс істеуге жарамсыз деп табылды. Ал сорақысы сол, 9 маман аттестациядан өтпестен бұрын жұмыстан шығу жөнінде рапорт жазуға мәжбүр болыпты. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбайдың айтуынша, наурыз айының 21-і мен маусымның 19-ы аралығында Қаржы полициясының 68 жоғары лауазымды қызметкері, атап айтқанда, төраға орынбасарлары, аппарат жетекшісі, орталық аппараттың департамент басшылары мен аймақтық департамент басшылары сынақ тапсырған. Ал Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі кадр жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Сабыр Жұмасанов жұмыстан шығатын 11 қызметкер бұдан былай құқық қорғау орындарында жұмыс істей алмайтындығын айтады.
Қаржы полициясын сауатсыз мамандардан тазалау үрдісі кезектен тыс аттестацияға дейін-ақ жүргізіле бастаған. Жыл басынан бері 37 қызметкер түрлі заң бұзушылықтарға жол бергені үшін лауазымды қызметінен босаған. «Осындай себептермен бас-аяғы 57 жетекші қызметкер өз қызметінен босаса, оған аттестациядан өтуден бас тартқан 9 маманды қосқанда, жыл басынан бері Қаржы полициясының 85 пайызы жаңарды деген сөз», – дейді Мұрат Жұманбай.
Сыннан сүрінген Ақтөбе, Жамбыл облыстарының бірнеше департамент бастықтарының лауазымы төмендетіледі. Бұлар әупірімдеп жүріп қатарда қалса, ал Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстық қаржы полициясының бірінші басшылары мүлдем қызметтерінен қуылған. Жалпы аттестацияға дейін де жемқорлыққа қарсы күресетін органда қызметіне сай келмегені үшін бірсыпыра шенділер жұмысынан алыныпты. Ал бос қалған орындарға енді қатардағы қызметкерлердің жайғасуына мүмкіндігі бар. Бірақ кадрлық резервке алынуы үшін алдымен сынақтан сүрінбеуі шарт. Алда әлі 600-ге жуық қаржы полицейін аттестация күтіп тұр. Соған қарағанда Ішкі істер саласы мен Қаржы полициясында біршама кадрлық тазалаулар мен өзгерістер болатын түрі бар.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ