Жаңалықтар

МҮСІРЕПОВТІҢ ТАПСЫРМАСЫ

ашық дереккөзі

МҮСІРЕПОВТІҢ ТАПСЫРМАСЫ

Байырғы геолог Молдияр Серікбаев әдеттегідей күн аралатып редакцияға тағы келді. Ақсақалдың өмірден көргені мен көңілге түйгені көп. Әңгіме желісін арыдан тартып, беріден қайырады. Қазыналы қартты тек тыңдай беріңіз.

Редакцияда жазушы Шерхан Мұртазаның 80 жылдық мерекесіне байланысты әңгіме жүріп жатқан. Түстік шәй ішіп отырып, ол туралы жазатын жазушы-журналистерге тапсырма беру жағын қарастырып жаттық. Әңгімеге Серікбаев араласты.

«Өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың басында мемлекет және қоғам қайраткері Бекей Байғанаевтан естігенім бар еді. Ол 1932 жылы Мәскеуде қоғамдық институттардың бірінде оқып жүрген. Күздің бір күні Тұрар Рысқұловқа сәлем бермекші болып үйіне барған. Сол кезде Рысқұлов Мәскеуде РСФСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары. Сәлден кейін үйге тағы бір қонақ келеді. Орта бойлы, бұйра шашты, ашаң жүзді, реңді жігіт. Үстіндегі көнетоздау киімі көзге жұтаң көрінді. Тұнық жанарынан әлдеқандай көңілсіздіктің табын сезгендей болдым. Стол басына отырған соң Тұрар оны маған: «Бұл Мұхтар Әуезов деген жазушы», – деп таныс­тырды. Әңгіме барысынан ұққаным – оның Тәшкентте жалалы болып, екі жыл абақтыда отырып, шыққан беті екен. Мұхтар ел іші жағдайынан біраз хабардар етті. Мұхтардың сұрақтарына орай өзі туралы біраз сыр шертті. Сөз соңында: «Сіз туралы трилогия жазуға жинаған деректерім жетеді. Енді тек столға алаңсыз отыру ғана қалды»,– деді. Қайтар кезде Рысқұлов көмекшісі Левковичке телефон шалып: «Петр Филипович, қазір саған қазақстандық жазушы Мұхтар Әуезов барады. Кавказ шипажайларының біріне «путевка» дайында. Материалдық көмек жағын да қарастырып, мені хабардар етерсің»,– деп тапсырма берген.

Жетпісінші жылдардың басы. Сол жыл­дың жазында кезекті геологиялық экспедициядан оралып, институтқа есебімді жазып бердім. Институт пен үйдің арасы онша қашық емес еді. Көбіне жолаушылар көлігіне мінбей, бой сергіту үшін жаяу жүретінмін. Қазіргі Дінмұхамед Қонаевтың бюсті тұрған жер шағын ғана саябақ болатын. Сондағы ұзын орындықтардың біріне отырып тыныстап, дем басу қашанғы әдетім. Сонда барсам академик-жазушы Ғабит Мүсірепов пен Шерхан Мұртаза сөйлесіп отыр екен. Ғабиттің шау тартып қалған кезі. Қолында сүйеніш таяғы бар. Ал Шерханның жанарынан от шашқан, қылшылдаған жас кезі. Екеуіне сәлем бердім. Әңгімелерінің арқауы Мұхтар Әуезов пен Тұрар Рысқұлов жайында өрбіп жатты. Мүсірепов: «Шерхан, сенің Тұрар Рысқұлов жайында ізденістер жасап жүргеніңді білемін. Кезінде Мұхтар Әуезов ол туралы жазбақшы болып, көп ізденістер жасаған еді. Бірақ 1937 жылдың репрессиясында Тұрар «халық жауы» ретінде атылды ғой. Бұл жағдай Мұхтардың жазуына үлкен қолбайлау болды. Елуінші жылдары да өз басына күн туып, жан сауғалап елден шеттеп кетті емес пе. Бір жолы маған: «Ғабит, менің Рысқұлов туралы жазуға еш мүмкіндігім болмады. Менің қолымдағы материалдарды алып, осыны сен жазсаң деймін» деп қолқа салған соң мен меселін қайтармай келісім берген едім. Алайда, менің де жазуға мүмкіндігім болмады. Рысқұлов туралы сен жаз. Оның көркемдік бейнесін алып шығуға сенің қолыңнан келеді», – деп айтқанын өз құлағыммен естідім».

Зейнеткер Молдияр Серікбаевтың өзі куә болған осы бір естелігін қағазға түсірдім. Иә, бүгінде Халық жазушысы атанған Шерхан Мұртаза академик-жазушының сол сенімін үлкен абыроймен ақтады. Оның Тұрар Рысқұлов туралы бес томдық кітабы әдебиетіміздің алтын қорынан орын алды.

Көлбай Адырбекұлы