ЭТНОАУЫЛДАҒЫ ЕРЕКШЕ ТОЙ

ЭТНОАУЫЛДАҒЫ ЕРЕКШЕ ТОЙ

ЭТНОАУЫЛДАҒЫ ЕРЕКШЕ ТОЙ
ашық дереккөзі

Көшпелiлер өркениетi… Бұл – есте жоқ ерте заманнан Еуразия кеңiстiгiнде қалыптасқан тарихи феномен. Ұрпаққа ұлағатымен, ұлттық болмысымен, айшықты әлемiмен әйгiлi көшпендi өмiрдiң кешегi болмысы бүгiн Астана төрiндегi шағын этноауылда қайта жаңғырды.

Елорданың он төрт жылдығына орай «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелiлер өркениетi фестивалi аясында тойға жиналған қауым түркi әлемiнiң мәдениетiмен қайта қауышты.

«Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» фестивалi алғаш елорда тойының он жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған болатын. Қала мен дала мәдениетiн, кеше мен бүгiндi жалғаған шара бiрден халықтың ықыласына бөлендi. Бұл ғажайып дәстүрдiң тамыры терең, қадiр-қасиетi ерекше екенi алғашқы күннен-ақ аңғарылды.Сондықтан елорда тойының ажырамас бөлiгi – көшпендiлер өркениетiне бас сұққан әрбiр жан мұннан өткеннiң өнегесiн, түркi халықтарының ғажайып қолөнер бұйымдарын, әсiресе, «Көшпелi жылқы өркениетiнен» мәлiмет беретiн үзеңгi, тебiнгi тағы басқа да ат әбзелдерi ұсынылған мұражайларды, «Тас адамының жымиюы» сынды балбал тастар аллеясын тамашалай алды.

Биылғы тойдың басты ерекшелiгi – ағымдағы жылда Астана түркi әлемiнiң елордасы мәртебесiн иелене отырып, көшпендiлер өркениетiнiң тарихи құндылығын тек көрсетiп қана қоймай, жас қаланың болашағын, өмiр салтын, сән үрдiстерiн, сәулет өнерiн көшпендi қолөнермен байланыстыра алуында болып отыр.

Тойға жиналған жамағат «Хан шатыр» ойын сауық және сауда орта­лығының алаңындағы қаз-қатар тiгiлген киiз үйлер мен зергерлердiң көздiң жауын алар әшекей бұйымдарына таңырқасып қарады. Мұнда елiмiздегi айтулы шеберлердiң қолынан шыққан бұйымдар, кәдесыйлар мен тұрмысқа қажеттi бұйымдар қойылыпты. Бәрi де ұлттық ою-өрнекпен, қазақы көне белгiлермен әрленiп, әшкейленген. Сондай-ақ, қымыз өндiрушiлердiң байқауы ұйымдастырылып, олар қымызды баптаудың тәсiлдерiмен бөлiсiп қана қоймай, жиналған қауымға сусын ұсынды.

Ең бастысы үш күн, үш түнге со­зылған тойда хан шатырлы сахнаның сәнiн ашқан музыка мен күй болды. Этноауылдағы фольклорлы-этнографиялық «Тұран» ансамблiнiң «Баба толғауы» атты концертi көптiң қошеметiне бөлендi. Мұнымен қоса үш күн қатарынан көшпелi цирк бағдарламасы мен елордалық «Сарыарқа» тобындағы шабандоз жiгiттердiң «Ат жалындағы» бағдарламасы көпшiлiкке ұсынылды. Ал «Үкiлi кәмшат, бүрмелi көйлек» атты «Арлан» ұлттық киiм үлгiлерi мен «Шолпан» би ансамблiнiң тойға әзiрлеген шашулары ерекше болды. Ең бастысы, ұлттық өнердiң қадiрiне жетiк, жан-жүрегi түркi мәдениетiмен тамырлас ағайын үшiн бұл тойдың болмысы да бөлек әрi есте ұзақ сақталар ерекше күн болғаны рас.

Серiкгүл СҰЛТАНҚАЖЫ

Астана қаласы