ӘКЕ – АРДАҚТЫ АТ
ӘКЕ – АРДАҚТЫ АТ
«Әке» деген құрметтi де құдыреттi сөздi естiгенiмде, көз алдыма әкемнiң бейнесi келiп тұра қалады. Әркiмнiң де осындай күйдi бастан кешiрерiне күмән жоқ. Мәңгiлiкке жүрегiмiзге қонақтаған әке бейнесi жыл санап асқақтай түседi.
Біз әкелердің алдында әрдайым қарыздармыз. Әке мен бала арасындағы көзге көрінбес байланыс – қылдай берік, алтын көпір секілді. Әкеге деген перзентерінің ақ көңілі мен үзілмес махаббатын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан болар, қазақ «Әке – асқар тау» «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» – деп ұлықтап, басына көтеріп, сый-құрмет көрсетіп жатады. Демек тау әкелер алыстаған сайын зораяды, бағасы артады, бірте-бірте көңіл сағынышына айналады. Өткен жылы «Егемен Қазақстан» (28.10.2011 ж.) газетінде академик Ғарифолла Есімнің «Әке» деген эссесі жарияланды. Автор сол мақаласында адам өміріндегі әкенің рөлі жайлы сабырлық сөз қозғап, өзінің әкелерге деген көңілдегі ойын шертіп, жылы тілегін, ыстық пікірін, өз әкесіне деген жүрек түбіндегі сағынышын тамаша суреттеп, газет оқырманына ой тастайды. Өмірден озған әкесінің адамгершілік қасиеттеріне тоқталып, оның басынан кешірген оқиғаларын әсерлі сырға айналдырып, кезінде алаулаған жастықпен көңіл аудармай кеткен сәттеріне орын бере отырып, кей сәтте «осы дұрыс болмапты-ау», «әкеме бекер сөйтіппін» деген өкінішін де жасырмайды. Әке-бала болып екеуара шүйіркелесіп отырып айтылған әңгімелері, оңаша ой бөлісулері де әрбір адамның сонау балалық шағында басынан өткерген, бүгіндері көгілдір сағымға айналған күндерді еске түсіріп, жүрек қылын шертіп, еріксіз жаныңды елжіретеді. (Әттең, қарт әке-шешеге бір сәт көңіл бөліп, олармен пікірлесуге, ой бөлісуге уақыт таппайтын, «ой, қойшы, олар қандай ақыл айтады бізге», – деп кеудесіне нан піскен, өзімшіл жастар қазір арамызда аз емес!). «Әкемді налытып, жүрегін ешқашан жаралаған емеспін. Ренішіміз негізінен дінді түсінуде болды. Оның өзінде Алматының ауа райы сияқты тез өзгеріп, бұлт тез тарап, күн шуақтанып, мәре-сәре болып келіннің шәйін іше бастайтынбыз. Әкесін налытқан баланың болашағы ауырлау бола ма деймін. Әрине, бәрін біліп, анықтаушы бір – Алла. Әйтсе де, әкесін налытқаннан әулие шықпайтыны анық. Осы туралы бір әңгіме айтайын. Иранның Құм қаласына жол түсіп, екі рет болдым. Құм шаһарына арнайы келген қонақтарды апаратын жер әл-Машарри әулие салғызған «Қолжазба қоры». Біздің түсінікте бұл кітапхана кешені. Мұнда қолжазбалар көп, соның бәрін жинаған әл-Машарри әулие. Ол кісі тапқан-таянғанына тек қолжазбалар жинай берген көрінеді. Кейде тамақ та ішпей, біреулер үшін құдайға құлшылық жасап, намаз оқып, ораза ұстап, өтеуіне қолжазбалар сатып алып отырған. Қазіргі «Қолжазба қоры» ерекше мекеме, оған кіріп-шығудың өзі бір мәселе. Есіктері банктердің есігіндей қат-қабат. Мұнда қолжазбаларды «сауықтыру», яғни тазалап-өңдеп, алғашқы түпнұсқа қалпына келтіріп, кітап қорына қосу ісі өркениеттік, ғылыми-технологиялық негізде жүргізіледі. Бұл мекеменің тікелей иесі әл-Машарри әулиенің ұрпағы. Әулиенің дүниеден өтердегі өсиеті: – Мені «Қолжазба қорының» кірер табалдырығына жерлеңдер, білім іздегендерге табалдырық болып жатайын, арманым сол, – депті. Өсиеті орындалған әл-Машарри әулие кітапханаға кіреберісте сол жақта жерленген, келгендер оған дұға жасап жатады. Сол әл-Машарри әулиенің өзінің әкесіне деген құрметі туралы естелік сақталған. Әулиенің бала кезі. Әкесі қара жұмыста. Иранда күн ыстық. Түскі асқа келген отағасы шаршап ұйықтап кетеді. Анасы баласына ас даяр болды, әкеңді оят дейді. Сонда әл-Машарри ұйықтап жатқан әкесін қалай оятудың жолын таппай, ақыры әкесінің табанына бетін тосып, бетімен табанын үйкелей бастайды. Әкесі оянғанда анасының дәмі даяр болғанын айтады. Осы құрмет әл-Машарриді Иран еліне өте әйгілі әулие қатарына қосты дейді естелік айтушылар. Әкені құрметтеу – әулиелік жол дейтінім осы», – дейді Ғарифолла Есім. Ия, тірі кезінде әкеміз бен анамызды біз қалай сыйлап, құрметтеп жүрміз деген ой әркімді-ақ ойландыруы керек. Қазақта «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген мағыналы, философиялық мәні бар жақсы сөз бар. Оны әркім өз түйсігіне, санасына қарай әрқалай түсінеді. Оған мән бермейтіндер де ортамызда табылады. Бірақ, ерте ме, кеш пе жасаған жақсылығың жақсылық болып келіп, ал жамандығың жамандық болып өзіңе оралары аян. «Ата-анаңның қадірін, балалы болғанда білерсің», – деген ескіден келе жатқан салмақты сөз бар. Өз басыңа түспесе ауыртпалықты, қиындықты да сезінбей өту мүмкін-ау, тегі. Қартайған әке-шешемізді барынша аялап, құрметтеп, қастерлеп отырсақ несі сөкет? Әттең өкінішке қарай, дүрбелеңге толы мына дүниеде өз баласына өгей болып жүрген байғұс қариялар да жеткілікті. Тіпті әке-шешесіне қол көтеріп, жанын зәбірлеп, өлімге қиып немесе олардың бойынан күш-қуат, қауқар кеткенде кеудесінен итеріп, қарттар үйіне тапсырып жатқандар арамызда соңғы жылдары жиі кездесіп жүр. Өткен күндеріңді ой елегінен өткізіп, артта қалған күндеріңе, жылжыған жылдарыңа қарап тұрып: «Мен артыма жөнді ұрпақ қалдырып барам ба, өмірімде қандай із қалдырдым?» деп бір сәт ойланатын кез болар. Әке деген жауапты лауазым екенін түсінсек жақсы, ал түсінбесек ше… Дүние – кезек… Әке-бала проблемасы барлық қоғамда болған. Әлі де бар. Әкенің қазіргі отбасындағы рөлі туралы соңғы уақытта ара кідік әңгіме қозғала бастады. Шынында да, жалғызбасты аналар саны көбеймесе азаяр емес. Әсіресе бұл үрейлі үрдіс ірі қалаларда кең етек алып барады. «Әкесіз де бала өсіруге болады», – деп өз әрекеттерін жақтайтын бойжеткендер көп. Толыққанды отбасы болмаған шаңырақта әкесіз өскен баланың ертеңі не болмақ? Әке тәрбиесін көрмеген, оның алақанының жылуын сезінбеген, ұлағатты сөзін естімеген ұл бала болашақта қандай ер азамат болады? Тәрбиені тек шешесінен көрген, ылғи әйелдер ортасында өскен бала батыл, еш нәрседен жасқанбайтын, өмірге төзімді, қиындықтардан мойымайтын ержүрек азамат болып қалыптаса ала ма? Менінше, қазіргі замандағы әкелерді бес топқа бөлуге болады: Нейтралитет, яғни немқұрайлы әке. Бұндай әке отбасында сырттан келген бақылаушы тәрізді. Ол жас баланың тәрбиесіне, қалыптасуына еш көңіл бөлмейді. Өз баласының барлық қылығына немқұрайлы қарайды. «Ақша тауып беріп жатырмын, басқа не керек?» деген пікірде жүрген ол мүлдем бала тәрбиесіне араласпайды. Ой бөліспек болып алдына келген баласына: «Шешең не деді?», «шешеңе бар, сонымен ақылдас», – деп өзін әрдайым шетте ұстайды. Базбіреулері баласымен бір мезгіл далада қыдырып келгенін, шамалы ғана уақыт бөлгенін, әкелік тәрбием деп түсінеді. Мұндай отбасында өскен бала, әрине, өзін құрдастарынан әрдайым төмен санап, дұрыс қалыптаса алмайды. Еш нәрсеге көңілі толмайтын әке. Бұл топтағы әке әрдайым баласына жекіп сөйлеп, оның мүмкіншілігін кемсітіп, қит етсе қыспаққа алып, ұрып-соғып, таптап, тәрбиелейді. Оны көрген бала өзіне-өзі налып, құрбыларынан өзін кем санап, бойында сенімсіздік пайда болады, сағы сынып, жалтақ болып өседі. Көңілі жабырқап, жүйкесі тозып, депрессияға ұшырайды. Ондай балалардың арасында өзіне-өзі қол жұмсау, яғни суицид оқиғалары жиі ұшырасады. Әке – бастық, бала – орындаушы. Әрдайым (қызметте де, үйде де, түзде де) өзін бастық санайтын әкелер болады. Олар балаларын өзінің айтқаны айдауымен жүргізгісі келеді. Мысалы кіммен достасу, кімдермен араласу, қай спорт секциясына бару, қандай кітапты оқу, тіпті келешекте қандай мамандықты таңдауға баласын мәжбүрлейді. Бұндай отбасында тәрбиеленген бала ынжық болып өсіп, келешекте тек біреудің айтуымен ғана өмір сүретін болады. Кейде керісінше онда агрессивтік мінез қалыптасады. Кез келген сәтте қарсылық көрсетіп, ешкімнің пікірін құлағына ілмейтін, ақылын тыңдамайтын, сөз қадірін түсінбейтін қыңыр мінезді болып өседі. Махаббат үшін күрес. Базбір отбасында әкесі әйелін баласынан қызғанып отыратын жайт болады. Олардың ойынша, әйелі оған емес тек баласына көңіл бөліп, оның асты-үстіне түсіп, балаға бар уақытын арнайды. Барлық жақсылықты әйелі тек баласы үшін жасап жатқандай болып сезінеді. Бала болса, әке жағынан алакөздікті сезініп, «мен оған керек емес екенмін», «әкем мені жөнді бағаламайды» деген пікірмен өмір сүреді. Әке мен бала арасындағы сезімге сызат түсіп, бірте-бірте көңілдері суып, мүлде басқа танымайтын жандардай болып, келе-келе өмір жолдары екі айрылысып кетеді. Баласы өсе келе, әке-шешесінен қол үзіп кетудің бір себебі осы дер едік. Мәртебесі жоғары әке. Мұндай әке баласы үшін – нағыз асқар тау. Әкесі керемет әке, тамаша күйеу. Баласы әкесіндей болғысы келіп талпынады. Бірақ шешесі баласына: «Мұны папаң басқаша істер еді», «әкең өзгеше шешім қабылдар еді», – деп әкесінің беделін барлық жерге тықпыштап, орынды-орынсыз кесе-көлденең қоя береді. Ол кезде бала өзін-өзі қолынан іс келмейтін, олақ санап: «Бәрібір мен әкемдей бола алмаймын», – деп қуыстанып өседі. Бұндай бала өзін «өмірде жолым болмаған жан екенмін», – деп қапаланып, өмірге өкпелі болып қалыптасады. Әке болу – үнемі жауапкершілікті талап ететін биік лауазым. «Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі» немесе «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп, халық бекерден бекер айтпаған. Жас бала отбасында нені көрсе, өскенде соны істейтінін ойдан шығармағанымыз абзал. Сондықтан әке мен шешенің өз балаларының алдында құрметті, сыйлы, беделді болғаны жөн. Балалармен ой бөлісуге әрдайым уақыт тауып, оның ішкі дүниесінде болып жатқан өзгерістерді бақылауда ұстаған жөн. Егер олай болмаса, жас бала ақылдасар кісіні сырттан іздейді, ауладағы, көшедегі замандастарының пікірі бойынша ой түйіп, солардың жетегінде кетуі әбден мүмкін. Олар жақсы болса жарады, ал жаман жолға салып жіберсе не болмақ? Олай болса, әрине, ертең өзіміз опық жейтініміз рас. Жас балалар біздің айнамыз секілді, біздің бүгінгі бет-бейнемізді, біздің берген тәрбиемізді өздеріне көшіріп алып, келер ұрпаққа жеткізетін жалғаушымыз екені белгілі. Әйтеуір балалардың тәрбиесіне кезінде мән бермей, уысымыздан шығарып алып, өсе келе олардың дұрыс қалыптаспауынан «таяқ жеп», өкінішпен бармағымызды шайнап жүрмесек жарар еді. Бала тәрбиесіне ана да, әке де бірдей жауапты. Олардың әрқайсысын бөле-жара қарауға болмайды. Ақылды ана балаларының алдында әкелерін мысалға келтіріп, «әкеңді сыйлаңдар», «әкеңді құрметтеңдер» – деп әрдайым оның жақсылығын, оның ізгі қасиеттерін айтып отыру керек. «Әке – үйдің иесі, әйел – үйдің киесі» деп әкенің рөлін жоғары қойып отырған ана отбасына береке алып келеді. Сонда ғана әке абыройы өсіп, мерейі биік болады. Балаларын тірі жетім етіп, көздерін жаутаңдатып кеткен әкелерде қандай қасиет бар? Тіпті, сол балаларына заң жүзінде тиесілі алиментін дер кезінде аударуды артық салмақ санап, шын табысын жасырып, дұрыс көрсетпей, алименттен қашып-пысып жүрген әкелерді кім дейміз? Сол көңілдері азалы балаларының аузынан жырып алған «табыстары» ертең олардың шекесін қыздыра алар ма екен? Ондай әке өз мұратына жете алмас, сірә. Мөлт-мөлт еткен тірі жетімнің көз жасы алысқа апармас, бақытқа кенелте қоймас… Міне, сондықтан біз: «Әкелер, ойланыңдар. Балалардың жүрегіне жастайынан жара салып, тірі жетім етпеңіздер. Оларға алимент төлеумен ғана қарыздан құтылдым десеңдер қателесесіңдер. Өмірде перзентке жететін ештеңе жоқ. Ол – сенің ізің, өміріңнің жалғасы. Тіршілігіңнің мәні де сәні. Осыны кеш те болса ұққандарың абзал», – дер едік. Ия, қазіргі өмір тым қатал. Ертең, бүрсігүні кімді қандай қарттық күтіп тұрғанын кім білсін. Бірақ оның қандай болуы көбіне өз қолымызда екенін есте ұстағанымыз жөн. Әйтеуір, ертең балалар өсіп, қарттықтың уақыты жетіп, бойдан қуат кеткенде қадіріміз жоғалып, қу басымыз сопиып қалар қарттықтан Құдай сақтасын. Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тараз қаласы