Жаңалықтар

КЕЖЕГЕСІ КЕЙІН ТАРТҚАНДАР

ашық дереккөзі

КЕЖЕГЕСІ КЕЙІН ТАРТҚАНДАР

Соңғы жылдары ұлт патриоттары елiмiздегi бiрқатар қалалардың атын ауыс­тыру жөнiнде мәселе көтерiп жүр. Бiрақ мұндай кезде билiктегi атқамiнерлер мен жергiлiктi әкiмдiк басшылары ат-тонын ала қашып, бәрiн қаржыға тiреп қоятыны бар. Әрине, қала, көше атауын ауыстыру қомақты қаражатты талап етедi. Бiрақ кеңестiк сарқыншақтардан жиырма жыл iшiнде құтылмаған бiз келесi ұрпаққа ненi аманаттап кетемiз?

Жасыратыны жоқ, еліміздің солтүстік және шығыс өңірлеріндегі көше атауларының көбі баяғы қаз-қалпында. Ал бұл туралы жергілікті басшылар мен тұрғындардың пікірін білсең, «аш бәледен қаш бәле» сая­сатын ұстанып алған. Билік жағы «көше атын ауыстырғанша, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартпаймыз ба?» десе, орыс тілін туған тілі ретінде санайтындар «өзіміздің үйреніп қалған атауларымыз жақсы», – деп кежегесі кейін тартады. Олардың ойына өскелең ұрпақтың қамы кіріп-шықпайтын сияқты.

Газетіміздің өткен санында өздерін кеңестік биліктің тікелей мұрагері санайтын коммунистердің Керекеудегі Ленин ескерткішін қайта қалпына келтіру жөнінде байбалам салғанын айтқан едік. Дәл осы саясатты берік ұстанатындар Семей қаласындағы Федор Достоевский жұмыс істеген-міс делінетін ескі ғимараттың бұзылуына қарсы тұрып, бірнеше мәрте тойтарыс жасап бақты. Кейбір жергілікті тарихшылар мен өлкетанушылар бұл ғимаратты тарихи нысан ретінде бағалап, мемлекет қарауына алынуы керектігін айтып шыр-пыр болған. Тәуелсіз елде өмір сүріп жатсақ та, әлі күнге кеңестік заманды аңсайтындардың көптігі еріксіз қынжылтады. Әйтпесе, қазақ ұлты мен қазақ тілі үшін басын бәйгеге тіккен ұлт жанашырларының табаны тиген Семей қаласында Алаш қайраткерлеріне арналған бір еңселі ескерткіштің жоқтығы оларды неге алаңдатпайды? Бұл туралы жергілікті билік неге ойланбайды?

Осындайда өзіміз қатарлы тәуелсіздік алған көрші мемлекеттердің жасап жатқан шаруасы тәнті етеді. Жақында ғана тәжік елінің ақпарат құралдары бірқатар тәжік қышлақтарының кеңестік атаулардан біржола құтылғандығы жөнінде қуана хабарлады. Нәтижесінде Тәжікстандағы талай жылдардан бері аты өзгермей келген елді мекендер мен қышлақтар ұлттық атауға ие болып, түрленіп кетті. Бұрынғы Комсомол қышлағы – Чорбог, Чкалов – Истиклол, Агроном – Нусратулло Махсума, Фрунзе – Исмаил Сомони болып шыға келді. Сол сияқты Политотдел – Маданият, Тельман – Сумбула, ал Энгельс – Зарнисор болып өзгертілді.

Тәжікстанда да кеңестік кезеңдегі жағрафиялық атауларды ауыстыру мәселесі соңғы жиырма жыл ішінде табанды түрде жүзеге асып келеді. Былайғы жұрт 1999 жылдың өзінде Коммунизм шыңы Исмаил Сомони болып өзгертілгенін көзсіз ерлікке балаған. Ал 2006 жылы Ленин және Революция тау шыңы Тәуелсіздік және Авиценна аталғанда, тәжік ұлтының азаматтары бөркін аспанға атып қуанды. Сондай-ақ Тәжікстан 2009 жылдан бастап барлық мемлекеттік қызметкерлерге тәжік тілін білуді міндеттесе, жақында ел парламенті сайлау туралы заңға арнайы өзгеріс енгізіп, депутаттыққа үміткерлер де тәжік тілін білу керек деп шешті. Әрине, бұл әркімді де сүйсінтетін қадам.

Кеңестік символдар үшін – айыппұл

Тәжікстан билігі кеңестік атаулардан біржола құтылу шарасына кірісіп кетсе, Литва сеймінің депутаты Кястутис Масюлис кеңестік ескерткіштер мен мүсіндердегі балға мен орақ белгісін алып тастау жөнінде ұсыныс жасады. Ол кеңестік эмблемаларды мүсіндерді қайта қалпына келтіру жұмыстары кезінде алып тастауға әбден болатындығын жеткізді. Әрине мұндай кезде жақтаушылардан гөрі, қарсы пікір айтушылар өре түрегелетіні белгілі. Мәдени мұра департаменті директорының орынбасары Альгимантас Дегутис: «Егер мүсіннен балға мен орақ белгісі алынса, мұны біз заңбұзушылық деп табамыз», – десе де, жергілікті депутаттар әріптесінің ұсынысын қолдауға әзір екендігін білдірді. Депутат Кястутис Масюлистің мәлімдемесіне өз қарсылығын қал-қадірінше көрсетпек болғандардың қатарында көлік жүргізушісі де бар екен. Вильнюс қаласының тұрғыны көлігінің нөміріне кеңестік символдар – балға мен орақты, КСРО жалауы мен қызыл жұлдызшаны тағып алған. Қала жұртының назарын өзіне аударғысы келген көлік жүргізуші осы әрекеті үшін 500 лит, яғни 144 еуро айыппұл төледі. Вильнюс қаласының 1-учаскелік соты ағымдағы жылы осы сарындас бес істі қарапты.

Литвада көпшілік орындар мен арнайы іс-шараларда кеңестік белгілерді шерулік тұрғыда көрсетуге 2008 жылдан бері тыйым салынса да, қасақана заң бұзушылыққа баратын жастар көбейіп кеткен. Мәселен, 2008 жылы Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери форманы киіп алған екі оқушы ұсталса, 2010 жылы Шяуляй қаласының полициясы кеңестік символдармен безендірілген ойыншық солдаттарды сататын топты құрықтаған. Ал ағымдағы жылы Паневежис қаласының құқық қорғау қызметкерлері Лениннің портретін салып, оны халық көп жүретін орындарға іліп қойған жергілікті тұрғынның үстінен қылмыстық іс қозғады.

Вильнюс билігі алдағы күзде мүсіндерді қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастайды. Оған қазірдің өзінде бюджеттен 250 мың лит бөлініп отыр. Алайда сол кезде барлық мүсіндер мен ескерткіштерден кеңестік белгілер алынып тастала ма, жоқ па, әзірге белгісіз.

Кеңестік атаулар демекші, жақында Ресей Мәдениет министрі Лениннің мәйітін жерлеу мен астана көшелерін лаңкесшіл-төңкерісшілер атауларынан тазарту жөнінде ұсыныс жасаған-ды. РФ Коммунистік партиясының жетекшісі Геннадий Зюганов: «Ресейдің мәдениет саласында көше атын ауыстырудан басқа жұмыс жоқ па? Одан да күн сайын атыс-шабыс, зорлық-зомбылықты көрсететін телеарналарға неге көңіл бөлмейді? Отандық кітапханалар қажетті деңгейде кітаптармен толығып отыр ма? Міне, осы мәселелерді неге айтпаймыз?», – деп дүрсе қоя берді. Солшыл партияның жетекшісі көше аттарын ауыс­тыру көп қаражатты қажет ететіндігін және соғыс кезінде де Сталиннің көшелерге тарихи атауын қайтаруға тырысқандығына ерекше тоқталыпты. «Ал 1990 жылдардан кейін Мәскеу билігі көптеген көшелердегі большевиктік атаулар мен мет­ро станциясын өзгертіп тастады. Бірақ кеңестік атауларға үйреніп қалған тұрғындар мұны қабылдаған жоқ», – деді ол.

Ресей Коммунистер партиясының саясатта сөзі жүріп келеді. Олар әзірге көше атауларын ауыстыру мен Лениннің мәйітін қара жер қойнауына беруге жол бермейтіндігін айтуда. Бұған қарағанда жаңадан тағайындалған Ресей Мәдениет министрінің ұсынысы жуық арада жүзеге аспайтын сияқты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ