БЕРЕКЕ МЕН РАҚЫМ АЙЫ

БЕРЕКЕ МЕН РАҚЫМ АЙЫ

БЕРЕКЕ МЕН РАҚЫМ АЙЫ
ашық дереккөзі

Адамзатқа тура жолдың нұрын төккен Алланың ұлы сөздері «Құран Кәрім түскен қасиетті Рамазан айы сағындырып, қуандырып бізге жетті. Он бір ай бойы шөлдеп, шаршаған рухымызға азық, нәпсімізге тыю болатын тәрбие айын әрбір мұсылман асыға күтуде. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді» («Бақара», 183- аят) – дейді.

Рамазан айы Алла тағаланың алдында ең жақсы, ең сүйікті ай болып саналады. Өйткені бұл айда жәннаттың есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді. Рамазан айында ораза ұстау һижра жыл санауымен екінші жылдың шағбан айында парыз болды. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тура жолды нұсқаушы, ақ пен қараны ажыратушы, жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған осы айда ораза ұстау парыз етілді. Әрбір ақыл-есі бүтін, балиғатқа жеткен мұсылман ер-әйелге ораза ұстау парыз. «Ораза» деп – ниет ету шартымен таң рауандаудың алдынан күн батқанға дейін ішіп-жеу, жыныстық қатынастан тыйылуды айтады. Ораза тұтқан адам өзін-өзі тек ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан ғана шектеп қоймай, оразаның Алла тарапынан елеулі бір әмір екенін ұғынып, сауабынан үміт ете отырып, бұрынғы өткен барлық күнәларының кешіріліп, тілек дұғаларының қабыл болатындығына сеніммен көз жеткізіп, көңілін бекітуі керек. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Ораза – тілектің қабыл болуына себепші болады. Ауызашардағы тілек кері қайтарылмайды. Ораза – тозақтан қорғайтын қалқан. Ораза ұстаушылар жәннатқа «Раййан» атты арнаулы қақпадан кіреді. Әр нәрсенің өзіне тән тазалығы бар, рухтың тазалығы – ораза. Ораза – сабырдың жартысы», – дейді. Оразада адам дене қалауларын тәрбиелеп, нәпсінің құлы болып кетуден өзін азат етеді. Ауызды астан ғана емес, жаман сөздерден, ғайбаттан тыйса, көзді харамға қараудан, құлақты харам нәрселерді естуден тыяды. Көп ұйқы мен көп тамақтану, адамның әлсіреуіне алып келеді. Тамақты қажетті мөлшерінен асырып жеу – адамның зейінін бұзады, ар-Рахманға бойұсынуда денені ауырлатып, адамдағы шайтанның жолдарын азықтандырады. Сондықтан ораза ұстаған адамның әрі денесі, әрі рухы тынығады. Ол нәпсі азғыруына ермейді және аштыққа шыдамды келеді. Ораза ұстағандар аштықтың не екенін біледі. Сондықтан да ысырап етуден тартынады әрі аш-жалаңаштарға көмектеседі. Адамдар ашкөзді болмайды және басқаның иелігіндегі заттарға көзін сүзбейді. Ораза ұстаған адам Алла тағаланың бірегей әмірін орындағандықтан Жаратушының ризашылығын тауып, ерекше сыйлыққа ие болады. Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Ораза тұтушының екі қуанышы болады: бірі – аузын ашқанда, екіншісі – Жаратушысының алдына барғанда». Бірінші қуаныш – ақшам намазын хабарлап азан айтылғанда болады. Ораза тұтушы күні бойы – өзіне тыйым салынған нәрселердің барлығына рұқсат есігінің ашылғанын ұғынады. Адам өзінің жаратылысында ішіп-жеуге, сынақ үшін берілген түрлі қызықтарға құмартуға бейім келеді. Сол себепті ораза ұстаушының қуанышында шек болмайды. Күні бойы ол нәпсісін тежеп, өзін-өзі Алла ризашылығы үшін әмірімен ғана аузын ашады. Екінші қуаныш – ол тілмен жеткізіп болмайтын, ақылмен сезініп білмейтін зор қуаныш. Ораза ұстаушының ол қуанышы қиямет маһшар күнінде Алланың алдына барғанда, ол Жаратушы тарапынан өзін күткен ғажайып сыйлықты көреді. Хадис шәрифте былай айтылған: «Аса құдыретті ерекше ұлық Алла айтты: «Адам не істесе соның барлығы өзіне. Тек оразадан басқасы. Ораза – маған. Оған сыйлықты өзім беремін». Осылайша Алла тағала оразаның Өзі мен пендесінің арасындағы құпия бір сыр екендігін мәлімдейді. Рамазан айында ораза ұстаудың осы дүниеде де, ахиреттен де сауабы мол. Имам Бухариден риуаят болған Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: «Жәннатта бір есік бар. Ол – ар-Раййан деп аталады. Қиямет күні ол есіктен ораза ұстағандар кіреді. Олардан басқа ешкім кірмес. «Ораза ұстағандар қайда?» деп сұрағанда ораза ұстаушылар сол есіктің алдына жиналар, ораза ұстаушылар кіріп болған соң ол есік жабылады. Содан соң ешкім кіре алмайды», – делінген. Және пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Кімде-кім рамазан оразасын шын иман ықыласымен тұтса, оның бұрынғы істеген күнәлары кешіріледі». Бұл айда мың айдан қадірлі – Қадір түні бар. Ол түні Алла тағала адам баласының шын ықыласымен жасаған тілек-дұғаларын қабыл етеді. «Қадір» сүресінде: «Анығында біз Құранды Қадір түні түсірдік. (1) Қадір түнінің не екенін білесің бе? (2) Қадір түні – игілікте мың айдан артық (3) Сол түнде барлық істерді реттеу үшін (аспаннан) періштелер және Жебірейіл (ғ.с.) түседі. (4) Бұл түнде таң атқанша сәлем жалғасады. (5) Аспаннан Алланың нұры жер бетіне мейірім болып таралатын түні қамсыз ұйықтап жату – береке мен рақымнан құр қалу болып табылады. Періштелер қанаттарын жайып, таң атқанша бізге сәлемдерін беретін берекелі түн туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Айлардың мырзасы – рамазан, күндердің мырзасы –жұма, түндердің мырзасы – Қадір түні» және «Ғибадат жасау үшін түндердің ең абзалы – Қадір түн. Түндердің ең қорқыныштысы – қабірдегі бірінші түн. Ең жақсы түнде ең қорқынышты түн үшін құлшылық жасағандарға қуаныштар болсын!» Ораза сабырлыққа, қиындыққа мойымауға, ерік-жігерімізді шыңдауға үйретеді. Қолдағы бар игіліктің қадірін біліп, ысыраптан сақтануға шақырады. Оразаның сенімге, мінез-құлыққа, денсаулыққа және әлеуметке пайдасы мол. Алла Расулінің (с.а.с.) ең көп істеген құлшылықтарының бірі Раббымызға сүйікті – ораза. Ол рамазанның мәнін былай білдірген: «Адам баласының әр амалына еселеп сауап қайтарылады. Ізгі амалдарға ең аз дегенде он есесі жазылады. Бұл жеті жүз есеге дейін көтеріледі. Алла тағала былай әмір етеді: «Ораза бұл қағидадан тыс. Өйткені ол тек менің ризалығым үшін ұсталады. Мен де оны ұстағанға қалағанымша сыйлық беремін. Құлым Мен үшін нәпсі құмарлығынан, ішіп-жеуден қалады». (Мүслим). «Егер адам баласы рамазан айының не екенін лайықты түрде түсіне білсе, бір жылдың бастан-аяқ рамазан болуын қалар еді», – дейді тағы бір хадисінде. Сондықтан рамазан айына жеткізген Алла тағалаға шүкірлер айтып, оның әрбір сәтін босқа өткізіп алмай, асыл уақытымызды тағатсыз ғибадатпен, кешірім тілеумен, Алланы мадақтаумен, қайырымдылық жасау­мен өткізуіміз керек. Себебі, Алланың Расулі (с.а.с.): «Бұл айда кім бір жақсылық істесе, басқа уақыттарда бір парызды орындаған кісі де басқа айларда парызды орындаған кісідей сауап алады. Ал бір парызды орындаған адам басқа айларда жетпіс парызды орындаған кісідей сауа­п алады», – деген. Алла тағала ұстаған оразаларыңызды қабыл қылып, бәрімізді Раййан қақпасының алдында жиналуды жазсын! Рамазан иманымызға азық, нәфсімізге тәрбие, жүрегімізге шипа болуын нәсіп еткей деп тілейміз.
  Айнұр САРБАЛА