Жаңалықтар

ШЫҒЫСТЫҢ АРАЙЛЫ АСТАНАСЫ

ашық дереккөзі

ШЫҒЫСТЫҢ АРАЙЛЫ АСТАНАСЫ

ТОКИО ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?

Сонау ерте заманда шйогун (қолбасшы) Токугава Йэясу Сумидагава өзенiнiң бойындағы ауылға ат басын бұрды. Хонсю аралының ортасында, Тынық мұхиттың жағасында орналасқан осы аймаққа астана салуды ойлап жүрген. Ұлы көсемнiң бастамасымен Эдо бұғазы жанында бой көтерген шаһар Рим мен Лондоннан да үлкен болды. Бұл Эдоның болашақта, яғни бес жүз жылдан кейiн де әлем астаналарының алдыңғы қатарында тұратындығын сол кезде-ақ бiлдiргендей едi. Осыдан үш ғасыр бұрынғы Токио картасында шаһар аумағы 43,9 шаршы шақырым екендiгi көрсетiлген. Ол кезде Еуропаның көрнектi шаһарлары Рим 14,6 шаршы шақырым болса, Лондон 9,2 шаршы шақырым жер көлемiн алып жатқан. Бүгiнде 2102 шаршы шақырым аумағы бар әлемдегi алып астана ежелде Эдо деп аталған. Эдо – «Бұғаз есiгi» деген мағынаны таңбалайтын қос иероглифтен құралған атау. Мемлекет тарихындағы iрi қолбасшы, кемеңгер көсем Токугава Йэясудың династиясы билiк құрған 1868 жылға дейiнгi үш ғасырға жуық кезең Эдо дәуiрi деп тасқа басылған.

Эдо – ежелден тау бөктерi мен өзен бойына салынған бекiнiстi сарайларымен даңқы шыққан астана. Эдо бекiнiсi мен шаһарының кейiнгi дәуiрдегi тарихын төрт кезеңге бөлемiз. Қаланың бас ордасы Эдо сарайы болды. Шаһардың архитектуралық кіндігі де Эдо сарайы едi. Эдо үкiметiнiң бас ғимаратына айналған бекiнiс сарайды Оота Доукан салдырған болатын. Токугава Йэясу шйогун болған заманда шығыс Жапонияның орталығы ретiнде Эдоның ерекше келбетке ие болу кезеңi басталды. 1590-1602 жылдар аралығында Токугава Йэясу әмiрiмен жаугершiлiк кезеңде сарайды айналдыра қазылған ордың бiрi көмiлiп, аула ұлғайтылды. Батыс қоршауы салынды. 1603-1616 жылдар аралығында астана жылдам өсе бастады. Елдiң Эдодан жүздеген шақырым қашықта орналасқан басқа аймақтарынан құрылыс заттары кемемен тасылды. Сарайдың бас мұнарасы бой көтердi. Жетi қабаттық, биiктiгi 44,3 метр болатын бас мұнара сол замандағы сәулет өнерiнiң бiрегей үлгiсi саналады.

1619-1632 жылдар аралығында Токугава династиясының екiншi шйогуны Хидэтада Эдо сарайының Солтүстiк Шығыс бөлiгiне өзгерiстер енгiздi. Қала сарайдың оңтүстiк шығысына қарай созылып жатты. Бас мұнара биiктiгi 44,8 метрге жеттi. 1633-1651 жылдар арасында үшiншi шйогун Йэмицу Тамэикэден Ичигаяға асып, Коишикаваға жететiн бекiнiстiң Солтүстiк Батыс орын қаздырды. Сарайды айналдыра қазылған ор Сумидагава өзенiмен жалғасып, Эдо бұғазына дейiн жеттi. Осылайша бұл сарай Эдо Үкiметiнiң символына айналды. Бiрақ 1657 жылғы алау сарайдың бас мұнарасын жалмаған едi. Қала қандай оқиғаларды бастан кешiрсе де, қарыштап дамуын тоқтатпады. 1868 жылы Мэйдзи император Эдо атауын Токио (Шығыс астана) деп өзгерту туралы бұйрық шығарды. Мэйдзи кезеңiнде салынған темiржолдар қаланың болашақта көлiк қатынастары жетiлген шаһар болуының кепiлi едi.

Бүгiнде дүниежүзiндегi ең биiк мұнараның бірі Токиода орналасқан. Биiктiгi 634 метр болатын әлемдегi ең биiк телемұнараны жасауда жапон архитекторлары мыңдаған жылдық тарихы бар тәжiрибенi пайдаланған. «Аспан ағашы» деп аталатын бұл құрылыс көне жапон әдiстерiнен қуат алған жаңа технологияның жетiстiгi екенi сөзсiз. «Ұзын ағаштың» өзегi Нарадағы Шйотоку Тайши дәуiрiнен жеткен Хоурюдзи ғибадатханасының көшiрмесi болып табылады. Ғалымдар мен архитекторлар зәулiм ғимараттардың жобасына бес қабатты Будда ғибадатханаларының сызбасын пайдаланған себебi, шимбашира деп аталатын дiңгектiң сан түрлi зiлзалаға төтеп беретiн бiрден-бiр тiрек екендiгiн дәуiрлер дәлелдеген.

«Ұзын ағаш» жапон жерiндегi сан-алуан биiктiгi 200 метрден жоғары болатын мұнаралардан да асып кетпек. Оған дүниежүзiндегi ешбiр елдiң ағашы жетпейдi. «Ұзын ағаш» Токио төрiнде тұрғанда ұлы елдiң жасампаздық даңқы шарықтай бермек. Бүкiл әлемнiң архитекторларының аузын аштырған, таңдай қақтырған мұнараға сандық теле-радио тарату жүйесiнiң антенналары орнатылмақ. Бұған дейiнгi 333 метрлiк Токио телемұнарасы 1958 жылы салынған болатын.

Бес жүз жыл бұрынғы тарихи иллюстрациялардан, даңқты суретшiлер туындыларынан Токионың Эдо кезеңiндегi келбетiн көремiз. Қоғам келбетi заман ағысымен өзгерсе де, шаһар жапон мұратының мәртебелi биiгiн көрсетедi. Токио жапон тарихын танытады, өйткенi ол көне мен жаңаның тоғысқан қаласы. Дүниежүзiндегi ең қымбат жер телiмi Токиода болса, жапон елi астананың әр көшесiнiң кешегiсi мен бүгiнiн ұлы тарихтың бiр-бiр парағы деп бiледi. Эдо қаласының бас көпiрi болған Нихонбаши (Жапон көпiрi) ежелгi дәуiрден қашықтық өлшемдерiнiң бастау нүктесi болған. Бұл көпiрмен сонау байырғы заманнан берi көрнектi тұлғалардың бәрi жүрiп өткен. Бүгiнде экономикалық көпiр боп отырған Нихонбашидi ежелгi заман қаламгерлерi туындыларына қосқан, суреткерлер әр қырынан бейнелеп, өнер әлемiнде таңбалаған. Токугава әулетiнiң ғибадатханасына кiрер тұстағы көне Шибадаймон қақпасына қанша шйогун, самурай кiргенiн, неше салтанатты күймелер өткенiне қақпа тұрған даңғыл куә. Бүгiнде астынан көлiктер зулап жатқан Шибадаймонның арқа тұсында 333 метрлiк Токио телемұнарасы қасқайып тұр.

Токио университетiнiң қызыл қақпасы Хоңгоу Токугава шйогунның ұлын үйлендiргенде келiнi алғаш иiлiп сәлем берiп кiрген құтты орын болып табылады. 1827 жылы Кага хандығының (қазiргi Ишикава префектурасы) билеушісі Маэдаға шйогун қызын ұзатқанда осы қасиеттi қақпадан жүздеген нөкерiмен шығарып салғандығы белгiлi.

Эдоның шоқ жұлдызы болған Асакуса ауданына Токугава шйогун Йошивара ойын-сауық орталығын жасап кеткен. Сэнсоуджи ғибадатханасының алдынан басталатын Асакуса ауданы ежелден шеберлер мен шаруалар шаһары болған. Кагаваның укйоэ гравюрасында Асакусаның алғашқы кезеңiндегi көрiнiсi бейнеленген. Қанша ғасыр өтсе де ағаштары да орнында, дүкендерi де көз алдыда тұр.

Алтын жауған аймақ Акихабара (Күзгi жапырақ жазығы) әлемге электр тауарларымен танымал. Эдодзубойубу деп аталатын Эдо картасын көркем бейнелеген алтын шымылдықта Акихабара айшықтары айрықша әдемi. Күмiс кенi Гиндза Эдо дәуiрiнде күмiс ақша сарайы болса, бүгiнде қаржы нарығындағы Токионың маңызды аймағы ретiнде әлемге танымал. Астананың көзiнiң қарасы Мэгурогава (Қаракөз өзен) Токионың оңтүстiгiнен ағып жатыр. Жағасында зәулiм ғимараттар бой түзеген Мэгурогаваның көпiрi көне заманда Тайкохаши деп аталған. Доғал көпiрдiң пiшiнi тайко ұрмалы аспабына өте ұқсас болған. Эдо дәуiрiндегi өзен көрiнiсi укйоэ гравюраларында ғана сақталған. Токионың Миядзака төбесi мен Сакурадамон қақпасына дейiнгi аралық айрықша әсемдiгiмен танымал. Бүгiнде әкiмшiлiк ғимараттар орналасқан бұл жер Эдо дәуiрiндегi табиғи көрiнiсiнен айырылған емес. Төбенi айналдыра қазылып, су толтырылған ор сол заманның майлы бояуымен салынған суреттерiнде де көрiнiс тапқан. Ол уақытта әкiмшiлiк ғимарат орнында Эдо үкiметiнiң сарайлары тұрған.

ЖЫЛАНКӨПIР

Эдоның Фучиэкава (қазiргi Аясэкава) жағасында шйогунның сұңқар ұстайтын Косугэ сарайы болған. Бiр жылдары нөсер төккенде өзен арнасынан асып, шаруалар қиналды. Егiстiктегi күрiштi су басып, жеуге жарамсыз болып қалған. Су ошақ басына дейiн жетiп, от жағу да мүмкiн емес еді. Үйдiң iшiне қоқыстар ағып кiрiп, борсыған иiстен тыныс алу қиындады. Жұқпалы ауру тарап, науқастар көбейдi. Ел iшерге ас таппай қиналды.

Сегiзiншi шйогун Йошимунэнiң кезi болатын. Фучиэкаваның солтүстiгiндегi Явата өлкесiнiң шаруаларының басынан өткен оқиға бұл. Фучиэкава Токугаваның Тадакацу мен Сайтама жағы, сол кездегi Явата аймағының шекарасынан ағып өтетiн. Өзен тасығанда Токугава жағы шйогунның сұңқар ұстайтын сарайын су шаймас үшiн бөгет тұрғызып, суды тоқтатты. Су Явато аймағына ағатын болды.

Явато жерi көл тәрiздi су астында қалды. Үйлердi су ағызып, елге аштан қырылу қаупi төндi. Явато аймағының шаруалары көтерiлдi. Токоя (Эдо дәуiрiндегi шаштараз) Шинбачи «Бұл қалыппен ауылды қырып аламыз. Токугава жақтың бөгетiн бұзып, өзен суын бұрайық», – дедi. «Шаруалар және шйогунның Онари сарайы, қайсысы маңыздырақ?» – деп сарайдағылар бой бермептi. Ауылға келген Шинбачи ауыр күрсiнумен болды. Сол түнi Шинбачи қап пен кетпен алып бөгетке барды. Шинбачи қапты басына киiп, суға түстi. Фучиэкаваның арғы бетiне жүзе жөнелдi. Ағыс асау екен. Өзен буырқанып, гүрiлдеп жатыр. Өзеннiң үстiнде жуан бөрене, көпiрдiң бөлшегi, бөшкелер қалқып жүр. Соның арасынан Шинбачи жүзiп барады. Арғы бетке қай уақытта жеткенiн бiлмедi. Әйтеуiр кетпенмен төбенi бұза бастады. Осы сәтте қарауыл байқап қалды. «Бұл неғылған адам?» деп қараса, қап киген адам жоғары қарай жүзiп барады. Қарауыл қапты көздеп тұрып атты. Өзен суы қызыл қанға боялып, кiсi денесi көрiндi. Шинбачидiң бiр көзi ойылып түскен едi. Қарауыл дененi кескілеп, қайтадан өзенге тастады.

Зар жылаған Шинбачидiң анасы «Бүйтiп тiрi болғанша, жыланға айналайын, – деп өзенге секiрген екен. Содан бастап бұл аймақта жалғыз көздi жыландар қаптап кетiптi.

Шйогун Йошимунэ сұңқар ұстайтын сарайға келгенде, бұл оқиғаны естiп, өзенге көпiр салуға әмiр бердi. Жаңа салынған көпiрге ордалы жылан шұбатылып оратылған екен. Содан бұл көпiрдi ел Хэбихаши (Жыланкөпiр) деп атап кетiптi.

Укйоэ гравюраларында Сумидагава өзенiндегi кемелер мен от шашу көрiнiстерi қазiргi заманда да көз алдында. Жазғытұры жарқырайтын Сумидагаваның отшашуы Эдо тұрғындарына ежелден жылу сыйлап, қуанышқа бөлеп келедi. Осы отшашудан соң Сумидагава өзенiнде күз түскенге дейiн жалғасатын түнгi кемемен серуендеу басталады.

ЭДО ҰЛЫ

Эдокко – Токиода туғандарды осылай атайды. Бұл Эдо ұлы деген сөз. Бүгiнде жеке меншiк бастауыш мектептi такоя десе, бұл бiлiм ошағының тарихы Эдо дәуiрiнен басталады. Эдо тұрғындары балаларын такояға 7-8 жасынан берген. Сабақ таңғы 8-де басталып, түскi сағат 2-ге дейiн жалғасқан. Такояда балалар бес жыл оқыған. Эдо ХVIII ғасырда-ақ дүниежүзi бойынша сауаттылық деңгейi ең жоғары қала болған. Ол кезде Эдода 1 миллион 30 мың адам тұратын. Ал әлемдегi iрi қалалардың бiрi Лондонда халық саны 700 мың болса, Париждi жарты миллион кiсi мекен етiптi.

ШАҒАЛАЛЫ ШАҺАР

Токио 1868 жылға дейiн Эдо (бұғаз есiгi) деп аталып, ХVII ғасырға дейiн шйогун тұратын Эдо сарайының түбiне дейiн теңiз жайылып жатқан. Эдо қаласының аумағы бұғазға аралдар жасау арқылы кеңейедi. Яғни, шаһар теңiзге қарай ұлғайтылды. Сондай адам қолымен жасалған бөлiгiнiң бiрi – серiктес шаһар Одайба. Бұл ХIХ ғасырда жаудан қорғану үшiн бұғазға салынған арал едi. Осы алты аралдың үстiне Одайба шаһары салынды. Зәулiм ғимараттарымен көз тартатын Одайба сәулетiмен орынды мақтанады. Шағалалы шаһарда жүретiн электр поездың атауы да құсқа қатысты: юрикамомэ (лалагүл шағаласы). Көлдiң ақ шағаласын жапондар осылай атайды.

Одайбаның ғылым мұражайын ұшқыш Моури Мамору басқарады. Ғылым жетiс­тiк­терi көрсетiлетiн ғылым үйiнiң ғимараты да жаңа үлгiде. 115 метрлiк биiктен қаланы көрсететiн айналмалы дөңгелек жаңа технологияның ғажайып туындысы. Кемеге арналған мұражай да Токионың серiктес шаһарында орналасқан.

ТАРИХИ ЖӘДIГЕРЛЕР ШАҺАРЫ

Токио мемлекеттiк мұражайында Азия елдерiнiң 110 мыңнан астам мұрасы мәдени маңызы бар тарихи жәдiгерлер ретiнде сақталған. Бұл мұражай Хонкан деп аталатын жапон галереясы, Шығыс елдерi өнерiне арналған Тойоукан, Хоурюдзи ғибадатханасының жәдiгерлерi қойылған галереялардан тұрады. Мйочин Мунэаки 1713 жылы жасаған қозғалмалы айдаһар конструкциясы технология тарихының тереңнен басталатынын анық көрсететiн дәлел екенi сөзсiз.

Токионың Уэно ауданында алтыннан жасалған самурай сауыты сақталған Токио қалалық көркемөнер мұражайы мен Токио өнер университетi орналасқан. Янака ауданында көне дәуiр ғибадатханалары орналасқан. Роппоңги ауданындағы Сантори көркемөнер мұражайында Хонъами Коэцу (1558-1637) сынды суретшiлердiң туындылары қойылған. Оның қолынан шыққан жанан да көне дәуiрден жеткен бiр жәдiгер. Осындағы көгiлдiр косодэ кимоносы да үш жүз жыл бұрынғы шебер қолынан шыққан. Харадзюку ауданындағы Такэшитадоори көшесiнде 12 мың жәдiгердi сақтап отырған Ота мұражайы орналасқан. Кацушика Хокусайдың «Фудзидiң 36 көрiнiсi» гравюрасын осы мұражайдан көруге болады.

Идэмицу көркемсурет мұражайындағы ХII ғасырға жататын «Бандайнагонэмахи» иллюстрациясы «Ұлттық қазыналар» санатына енген.

Кунайчйо Санномарушйодзоканда Токугава сарайының суретшiсi Кано Эйтокудың алтыннан жасалған, қос арыстан бейнеленген «Карадзишидзубйоубу» шымылдығы тұр.

I

ИДЗУ ИIРIМДЕРI

Эдоның Идзу аралдары тарихи оқиғалар­дың куәсi. Идзудың Миякэдзима аралында мы­нандай аңыз сақталған:

Миякэдзима аралы Ниидзима мен Гоку­радзиманың ортасында орналасқан. Аралдың қақ ортасында Ояма тауы қасқайып тұр. Куроко көлiнiң суы жартасқа шашырауда. Митакудзимадағы Камицуки ауылы мен Идзу ауылы арасында Карасава деген батпақты жер бар. Осы батпақ қылмыскер әйел нәрестесiн тастаған жер дейдi ел. Батпақ ортасында кiм тұрғызғаны белгiсiз, тас Джидзоу (Жолаушылар мен балалардың жебеушiсi) тұр.

Тэнпоудың (1830-1843) кезеңi екен. Камичяку ауылында Окйо деген әйел қылмыскер болыпты. Ол аралға тэңгуса (теңiзде өсетiн қызыл шөп) пiсетiн кезде келген. Окйо момын болған соң ба, оған ауыр жаза қолданбай, аралға тэңгуса жинауға айдалды. Окйоға Якэба деген жердегi қылмыскерлердiң басшысы 9 шяку (1 шяку – 30,3 см), 2 кэн (1 кэн –1,818 метр) лашық жасап бердi.

Якэба Ояма тауы атқылағанда аққан лава жартасының ортасындағы алақандай жер. Лашықтың төбесi шөппен жабылған, айналасы да шөппен көмкерiлген. Еденi жоқ, шөп төсеп ұйықтайды. Окйоның осы лашыққа «көшiп келгенiне» көп уақыт өтпедi, қылмыскер еркектер бiрiнен кейiн бiрi имо (батат картобы), каштан алып келе бастады. Арал тұрғындарының оннан бiр бөлiгi қылмыскерлер едi.

Окйо жүктi болды. Қайсысының баласы екенiн бiлмейдi. Қылмыскерге бала тууға заң жүзiнде рұқсат жоқ. Аралда шектеу көп. Бұл тек Митакудзима ғана емес, Идзудың жетi аралына түгел қатысты қатал заң. Мұхитқа ұласқан теңiздегi тiзбектелген аралдың бiрiне қылмыскер ретiнде айдалған Окйо афуби мен садзаэ (теңiз өсiмдiгi) жинап күнелттi. Окйоның iшi бiлiнгенде қылмыскер еркектер келудi тоқтатты. Лашықтағы шөп үстiнде сәбидiң кiндiгiн өзi кестi. Панасыз бiр шақалақ келдi дүниеге. Бiрнеше күн өткенде қылмыскерлердің басшысы келдi. «Балаңды Карасаваға тас­та!», – дедi.

Окйо шүберекке оралған нәрестесiн құшақтап жылаумен болды. Бiрнеше күн өткенде бiр топ еркек келдi. Жуас, аңқау Окйо өзгерiп кеткен едi, айбат шегiп, лашыққа кiргiзбедi.

Жаймашуақ күннiң бiрiнде шүберекке оралған баласын қойнына тыққан Окйо лашықтан шықты. Митакудзиманың Дайкухо жағасында алып жартас тұр. Теңiз суы жартас бетiн шайып жатыр. Арал тұрғындары бұл тасты «Қылмыскер жартасы» деп атайды. Қылмыскерлер алғаш кемеден түскенде осы жартасқа отырып, дзоуридi (аяқ киiмнiң түрi) шешiп, аралға жалаңаяқ кiредi. Жергiлiктi заңға бағыну осыдан басталады. Жартас түбiнде бір топ бала «қылмыскер» ойнап отыр екен. Бiр бала «қылмыскер» боп, жартас үстiне шығып, көзiн жұмып, маңдайын тасқа тигiзуде. Қалғандары жартасты айнала өлеңдетiп жүр. Жартас үстiндегi бала төмендегi балалардың бiрiне саусағын тигiзу керек. Окйо балаларды бақылап тұрды. Нәрестесiн қойнына тығып, аралды аралаған Окйоның соңғы мекенi осы жартас болды. Жаздың аптабында Якэбаның су шайған жартас түбiнде баласын құшақтаған Окйоның денесi табылды.

Идзудың Хачиджоудзима аралында мынандай аңыз айтылады: Хачиджоудзимада шямэнбана (ақталу гүлi) гүлдегенде кешiрiм кемесi келедi деген ырым бар. Шямэнбана деген цикастың қызыл гүлi. Аралдың Оога аймағында Соуфукудзи деген ғибадатхана бар. Осы ғибадатхананың тау бөктерiнде Уцуми деген қылмыскер зираты бар. Бұл жазықсыз жала жабылып айдалған боусаманың (дiн адамы) бейiтi. Тамақ iшуден бас тартып, бұл дүниеден өз еркiмен өтiптi. Ғибадатхана артына екi түп цикас отырғызыпты. «Цикас гүлдегенде мен сияқты айдалғандар ақталады», – дептi ол өлерiнде. Айтқаны дәл келiп, цикас гүлдеген жылы Хачиджоудзиманың қылмыскерлерiнiң ақталғаны туралы қағаз келдi. Содан берi қылмыскерлер шямэнбананы «ақталу гүлi» деп атайды. Ақталу гүлi гүлдегенде қуанады.

Осылайша ақталғандарды алып кететiн кеменiң келуiн күтiп жатқанның бiрi қылмыскер әйел – Отойо. Ол Кичивараның қызы едi. Бiр ер кiсiге кандзаши (шашқа тығатын iстiк) сұғып өлтiрдi деген айып тағылып, дарға аспақ болғанда әлгi еркектiң де кiнәсi бар екендiгi дәлелденiп, Отойоны аралға айдау жөнiнде үкiм шығарылады. Ол Хачиджоудзимаға келгелi де жиырма жыл өтiптi. Отойо ақталу гүлiнiң гүлдеуiн жиырма жыл күтiп, кеменiң келуiн осынша уақыт армандаумен болды. Бiрақ Эдодан жылда келетiн кешiрiм құжатында оның аты бiрде-бiр рет кездеспедi. «Осы аралда қартайып өлмекпiн бе?» деп, iштей зарлау­мен күндерi өтiп жатты.

Аралдағы қалың бамбук арасында тас­тар шашылып жатыр. Қылмыскерлердiң зираты бұл. Әйел егер кешiрiм кемесi келмесе дәл осы жерге көмiлетiнiн ойлап жылайды.

Отойо қайықпен қашуды ойлады. Ең ауыр жаза қайықпен қашқандарға қолданылады. Бұл кiсi өлтiргеннен де ауыр қылмыс саналады. Қайықпен қашуға оқталғандар бiрден өлтiрiледi. Қылмыскерлердiң арасында қашқындардың көбейген себебi бұл аралда күнкөрiс қиын едi. Күрiштi жылына екi рет, Бонмацури (тамыздың 15-i күнгi ғұрыптық мереке) мен Жаңа жылда ғана жейтiн. Қылмыскерлердiң бiразы аштан өлдi. Отойо аралда аштан өлгенше Эдоның ыстық топырағын аяғыммен бiр басып өлейiн деп ойлады. Қашуға алты еркектi үгiттедi. Әйел зорлаған дiндар мен бай үйiне басып кiргендер. Күн ұясына батқанда Саннэнiң Камиминатосынан балықшылар қайығын ұрлады.

Балықшылар ұйқыға кеткен кез. Көлдiң асау толқындары азуын ақситып тұр. Қайық толқын арасымен теңселiп әрең қозғалады. Бағыттары да белгiсiз.

– Гокура, – дедi дiндар.

– Одан да Митакуға барайық, – дедi басқалары.

Қашқындар толқынға қарсы ескектi бар күшiмен естi. Арт жақта отырған Отойо айғайлап жiбердi. «Хачиджоу! Митаку да, Гокура да емес!».

Бiрақ олар бұл аралдардың ешқайсысына жете алмады. Түнi бойы қанша ессе де қайық алысқа ұзамады. Таңға жуық қуғыншы қайығы жақындап қалған едi. Мылтықтан оқ атылды. Жетеудiң үшеуiне оқ тидi. Төртеуi ұсталды. Арасында Отойо да бар едi. Бұларды байлап, зынданға тас­тады. Зынданға түскендер тiрi шықпайтын. Үш еркек дарға асылды. Отойо ғана тiрi қалды. Он бiр тәулiк өттi. Отойоны Инаба аралына атуға апарды. Бағанға байлап жатқанда әйел тулады. Көзiнен от шашып, жиналған жұртқа айбат шегiп: «Мен өлсем жегi құрт боп, егiнiңдi жалмаймын, аштан қырыласыңдар», – дедi. Әйел осыны айтып үлгердi де, өлі денесі жерге құлады. Келер жылы күзде сацумаимо (картоп түрi) егiстiгiнде улы құрт қаптады. Сау жапырақ қалдырмады. Арал тұрғындары бұны жазалы әйелдiң қарғысы деп бiлдi. Содан берi бұл жәндiктi Отойомуши (Отойоның құрты) деп атайтын болыпты.

Эдо бұғазындағы Цукурадзима, Цукушима аралдары да тарихи орындар. Цукудашима ХҮII ғасырда суға батқан жердiң үстiне салынған арал. Цукудадзима кешеге дейiн балықшылар мекенi болып келдi. Жапондар «Цукуда көпiрiнiң арғы Гиндза жағы Хэйсэй (1989 жылдан басталған жаңа кезең) кезеңi болса, бергi жағы әлi Тайшйоу (1912-1924 жылдардағы кезең) дәуiрiнде өмiр сүрiп жатыр», – дейдi. Өйткенi бұл жер бұрынғы балықшы ауылын көз алдыға әкелетiн, кеме тоқтайтын жерлерiмен ерекше. Цукуданың үлкен көпiрi 1964 жылы салынған. Оған дейiн Гиндзаға кемемен барған. Цукудадзимамен жалғасып жатқан Цукишима суға батқан теңiздiң бөлiгiне ХХ ғасыр басында қайтадан төселген арал. Цукишима II дүниежүзiлiк соғысқа дейiн өндiрiс ошағы болды.

ИМПЕРАТОР САРАЙЫ

Токиодағы Шығыс бағында шйогун сарайы салынған. Осындағы Кокио император сарайының 1 миллион шаршы метр болатын орманды алқабы Эдо үкiметiнiң орталығы болған жер. Сарайдың шығысында Маруноучи, Яэсу аудандары орналасқан. Одан әрi оңтүстiкке қарай Нихонбаши мен Гиндза император сарайының оңтүстiк батысында Парламент үйi, үкiметтiк мекемелер, министрлiктер тұрған Нагатачйо мен Касумигасэкидi көремiз. Император сарайы елдiң саяси-қаржы орталығының дәл кіндігінде орналасқан.

Сарайға жылына екi рет, 2-қаңтар­дағы жаңа жыл мерекесi кезiнде және императордың туған күнi – 23 желтоқсанда кiруге болады. Сарайдың солтүстiгiнде Токио мемлекеттiк заманауи өнер мұра­жайы салынған. Мұражай жанында Эдо сарайының бас мұнарасының өрттен қалған орны бар. Бекiнiстен баққа қарай өткенде, Кунайчйосанномарушйоудзокан император мұражайы тұр. Ғасырлар бойы сақталып келген өнер, каллиграфия туындылары осында қойылған. Кано Эйтоку (1543-1590), Ито Дзякучю (1716-1800) сияқты әйгiлi суретшiлердiң еңбектерi де сақталған.

Ежелден жапон императорларының мекенi астана болып саналатын. Ел билеу­шiлерiнiң тарихы да ықылым заманнан бас­тау алады. Он мың жыл бұрын Дзимму император билiк құрғанда Күн иесi Аматэрасу оған үш зат – айна, қылыш, моншақ сыйлапты. Осы үш зат атадан балаға мұра боп, император әулетiнiң символына айналған. Қазiргi император Акихито 1989 жылы таққа отырды. Осы жылдан Хэйсэй тарихи кезеңi басталады. Жапония Атазаңы бойынша император мемлекет символы болып табылады. Тарихтағы 125-шi император болып есептелетiн Акихито 1933 жылы император Шйоуваның әулетiнде дүниеге келген тұңғыш ұл. 1952 жылы тақ мұрагерi боп ресми түрде танылды. Гакушюин университетiнiң саясаттану және экономика факультетiн бiтiрген. 1959 жылы Шйода Мичикоға үйленген, үш баласы бар.

1989 жылдың 7-қаңтарында таққа отырған император Акихито әкесi сияқты теңiз биологиясымен айналысқан белгiлi ғалым ретiнде танымал. Императордың жұбайы Мичико ханым 1934 жылы Шйода Хидэсабуро деген кәсiпкердiң отбасында дүниеге келген. Токионың Әулие Жүрек университетiн тәмамдаған. Бүгiнде Жапонияның Қызыл жарты Ай қоғамының Құрметтi Президентi болып табылатын Мичико ханым әдебиет пен өнерге ерекше ықыласпен қарайды.

Императордың үлкен ұлы, мұрагер ханзада Нарухито 1960 жылы туған. 1982 жылы Гакушюин университетiн бiтiрген. 1988 жылы Гакушюин университетiнiң тарих мамандығы бойынша докторантурасын тәмамдап, Оксфордта да оқыған. 1991 жылдың 23 ақпанында Нарухито ханзада ресми түрде мұрагер боп танылды. Ол 1993 жылы Овада Масакоға үйлендi. 1963 жылы Овада Хисашидiң әулетiнде дүниеге келген Масако ханшайым Гарвард, Токио университеттерiн тәмамдаған соң, 1987 жылы көктемде Сыртқы Iстер министрлiгiндегi қызметiне кiрiскен.

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,

Жапонтанушы