Жаңалықтар

БЕЙТАРАП ЕЛДІҢ БЕЛГІСІЗ ҚЫРЛАРЫ

ашық дереккөзі

БЕЙТАРАП ЕЛДІҢ БЕЛГІСІЗ ҚЫРЛАРЫ

Ашхабадта «Дәстүрлi БАҚ-тан онлайн медиаға: озық тәжiрибе және болашақ мүмкiндiктер» атты ортаазиялық ХIV конференция болып өттi. Конференцияға Әзiрбайжан, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжiкстан, Түркiменстан, Өзбекстан, Ауғанстаннан және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы, Ашхабадтағы, Бiшкектегi, Душанбе мен Өзбекстандағы орталықтарының өкiлдерi, ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы жөнiндегi өкiлдiгiнiң бюросының өкiлдерi, халықаралық сарапшылар, жиыны жүзден астам делегат қатысты.

МӘРМӘРДАН ТҰРҒЫЗЫЛҒАН ҚАЛАІргеде тұрған Ашхабадқа барып-келу үшін 4 күнде 3 мемлекетті басып өтуге тура келді. Өйткені Алматыдан Ашхабадқа қатынайтын ұшақ аптасына бір-ақ рет ұшады екен. Оның ұшу кестесі біздің Ашхабадтағы шарамызбен сай келмеді. Сөйтіп, әуелі Ташкент арқылы ұштық, келерде Стамбул арқылы келдік. Ташкент әуежайы тым қарабайырлығымен сонау сексенінші жылдарды еске түсірді. Осы әуежайда сарылып 7 сағат отыруға тура келді. Қазақстан мен Өзбекстан арасында виза режимі жоқ болса да, олар транзиттік жолаушылардың сыртқа шығуына мүдделі емес. Өйтіп-бүйтіп ақша қағып қалуды ойлайды. Әуежайдан сыртқа шығу үшін 150 АҚШ долларын сұраған оларға Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Үсен Сүлеймен ондай ереженің жоқ екенін айтқаннан кейін ғана олар бізді тіркеуден шығарып, ұшар кезде қайта тіркейтіндіктерін айтты. Қонақтардың біразы Ташкент қаласын аралауға аттанды. Біз әуежайда қалып қойдық. Ташкент уақытымен (Алматыдан бір сағат алға) кешкі 20.50-де «Өзбек әуе жолдары» ұшағымен Ашхабадты бетке алдық. Сапарымыз екі жарым сағатқа созылса да, өзбектер әуе кемесіндегі жолаушыларды тамақтандыруды жөн көрмеді.

Ашхабадқа жергілікті сағат 23.00-де (Алматыдан бір сағат ілгері) табан тіредік. Ашхабадтың әуежайы үлкен емес, дегенмен салтанаты ерекше екен. Біздерді жергілікті сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері күтіп алды. Ашхабадта ауа температурасы 32 градус ыстық. Күндізгі ыстықтың беті қайтпаған, ыстық леп ұрып тұрды. Әуежай Түркіменбашы – Сапармұрат Ниязовтың атында. Әуежайдан шыға бере Оғуз қағанға орнатылған ескерткіш. Жалпы түріктің әйгілі тұлғаларын әрбір түркі мемлекеттері еншілеп алу үрдісі байқалады. Бұл жайында сәл кейінірек.

Түркіменстан өзге мемлекеттерден іргесін аулақтатып, бейтарап саясат ұстанады. Және ол саясатын мақтан тұтады. Қазақстан мен Түркіменстан арасында виза бар. Тек Қазақстанмен ғана емес, барлық мемлекеттермен қарым-қатынас солай. Өйткені олар 1995 жылдан «бейтарап Түркіменстан» атағын алған. Ашхабадтан бізді күтіп алған Түркіменстан Сыртқы істер министрлігінің қызметкері Бегеніш Қараев қаланы таныс­тырумен болды. Соңғы екі жылда ашылған жаңа көшемен өрлеген біздерге бұл көшелер президент Гурбангулы Бердымұхамедовтың қатысуымен ашылғандығын мәлімдеді. Бізге бірден ұнағаны әуежайдағы Оғуз қағанның ескерткішінен бастап, біз тоқтаған қонақүйге дейінгі сәулет ерекшелігі. Көшелердің жарқын сәулеленгені. Газ бен мұнайға бай елде коммуналдық қызметтер тегін. Бегеніштің айтуынша, әрбір отбасына тегін пайдаланылатын қызметтердің лимиті беріледі. Егер ол лимиттен асып кетсе ғана олар коммуналдық қызметтер үшін ақша төлеуі тиіс.

– Алайда, – дейді Бегеніш, – ол лимиттен асырып көрген ешкім жоқ, күн жылы болғандықтан айына берілетін 30 квт.сағат электр қуатын ешкім асыра пайдаланбайды.

Сол секілді әрбір автомашина иегері 700 литр бензинді жарты жылға тегін пайдаланады. Егер одан асып кетсе ғана литрі 25 цент тұратын (30 теңге) бензинді сатып алуға тура келеді. Алайда біздің Ашхабадтағы сапарымыз барысында, Түркіменстан бұдан былай мотоциклистер мен жүк машина иелеріне бензинді тегін беруді тоқтататыны туралы ақпарат таратылып жатты.

СІМ қызметкерлерінің айтуынша, Ашхабадта баспанасыз адам болмайды екен. Мемлекет қызметкерлеріне отыз жылға 1 пайыз өсіммен, 50% жеңілдікпен баспана беріледі. Мемлекеттік қызметкер қатарына – мұғалімдер мен дәрігерлер де жатады екен. Әрі баспананың шаршы метрі – 500 доллардың көлемінде. Түркімен валютасы – манат. Бір 1 доллар – 2,86 манатқа, яғни – 50 теңгеге тең. Ал олардың тиыны – теңге деп аталады екен.

1948 жылғы зілзаладан кейін қайта тұрғызылған Ашхабад қаласы бүгінде әлемнің ең көрікті астаналарының бірінен саналады. Ғимараттар тек қана ақ мәрмардан тұрғызылған. Ал ескерткіштер алтынмен апталған. Біз алыстан түркімендердің пірі саналған Оғуз ханға және 1948 жылғы зілзала құрбандарына арналған ескерткіштерді көрдік. Зілзала құрбандарына арналған ескерткіш қоладан құйылған. Сілкініп, мінез көрсеткен жер ананы көтерген өгіз – ежелгі түріктің жерді көтерген көк өгіз аңызын еске түсіргендей.

Ал «Бейтарап» және Тәуелсіздік мо­ну­­менттері алтынмен апталған. Олар­дың маңайында түркіменнің рухани көшбасшыларының және Түркіменбашы – Сапармұрат Ниязовтың ескерткіштері бой түзепті. Оғыз хан, Қорқыт ата, Тұғырылбек… Қызығы бүкіл түркіге ортақ бұл тұлғалардың есімінің соңына «түркімен» деген қосымшалар жалғаныпты. Демек бұл көшбасшыларды түркімендердің меншіктеп алғандығы байқалады. Делегация құрамындағы әзірбайжан өкілі Али Нау­ры­зовпен осы мәселеге қатысты әңгімелесіп қалдым. Али Наурызов «Дадам Қорқыттың» 12 әңгімесінің желісіндегі мекен-жайлардың барлығы Әзірбайжан жерін суреттейді дегенді айтты. Ал мен керісінше ондағы мекеннің Қазақстанның оңтүстік-батысы, Әмудария мен Сырдарияның жағасы екендігін айта отырып, Қызылордада Қорқыт ата атындағы университеттің барлығын, Қорқыт атаның ескерткіші Қызылордада бой көтергенін айттым. Алтынмен апталған ескерткіштерден түркімен мінезін, түркімен рухын сезіндік.

Конференцияның екінші күнінде әлемге әйгілі түркімен жылқысы – Ақалтекені көру үшін ұлттық ат спорты орталығына, ипподромға жол тарттық. Мұндағы жылқыға орнатқан ескерткіштерді көріп, Алматы қаласындағы, салпаңқұлақ, тұмсығымен жер иіскеген, жабылармен еріксіз салыстыруға мәжбүр болдық. Рухы биік елдің, ұлттық бағыты айқын елдің ескерткіштерінің өзі асқақ, біздің ескерткіштеріміздің неге төмен қарап, жер шұқып, еңсені басып тұратындығын енді түсінгендей болдым. Бізде ұлттық бағыт-бағдарынан жаңылған, қай жағаны жағалағанын түсінбейтін, жалпақшешей сая­сат бар. Соның салдарынан жас ұрпақтың зердесіне ұлттық мақтанышымызды әлі күнге дейін дарыта алмай келеміз.

Жас ұрпақ демекші, конференцияның бірінші күнінде Түркіменстан ұлттық университетінің Халықаралық журналис­тика факультетінің студенттері қатысты. Қыздарының кигені қынама бел, тобығына дейін төгілген ұзын көйлек, өңірі ұлттық оюлармен нақышталған. Бастарында – түркімен өрнегімен кестеленген тақия. Жігіттері де ақ көйлек пен түркімен тақиясымен келді. Үзіліс арасында біз олардан «бұндай киіммен жүруге міндеттей ме?» деген сауал қойдық. Студенттердің айтуынша, бұл олардың студенттік формасы екен. Алайда Ашхабад көшелерінен көрген әйелдердің барлығы да осылай киінген. Күйеуге тигендері – орамал таққан. Түркіменстанның қазіргі президенті Гурбангулы Бердымухамедов бірде:

– Түркімен әйелдерінің бәрі сұлу, әдемі, мен олардың жүзін қалың жұрттан жасырғанын қаламаймын, сондықтан да, ұлттық киім үлгісімен киінгені жөн болар еді, – депті.

Соның ықпалы болар, түркімен әйелдері еуропа үлгісімен киінбейді екен, хиджабқа да оранбайды.

Ашхабадта Түркіменбашы жазған әйгілі «Рухнама» кітабына орнатылған ескерткіш те алтынмен апталған. Алып ескерткіш екен. Кезінде орыстілді ақпараттарда «Рухнаманы» түркімендіктерден тартып алып жатыр, оларды мектепте оқыту тоқтатылды» деген мәлімдеме оқығанмын. Осы жайында Сыртқы істер қызметкерлерінің бірінен сұраған едім, бұл ақпараттың жалғандығын айтып қызарақтап қалды. «Түркімендер жайында әркім өз беттерінше жаза береді. Алайда «Рухнаманы» ешкімнен ешкім тартып алған жоқ. Керісінше ол кітаптың маңыздылығы, ерекшелігі жайында үгіт-насихат ерекше. Ол – түркімен жолы, түркімен философиясы туралы жазылған тым сирек кітаптардың бірі. Ол бірнеше тілге аударылды. Егер сенбесеңіз мына студенттерден сұраңыз, олар бітіру емтихандарында, оқуға түсерде осы кітаптан емтихан тапсырады», – деді атын айтудан бас тартқан ол.

Түркіменстан – ұлттық даму жолын таңдаған мемлекет. Қазір жоғары оқу орындарында сабақ тек түркімен тілінде жүргізіледі. Орыс тілінде сабақ жүргізетін мектептер бар делінді. Оның нақты санын білудің мүмкіндігі болмады. Көшедегі жазулардың барлығы тек түркімен тілінде. Біздегідей алабажақ жарнама, өзге тілдегі ақпараттар көзге шалынбайды.

«АРҚАДАҒ» АТАНҒАН ПРЕЗИДЕНТ

Ашхабадта 5-6 шілдеде өткен «Дәстүрлі БАҚ-тан онлайн медиаға: озық тәжірибе және болашақ мүмкіндіктер» атты Ортаазиялық ХІV конференцияның 5 шілдедегі алғашқы сессиясында «Дәстүрлі БАҚ-тан әлеуметтік медиаға: халықаралық стандарттар мен негізгі қиындықтар» тақырыбында тал­қылаулар болып өтті. Кіріспе сөз сөйлеген Түркіменстанның Сыртқы істер министрі, Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Рашид Мередов Түркіменстан президенті, түркімендердің Арка дағы (Асқар тау) Гурбангулы Бердымухамедовтің сәлемін жеткізді. Түркіменстанда тәуелсіз ақпарат құралдары күн өткен сайын дамып келе жатқанын айтқан одан түркіменстандық ақпарат құралдары туралы мәлімет күткен едік. Алайда ол мұндай ақпаратпен бөлісуді жөн деп таппады. Алайда біз Ашхабадтағы Түркіменбашы Сапармұрат Ниязов атындағы әуежайда «Нейтральный Туркименстан», «Ашхабад» атты орыс және түркімен тілдеріндегі екі газеттің құрылтайшысы Түркіменстан президенті екендігін оқыдық. Кейін біздің көзімізге түскен «Түркіменстан», «Адалат» газеттерінің де басты құрылтайшысы – Түркіменстан президенті екендігі жазылған. Түркіменстанда жеті телеарна, сегіз газет және бір радио ақпарат таратады. Мемлекеттік ақпарат құралдарының барлығы – президенттің қолдауымен шығады. Орыс тілінде бір арна және бір газет шығады екен. Қалғандары түркімен тілінде. Тағы бірі жеті тілде – түркімен, түрік, парсы, араб, ағылшын, орыс және француз тілінде ақпарат таратады. Ақпараттар әрбір екі сағат сайын қайталанып тұрады. Түркімендер өте сақ, ақпарат беруден бас тартады. Ақпарат берсе де, аты-жөнін атағысы келмейді.

Ашхабадтағы конференцияның екінші күні аймақтағы ақпарат құралдары туралы баяндамалардан басталды. Алғашқылардың бірі болып сөз алған Қазақстан өкілі “Солтүстік Қазақстан құқықтық медиа-орталығының” жетекшісі Диана Медведникова Қазақстандағы сөз бостандығының күткен деңгейде емес екендігін сөз етті. Әуелі интернет ресурстардың барлығы БАҚ ретінде қабылданатындықтан, БАҚ-қа қатысты заңдардың барлығы интернеттегі жазбаға да қатысты екендігін айта отырып, газеттердің интернеттегі нұсқасы бүгінгі таңда тек газеттің көшірмесі ғана болып отырғанын жеткізді.

Егер Қырғызстан мен Тәжікстан Қыл­мыстық кодекстен жала жабу мен қорлауға қатысты бапты алып тастағанымен мақтанса, қазақстандықтар бұл жөнінде мақтана алмайды. Қазір Қазақстанда “Ақпаратқа қол жеткізу” туралы заң жобасы қаралуда. Егер журналист тарапынан жала жабу немесе қорлау айқындалса, дәлелденсе ол қылмыстық жауапқа тартылмақ. Бұл бап бойынша, жауапты бес жылға дейін бас бостандығынан айрылу қарастырылған. Қазақстандық БАҚ өкілдері жала жабу мен қорлауға қатысты заңды тұлға шағымдана алмайтын дәрежеге қол жеткізді. Биылғы Freedom house агенттігінің рейтингісі бойынша Қазақстан 195 елдің ішінде 175 орынға табан тіреген. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда әжептәуір ілгерілеушілікті байқатады.

Қырғызстанда интернет ресурстар еш­қан­дай БАҚ туралы заңға бағынбайды. Дегенмен сайттарды құрсаулау мұнда да жиі орын алып тұрады екен. Ауғанстанда төрт түрлі мазмұндағы сайтқа рұқсат берілмейді. Олар: порно сайттар, алкогольды насихаттау, онлайн ойындар және терроризмді үгіттеу. Ал Тәжікстан өзге Орта Азия мемлекеттерімен салыстырғанда, сөз бостандығына көбірек кепіл алған мемлекет ретінде мақтанса, Өзбекстан өкілі Өзбекстанның ұлттық электронды БАҚ қауымдастығының төрағасы Фирдавс Абдухаликов Ислам Каримовтің сөз бостандығын дамытуға қосып отырған адам айтса нанғысыз үлесін сөз етіп мақтанды. Соның бастысы – ақпарат құралдары шеттен әкелетін техникалық құралдарына салынатын кедендік баж салығынан босатылған және әртүрлі қорлардан түсетін дивиденттерге де салық салынбайды. Тек кіріс салығы алынады, ол 5 пайыз ғана.

Орта Азия мемлекеттері ішінен көбірек мақтанғаны – түркімендер болды. Нақты статистиканы келтіруді жөн деп таппаған Түркіменстан халықаралық ақпарат басқармасы мен Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі Сердар Дурдыев пен Түркімен Мәжілісінің депутаты Владимир Губанов биылғы оқу жылында бірінші сынып оқушыларына жаңа ноутбуктар сыйлағанын айтып, интернеттің дамып келе жатқанын сөз етті. Алайда біз Түркіменстандағы ақ­парат құралдарының жай-күйінен бәрібір хабардар бола алмадық. Әзірбайжан өкілі Түркіменстанда фейсбук пен ютюбтің неге құрсауланғаны туралы сауал қойды. Сыртқы істер министрлігінің өкілі Сердар Дурдыев бұл оның құзырындағы мәселе емес екендігін айтып жалтарды. Ал Түркімен Мәжілісінің өкілі Владимир Губанов:

– Түркіменстанның өз таңдаған жолы бар. Сол жолда біздің көздеген мақсатымыз бар. Сол мақсаттың аясында осындай қадам жасалды. Егер интернет бізге қандай мазмұн беретіндігіне назар аудармай, кез келген қоқыспен жас буынды таныстыратын болсақ, олардан қандай буын шығады. Біздің мақсатымыз жас буынды түркімен рухымен тәрбиелеу, – деді ол.

Конференцияға Армениядан келген жалғыз өкіл “Аравот” сайтының редакторы Анна Исраелян Арменияның заңнамалық актілерінде интернет сайттары туралы бірде бір әңгіменің жоқтығын айтады.

Есенгүл Кәпқызы