Жаңалықтар

АУҒАНСТАНҒА ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕК

ашық дереккөзі

АУҒАНСТАНҒА ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕК

Токиода Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі халықаралық конференция өтті. Оған 80-нен астам мемлекет пен ұйым өкілдері, оның ішінде Ауғанстан президенті Хамид Карзай, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон мен БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун қатысып, қаржылай көмек беруге келісті. Конференцияның негізгі мақсаты – Ауғанстанның дамуы үшін алдағы жылдар мен НАТО әскері шығарылғаннан кейін көрсетілетін көмектің бағдарын нақтылау.

Конференцияға төрағалық етуші Жа­по­нияның премьер-министрі Есихико Нода Ауғанстанды тұрақты әрі бейбіт мемлекет ретінде ары қарай дамыту үшін бар күшін салатынын мәлімдеді. Оған қолдау көрсеткен АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон 2017 жылға дейін Ауғанстан қазіргі таңда көрсетіліп отырған көмек көлемін алып отыратынын айтты. Ауғанстанға қажетті қаржылық көмектің 2015 жылға қарай берілетін жалпы көлемі 16 миллиард долларды құрайды. Осы қаражаттың көмегімен елде сыбайлас жемқорлық ауыз­дық­талып, демократиялық құндылықтар дамытылады және халықтың құқықтары мен бостандығы қорғалады. Аталған сомаға қосымша Жапония Ауғанстанның экономикасы мен инфрақұрылымын дамытуға үш миллиардқа жуық доллар бөледі.

Ауғанстан президенті Хамид Карзайдың ағымдағы жылдың сәуірінде: «АҚШ 2014 жылдан кейін де, жыл сайын кем дегенде 2 млрд. доллар қаржы бөлу керек» деп мәлімдегені есте. Осыған орай АҚШ Конгресінің төменгі палатасының мүшелері наурыз айында Ауғанстанға бөлініп отырған ақшаның діттеген жеріне жету-жетпеуі жөнінде қаржы мекемелеріне өтініш түсірген.

Ал әлемнің 70 мемлекетінен делегация қатысқан Токио конференциясында Ауғанстанның 2014 жылдан кейінгі даму мәселесі кеңінен талқыға салынды. Нәтижесінде конференция қатысушылары 2015 жылға дейін 16 млрд. доллар бөлу керектігіне тоқталды. Дайындаған

Динара ДҮРМӘН