БАЛА САТЫП БАЙЫМАҚ

БАЛА САТЫП БАЙЫМАҚ

БАЛА САТЫП БАЙЫМАҚ
ашық дереккөзі

Бүгiнде «ақ халатты абзал жан» деп әспеттейтiн дәрiгерлердiң өзi қылмысқа жиi баратын сияқты. Бәлкiм, бұл жалақының аздығынан ба, әлде өз кәсiбiне деген жауапкершiлiктiң жоқтығынан ба, кiм бiлсiн, әйтеуiр жағымсыз жаңалықтың көбейiп кеткенi рас.

Таяуда ғана Өзбекстанның Карша қаласындағы бір жекеменшік гинекологиялық емхананың директоры Зилола Эрназарова заңсыз бала сатқаны үшін тоғыз жылға темір торға тоғытылды.Тергеу амалдарының нәтижесі бойынша, ол 2011 жылы 15 сәбидің әрқайсысын 2 мың АҚШ долларына саудалаған. Ол ол ма, директор ханымның қаржылық алаяқтық әрекеттерге де қатысы бары анықталған. Бұдан бұрын Хорезм облысында нәрестелерді саудалағаны үшін бір топ медицина қызметкерлері құрықталған еді. Олар тұрмысқа шықпаған әйелдерді босандырып, баласыз отбасыларға сатқан. Өзбекстан мемлекетінің Бас Прокуратурасының мәліметі бойынша, былтырғы жылы заңсыз бала саудалаған 70 құжат тәркіленіп, алты дәрігер 7 жылдан 10 жарым жылға дейін бас бостандығынан айрылса, 4 нәресте шетел асып кеткен.

Дәл осындай оқиға елімізде де орын алуда. Көктемде Тараз қаласында сәби сатумен айналысқан үш дәрігердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, «Сенім» перзентханасының бас дәрігерінен құралған қылмыстық топтың 12 нәрестенің әрқайсысын 6 мың долларға сатқаны дәлелденді. Тараздағы №2 сотының шығарған шешіміне сәйкес, перзентхана басшысы Раушан Арынғазина 7 жыл, екі көмекші дәрігері 5 жыл өмірін абақтыда өткізуі тиіс. Ал бөбектерді сатып алушы ретінде тіркелген кәсіпкер 5 жылға шартты түрде кесілген болатын.

Айта кету керек, Таразда бала сату кәсібі кең өрістегендей. 2010 жылдан бері 5 шақалақ сатылса, оның төртеуі «Сенім» орталығында, енді біреуі – облыстық перинаталдық орталықта. Сол кезде Жамбыл облыстық ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы Асқар Жұмабеков: «Бас дәрігер Раушан Арынғазинаға қатысты істі тергеу барысында қосымша тағы 5 факті анықталды. Барлығы бала сату ісі бойынша 6 қылмыстық іс қозғадық» деген болатын.

Бала сатушылардың басы абақтыдан бір-ақ шықты. Бұл адам жанының арашасы саналатын дәрігерлердің абыройы мен беделін төмендетпесе, жоғарылатпайтыны анық. Тек бұдан кейінгілер сабақ алса игі.